Жүйкеңіз қалай? Жүрегіңіз аман ба?
Мен де жұрт қатарлы бойында абыройы мен кемшілігі қаз қатар өрілген қарапайым пендемін.
Басқалар секілді күнделікті әртүрлі категориядағы стресс туғызатын жағдайларға душар боламын, сосын ашуланамын… уайымдаймын… Осы күні бізді қоршаған ортаның, дәлірек дүниенің кез-келгенінің басында (немесе иығында) көзге көрінбейтін «стресс» тудырушы бір «күш», жоқ «алып қоңырау» (әйтпесе, оның бәрін «фактор» деп алайықшы, мейлі) қонақтап алған сияқты.
Өйткені ненің басын шалсаң да стресстің дабылын қағатын, жағымсыздықпен жонылып, ушықтырғышпен ұшталған жәйттармен қаптаулы: таңертең уақытылы ұйқыдан ояну – cтресс; «қоғамдық көлік» — атауының өзі — «стресс»; жұмыс/оқу – стресс; орындалмай қалған бір жоспар – тағы да стресссс… Стресс, стресс, стресс… Сіз де сондайсыз ба?
Мән беріп қарасам: сол стресстерден болатын моральдық һәм физикалық зардаптардың жиынтығы – Мені кәдімгідей қажытып, сарқылмалы энергиям мен күшімді түтіп жеп, жұмысыма зиянын келтіріп, утопияның тұңғиығына батырып баратындай…
Сабыр!
Соншама Менімен ойнайтын, Мені батырмамен басқарып, бағанағы тұңғиыққа батырғыш қандай батыр Ол? Нендей күш? Не зат?
Жо-оо-оқ! Мұны қолға алып, қалай да күресу керек! (дедім де...)
«Жауыңды жеңбек болсаң – балаларын тәрбиеле» (шығыс даналығы) демекші, сол стрессті жалғастырушы, жоғын жоқтап, отынын түтететін бааарлық факторлардың белін белбеумен, алдымен, құрықтап (1), cосын оларды икеміме келтіріп тәрбиелемекке (2) Мен де бел будым.
Сонымен, Стресс деген не?
Анықтағанымдай:
• Адамның қиын не шешімі жоқ деп санайтын психологиялық қиын жағдайға душар болғанда дамитын эмоционалды күйзеліс;
• ғылым тілінде: адамды қорқытатын, тітіркендіретін, қауіп төндіретін жайтқа адам денесінің физикалық, психикалық, эмоцияналдық және химиялық реакцияға түсуі;
• дәл анықтамасы көп, осымен түсінікті болар.
Арырақ қопарайық:
Қашып құтыла алмайтын, болмашы, шамасы — «болты босап қалған» стресстер болады. Оларды айналып өту мүмкін емес және біз оларды әрдайым бастан кешіреміз. Олар тым бейкүнә, ағзамызға тіпті шыбын шаққандан да әсерсіз.
Ал, енді шамадан тыс, еркіңнен биік, өкінішке орап тастайтын стресстер — адам денсаулығына кері әсерін бермей қоймайды. Медицина ғылымы, бізге белгілі инфаркт (белгісізі: гипертениялық криз, миокард инфаркты және т.б. коронарлы апаттар) ауруы — жиі әрі ұзақ психоэмоционалды күйзелістерден (отбасыдағы опат жағдайлар, ажырасу, апат) болатын стресстен туындайтынын көрсетіп отыр. Аталған ауруларға шалдықтыратын механизмдердің бірі — қанға «стресс гормондарының» (аталмыш норадреналин) енуі. Бұл гормон — жүректің қысқару (жиырылу) жиілігінің ұлғаюына және қан қысымының көтерілуіне әкеп соқтырады да нәтижесінде пайда болған ауру одан ары дами бастайды (екен).
Сонымен, солай делік, енді қайтпек керек?
Ең алдымен қажетсіз уайым мен жағымсыз эмоцияларды қандай өмірлік жағдайлар тудыратынын тізгіндеп, талдап алайық… Стресс тудыратын факторлар — объективті және субъективті боп бөлінетін «стрессорлар».
Объективтілігі — ең жақын адамның қайтыс болуы сияқты ауыр жағдайлар да, субъективтілігі — басшылықтың ескертуі не көршілердің әдепсіз қылықтарын біреу жанына жақын қабылдап, ұзақ уақыт уайымға салынуы сияқты жағдаяттар. (Өзіңіздің оқиғаңызды бөлек дәптерге жазып қойыңыз)
Осыған орай, күйбеңнің күнделікті көрінісі ретінде 7 оқиғаны бөліп жарып, көпшіліктің назарына онлайн тест-сауалнама ретінде ұсынып көрген едім.
Нәтижесі былай: (2014 жылдың 04 шілдесі, сағ. 20-00дегі жағдай)
Қатысқандар cаны - 80
Ер - 38, Әйел - 42
Орташа жасы - 26-40 жаста
Үйленбеген/тұрмыс құрмағаны - 30
Үйленген/тұрмыс құрғандар - 50
Аталған тест-сауалнамаға қатысқан аудиториядан «Жүйке» тақырыбы бойынша өзінің психологиялық стресс деңгейін білу үшін жинаған баллдарын жазып отыруын сұраған болатынмын. Төменде, сол нәтижені ұсынамын.
(Ескертіп айтамын: тест-сауалнама Сіздің жүйкеңіздің күйін дәл анықтап бермейді. Тест — жалпылама (нақтылық индивидуалды қаралуды талап етеді) сұрақтармен құрастырылған. Дегенмен, адам саны мыңнан асатын аудиторияны да жалпыға ортақ критерийлері арқылы адамның жайын анықтауға болатын тұтқалы сәттер ескерілді.)
«Психологиялық стресс» деңгейіңізді анықтаудың формуласы:
Белгілеген жауаптарыңызға берілген баллдарыңызды қосыңыз да шыққан нәтижені 7 ге бөліңіз. Шыққан саннан 4 санын шегеріңіз. Мыс.: (Жалпы балл) / 7 — 4 = X; Х=Cіздің стресс деңгейіңіз
Келесі шкала бойынша стресс деңгейіңізді анықтаңыз.
Сондай-ақ, жаңағы тест-сауалнамада адам жүрегінің түрлі ауруларға бейімділігі де қоса анықталған болатын.
Нәтижесі, әзірге көңілге қонымды. Бұл тестте де айтылатын ескерту жоғарыдағы психологиялық стресс деңгейін анықтаудағы ескертуде айтылды.
Жауап берген 80 адамның басым көпшілігінің салауатты өмір салтын ұстанатыны қуантты.
Өткізілген тесттің нәтижесін ұсынамын.
Бұл жерде жинаған баллдарыңызды қарапайым жолмен бір-біріне қосып, шыққан санды мына бағандардан тауып алсаңыз болғаны.
Балл қосындысы: 0 – 12 аралығы
Құттықтаймын!
Сіздің жүрегіңіздің хәлі қалыпты, ауру қаупі өте төмен. Денсаулығыңызды күтуді жалғастыра беріңіз.
Айта кететін жәйт: Сіз белгілеген крийтерийлердің қай-қайсысында болсын жоғарғы баллдармен, мысалы 3-4 баллмен белгіленген пункттар болатын болса, сол факторды жоюға тырысыңыз. Профилактикалық шаралармен танысып, оларды іске асырыңыз.
Балл қосындысы: 13 – 22 аралығы
Сақ болыңыз!
Сіздің жүрегіңіздің ауыру қаупіңіз орташа деңгейде. Жүрек ауруларының қатерін сейілту үшін қалыпты өмір сүру салтыңызды өзгертіңіз.
Сізге арнайы мамандардың медициналық тексеруіне барғаныңыз артықтық етпейді.
Балл қосындысы: 23 және одан жоғары
Назар аударыңыз!
Сіз жүрек ауруларына шалдығудың жоғарғы қаупі бар топтасыз.
Егер Сіз бұған дейін мамандарға қаралмаған болсаңыз, онда ол процессті тездеткеніңіз жөн. Қауіптің алдына барынша тосқауыл қоюға тырысыңыз.
Егер Сіз жүрек ауруымен ауырып жүрген болсаңыз, шұғыл түрде жай күйіңізді мамандарға баяндап беріңіз.
Енді Менің нәтижелеріме көзіңізді жүгіртіп жіберіңіз.
«Психологиялық стресс» сынағынан «Стресс деңгейіңіз төмен» деген анықтама алдым. Яғни, жүйкем жайында. Тек бастапқы 2-еу мен соңғы оқиғалар бойынша кішкене «жұмыс» жасауым керек.
«Жүрегімді» диагностикаға түсірген тест нәтижесі бойынша 1 деген балл алдым. Бұл дегеніңіз де өте жақсы көрсеткіш.
Міне, Менің нәтижелерім осындай болды. Стресстен құтылып жүрегімді аялаудың жолдарын іздестіре бермекпін...Жүйке мен жүрек — адам ағзасындағы реттілікті басқаратын, өзара байланысты органдар. Сіз осы екеуіне жақсы жағдай жасау арқылы ғана деніңіздің саулығын қамтамасыз ете аласыз. Жүйкеңізді — оны жұқартатын түрлі факторлардан қорғаңыз, сонда Сіздің жүрегіңіздің қағысы бірқалыпты болмақ. Тыныққан ми мен шыныққан жүрек — ден саулығыңыздың кепілі. Есіңізде болсын: деннің саулығы — ол ең бастысы!
ҮНЕМІ ПОЗИТИВТЕ БОЛУДЫҢ ҚАРАПАЙЫМ СЫРЛАРЫН ҰСЫНАМЫН:
<< Қолжетімді мақсаттардың ең жоғарғысына ғана ұмтылыңыз, ал түкке тұрғыыздары үшін алаңдамай ақ қойсаңыз болады;
<< Басқалардың өзіңізге қандай қатынаста болғанын қаласаңыз, Сіз де оларға солай қараңыз;
<< Кез-келген жұмысты жоспарлы түрде іске асырыңыз, бір уақытта бір ғана жұмыс істеңіз. Бәрін бір уақытта жасау — психоэмоционалдық күйзеліске әкеледі.
<< Демалыс туралы мүлде ұмытпаңыз! Монотонды жұмыс шаршатады, режимді өзгертіп тұру Сізге күш пен денсаулығыңыздың сақтығына көмектеседі;
<< Тұрмыс салтының қарапайымдылығын бағалаңыз, жасандылықтан аулақ болыңыз;
<< Сіз үшін өте ауыр және жағымсыз іс/әңгіме жүргізу керек болса — жәй ғана «кейінге» қалдырып қойып үйреніңіз;
<< Қандай да болмасын істе/әңгімеде сәтсіздікке ұшырасаңыз онан алынған оң жақтарын байқауға тырысыңыз. Өйткені, бұл — Өмір, ал ондағы Сіздің кез-келген әрекетіңіз — құнды тәжірибе. Сондықтан, әрдайым өзіңізге сенімді болыңыз — Cіз мықтысыз!
<< Өз-өзіңізді жақсы көре білу керек. Қандай да бір қойылған мақсатқа жете қалсаңыз өзіңізді көтермелеңіз!
Сөз соңында айтарым, қандай оқиға, жағымсыз жағдай болмасын салмақты әрі оң пікірде болуға автоматтаныңыз. Дәл осы жол арқылы өмірлік нюанстарды ескере келе, Сіздің мына жарық дүниеге деген көзқарасыңыз едәуір конструктивті және оптимистіктікті болмақ, өзіңізді жақсы сезініп, бақытты болудың тылсым сырларын ашқандай боласыз. Сонымен қатар, жинақталған проблемаларыңызды ең жақын адамдарыңызбен бөлісіп отырудың да маңызы зор. Ал мәселені жасырып алып алкогольге әуестеніп кету, есірткі қабылдап, түрлі әрекеттерге бару, құмар ойындар ойнап, экстремалды спорт түрлерімен айналысу — ауруды жеңудің ең бұрыс, жаман жолы.
google docта мұндайлар жасауға болатынын білмейд екенмін,
Мәселен, арпылдаған иттен қашу, не арпалысу. Сілікпең шыққанша дене шынықтыру да жүйке жүйесіне белгілі мөлшерде пайдалы стресс болып саналады. Ондай стресс керісінше шынықтырады.
«Здоровая конкуренция мобилизует» деген бар ғой, қазақшаласақ, «Шынайы бақталастық адамның күш жігерін жинақтайды».
Соғыста оқтан аман қалсаң, ондағы стресс мысалы, жүрегің мен жүйкеңді тек шынықтырады дейді эксперттер. Бетін әрмен, әрине.
Ал үздіксіз, тұрақты тап өміріңе қауіпі жоқ, бірақ жыныңа тиетін, жабырқататын, іш-құса қылатын, шаршатып зайбалыңды шығаратын ұсақ түйектерге тасыңды қатыру, бұлар жүректі шынықтырмайтын, зиянды стресс.
Осы сөзіңіз ұнады. Сол сөзіңіз үшін Сізге Алғыс. Алла разы болсын!