Күріш талқанының "бароны" — Рая Хасенова

Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова

— Асқаржан, біз Әдекең екеуміз, бұйырса, «кофежарка» алғалы жатырмыз. Құдай қаласа, менің бизнес-жоспарым мақұлданса, үлкен бизнеске кіреміз, и-их!


Әр сөзінен кәсібінің келешегіне деген үміт, жо-жоқ, нық сенім ескен Рая апай — Шиелі кентіндегі талқан өндіру кәсібінің тәжірибелі эксперті. Апайдың еңбекқорлығы көшемізде аңызға айналғалы қашан. Сондықтан болар, күнделікті күнкөріс кәсібін конвейерлік өндіріске айналдырғысы келетіні мен үшін қуанышты жаңалық болды. Талқан өндірісі ұлттық тағамға құрмет қана емес, бабын білгенге жақсы табыс көзі де болып табылады. Оның табыстылығына қатысты Рая апайға ойда жүрген бірнеше сауалымды қоюдың реті түсті. Әрине, мен талқан бизнесіне адамдар романтика іздеп кірмейтінін сеземін. Дегенмен, басқа емес, тап осы кәсіпті игеріп кетуіне не себепші болғанын білгім келді.




— «Кім себепші?» деп сұрағаның дұрыс-ау алдымен. Мен бұл кәсібім үшін Регина енемнің алдында қарыздармын. Осыдан, тұра тұр… 25-26 жыл бұрын ғой деймін, Әділхан (жұбайы — ред.) жұмыстан қысқартылып, енеміздің кәсібіне қарап қалдық. Кемпірге көмектесіп жүріп, кәсібін меңгердік. Ақыры "әй, алпыстағы кемпірдің тамағына қарағанша, өзіміз неге тіршілік қылмаймыз?!" дедік. Ол кезде үйде күріштің жармасы ғана болатын. Содан, жарманы тазартып, жуып, қуырып, қол диірменмен жұбайым екеуміз талқан жасадық. Мен салып тұрам, ол айналдырады. Базарға қол арбамен тасыдық, велосипедпен тасыдық, әйтіп-бүйтіп жасағанымызды сата бастадық.

— Базарда сізден басқа да сатушылар болып па еді? Бәсекелестеріңізді айтам. Жалпы, алғашқы қомақты кірісіңізді ұзақ күттіңіз бе?


— Регина енемнің тұрақты клиенттері болды ғой. Енемнің талқаны толық өтпейінше, менікі өтпейтін. Ол кісі әбден әккі боп алған, талқанының түсі біздікінен жақсы болды ма, білмеймін, сол кісі 70 келі сатса, біз 50 келіні әрең сататынбыз. Бір жыл дегенде толық меңгердік бұл кәсіпті, ал елеуге тұрарлық қаржыны тек 15 жылдан кейін көрдік. Әдекеңнің қолы алтын ғой, сол жылы моторлы диірмен жасап берді. Моторлы диірмен еңбегімізді біраз жеңілдетті. Аптасына жиырма мың теңге таптық, мәз болдық — ол кезде көп ақша ғой!

Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова
— Сіздің милиция мектебінде оқығаныңызды білемін. Мамандығыңыз бойынша жұмыс істемегеніңізге өкінбейсіз бе?

— Жоқ. Ешқашан осы кәсіпті таңдағаныма өкініп көрмедім. Тап осы талқан түю, тары, күріш қуыру кәсібі менің мінезіме сай келді. Таза еңбек. Төзімділікті қажет еткенімен, ешқандай стресс болмады. Жұртта кризис болғанда, біз ертеңімізге сенімді болдық. Келіп тұрған ақша жиналып қалғанда темір-терсектерімізді, диірменіміздің бөлшектерін жаңартып отырдық. Көлік алдық. Балаларымызды өсіріп, оқытып жатырмыз. Осы кәсіптің арқасында көп шаруамызды бітірдік. Білген адамға бұл таза пайда. Денсаулық жағынан да, ақша жағынан да. Кейде күріш қуырып отырып, артық уайымнан демалып қаламын.
Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова

«Күріш қуыру» демекші, бірде «күріштен талқан жасаудың пионерімін» деп едіңіз. Сол күріш талқаны жайлы толығырақ айтасыз ба? Патент мәселесі, күріш талқанының тары, жүгері, бидай талқандарымен салыстырғандағы өтімділігі қандай?


— Былай ғой, тары мен бидайдың талқанынан көретін пайдамыз бірге бір келетін болса, жүгері одан екі есе, күріш үш есе пайда әкеледі. Күріштің жармасы арзанырақ. Талқаны да. Таза, адал жасалған талқанның өтімділігі тек сенің өндірістік қуатыңа байланысты — қанша жасап шығарасың, соншасын толықтай өткізе аласың. Патентке келсек, рас, күріш талқаны менің балам сияқты, оны алғаш Шиелі нарығына шығарған біз едік. Паттентеп алуды қолға алу керек, бірақ ол үшін ештеңе істегем жоқ әлі.

Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова
— Талқан бизнесінде қандай қауіп-кедергілер бар?


— Талқан екі жылға дейін бұзылмайды ғой. Оның өндірістік шығындарынан басқа ешқандай шығын да, қауіп те жоқ. Рахат кәсіп қой, білмеймін, мен үшін солай, әйтеуір. Менің бес саусақтай білетін өнімім, денсаулығым жарап тұрса болды.

— Демек, бұны солтүстік облыстарымызда да дамытуға болады ғой? Астық өнімдерін көп өндіретін мекендерді айтамын.

— А-а. Жоқ, олар тарыны комбайнмен орады ғой. Комбайнмен орғанда тарының қабығы ашылып қалады. Оны қайнатсаң, сөк емес, ботқа болады. Ал күріш екпейді көбіне олар. Ол жақта қиындау болады-ау, себебі, шикізатты тасымалдау шығындары көбірек болады.

— Балаларыңыздың ешқайсысы меңгермеді ме бұл кәсіпті? Жалпы жалғастыруға ниетті ме?

— Енді қазақ "үйрен де, жирен" дейді ғой, балаларым бұл кәсіпті меңгеріп алғанымен, одан әбден жиренді ғой деймін. Ешқайсысы қызықпайды. Әйтсе де, оларды кішкентай кезінен еңбекке баулығанымыз үшін ешқашан өкінбеймін. Қазір үлкен балам үлкен саудада. Бірақ, енді, әртүрлі жағдайлар болады ғой өмірде, сол кезде балам далада қалмайды. Оның бойына бала кезінен дарыған еңбекқорлық пен еті тірілік әлі талай жерде көмектесетініне сенемін. Мүмкін… мүмкін ертең «кофежаркамызды» алып алсақ, шаруамыз шыр айналатын болса, кіші ұлым қызығатын шығар. Адам жалдап жасатсаң да, адал кәсіп қой. Мысалы, менің шағын кәсіпкерлікті қолдау қорына дайындаған бизнес-жоспарым бойынша, алғашқы бір жылдық таза пайдам 4 миллион тенге болады! Э-эх, сол күнге жеткізсейші!
Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова
Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова

— Иә, айтпақшы, «кофежарка» туралы идея қайдан келді сізге? Бұрын неге келмеген?


— Талқан дайындау барысын бұрыннан жеңілдеткіміз келетін. Мысалы, тарыны алатын болсақ, оны алдымен жуасың, қайнатасың, қазанға салып қуырасың, сосын диірменге саласың. Мұның барлығын адам өзі істеу керек. Өзі істемесе де, басында тұрып бақылап отыруы керек. Диірмен мәселесін шешкен соң, облыстық нарыққа шықтық қой. Содан бері біз тек ауданға емес, көтерме бағамен Қызылордаға да шығаратын болдық. Шағын бизнесті әрі қарай көркейту үшін қуыру барысын да автоматтандыру керек болды. Әдекең арнайы қондырғының нобайын жасады. Сосын, мен интернетте қуыратын ыдыс іздеп отырып, Африкада кофе қуыратындардың бір қондырғысының суретін көріп қалдым. Әрі қарай, «обжарка кофе» деп іздегенімде, Әділхан ағаңның жасағалы жатқан аппаратынан аумайтын бір автоматты тауып алдым. Оған ұқсастарының бағаларын қарап отырсам, тіпті Шымкентке дейін «доставка» жасауға болады екен. Енді соны алу арман боп жүр.


— Арманыңызға жетіңіз, Рая апай. Атыңыз танымал брендке айналып, өніміңізді қалалық супермаркеттерден көрейік!
Бөлісу:

15 пікір

asaubota
оқып отырғанда апай қасымда әңгімелеп отырған сияқты болып кетті. үлкен апайдың дауысын мәтінге қалай бергенсің ей? Кәсіп тақырыбын толық ашқан мына пост. супериссимо!
Anar70
Күш-қуат берсін, Рая апайға, апай деп қоям, апайдың жас нешеде екен)))))))
satibaldi
Саған, тап саған сол несіне қызық?
Anar70
Тап маған, несімен қызық екенін білген, саған несі қызық?
Janasil
Тары біздің ауылдың негізгі кәсіптерінің бірі. Соңғы жылдары Түркістанға Қызылордадан тары келіп, бағаны түсіріп біраз әбігерге салып жатыр еді. Осы Рая апа екен ғой.
Abilakim
Керемет сұхбат! Бізде де моторлы диірмен болды тоқсаныншы жылдардың ортасында. Біз онымен талқан жасап сатқан жоқпыз. Малдарға жарма дайындайтынбыз.
Abilakim
Бидайдың талқанын жеп өскен едім. Оқып отырып күріш талқанын жегім келіп кетті…
zholantai
кейіпкердің жауабы редакцияланбаған сұхбаттар ұнайд, рахмет
өзіме күріш талқанын жеу бұйырсын!
Gastarbaiter
Егер әңгіме қызып кетсе, кейіпкердің жауабында артық сөздер болады міндетті түрде, артық егжей-тегжейлер кәсіпке, сұраққа қатысы жоқ лирикалық отступлениелер, оларды редакцияламақ түгілі, түгелдей сылып отыруға болады емес, керек тіпті.
Мына сұхбат жарты сағатқа созылған болатын негізі.
Ауылға кел, күріштің талқанына тойдырам
Соңғы түзету:
zholantai
түгелдей сылып тастау деген қысқарту ғо, етістіктерін өзгертуге түсірмей, сөздердің орнын алмастырмай нақ қалпында жеткізуді айттым
мен қарбыз, сен күріш-талқан атайын деп отырмыз ғо
aikarakoz
Ойыма түскен, дайындап барған сұрақтарымды қоямын да, үйге келген соң сұхбаттың сызбасын жасап (неден бастап, әңгімені қалай жалғыстырып кетемін, екінші тақырыпқа қалай ауысамын деген сияқты), содан кейін барып сұхбатты теремін. Әр жердегі сұрақтарды тергіштеп отыру да қиындау болады негізі. Бір нәрседен екіге секіре салмай, әңгіменің өріліп кеткені маңызды мен үшін
Соңғы түзету:
MERmukhanov
мына әңгіменің мұнда айтылмаған сырларын біліп алғасын, одан сайын жанашыр боп кеттім бе қалай…
периот, апу!
Rimma
Рая апай ойлаған мақсатыңызға жетіңіз!!! Жақынарада өзіңіздің армандаған иновациялық заманға сай автоматтандырылған диірменнің қасында қуанып тұрғаныңызды көрейік!!! Ауылдың жеке кәсіпкерлеріне жанашыр және де қолдаушы Асқардай ұлдарымыздың қаламы ұшқыр болсын!