Көктем күнделігі (жалғасы)

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі (жалғасы)

(Басы)

Оныншы көктем
Алматыға шынымен ғашықпын! Өткен жаз отбасымызбен «Алма-Арасанда» демалдық. Содан әлі айыға алмай жүрмін. «Жазды қалай өткіздің» деген шығармада біраз көсілдім. «Күз» бен «қыс» тақырыптарындағы шығармаларға да Алматыны кірістіргенім есімде. Енді, «Көктем» туралы жазыңдар дегенде, мұғалімім «Алматыны қоспай-ақ қой» деді. Алматыны қоспағанда Атыраудың көктемі туралы не жазасың? Көктемде маса шығады, балшық болады, ол кепсе, шаң көтеріледі деп пе?! Құралайдың кезіндегі жаңбырды жазуға болатын шығар, сосын. Әжемнен амалдарды үйрене бастадым, «әлхам» мен «құлқуалланы» жаттап жүрмін. Бір күнде жаттап алуға болады ғой, бірақ, жазда сатып алған «Dendy» ойнаудан қол босамай жүр.

Он бірінші көктем
Бастауышпен қоштастық. Биыл да жазда Алматыға барамын ба деген асқақ арман болған. Папымдар олай болмайтынын айтты. Сосын, жергілікті «Құлыншақ» газетінің жас тілшісі ретінде Астананы көрем бе деген үміт болды. Алайда, «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне де бара алмайтын болдым. Жасым кіші деді. Жазда бөлеммен бірге жергілікті «Тұлпар» лагеріне баратын болдық. Көңіл-күй жоқ…

Он екінші көктемім
Бесінші сыныптан бастап, математикадан тереңдетілген гимназия сыныбы болдық, Құдай ұрғанда. Үшінші тоқсан да үшке шығатын сияқтымын орыс тілі мен математикадан. Есесіне, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен үлгерімім жөнделіп келеді. Үйдегі кітаптардың ішінде де қызық шығармалар бар екеніне көз жеткізе бастадым. «Sega» ойнаудан да қызығырақ па деп қаламын кейде…

Он үшінші көктем
Бұл көктемде жақын адамыңды жоғалтудың не екенін сездім. Әкемді меңдеген дерт – Ауғандағы соғыстың салдары – «Бехтерев ауруы» деп жүргеніміздің, ғылыми тілде «анкилозирдеуші спондилоартрит» – неден туындайтыны белгісіз һәм жазылмайтын ауру – екенін кейін білдім. Дәрігерлер жиырма жеті жасында оған бұл диагнозды қойғанда, «әрі кетсе, он жылдай ғұмырыңыз қалды» деген екен. Қысқасы, бұл көктем осындай көңілсіздеу болды…

Он төртінші көктем
Осы көктемнің де көңілсіздеу болатын түрі бар. Жұма сайын әжем үйретіп кеткен «құлқуалланы» әкеме қосып, әжеме де бағыштайтын болдым. Кітап оқу сиреді, далаға шығып, соңымнан шешем іздеп шыққанша үйге қайтпайтын әдет пайда болды. Темекі тартып ұсталып қалатыным да осы көктем-ау деймін. Әлде, келесі көктем бе екен?! Осы екі көктем бір-біріне қатты ұқсас.

Он бесінші көктем
Өткен қыста кітапхананың үздік жас оқырмандарының бірі ретінде Алматыдағы әлдебір жиынға барып қайтқанымның айтып тауыса алмай жүрген қызығы болмаса, бұл көктемде де сол – тірліктің негізгі штрихы темекі тартуға, былтыр жазда үйренген арақ ішу мен шөп шегу қосылды… Осы тоқсан информатикадан «үш» шығатын болар. Өткен тоқсан әупірімдеп төртке шыққам. Мұғалімім ренжулі: мектепішілік пәндік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, оған бармай қалып едім. Бірақ, айтарлықтай проблема туғызып жүрген жоқ, ол мен үшін: орыс тілі мен алгебраның қасына қоса салармын. Проблема: гитарамды сындырып алдым. Енді, біздің үйде Высоцкийге, Визборға, Табылдыға қосылып ешкім ән айтпайды. Көшеде – Петлюра мен Цой.

Он алтыншы көктем
Биыл көктемде Махамбеттің 200 жылдығына арналған сыйлықтың иегері болдым. Не сыйлық екеніне сол кезде мән бермеп ем, қазір де есіме түсіре алар емеспін. Есімдегісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектепішілік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, қайтадан ұйықтап қалуға мүмкіндік берген, қалалық Абай оқуларынан бірінші орын алғызған «Махамбет туралы толғауымның» ақысы ретінде, дипломға қосып, былғары портфель мен жиырма бес мың теңге ақша берді, орталық стадиондағы түлектердің қоштасу кешінде, облыс әкімінің өзі. Ия, Әбішке ме, Иран-Ғайыпқа ма, әйтеуір, біреуге еліктеп, осындай шұбалаңқылап, басын аяғына жазып, аяғын басында келтіріп жұмбақтағансып баяндау секілді қыршаңқы жазу стилі пайда болды, осы көктемнің аяғында. Бұдан, өздеріңіз түсініп отырғандай, мен осы көктемде «бірдеңелер» жаза бастадым… Әлгі ақшаға бірден барып, мамама телефон алып бердім. Осылайша, тоғызыншы классты тәмамдағаным туралы куәлігімдегі үш «үшті» жуып шайғандай болдым. Қуанышты жаңалық бір бұл емес: мамам, биыл Алматыға барамыз деді.

Он жетінші көктем
Бұл көктемде сыныптың балалары былтырғыдай емес, жайдарылау сияқты. Өйткені, алда, емтихан да, аты белгілі болса да, заты беймәлім – тестілеу де жоқ. Орыс тілі мен информатикадан жағдайды реттедік, сынып жетекшім де геометриядағы үлгеріміме бола, алгебрадағы бағаларымды көтеріңкіреп қоятын сияқты. Бірақ, бәрібір, бақылаулар баяғыша, «екі мен үш». Ол – маңызды емес. Маңыздысы – мен шын ғашық болып қалған сияқтымын. Білмеймін, бұрынғылар бала махаббат болған шығар, әлде басқа ма, әйтеуір, бұл жолғы күй мүлдем бөлек. Бұрын қалай байқамай келгем, оның әдемілігін, ақылдылығын… Жоқ, оны тартымды қылатын бұл қырлары емес… Неше жыл бір сыныпта оқып келеміз… Әскери комиссариат тексеруінен соң, «кім боласың?» деген сұраққа ақыры жауап тапқандаймын. Алматыдағы әскери оқу орындарының біріне түсіп көремін.

Он сегізінші көктемім
Әскери болмайтын болдым. Өткен жазда бір қолайсыздау оқиға орын алып, әскери өмірге жол жабылды. Алматыға, мамам мен папам оқыған КазГУге құжат тапсыратын шығармын. Тестілеуден соң көреміз, енді… Былтыр көктемде оянған махаббат, сол жылдың күзінен аспады. Биыл мектеп бітіреміз: ата-аналар жиналысы сайын, «балаларыңа репититор жалдаңдар! Тесттен құлап қалмасын» дейді мұғалімдер. «Сонда он бір жыл бойы, мектеп не үйретті?!» деп мамам екеуміз бір-бірімізден сұрап қойдық. Репититор жалдамайтын болдық. Оның ақысына гитара аламын. Бірақ, «дені дұрыс ән» үйрену керек, мама үшін.

(жалғасы бар)
Бөлісу:

9 пікір

abzalsariyev
Күнделік деген осындай болса!
zholantai
жаныңда сөйлеп отырғандай әсерде қалдырады
ErNur
Сериялы жазба! Өте жақсы!
SaryQazaQ
Тамаша, күні кеше болғандай әңгімелейді екен
Nur
Тамаша жазба. Әсерлі, қызықты, пайдалы жазба. Танымайтын, көрмеген адамның күнделігін оқып отырып, біршама танып қалғандай болдым. «Мен неге осылай жазбаймын» деген қызғаныш туғаны тағы рас)) Бас бәйгені алуға лайық!
AKA
Осы бөлімі көбірек ұнады!
madlen
Алматыға деген махаббатың бала кезден бар екен)
Basic
жалғасы қашан болар екен осы жазбаның