Суретші электрик

«Пингвиндерді тұрғызушы» туралы естіген шығарсыз. Етікші мен суретші, инженер мен механик туралы да талай айтылды. Мені қызықтыратыны басқа. Кәсіп иелерінің қайсысы шығармашылықпен айналысып жүр, ал қайсысы техникалық мамандықты игерген? Етікшіні механик емес, ал инженерді суретші емес деп айтып көріңізші. Міне-міне. Әйтеуір техниканың да, шығармашылықтың да үлесі бар екенін байқаймыз.

Менің кейіпкерімнің кәсібінде шығармашылық пен техникалық біліктілік теңдей болуы міндет. Студияда түсірілген бағдарламаларда жүргізуші мен оператордан да маңызды роль атқаратын маман бар. Ол қабағы ашылмайтын жүргізушіні сайқымазаққа, сайқымазақты қорқынышты құбыжыққа айналдыра алады. Жоқ, ол гримдеуші емес. Оның өнері әлдеқайда нәзік. Ол — жарық пен көлеңкенің суретшісі, жай айтқанда, жарық қоюшы инженер.

Блог - Marco: Суретші электрик
— Қазір, 17 жылдық еңбегімнен кейін, бұл жұмыстың түк қиындығы жоқ сияқты. Жарық қою, жүзіп үйрену сияқты. Ең бастысы — бір рет дұрыс қойылған жарықты көру керек… Жоқ, ішкі түйсікпен түсініп, сезіну керек. Міне, сол кезден бастап, жарықты дұрыс қоя алам деуге болады.

Валерий Рубцов, немесе, жай ғана Валера. Оны қашан көрсеңіз де күлімсіреп жүреді. Қабағын түйетін кездері де бар. Ол әлдебір шамды бұрып, жарықтың қалай құбылғанын бақылап тұрғанда тым сұсты көрініп кетеді. Бірақ, ойлағаны жүзеге асып, жарықтың түсуі көңілінен шыққанда қайтадан күлімсірей жөнеледі.

Блог - Marco: Суретші электрик — Жұмыстың басында қатты қиналдым. Үлкендер жарық қояды. Дәл осы шамның неге дәл осы бұрышқа бағытталғанын миыммен түсініп тұрам. Бірақ, әлдебір ньюанстарды көрмеймін. Аналар мені алдап тұр ма деп жыным келеді. Өйткені, дәл солар сияқты қоям, бірақ келеді де жылжытып кетеді. Неге десем, кейін өзің түсінесің дейді. Шынымен де, 2-3 жыл өткен соң, қателіктерімді көретін болдым. Бірақ, мұны бәрібір сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Жарық қоюшы мамандығын кәдімгі жоғары оқу орындарында да оқытады. Осы тұста дау да көп. Техника күн сайын жаңарып жатқанда бірнеше жылды жоғалтқанша, тәжірибеге жүгінгенді артық санайтындар бар.

— Оқытушы жақсы болса оқуға болады. Бірақ, бұл есеп емес қой. Бүгін келіп, шамдарды дұрыстап қойып, оны компьютердегі бағдарламаға енгізіп кетесің. Бірақ, ертең адамның киімі өзгереді, гримм өзгереді, сондықтан, эфирдің үстінде де импровизация жасап жатамыз.

Телевизия әділетсіз жұмыс. Атақтысы — жүргізуші, ал оның артында тұрған команданы ешкім байқамайды да, бағаламайды да. Нағыз еңбек кадрдан тыс қалады.

— Менің жұмысымды көрермен байқамайды. Егер мен жарықты сөндіріп тастасам бәрі көрер еді. Менің жұмысымның мақсаты сол – көрермен оны көрмеуі керек. Жалпы, жарық пен көлеңкенің көмегімен көп нәрсе істеуге болады. Мысалға, студияға семіз әдемі жылқы кіргізсе, мен оны арық, ұсқынсыз әрі көңілсіз жылқыға айналдыра алам. Жүргізушілермен де солай. Бірақ, әрине, менің міндетім олардың ажарын аша түсу.

Жарық қоюшыға ток пен техниканы білу міндет. Қажет болса, желілерді жалғап, шамдарды ауыстырып тастауды да қатыруы тиіс. Немесе жүргізушінің макияжын қалыпқа келтіре салуға да кет әрі болмауы керек.

Блог - Marco: Суретші электрик

— Менің кәсібім шығармашылық. Өзім солай бағалаймын. Мәселен, аспаздарды қараңызшы. Қарапайым асханадағы да, қымбат мейрамханадағысы да мүлде танымайтын адамдар үшін тамақ пісіреді. Тек, екіншісі оған бар шеберлігі мен жанын салатыны анық. Мен де соған ұқсауға тырысамын. Бастысы шығармашылық.
Бөлісу:

5 пікір

Korkem
Дәл менің күйімді кешіп жүрген көрінесіз)))
zholantai
Ол әлдебір шамды бұрып, жарықтың қалай құбылғанын бақылап тұрғанда тым сұсты көрініп кетеді. Бірақ, ойлағаны жүзеге асып, жарықтың түсуі көңілінен шыққанда қайтадан күлімсірей жөнеледі.

«тым сұсты көрінеді», "қайтадан күлімсірей жөнеледі", етістіктердің таңдалуына ырзамын, неткен баланс