Сана. Естелік

Балалық шақ сәттері. Ауыл мектебі, алтыншы класта оқимын. Мектеп директоры төртбұрыш көзілдірік киген, шашы ақ баса бастаған азамат:
-Неге сиыр жолдың шетіндегі шөпті мүйізіне іліп алып үйге әкелмейді?, -деп сұрақ астына алды. Кінә бар, қылығымыз бар, қарау бар, қадағалау бар соның нәтижесінде директор кабинетінде бүкіл класс болып тізіліп тұрмыз. Кінә тартқан қылығымыз балалық немесе қасақана қылық деп те айта алмаймын. Оқу кестесі бойынша соңғы алтыншы тарих сабағына кірмей қойдық. Неге кірмей қойдық? Өзімізде білмейміз. Жоғарғы класс оқушылары сабақтан қашып кеткенін естіп-білгендіктен болар, алғашқы рет солай істедік. Қашқанымыз? Сабақтан қашқан түріміз сол, мектептің артқы ауласына барып жүріп алдық.Сабақтың қырық бес минутты бір-бірлеп өтуде. Бірден мектептен үйге қайтып бару ешкімнің де ойына келген жоқ. Бір-бірімізден жасырып мектепке анда-санда қарайлаймыз. Мектептегі күн аяқталды үйге тарқап қайтатын уақыт. Жол-жөнекей бағыттас, көрші болып бөлініп тарқай бастағанымызда алдымыздан бір оқушы шығып:
-Сендерді мектепке кірсің деп, шақырып жатыр. Директордың кабинетіне -деді де кетіп қалды. Мектеп директоры бізді бақылап-бағып қарағанын білдіртпейді. Тарих сабағынан қашып кеткен соң сол пәннің үй тапсырмасын бізден сұрады. Үй тапсырмасын ешкім білмейтін болып шықты. Тарих пәні бойынша өтіп жатқан тақырыптардан сұрақтар қойды. Сұрақтарға жауап бергеннен үндемей тұрғанымыз басым. Өткен тақырыпқа оралған сайын ежелгі тарихқа үңілдік те адамзат тарихының басы -алғашқы адамның қауымдастығына бір-ақ жеттік.
Адамға ұқсас маймыл мен қазіргі адамды ажыратуға тапсырма алдық. Бұл жолы үндемеуге болмады. Түсіндіріп көрдік. Біреуіміз:
-Адам шоқпармен аңға шығады, -деді. Адамның осы бір қабілетіне қарап, оны маймылдан бір жақты ажыратпайтынымызға көзімізді жеткіздік. Өйткені маймыл таяқты, тасты да пайдаланып жемін табады.
Тірі маймылды ешқайсымыз көрмегендіктен маймылды күнде көріп жүрген сиырға айырбастадық.
Директор кабинетіндегі он бес минут бір сағаттай көрінді. Аяқ талды, қарын аши бастады.
Соңғы сұрақты директор өзі қойып, қойған сұрағына өзі оған жауап берді.
-Неге сиыр жолдың шетіндегі шөпті мүйізіне іліп алып үйге әкелмейді?, -деді де, біздің түрімізді анық көргісі келді ме көзілдірігін тануының үшіне қарай сырғытып көзілдіріктің үстінен қарап:
-Сиырда сана жоқ, сендерде сана бар, -деді. Дауысы бір қалыпты:
-Сана, сана сендерді жануарлардан ажыратып тұрған.
Осы сөздерден кейін бәрімізді үйге қайтарды.

P.S:
Қазір бізді қорғар еді.
-Сана туралы неге айтасыздар, олар сана деген сөздің мағынасын білгенге жастары кіші емес пе,өздеріңізде кінә. Мұғалімдерін ұнатпайды, сосын сабақтан қашып кетті, -деп ақтар.
Біз болсақ мұғалімді ұнатамыз немесе ұнатпаймыз деп те ойлап көрген жоқпыз. Тек еліктегеніміз болмаса. Егерде мұғалімді ұнатпауға болатынын білсек директор ағамызға қылығымызды ақтау үшін солай деп те айта салар едік. Бағымызға ондай сөзді естімеппіз, әйтпегенде қылығымызды санасыз немесе саналы деп бір жақты айту қиын болар еді.
Бөлісу:

12 пікір

MamaAya
ия, сабақтан қашу үрдісі санасыздыққа жатпаса керек. Ол бір қалыптасқан дәстүр ме, үрдіс пе сияқты нәрсе ғой. Мен де қашқам, бір рет емес, бірнеше рет. Сабақтан қашпаған оқушы болмаған шығар өзі де…
Ал саналы, санасыз мәселесіне келсек, менің Әкем санасына берсін! Санасыздан сақтасын! деген сөздерді жиі қолданатын. Обал-сауап, жақсы-жаман, ақ-қараны ажыратып, нәпсіге құл боп кетуге осы Сана кедергі болса керек. Саналы адам бүгінмен емес, ертеңмен өмір сүреді ғой деймін. Солай тізбектеп айта аламын саналылар туралы, тек сол тізбектелген қатардың бәрі бойымнан табыла бермейтіні өкінішті. Саналымыз, тек нормадан төменпайдаланамыз ғой деймін.
bake
Сәби ана сүтін, әке ықласын танып білген сәттен бастап өмір бойы санасын тәрбиелейді. Сана, сана ұғымын ұрпақан-ұрпаққа бере білу ең басты қасиетіміз. Бала өсіріп, асыл қасиеттерін ұрпақтарына бере білген ата-аналарымызға тағзым.
MamaAya
Ия))) дұрыс айтасыз, Бәке… Ата-аналар, балаларымыздың ата-аналары да аман болсын!
MERmukhanov
Сондай бір қарапайым әңгіме, қарапайым қорытынды. Маған ұнады
zholantai
қазір өзіңіз мектеп мұғалімі болып жұмыс істейсіз бе?
bake
бұрынырақ жұмыс істегенмін
zholantai
Бағымызға ондай сөзді естімеппіз, әйтпегенде қылығымызды санасыз немесе саналы деп бір жақты айту қиын болар еді.
соны меңзеген сөйлем ғо, иә
bizbike
Біздің оқушылар момын болды, бірақ жоғары кластарда қай шайтан түрткенін, бүкіл класс болып географиядан қашатын болдық. Мүмкін жалықтырып жіберген шығар, өйткені он біріншіде география ешкімде жүрмейді, ал бізде күнде болады, тереңдетіп оқытатын болған соң.
Соңғы түзету:
bake
Бәрі еліктеуден шығады. География мұғалімі мәселенің жабық қалғанын қалаған болуы керек, Әйтпегенде екінші рет қайталанбас еді. Біздің жағдайда солай болды. Бірінші рет қашқанымыз соңғы рет болды.
Соңғы түзету:
bizbike
Бізге сөз өтпеген шығар, сондай безбүйрек болған шығармыз, қанша ұялтса да қаштық.