ӘУЕЗОВ КІМДІ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ?
Өзбек ғалымы не бүлдірді? Әуезовтің бір ауыз сөзі...
1997 жылы қыркүйектің 10-20 аралығында Ташкентте Әуезов күндері өткізілді. Оны Өзбекстан Жазушылар одағы, Өзбекстан қазақтарының мәдени орталығы, «Нұрлы жол» газетінің редакциясы ұйымдастырды. Бұған Қазақстаннан Қалубек Тұрсынқұлов бастаған делегация, құрамында Шерхан Мұртаза, Тіней Оразайдың Мұртазасының Файзолласы, Зейнолла Серікқалиев қатысты.Осы жолы өзбек ғалымы, академигі, жазушы-драматург Иззат Атаханұлы Сұлтановпен Тіней Оразайдың Мұртазасының Файзолласы ұзақ әңгімелесті. «Заман-Қазақстан» газетінің №33 (206) санындағы мақалаға енбей қалған деректі Иззат Сұлтанов өзі ауызбен айтады.
Елуінші жылдардағы дүрбелеңнен сытылып, Мәскеуге бардық. ССРО халықтары әдебиетінен екеуіміз де дәріс оқып жүрдік. Бір жолы филология факультетінде студенттермен кездесу жиыны өтті. Бір қыз бала маған сұрақ қойды: «Иззат Атаханович, сіздің пьесаңыз бойынша қойылған «Навои» спектаклі мемлекеттік сыйлық алды. Сіздің сценариіңіз бойынша түсірілген фильм мемлекеттік сыйлық алды. Ал сізге автор ретінде неге сыйлық берілмеді?» – деді.
– Оны сыйлық беретін кісіден сұраңыз. Жалпы, сыйлықты кімге бергеніне қарай сыйлық берушінің де кім екенін тануға болады, – деп қалдым.
Жиын тарқады. Ертеңіне СССР Халықтар әдебиеті кафедрасының мәжілісі болды. Күн тәртібінде бір мәселе. Ол – менің кешегі жауабым.
– Сыйлық беретін Иосиф Виссарионович.
– Иззат Атахановичтің студентті Сталинге жұмсауы барып тұрған…
– Жолдастар, бұл саяси сауатсыздық. Мұнда саяси астар бар.
Саяси қателескен айыпкер болып шыға келдім. Біразы «Мұхтар Омарханович, сіз не айтасыз» дегендей Әуезовке қарайды. Мұхтар Омарханович қашанғы әдетінше асықпайды. Елдің ең соңынан сөйледі.
– Иззат Атаханович! Вы не педагогично поступили, – деді.
Басқа түк айтқан жоқ. Орнына отырды. Әлгі гуілдеп-шуылдап отырғандар: «Иә-иә, бұл педагогикаға жат. Бұлай айтуға болмайды. Қатты ескертілсін Иззат Атахановичке!» – деді.
Мәжіліс тарқады. Мен КГБ-ның тырнағына ілікпей «не педагогичный» болып тірі қалдым. Мұхтар Омарханович мені күтіп тұрған үлкен жазадан осылай бір ауыз сөзбен құтқарды.
Мақала: («Әуезов мені құтқарып қалды». Қазақ үні, 1997 жыл. №9 (316), қыркүйек)
Қосымша:
Тәшкентте 1930 жылы 17 қыркүйекте Мұхтар Әуезов тұтқынға алынды.«Нұрлы жол» газеті – Өзбекстандағы қазақтардың төл газеті. Бас редакторы – Рысбай Анарбеков. Газеттің тұңғыш саны 1991 жылдың 10 қаңтарында «Достық туы» атымен жарық көрген. Ал 1993 жылдың 20 ақпанынан бастап газет атауы «Нұрлы жол» деп өзгертілді.
Шерхан Мұртаза мен Тіней Оразайдың Мұртазасының Файзолласы.
Зейнолла Серікқалиев (1938 жылы 10 ақпанда дүниеге келген) – қазақтың тамаша әдебиет сыншысы. «Ойлар, толғаныстар», «Жылдар сазы», «Ақыл таразысы», «Дүниетану даналығы», «Тағдыр және Біз», «Сын кітабы. Таңдамалы» еңбектерін жазып қалдырды.
Иззат Атаханұлы Сұлтанов 1910 жылы 16 маусымда Ош қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Өзбек КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1966 жылы Өзбек КСР-ның Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі атанды. 1944 жылдан бастап Коммунистер партиясының мүшесі болды. Ал 1934 жылы Тәшкенттегі педагогикалық институтты бітірген. 1945-1948 жылдары Өзбек КСР-ның Халық Комиссары төрағасының орынбасары қызметін атқарды. ««Мезонул авзон» және оның сындық мәтіні» (1947 жылы), «Пушкин және өзбек әдебиеті» (1949 жылы), «Абдулла Қадыр шығармашылығы» (1958 жылы), «Жаңа кезеңдегі өзбек советтік әдебиеті» (1981 жылы) еңбектерін жазған. Драматург ретінде «Қыранның ұшуын» (1939 жылы), Уйгунмен бірігіп «Әлішер Науаиды» (1940 жылы), «Белгісіз» (1963 жылы), «Сенімі бар адамдар» (1960 жылы) пьесаларын жазып қалдырған. 1970 жылы Бируни атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Пікір жоқ әзірше