Дивани "хикмет" немесе жәдігердің жаңаруы


Есенбісің, достым!
Міне, көзді ашып жұмғанша, тағы бір апта зу етіп, менің 28 күндік жұмыс кезегім де келді. Өзің аңғарып үлгергендей, менің фотореп жанрындағы әңгімемнің кейіпкері басқа емес, бұл жолы кәдімгі көне диван болмақ.
Бәлкім, сен дереу мені «мына ауған неме жамбасын жайғастырып, жантаятын жиһазын да жыр қылды ғой!» деп жазғырарсың. Ендеше, дат, тақсыр!
Ол рас, блогиада сайысына тіркелгелі бері, пақырыңыздың күн тәртібіне оқырманға апта сайын ерекше бір дүние ұсынып отыру бірінші бап болып енген еді. Алайда, жұмысқа түсуге бір апта қалғанда, бұл баптың, менің үй тірліктеріне араласпайтынымды ақтай алмайтынын түсіндім. Сөйтіп, айдың сонау басында «далаға шығарып тастаймын» деген көнетоз, жыртық-жыртық диванымның көзін құртуға бел будым.

"Қоқысқа тастаймын" деп, бөлшектеп жатқанымда, осы диваннан құлап, басым жарылғаны, тап осы диваннан «сальто жасап секіремін» деп үлкен айнаға тобығым тиіп, сындырып алғаным, қысқасы, алуан түрлі кадрлар көз алдымнан бейне фильмдей зымырап өтті. Жөні түзу диванға адам ұзынынан көсіліп жата алатын еді, ал мынау қортық қайдан ғана біздің үйде пайда болғанын білмедім. Әйтеуір, мен ес білгелі бар. Ақыры, бұл диван жай қоқсық емес, «отбасылық жәдігер» деген ойға тоқтадым. Жәдігер болмақ түгіл, атамның көзі болса да, мынадай ұсқынсыз кескінімен үйге қоя қоймаспын.

Жоғалтатын ештеңем жоқ, қайта өзімді жиһазшы сапында сынап көре алады екем. Бастысы мақсат бар, "қалғаны жүре анықталар" деген оймен, тоз-тозы шыққан диванның ескі қабын сыдырып алдым да, диван өлшемдерін ала бастадым.

Былтырғы тренажер қаптаудан қалған поролонды шығарып, диванымызды жөндеуге қажетті бөлігін қиып алдым.

Тап сондай шараны былтырдан қалған былғары қиындыларына қолдандым да, диванның шынтақ қойғышын құрылыс степлерімен сартылдатып, қаптап шықтым.

Диванның қаңқасын қара дермантин қалдығымен қаптадым да, бұрандаларын қатайтып, жартылай құрып қойдым.

Кенет, балабақшадан көмекшілер бригадасы келді. Жұмыс өнімділігі «арта» түсіп, осымен бір күнімді аяқтадым. Ертең төртбұрыш бөліктердің жарылған ағаштарын ауыстырып, базарға мата қарауға бару керек, себебі қалған-құтқан қызыл дермантин диванның орта бөлігіне жетпей қалды.

Таңертең тұра сала, ауладан маған қажетті ағаштарды қарап шықтым да, керегімше кесіп алып, диванның салмақ түсетін жерлеріне шегеледім.

Енді базардан диванның қалған жерін қаптайтын мата қарау керек. Мен уақытымды ысырап қылмай, Шиеліде матаның жеті атасын сататын дүкенге төтесінен тарттым.

Маталардың алуандығынан басым айналып, біраз жүріп қалдым.

Ақыры біреуіне тоқтадым.

Матаны үйге әкеліп, тағы да өлшеп, пішіп, кесіп, шешіп алып, жууға ыңғайлы болу үшін жастықтың қабына ұқсатып тіктім де, бір бөлігін қаптап қойдым.

Жоба аяқталуға жақындап қалған сияқты…

Диванның қабы жиырылып, босаңсып кетпес үшін, теріс жағына созылғыш бинтті тартып тіктім.

Созылғыш бинт барлық бөлігіне жетпеді, сондықтан диванның қабын теріс жағынан түймеленетін қылдым.

Мінекей, енді мынадай софаны ұялмай үйдің бір бұрышына қоюға болады.

Анамды диванды сынап көруге шақырғанымда, елден ерекше қысқа диванның үйге қалай келгенін білдім. Анамның айтуынша, бұл диван бұрынғы өмірінде диван емес, жиналмалы кресло болған. Оны әкем бір бұрышы жыртылып қалғанда ашуланып, бұзып, диван етіп құрастырыпты. Оның басқа дивандардан кішірек болуының сыры сонда.

Біраздан соң, анам тағы бір қызықты айтып, таң қалдырды. Әкем бұл кресло-кереуетті 1983-ші жылы анам үшінші баласына, яғни маған аяғы ауыр кезінде сатып әкелген екен. Тағдырдың әзілі осы шығар — біз де биыл үшінші бала күтіп отырмыз:-)

Бұл жайтты білген соң, менің ергежейлі диваным маған одан бетер ыстық көрінді. Қастерлеген жиһазымыз жалғызсырамауы үшін қасына қалдықтардан өзі сияқты кішкентай орындық жасап бердік.

Ал сіздің үйде қандай отбасылық жәдігер бар?

Қыздарыңыз қандай тәттi!
күшті
тек диванға қатысы жоқ ескі креслоның суретін не үшін қойғаныңды түсінбедім
Браво, амиго!
кідай кішкентай Гасте Айананың тұрсын қара, тәтті, Ақтілектің беті толық көрілмей қапты деп посты емес, үй мүшлерені түгендей кетсем
бердім 8 балымды, қалған 2 бал болашаққа қалсын деген оймен, асып түсетіндер күтейік енд
Диваныңды кішкентай Асқарұлы тоздырсын!!!
1) Софизм 2) Софа
сөздерімен байланыстыра беру уәжіп.
«жігітке жеті өнер де аз» деген атам қазақ! Патриотпын деп кеуде қағып жүргендерге айтар едім, алдымен үйіңдегі диваныңды жөндеп алшы деп. Базар жоқ саған бырат!
Вахтадан келгесін, қол тисе, ресурс тапшы болмаса, анау орындыққа қосарлап тағы екеуін жасап жіберерсің?
Әлмираға сабыр мен күш, жеңіл өтсін, құдай қаласа.