Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер

Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер«Адамның күні адаммен, жануарлардың күні мал дәрігерімен» деген қағиданы қос қолдап ұстап алып, мал дәрігерінен сұхбат алуды жөн санадым. Көп іздеп әуре болғаным да жоқ. Көптен бері ойымда жүрген бір адам бар еді…
Қаладан мал дәрігерлерін тауып алу сұхбаттасу қатты қиын шаруа емес. Бірақ бұл кісіге бүйрегімнің бұруын екі себеппен түсіндіре кетейін. Біріншісі, бұл кісінің ұлтының қазақ болуы, екінші себебім, ол кісі екеуміз фамилияласпыз. Сонымен, Жақыпов Жұмабай Қаппасұлының жұмыс орнына келдім. Сыртта итін, мысығын құшақтаған екі-үш адам кезек күтіп тұр. Ішке ендім. Кіре беріс бөлмеде жеңгеміз отыр екен.
-Сәлеметсіз бе? Жұмекең өзінде ме?
-Өзінде, бір итті тексеріп жатыр.
Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігерКөп күттірмей итін көтерген орыс жігіті және Жұмекең шықты. Жұмекеңе келген шаруамды айтып, жұмыс барысын суретке түсіріп алуға және сұхбат алуға келісімін алып алдым.
-Жұмеке, «Мал дәрігері» мамандығын таңдауыңызға не себеп? Ауыл жақта тұрып, осы мамандыққа сұраныс барын аңғарып барып келдіңіз бе?
-Мен қалада туып, қалада оқыған адаммын. Мектепте жүргенде география мен биологияны жақсы оқыдым. Мектеп бітірген соң Барнауылдағы «Барнауыл орман шаруашылық институтына» түсемін деп ойлағанмын. Ол жерде қорықшылыққа, зообақ қызметкерлерін дайындайтын мамандықтарға оқытатын. Бірақ, ата-анам Целиноградтағы (қазіргі Астана) селхоз институтына түсуге кеңес берді. Мен бала кезімде аквариумде балықтар ұстап, көгершіндер асыраумен айналысқанмын. Сондықтан да осы салаға кеткен шығармын деп ойлаймын. 1978 жылы түсіп, 1983 жылы аяқтап шықтым.
-Алғашқы жұмыс орныңызды білсек болады ма?
— Мен оқыған оқу орнының арнайы «Учхозы» (учебное хозяйство)бар еді. Студенттерге арнап ауру малдарды жинайтын орын еді. Сол жерде малдарды егу, ота жасау жұмыстарын тәжірибелік тұрғыда тірі малдармен үйренетінбіз. Ол жерде жарты жыл жұмыс істеп, Топар елді мекеніне ветеринар-гинеколог болып, солай-солай жұмысқа етене араласып кеттік. Одан кейін бірнеше елді мекендерде Кеңес Одағы тарқағанша қызмет еттім.
Кеңес Одағы тарқаған алмағайып заманда талай адамдар жұмыссыз қалды. Осы кезеңдерде немен айналыстыңыз?
— Балық тасып сатумен айналыстым. Қолымнан сауда келмейтінін түсінген соң, қаладағы зообақтың мал дәрігері және директорының орынбасары болып қызмет еттім. Бұл 1994 жылдар еді. Ол кезде аңдарға тамақ тауып берудің өзі қиын еді. Сол кезеңдерде де мал дәрігерлік мамандығым қосымша табыс табуыма әсерін тигізді. Әркімнің айғырларын пішіп те ақша тауып жүрдік. Кейін жеке кәсіпкерлікке жол ашылған кездерде лицензия алып, цирк бірлестігінің мал дәрігері болып орналастым. Орналасқанда қалай, ол кезде «концертно-цирковое объединение» болатын еді. Қазір концерттік бірлестік. Ал, онда «мал дәрігері» деген штат жоқ. Бірақ, маған ғимараттан арнайы орын бөліп берді. Цирк келген кезде түрлі жан-жануарларды тексеретін, шетелдерге шығуға рұқсат беретін қағаздармен айналысамын. Он жылдан асты осы жерде отырғаныма.
-Қазір елімізде осы мамандыққа оқытатын оқу орындары бар ма? Менің білетінім Қарқаралыдағы колледжде осы мамандыққа оқытады.
— Бұрындары Алматыда және Ақмолада екі жоғары оқу орыны бар еді. Семейде, Оралда филиалдары және әр облыста бір-бір техникумнан бар еді. Басқа жақты айтпай-ақ қояйын. Біздің облысымызда екі колледжде бар бұл мамандық. Маған арасында бірен-сараны тәжірибелік жұмысқа келіп тұрады. Мен оларға мында ит пен мысықты емдеп көрсетемін. Мен олар ертең ауылға барып ит-мысықты емдеп жүреді деп ойламаймын. Олар сиырды телевизордан ғана көріп жүрген бала болуы мүмкін. Малмен тәжірибе жасап жүрген студенттер жоқ. Жоғарғы білімді жастардың өзі хирургия, терапия дегенді білмейді.
-Сонда теория бар, практика жоқ деген сөз бе?
-Ия, тіпті теорияның өзін аптасына 1-2 рет қана жүрдім-бардым оқытады.
-Мал дәрігерінің табысы қалай қазіргі таңда?
— Айлығы жақсы МАИ қызметкерлерінің ортасын «жемқорлық жайлаған орта» деп білеміз. «Салық орындары мен МАИ қызметкерлерінен кейінгі жемқорлыққа белшесінен батқан мамандық иелері мал дәрігерлері» дегенді бір жерден оқып едім. Аналар 200-500 долларлап пара алып ұсталып жатқанда біздің жігіттер 500 теңгелік анықтама үшін де күйіп кетіп жатқан. Күлкілі. Бірақ, күлетін нәрсе емес. Ауылда тұратын мал дәрігері 25-30 мың теңге шамасында ақша алады.
-Мал дәрігерлерінің қосымша табыстарын қайда қоямыз? Қазақ қолақтығы деген жоралғыны жасап тұрушы еді...
-Қол ақтығы дегенде...»Қол ақтығың» деп бір орамал бере салатын адамдар да бар. «Тамақ ішсе болды» дейтіндер бар. Біреулер, «Малды піштіре салады. Болды сонымен» деп ойлайды. Шприцке, дәріге кететін шығынды есептемейді. «Арақ бере салсақ болды» дейтіндер де бар. Қазір мемлекет тарапынан прейскуранттар шығарылуда. «Мысалы, бір бұқаны пішу 500 теңге» дегендей. Жұрттар «Мемлекеттен ақша алып отыр ғой, не үшін артық ақша төлейміз» деп ойлайды. Ал, мал дәрігерінің бір жерден екінші жерге баруын есепке ала қоймаймыз.
-Сіздере Гиппократ антына адалдық деген ұғым бар ма?
-Жоқ. Бізде ондай ант жоқ. Орысша айтқанда «Если медицина лечит человека, то ветеринария –человечество» деген тіркес бар. Мысалы, біз дұрыс жұмыс істемесек ішіп отырған тамақтарыңызда тазалық қалмас еді. Менен біреулер «Мына, Көкпектідегі қырылған малдарды Камаздармен колбаса цехына әкеліпті ғой, сол рас па?» деп сұрайды. Біз ондайға көз жұма қарамаймыз. Біздің де өзімізше намысымыз, абыройымыз бар.
-Ауылдарда мал дәрігеріне деген сұраныс малды қандайда бір ауруға қарсы егуге және малды пішу кезінде ғана артатын секілді. Әйтпесе, өзімізде ауылда тұрған кезде қоздай («қозылай» деп басқа аймақтарда айтуы мүмкін. Бізде осылай. Мысалы, «Қара қой қоздап қапты» деп айта береміз) алмай жатқан қойдың қозысын суырып алу, боғы қатып қалған тайлардың құмалағын қол салып алып шығу деген секілді істерді атқарғанбыз. Сіздің ойыңыз қалай бұл жөнінде?
-Ия, біздің халық тумысынан мал дәрігері ғой. Шуы түспей тұрған сиырдың шуын түсіру, басқа да шаруаларды өзіміз атқара береміз. Көбін өзіміз емдей береміз. Бізге қандай мал дәрігері керек? Бізге фармацевтикалық білімі бар сауатты мал дәрігерлері керек. «Қазір, кралин, дуст деген жоқ. Мынандай дәрілер керек» деп тақылдап тұратын дәрігерлер керек.
-Жаңағы сізге итін көрсеткен орысқа тоқтала кетсек. Ол итінің құлағының салбырап қалғанына, итінің қайызғақтанып кеткеніне алаңдап сізге келіп тұр. Осындай сұрақтармен біздің қазекеңдер келеді ме?
— Қазір қала қазақтары да келіп тұрады. Дегенмен, дәл орыстардай ұстай алмайды. Біреулер бесінші қабатта алабай төбетін ұстайды. Біздің қазақ келіндері басына орамалды тазалық үшін тақпайды ма? Ал, бұл жерде итті орамалға орай алмайсыз.Тазалыққа жат нәрсе. Қазақтарға мен бұл жайлы айтып бағамын. Көбісі, балаларының көңілдерінен шыға алмайды екен. Маған тіпті, немересін ерткен әже келді. Немересі бесінші қабатта үйрек ұстайды екен. Үйрек дегеніңіз жүріп келе жатып саңғыта салатын құс қой. «Ты лучше купи попугая.Зачем тебе утка?» десем «Я ее люблю» дейді.
Бір балаға орыс құрбылары атжалман сыйлапты. Әке-шешесі баланы атжалманымен қоса қуып шығыпты. Мен әлгі балаға ақылымды айтып, атжалманды зообаққа тапсырттым. Сіз жаңа орыстың итінің құлағын айтқан оқиғасына күліп тұрсыз. Біз қазақ атымыздың тұяғын тазалап, өсіп кеткен майтабанын алып отырамыз ғой. Бұны да сондай жағдай деп қарау керек.
-Мысалы, сіз адамға қарап ауырып тұрғанын тез сезесіз бе, әлде ит пен мысықтың ауруын тез табасыз ба?
-Жан-жануарларда адамның бойындағы жаман энергияны өзіне алатын қасиеті бар.Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. Жануарларға қарап отырып үйінде қандай аурумен ауратын адам барын жобалап отырамын. Мынандай қызық оқиға өтті басымнан. Топар елді мекенінде тұратын бір орыс «Қара терьер» деген ит тұқымына қатты әуестеніп, сол тұқымның бір итін сатып алады. Ол ауырып қалады. Емдегеніммен өліп қалды. Екіншісін сатып алады. Онысының қабырғасы сынып өліп қалады. Үшіншісін алды, ол да өліп қалды. Тіпті, міне тап-таза қанды қара терьер деп Алматыдан да алып келді бір күшігін. Ол да көп жасамады. Егілуі дұрыс. Мен үшінші итінен бастап өлген соң іш-құрылысына назар аудара бастадым. Бесінші итін алдыма әкелгенде шыдамай кеттім. «Отбасыларыңда жүрегі ауыратын адам бар ма?» деп сұрадым. Сөйтсем иесінде кардиостимулятор бар екен. Көрдіңіз бе? Өлік шыққан үйден екінші күні не сиыр не жылқы ауырғанын көп кездестірдім. Ондайды үлкендер де біледі. «Балам, мұны қырқына соярмыз. Емдемей-ақ қой» деп жатады ондайда.
-Байқап қарасам сізде хирургия столы бар екен. Отаны көп жасайсыз ба?
-Оны санап жатқан мен жоқ. Мысалы, иттің құйрығын кесу, құлағын кесудің өзі хирургия. Полиция қызметкерлерінің жараланған иттеріне ота жасаймын. Аяғы сынған итттер мен мысықтарды емдеймін. Жұрттар күшіктей алмай жатқан итерін әкеледі дегендей…
-Шатаспасам сіздің өмірлік серігіңіз де осы саланың адамы емес пе? Балаларыңыздың ішінде осы мамандық иесі бар ма?
— Ия. Студенттік кезден бірге оқып, шаңырақ көтердік. Бір балам Астанада бұғалтыр болып қызмет етеді. Осы жақтағы ұлым «Мал дәрігері боламын» дегенде қарсылық таныттым. Себебі, ертең біреулің өліп қалған иті үшін соттасып жүруін қаламаймын. Себебі, өз басымнан ондай оқиғалар талай мәрте өтті. Медицинада адам өмірін сақтай алмай қалатын кездер болып тұратын секілді оқиға ғой бұл да. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Қарғап кететіндер де бар.
-Рахмет, ісіңіз оңға баса берсін!

Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер
Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер
Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер
Қабырғаға көз салсақ
Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер

Хирургия столы
Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер

Қосымша ақпарат.
Ағамызға ит немесе мысығыңызды жай ғана тексертіп алғыңыз келсе қалтаңызға 500 теңгеңізді артық салуды ұмытпаңыз. Бір мысықты піштіру бағасы 3500 теңге екен.
Бөлісу:

20 пікір

Abilakim
Курсорды суреттерге тақасаңыздар түсініктемелері жазылғанын байқайсыздар.
zholantai
ырзамын, айырыптацтад
менің әпкемнің мысығы болған, әпкемнің бас жағына, не жүрек тұсіне келіп жататын. мысық асыра деп бір құрбысы ақыл қосқан ғо. кейін ол мысық өліп қалд. содан кейін әпкемде де жүрегі мен басынан ауру анықталды.
Соңғы түзету:
zholantai
соны әпкем кейін өзіндегі ауруларын білген соң, сол мысығын есіне алып отыратын
zholantai
өткен жылы сиырымыз ауырды, өте сүтті, момын, опшым біздің үшге берілген сиыр еді
мамам жақсы көретін
жалғыз сиыр ғо енді
сол кенеттен ауырып, жатып қалд, орнынан тұрмайд, күйіс қайырмайд, азықтанбайд
алдымен аузына ақ құйды, болмады
қарнына қол салды, болмады
біздің ауылда мал дәрігері жоқ
айналадағы ауылдардан алдырдық
система құйд, укол салды, болмад
еміне 20 мың теңгеден астам қаржы кетт, бәрібір мал болмад, өлейін деп жатырғанда бауыздадық, түнгі сағат 1-де
мойын еті іріңдеп кетіпті, неден екенін білмедік
ойлаймын да, сол біздің ауылда оқыған мал дәрігері болғанда, ертерек анықтар ма едік деп
арадға 2-3т күн өткен соң, сырттан алдырттық,
Abilakim
Менің марқұм кластасым Асылжан бала күнінде мынандай бір әңгіме айтып еді. "Үйдегі сиыр бұзаулай алмай қиналып тұрған. Үлкендер мені мал дәрігерін шақырып келуге жіберді. Дәрігер келді де басына салафан қалта киіп алып сиырдың артына басын бірақ тықты. Шамалыдан соң басын суырып алып, пакетті шешіп «Бұзау теріс келіп тұр» деді"
Осындай қаһарман мал дәрігерлері болған біздің ауылда))))
zholantai
иә, болады, болады
біздің ауылда бір кісі бар, төрт түлік ауырса, сол кісіні шақыртады, басын тықпаса да, қолын шынтағынан асыра тығып жіберетін дағыны, бұзауды суырып алатын
Abilakim
Қолды өзіміз де сан мәрте тыққанбыз)))) «Малым жанымның садағасы»деген бар ғой. Бұзаудың тілінің астына шығатын қылауды инемен жару, көзге ақ түскен малдың көзіне қант бүрку деген секілді ем-домды өзіміз жасай беретінбіз. Жаз шықса күнде қойдың көтіне үңілумен боламыз)))
zholantai
инемен жару, қант бүру, көзінен қылшық шөпті алу сынды майда-шүйдені орындадық ғо, ну қол тығу оңай шаруа емес ед,
Gastarbaiter
Аусыл болған сиырымның тілін қырып, марганцовкімен жуып жүріп, өзім аусыл боп инфекция бөліміне шұғыл жеткізілгем Дәрігерлер аң-таң болды, адамның аусылмен ауруы өте сирек кездеседі екен,
Сұхбат керемет!
Abilakim
Мен де бірінші рет естіп отырмын бұндайды)))Бұл тарихи оқиға тіркеліп, заңдастырылды ма екен? Әйтпесе, ертең әміркандар немесе қытайлар «аусылмен ауырған алғашқы адам бізден шықты» деп гәпіруі мүмкін.
Gastarbaiter
Бір түнде температура көтеріліп, таңға дейін бір литр сілекей ақты аузымнан. Ол кезде гугл жоқ, бірақ жұқпалы аурулардың энциклопедиясы болатын үйде. Содан қарап, оқып алып, алғаш диагнозды өзім қойғанмын. Сезіктендім де, бірден «Аусылмын» дедім. Әкем күлді. Инфекция бөліміне барғанда, мені тексеріп, анализдерімді алып, кітаптарын ақтарып, «тырқ-тырқ» күліп,«Шынымен ящур екен» деді.

Процесс заражения может пойти через поврежденные слизистые оболочки рта и кожу. Так же ящуром могут заболеть те люди, которые непосредственно находятся в контакте с больными животными. Такими контактами могут быть лечение, убой и доение, но и через предметы, которые были загрязнены выделениями животных. Инфекция не может передаваться от человека к человеку.
patick
Сирек кездесетін мамандықтардың бірі ғой
Abilakim
Тірілей көріп, амандасып, сөйлесіп тұрған үшінші мал дәрігерім. Бір қызығы, солардың бәрі Сәбет өкіметі кезінде туып, оқығандар. сұраныс азайған секілді бұл салаға…
zholantai
менен бір сынып төмен оқыған қыз, ЕНТ-да биология таңдап, гбаллы ветеринарияға грантқа түсуге жетіп, соған түсті
оқыды, өткен жылы бітірді, жұмыс істеп-істемей жатқанын білмеймін, ну әйтеуір практикалары сұмдық болатын, адам дәрігерлер адамды сойса, олар жануар сояды
ken
Мал дәрігері малды қараса керек. Иттер неғып жүр?
Gastarbaiter
— Как вы его охлаждаете?
 Н-н-никак...

Соңғы түзету:
Abilakim
Мұқият тыңдаған екенсің
didar88
иттің қожайыны өзін ресейдің киноларындағыдай ұстап сөйлеп тұрған секілді маған көрнді
Gastarbaiter
Это Караганда, детка!