Көгерген «Көктем»... көгертпеді...

Сағат тілі зырғыған сайын, жүрегім аузыма тығыла береді.  Әр секунды мен үшін өзіме деген ыза мен өкпені арттыра түседі. Қаншама қысылтаяң сәттерде өзімді алып шығар табандылығым мен жанкештілігім қайда кетті...? Ойым қиырды шарлап кете береді. Сонау тоқсаныншы жылдардағы өмірімді қайтадан көз алдыма келтірдім. Қамсыз бала болсақ та, қаһарлы сәттерді есіме алсам ба екен? Сұлуы да, жылуы да болмаған заманның қазіргілер үшін қызық болар нес бар дейсің?! Енді не қалды?
Шеберлердің «шедеврлерінен» асып түсе мүмкіндік қайсы? Сылтауды уақыттың аздығына салсам ба екен?! Әлде…
Айтпақшы… Ойлап қарасам осы көктемнің маған жасаған жақсылығын көрмеген екем ғой. Әрине, құдай өмірді бергесін, шағым айтпаймын… Әйткенмен көктемде Атырау  қара балшыққа бөленіп жататыны белгілі. Әсіресе кішкене  кезімде көктемді жек көретінмін. Ағамның үш жыл киіп, кейін етікші Қыдыр аға қайта жамап берген етігімнің батпақта табаны түсіп қалғаны жүрегіме қанжармен сызғандай таңба салғаны(( Дүйім жұрттың алдында табаны жоқ етіктен тесік шұлығымнан өкшемнің сығалап тұрғанда жан жүрегіммен осы мезгілге қарғыс айтқанмын… Сол кезде өзгелер ертерек күн жылынып, шуағы мол көктемді асыға күткенде, қастарында қардың ерімеуін  құдайдан тілеп, сәби жүрегін қарыған бір пақырдың жүргенін ескерді ме екен? Өйткені ол байғұстың күн жылыда киетін киімінің алынуы үлкен мәселе екенін анасының күрсінісінен көріп жүр емес пе? Аяғымда Қыдыр ата қайта жамап берген сол баяғы етіктің өзі көңілге медеу.
Тағы да түтін ішіп отырған жалғыз сиырдың көктемгі қар суынан көтерілген өзекке батып өлгені. Қорадағы бұзауы енесін іздеп мөңіреп, күрең сиырды емес, сүтін сұрап біз қосылып еңіреп, азан-қазан болғанымыз да есте.
Ия, көктем тек  таршылық көрсеткені киімнен ғана емес. Еңсеміз тіктеліп, болашаққа енді сеніп келе жатқанда асқар таудай әкемнің де дүниеден озғаны осы көктем мезгілі болатын…  
Өмірімнің көктемі деп келетін ұғым мен үшін жағымды болмас. Ендеше блогиададағы осынау тақырыпты ашу мен үшін оң жамбасыма келмегені заңдылық секілді.
Сағаттің тілі сумаңдап, он екіге таянған сайын, көктемнен бір үміт күткем. Алайда… бәрі де бұрынғысынша… Көктем көмектеспеді. Көкбеттеніп, көгерген көктем болды бұл...((
Бөлісу:

2 пікір

007
Адамға қай мезгілде сәтсіздік көп болса сол мезгілді жек көрері заңдылық
Arys_arlany
мен жазбаймын блогты ермек үшін деген сияқты жазба екен. Үмітсіз — шайтан деген сөз бар ғой, үмітті үзбеу керек. Көктемнің кінәсі жоқ сияқты бұл жерде.