Көктем күнделігі

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі
Көктем… Тым қатты оригинал болу қиын шығар бұл тақырып төңірегінде. Мектепте оқып жүргенде ең ұнатпайтын тақырыбым жыл мезгілдері туралы шығарма жазу болатын. Қазір де, бұл тақырып мен үшін «таңғы алты мен түскі он екі аралығындағы уақыт» жөнінде бірдеңе жаз дегенмен бірдей. Тіпті, соңғысы, сәл оригиналдылау көріне ме деймін. Өйткені, мен көктем туралы сіз білмейтін бір нәрсені айта аламын дей алмаймын, менің қадірлан оқырманым. Мен бұл өмірімде көктемді бар болғаны 28 рет көрген екенмін. Алғашқы кездесулеріміз есімде де жоқ. Сол себепті, алғашқы абзацты сол көктеммен алғашқы кездесуіміздің алғашқы әсерлерімен бөлісудің орынына пайдаланды дей салыңыз.

Екінші көктем
Атымды атаса, назар аударатын болдым. Атым – Нұрберген. Нұрбек болу да мүмкін еді. Тіпті, Жетпісекі деген ныспының да иесі болып қалуымның ықтималдылығы болатын. Мен туған шақта, атымды қойған атамның жасы жетпіс екіде болған екен. Мұны, әлбетте, қазіргі ойтәпсірмен айтып отырмын. Ал, екінші көктемімде, мен тек атымды атаса назар аударамын, сосын, қарным ашқанымды, ұйқым келгенін бірдеңе етіп білдіремін. Айтпақшы, осы көктемде мен алғаш рет ұшаққа отырып көрдім. Алматыға әкеме госпитальға бару үшін. Алматыға деген махаббатым да осы кезде оянса керек.

Үшінші көктем
Мен – інілі болдым. Өткен жылы жазда. Бірақ, оны айтудың сәті осы көктемде ғана түсті. Себебі, былдыр-былдырдан, сөз құрап айта алатындай жасқа осы көктемде жеттім. Мысалы, былтыр қыста, атамның қайтыс болғанын мен тек, «ата — кок» деген сөзбен ғана білдірдім. «Ата – жоқ» десем де, біразға дейін дастархан басында ол отыратын көк көрпеге ешкімді отырғызбаймын. Бірақ, бұрынғыдай дастарханның ортасына отырып алу, енді, жоқ: өйтсем, ешкімге тигізбейтін атам жоқ болғасын ба, өзім сәл де болса өскесін бе, әлде, мен де біреуге аға болғасын ба, ол жағы бәймәлім. Маған, енді, үйдегілер аздап ұрсатын болды.

Төртінші көктем
Осы көктемімде үштен асып балақшаға бардым. Басында біраз үйренісе алмадым. Жылап қалатынмын, кім әкеліп тастаса да. Бәлкім, орыс балабақшасы болғасын шығар. Жазда әжеммен бірге ауылға барады екенмін. Бұл кезде ауылдың не екенін білемін бе, білмеймін бе, есімде жоқ…

Бесінші көктем
Осы жылы мектепке беруді ойластырып жүрген сияқты үйдегілер. Өзімнен де бар, тым белсеніп балабақшаның қай-қай шарасына да қатысып. Балабақшамен қоштасу шарасында, тіпті, тапқақ айтатын әдетіме қосып, би де биледім. Тәрбиешім – Вера Дмитреевнаның алғаш рет қазақша сөйлегенін де осы шарадан көрдім. Қағазға қарап оқыды. Қызық оқыды. Бірақ, қазақша. Қазір, ойлап отырсам, бұл – тәуелсіздіктің алғашқы көктемі екен. Осы жылы мектепке беруді ойлап жүрген сияқты үйдегілер. Бірақ, әлі алтыға толмағандықтан келесі жылға қалдырды. Демек, сүннетке отырғызу да келесі жазға қалып тұр. Мен бір жыл бойы тәуелсізбін.

Алтыншы көктем
Осы көктемде алғаш рет дүкенге өзім бардым. Өзім болғанда папам мен мамам балконнан қарап тұрды. Қолымда Лениннің суреті бар жиырма бес сом. Үйдегілерден сұрадым: «мынаған неше «сникерс» келеді?» деп. Теледидардан көргенімізді өмірден көру сондай таңсық еді. Тіпті, бірде базарда барғанда күнде жарнамасын көріп жүрген «TAMPAX» -ты көріп қалып, «Мама, анаң қара, тампаксты қара!» деп, айқайладым. Бірақ, оған маманың неге ұрысқанын түсінген жоқпын. Бұл да көктемнің кезі болуы керек, себебі, үстімізде жылы киім болатын. Бәлкім, күз болар. Олай боп жатса, кешірерсіздер. Бірақ, меніңше, көктем сияқты. Себебі, папам мен мамамның базарға шығып сауда жасап көргілері келгені де осы көктемде болатын…

Жетінші көктем
Мен Алматыны шынымен жақсы көреді екенмін. Өткен жазда, папам оқу бітіріп, соған мамам екеуміз барып қайттық. Сосын, «Қарғалы» санаторийінде демалдық. Алғаш рет банан жедім. Сосын, пультпен жүретін машина алып берді, папам. Оқушымын. Мектеп ұнады. Алғашқы рет төбелесіп көрдім. Дұрыстап төбелесіп. Мұрын қанатып, киім жыртып. Бірақ, бәрібір, «бірінші шеф» бола алмадым. «Екінші шеф» те бола алмадым. «Үшінші шеф» те. Қысқасы, мен денеде ең соңғы тұрамын. Қабибек ағаға айтып, таэквондағы қатыстым. Мен барғанда «ёпчаги» дейтін тәсіл үйреніп жатты. Осы көктемде жазғы каникулдың не екенін көремін.

Сегізінші көктем
Алғаш рет үлкен сахнаға шықтым. Маған сол кезде мектептің акт залының сахнасы үлкен көрінетін. 9 мамырға совет одағының батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін сахналадық. Мен батырдың рөлін ойнадым: амбразура аузында тұрып ұзынсонар монолог оқимын да, ДОТ-ты кеудеммен жабамын. Өзіме ұнады. Жұрт мақтағасын, тіпті, қуандым да. Бірақ, сол сәтте осы қабілетім үшін алдағы жаңа жыл шыршасында кетіп бара жатқан жылдың образын сомдайтынымды білгенде, қуанышым соншалықты болар ма еді?! 1995 жыл доңыз жылы болатын.

Тоғызыншы көктем
Үшінші сынып оқимын. Үшінші тоқсанда да ана тілі сабағынан басқа пәндердің бәрінен беске шықтым. Ана тілі сабағынан үш. Білмеймін, әйтеуір, жүргізіп оқи алмаймын. Екі оқып берсе, жаттап аламын. Ал, өзім оқысам, іркілемін де қаламын. Сосын, оқымаймын. Бірақ, әлі «мектеп мақтаныштары» тақтасында фотом ілулі тұр. Сірә, доңыздың образын жақсы сомдаған шығармын.

(Жалғасы бар)
Бөлісу:

18 пікір

patick
Оқып отырып өзіңнің көктемдеріңді еске алып кетеді екенсің
Соңғы түзету:
Abilakim
Жоғары қарап тұрған бас бармақ
zholantai
келесі тақырып та «көктем» болсынЧ,
aza
Мен неге жазбағам осындай етіп… Блиин, қандай тәтті еді 
Кстати, қазылар алқасы құрамында техникалық жағын, әрлеуін тексеретін арнайы мамандар отыр, а так, жазуыңның деңгейіне… Очм, бірінші турдан бірінші орынмен өтіп тұрсың ғо, жаным!
Abilakim
Бірақ, әлі «мектеп мақтаныштары» тақтасында фотом ілулі тұр. Сірә, доңыздың образын жақсы сомдаған шығармын. 
Adiletshu
Миллионды осы жігіт алады
Соңғы түзету:
Aldeken
сыболыш-ай, бүкіл көктемдерімізді түгендетіп жібердің ғой…
Gastarbaiter
Жазбаға лайк. Қарапайым, пафоссыз, әдемі. Ностальгия шақырады.
Мен де ана тілі мен көркем жазудан үнемі үш алатынмын Алтыншы сыныпқа дейін. Эх, Торы есімді құнаным есіме түсіп кетті.
a63a1
2014 жылы логинінімді жазғызып, паролімді тергізген алғашқы жазба.
asaubota
пікір жазуға да ұялады екенсің…
TOTY
Нұрбергеннің жазбасын оқып, өзімнің көктемдерім, өткен өмір туралы кітап жазғым келіп кетті…
KONILDI
Енді он жылдан соң 18-ші көктемді жаз, қалай ер жеткеніңді көрейік
Basic
эххх… қайдасың сол жылдар, қайдасың сол көктем
AKY
Келсе-дағы неше көктем, гүлге орамас бағымды…