Ақша түрлері. Орта есепті қазақтың көзімен...
Құдай куә, алғашында ағартушылық ақпарат бергім келді, бірақ Ардақ Гейтс, не Уоррен Серікбай болмаған соң, өзімше, Роберт Кийосакиді бірінші оқып тастаған адамдай, жұртқа ақша табу туралы шеберлік сабақтарын жүргізіп отыруға әзірше еш моралдық хақым жоқ екенін сездім. Тіпті, тақырып таңдау барысында сондай ойым болғанына ұялып кеттім. Естелік те жазғым келді. Бірақ, ақша туралы бұрын да естеліктер жазған сияқтымын.
Ақыры, ақшаға орта есепті қазақтың көзімен шолу жасамақ болдым. Нәтижесін, өзіңіздің қымбатты назарыңызға ұсынамын.
Малдан налға
Аңыздағы ат басындай алтын кесек кейпінде қазақтарға түсетін хан-сұлтанның шапағаты немесе Иран асып сауда қылған көпестердің күмістерін есепке алмасақ, қазақтың жаны да, сәні де, айтар әні де толығымен малға бағынышты болғаны анық.
Мал күні кешеге дейін, қияға қонған қыздың да, оққа ұшқан ұлдың да құнын белгілей алатын, девальвацияға төзімді валютасы һәм өсім әкелетін активі еді.
Қайбір ғасырдан бері, тиын орнына қой, теңге орнына сиыр, доллар орнына түйе, ал акция үлесінің орнына жайылымға жарайтын шұрайлы жерлерді қолданған бейқам қазақ, өздігінен тышқақ лақ құрлы құны жоқ, дегенмен, орыс патшаларының басы басылған, демек құнды саналатын "қағаздар" мен қара бақырларды кеңінен қолдана бастады.
Бүгінде, бір кездері орта есепті қазақтың «мал» деген кішкентай ғана әуресіне, енді, қаптаған «тиын», «зарблад», «шәпкі», "қаржы" сияқты қиямет қайым ұғымдар қосылған. Барлығы қосылғанда, орта есепті қазақтың ақшаға қатысты дүниетанымын құрайды.
Ендеше, тізімді ең қасиеттілерінен бастасақ.
Несие
Несиені қазақ өзіне қатты керек кезде, өлім мен өмір мәселесі туғанда ғана алады. Мысалы, оны Самсунг фирмасының екі метрлік плазма теледидарын сатып алып, төрге әспеттеп орнатады да, сүйікті сериалдарын алақандай «Джинлипудан» қарап отыра беру үшін алады. Бірақ бұдан шұғыл жағдайлар үшін де несие ауададай қажет болуы мүмкін. Мысалы, алпыс мың долларға мотор көлемі 25 литрлік «джип» алып, оның ақысын төлеу үшін джипті 24 сағат таксиға салу біреудің үкілеген арманы болуы мүмкін. Бірақ несие алу үшін қазақтың ең адал да, қастерлі себебі бар! Ол — тап ана жарнамадағыдай телефонды сатып алу. Өкінішке орай, ауылдағы зарблад 50 мыңнан аспайды, ал әлгі «Галахулар» мен «Айхондар» жүз елу мыңның үстінде. Несиені жабу уақыты аяқталғанда, төлеген ақша 200 мыңға барса да, телефонынан тек агентке кіріп, арасында тетрис ойнап тоздырса да, орта есепті қазаққа уайымдайтын дәнеңе жоқ. Себебі, несиенің жабылуы қазақ үшін тағы да несие алуға болады дегенді білдіреді.
"Қабдыжәлелдер қақпасына арыстанның суретін салыпты, біз айдаһардың суреті бар қақпаны сатып алайық!"
Қарыз
Соңғы жылдары несиенің түр-түрінің дамуына байланысты, қарыздың танымалдығы азайды. Туыстардан сұраған қарыздың азғантай ғана кемшіліктерін, оның артықшылықтары екі орайды. Сондықтан, «туыстардан алынған қарыз» әлі де тірі. Қарыз алған қазақ әдетте, төмендегі сөздерді айтады:
«Зарблад алғасын берем, дим»
«Уақытша кірезис боп тұрм, дим»
«Сол ақшаға күнің қарап қалмаған шығар енді»
«Достардың арасында елу мың ақша оңды солды жүре береді ғо, енді (бірақ, оңды жүрген ақша солды жүрмей қалады көбіне)
Бұлар жүрмесе:
»Ақшадан өлген екенсің тіпті"
«Иә, иә, берем ғой, не болды сонша?»
«Теңгем болмай тұр, қазір долларларымды ауыстырып келейін (Әрине, келмейд;-)»
"Қайдағы ақша?"
«Жартысын берейін, ашкөз неме, Тайландқа барғанымды көре алмай тұрсың сен!
Шәпкі мен стапкі
Ақшаның бұл түрлері атам заманынан белгілі. Дегенмен, шәпкі өзінің қазіргі атауы мен ерекше танымалдығына қазақтарға „Тендер“ дәуірінің келуіне байланысты ие болды. Шәпкі, байғұс шенеунік кезекті қайын ағасының, кезектен тыс шөбере інісіне екінші коттедж соғу сияқты „адал“ мақсаттарына қаражат не құзырын жеткізе алмағай, шұғыл мемлекеттің не мекеменің қаржысына қол салуға жол ашып берген адамға төленетін ақы.
Стапкі — баланы әскерден алып қалу үшін, оқуда „зачетканы“ жабу үшін, жұмысқа тұру үшін берілетін ақша. Яғни, шәпкі тұрақсыз көлемдегі ақша, стапкі — тұрақты.
Шәпкі қаржының көлеміне, тендер жүргізушінің ашкөздігіне қарай 10 не 3 пайыздық мөлшерде төленетін болса, стапкі тек парақордың тәбетімен ғана шектеулі.
Тиын
Тиын ресми түрде құнсызданудың алғашқы құрбаны еді. Оған қарамастан, тиын тілдік қорымызда ұғым ретінде қалып қойған. Оның нақты көлемі жоқ. Бастысы салыстырмалы түрде аздау болады.
Тиын кездейсоқ пайда болған бір реттік соманы білдіреді. Яғни, Жәшөн үш ай бойғы зарбладысына парабар ақшаны кездейсоқ тауып алса, не үйіндегі ескі телевизірді сатып, 15 000 теңгедей өндірсе де, ол тиын. Тиынды алмайды да, „таппайды“ да. Тиынды… әдетте бір жерден „көтеріп алады“.
Тиынды қазақ „зарбладыны“ не „лебиді“ күткендей, мөлдіреп-жәудіреп күтпейді. Тиынды кездейсоқ пайда болған мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін, жо-жоқ, өндірмейді… „істеп кетеді“. Жай істеп кетпейді, „технишні“ істеп кетеді.
Тиынды ешкім ешкімге „бермейд“. Оны шотал сияқты „тастап“ не „қалдырып“ кетеді. Тиынды тек „істеп кету“ ғана емес, орайы келген лохтардан „сындырып алуға“ да болады.
Теңге
Теңге көбіне 500 теңгеден 5000 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Одан үлкен көлемді әдетте „қаражат“ дейді. Теңгені орта есепті қазақ „ляқтырады“. Әдетте телефонға. Немесе банктағы есепшотқа. Басқа жерлерде қолданыста тек заттың бағасын айту үшін, я болмаса, жігіттер „сабраз“ жасағанда қолданады.
— Телефоныңа теңге ляқтырдым-ей, алдың ба? Айтпақшы, көрімдікке қанша теңгеден ляқтырватсыңдар?»
Зарблады
Айлық табыспен шатастырмаған ләзім. Айлық табыстың нақты мөлшері болады. Ал Рейхспроктолог Сатыбалды Кербабаевтың анықтауынша, зарбладының «априори шегі де шеті де болмайды. Осы зарбладым жетпесе, келесісі бар ғой.» Бұдан артық зарбладыға анықтама табу қиын сияқты.
«Леби»
Лебиді орта есепті қазақтар зарблад күткендей зарыға күтпесе де, көкжиектен жүзі көрінсе болды, ернін жалап, жұтынып қоя береді. «Леби» болу үшін, өзің аңғарып отырғандай, «праби» да болу керек, сондықтан, леби жұмыссыздарға бұйырмаған ақша. Леби сондай-ақ, тиыннан өзінің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Әдетте, леби айлығы кішкентай жұмыстыларда, біреудің боғын тиын-тебенге тазартып жүргенін сезінуден туған кеудедегі қуыс пен қалтадағы тесікті жамау үшін жасалады. Ал зарбладысы жақсы жұмыстарда, леби жасау кәдімгідей қауіпті шаруаға айналады.
Көбіне леби зарбладыдан көп болады. «Мошни заттардың» көбісін қазақтар леби ақшаға сатып алады, ал зарбладыға кафеден тамақ ішед.
— Бөлімде бастықтан бастап, бәріміздің айлығымыз 25 мың теңге. Бірақ жұмыстан әлі ешкім арыз жазып шыққан емес.
Қаржы
Қазақтың ақшасының бұл түрін, тиынмен, пұлмен, тіпті қаражатпен шатастырмаған дұрыс. Қаржы қашан да қомақты. Журналистер мен қаржыгерлер не десе, о десін, бірақ қаржы ешқашан біреуге төленбейді. Қаржы ұсынылмайды. Қаржы табылмайды. Оны «строго» құяды. Немесе бөледі. Бөлгенінен, әдетте, құйғаны жақсы.
Қаражат
Қаражаттың бір қызық жері — ол тиын мен теңгеден ірі болады, бірақ қаржыдан кішірек. Қаражат балаларға балмұздақ, қыз-қатынға гүл әперу үшін емес, қоғамдық маңызы бар тірліктерге қажет болады. Алайда, қаражат қазаққа үнемі жетіспейді немесе мүлде жоқ болады.
"Әттең, туалет соғар едім, бірақ оған қаражат қайда?"
Ал сен ақшаның тағы қандай түрін білесің?
Леби деп мәселен кейбір МАИ қызметкерлерінің тұрақты «клиенттері» ұсынып тұратын, заңсыз ақшаларын атауға болад.
жұмысқа жаңадан британдық келген. басында «ууууаааууу не деген көп ақша, мыңдаған деп ойладым» дейді))) ол кезде қайдан білсін теңгенің құнсыздана-құнсыздана тізесі шыққанын))
ааа айтпақшы, бишілердің той-томалақ сияқты бейресми жерлерде табатын ақшасын «халтура» дейтінін білем))