Көктем біздің ауылда...

Блог - Ispek92: Көктем біздің ауылда...

Көктем келді. Қар еріді. Күн жылынды.

Мектепте оқушы кезімізде мұғалима көктем жайлы эссе, шығарма жазуымызды тапсырғанда міндетті түрде осы сөздерден бастаушы едік. Мұны неге еске алып отырмын, дәл қазір бізге берілген көктем тақырыбын неден бастарымды білмегендіктен болар. Көп ойландым, ақыры өз ауылымның, туған жерімнің көктемі жайлы, нақтырақ айтар болсақ, тек көктем шыға салысымен туған жерде орын алатын оқиғаларды қысқаша баяндап өткім келеді .

  • Күннің жылынып, Сырдарияның асау мінезін көрсететін сәті, өзім су шаруашылығы саласында жұмыс істейтін болғандықтан бұл дарияның машақаты қаншалықты екенін жақсы білемін. Қауіптің алдын алу шаралары осы көктемнен басталады, түнгі сағат 12-ге дейінгі әр учаскенің, плотинаның, шлюздің басындағы кезекшілік тек бізге ғана тән секілді. Негізгі ауылдарға баратын жол дарияның үстімен өтетіндіктен қалқымалы көпірлер алынып, мұздың толық кетуін күтетін боламыз. Мұның жыл сайынғы қайталанатын қарекет екенін ескерсек адам бойы да үйренісе бастайды екен.
  • Ұлыстың ұлы күні наурызды өзімізше жақсы деңгейде өткізуге тырысамыз, орталық алаңға ары кетсе санаулы бес-алты қазақы үй тігіліп, сандықтардан жылына бірді-екілі киілетін шапан мен тақиямызды шығарып алаңға беттейміз.
  • Наурыз айының орта шенінде ауылымызда жалпы Республика бойынша жарияланған сенбілік маусымы(айлығы) өз жұмысын бастайды, әр сенбі сайын көше-көшені сыпыртқы мен күрек ұстаған мекеме қызметкерлері аралайтын болады
  • Сәуір айы бізде бес қонақ секілді табиғаттың тосын мінезімен басталады. Бес күн бойы(біз жақта 13-18 сәуір аралығы) гуілдеп ысқырған қатты жел, көз аштырмас шаң топырақ көргіңіз келсе біздің ауылға келіңіз.
  • Өйтіп-бүйтіп бесқонақты өткізген соң қазекемнің нағыз тіршілігі үй тұрғызу басталады. Бұл көбіне сәуірдің аяғы мамырдың басында жаппай басталатын процесс. Әуелі асарлатып үйдің іргетасы қаланады, ары қарай асыққан шайтанның ісі деп, тасбақадай жорғалап күзге дейін үйді соғып бітіреді.
  • Мамыр айының алғашқы күні мектеп оқушыларынан құралған топтардың көше кезген, алаңға беттеген парадымен басталады
  • Мамырдың мамыражай күндері тіршіліктің қайнаған ортасына айналады, диқандар мен бақша иелері техникалары мен құрал-саймандарын сайлап құлшына іске кірісетін сәт осы. Бақша ауылдағы ең машақаты көп тіршілік көзі, алайда ерінбегеннің еңбегі жанады демекші күздің кезінде бар жиған тергеніңді жинап алғанда бәрін ұмытып кететініңізге кепілдік беремін
  • Мамырдың соңы бесқонақтан кем түспейтін киіктің көтсуары деп аталатын, күн күрт суынып, жел тұратын күндермен өтеді. Ары қарай жайма шуақ, нұрын шашқан жаз келіп, көктемнің самаладай салқынын сағынатын күндер басталады


Ал сіздің ауылыңызда көктемде осы аталғандардан басқа қандай жағдайлар болып тұрады, бөлісе отырыңыз!
Бөлісу:

10 пікір

zholantai
сырдарияның көктем мезгіліндегі фотолары, видеолары болса, қалқымалы көпірлер туралы толығырақ, басқа арнайы пост жазып
bizbike
Неге киіктің көтсуары?
zholantai
Бізде "құралайдың желі" дейді
Ispek92
Біздің ауылда солай аталады екен, неге екенін білмедім. Ал құралайдың салқыны дегенді Қызылордаға оқуға келгенде алғаш естігем
zholantai
Иә," құралайдың салқыны" деп те айтад
Gastarbaiter
«Көтжуары» еді менің бала кезден еститінім
Arys_arlany
"құралайдың салқыны" киіктердің төлдеуіне орай деп айтылады. Біз жақта 7-11 мамыр аралығын осылай атайды. Бұл күндері мақта, қауын, жүгері егілмейді, өйткені жаңбыр жауып, бетіне қатқалақ болуы мүмкін
Ispek92
Рахмет біліп жүремін, тек біздегісі мамыр айының соңғы күндеріне келеді көбінесе
Adiletshu
Нашар  Ендігісін дұрыстап жаз
AKA
Стандартты, бірақ шынайы ақпарат.