Интернет-журналистиканың дәстүрлі БАҚ-қа үйретері

Блог - Marco: Интернет-журналистиканың дәстүрлі БАҚ-қа үйретері

«Интернет» деген сөз «БАҚ туралы» заңда бар-жоғы сегіз рет кездеседі екен. Оның екеуінде қасына «желі» деген сөз қосылса, алтауында «Интернет ресурс» болып келеді. Заң бойынша Интернет ресурстардың барлығы (!) БАҚ болып есептеледі. Демек, біз бәріміз де-юре интернет журналистерміз.

Қазақстанда 100 оқушысы бар газет ашу үшін лицензия алу керек. Ал, Интернетте бәрібір. Сайтыңыздың функциясын айғақтап «Ақпарат құралы» деп бақырайтып жазып қойсаңыз да, арнайы рұхсат алудың қажеті жоқ («БАҚ туралы» заңның ІІ-тарау, 2-бабының 1-тармағына көз салыңыз). Егер жеке блогыңыз, онлайн-дүкеніңіз, әлеуметтік желідегі аккаунтыңыз журналистік эгоңызды қанағаттандырмайтын болса, «ақпараттық» деген атаумен сайт ашып алуыңызға болады. Сіз енді де-факто журналист болып шыға келдіңіз.

Интернет-журналистика – журналистика эволюциясының шыңы. Құралдары: мәтін, аудио, видео, фото. Ықтимал аудиториясы басылым, радио, телевизияның кез келгенін шаң қаптыруы мүмкін. Ең басты артықшылығы — екінші абзацта айтылды. Журналистика енді таңдаулылар айналысатын мамандық емес. Мен сияқты төрт жыл оқып, диплом алғандар у ішіп өле берсе болады.

Блог - Marco: Интернет-журналистиканың дәстүрлі БАҚ-қа үйретері

Әрине, интернет-журналистиканың өзіндік тілі қалыптасуы шарт. Ол газет емес, телевизия мен радиодағыдай интонацияға сеніп, тағы да отыра алмайсыз. Бұл тіл қалыптасты ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Өйткені жалпы ақпараттық тіліміздің жетісіп тұрғаны шамалы (жә, басқа жаққа кетіп бара жатырмын). Дегенмен, интернет-журналистиканың дәстүрлі журналистикадан үйренетінінен көрі үйрететіні көп. Мәселен:

Жылдамдық емес, жан-жақтылық. Бұрындары ақпаратты бірінші жеткізу маңызды деп ойлайтынмын. Менің бүгінгі тізбемде (верстка) болған ақпарат бәсекелестерде болмаса, мәз болатын едік. Интернет жылдамдық пен жан-жақтылық деген түсініктерге жаңа реңк берді. Енді телевизия қанша тыраштанса да, сайттарды басып оза алмайды. Енді оларды ұтатын жеріміз — ақпаратты жан-жақты беру. Бірақ, оның өзі дәметкеніміздей толыққанды шықпауы мүмкін. Өйткені сайттағы материалдың астына пікір қалдырған белгісіз эксперт журналист назарынан тыс қалған көп нәрсені бақырайтып жазып кетуі ықтимал.

Кері байланыс – құдірет. Интернет-журналистиканың кереметі сол мақала авторы оқырмандар пікірінің арқасында еңбегінің халыққа ұнаған-ұнамағанын біліп отырады. Және ең бастысы: оқырман/көрерменіне не қажет екенін түсініп, оның проблемасымен танысады. Қазір біз жаңалықтарымызда осы кері байланыстың өзгеше формасын енгіздік. Енді көрермен тікелей эфирге хабарласып, проблема көтеру арқылы жаңалықтардың жасалуына қатысады.

Үнем. Веб-журналистиканың арқасында фрилансерлік және стрингерлікпен жақын таныстық. Меншікті тілші ұстап, біреуге ай сайын ақша төлеп отыру міндет емес. Ұсынғанын алып, жасаған жұмысына орай ақша төлейсің. Мен қызмет ететін арнада осы жүйе қолданылады. Әрине, кәсіпқой мамандардың аздығына байланысты қиындықтар баршылық. Бірақ, кәсіпорынның ақшасын үнемдеу үшін тамаша әдіс.

Интернеттің өзі сияқты, интернет-журналистиканың да мүмкіндіктері шексіз. Жоғарыдағы үш аргумент, тек үйретері ғана емес, оның үздіксіз дамуының негізі бола алады. Әсіресе, қазақ интернет-журналистикасына (жалпы қазақ журналистикасы секілді) өсетін перспектива бар. Мақтап кетті демеңіз, кемшіліктер де жетерлік. Бір-бірінің жаңалықтарын қайталап басып, демалыс күндері жұмыс істемей қалатындарына кәдімгідей қарным ашады. Оның үстіне өздері балықша жүзуі тиіс мобильді қосымшалар әлемінде де қазақ ақпараттық сайттары әлі кенжелеп келеді. Тексеріп көріңіз, андроид үшін тек vesti.kz, yk.kz, tengrinews.kz порталдарының қосымшасын табасыз.
Бөлісу:

4 пікір

zholantai
Қазір біз жаңалықтарымызда осы кері байланыстың өзгеше формасын енгіздік. Енді көрермен тікелей эфирге хабарласып, проблема көтеру арқылы жаңалықтардың жасалуына қатысады.
Еуразияның осы форматына тәнтімін, қазақ журналистикасындағы кері байланыстың озық үлгісі деп айтар едім, расымен де жаңалық сол эфирде жасалады.
aza
Оның үстіне өздері балықша жүзуі тиіс мобильді қосымшалар әлемінде де қазақ ақпараттық сайттары әлі кенжелеп келеді. Тексеріп көріңіз, андроид үшін тек vesti.kz, yk.kz, tengrinews.kz порталдарының қосымшасын табасыз.
Рас, әй, рас… "Қазақстан" телеарнасының қосымшасы жасалды дейді. Телеарнаның қосымшасы біртүрлі секілді көрінеді өзіме…
MERmukhanov
мына пост — сапалы пост.

бірақ шынында маңызды болғанымен, жалпы блогерлерге берілген тақырып тартпады, по ходу қатты қызықтырмаған-ау
Соңғы түзету: