Қарбалас

Көктемді түрліше сипаттауға, суреттеуге және жазуға болады. Бұған әрине, біздерге жылулық сыйлайтын осынау мезгілмен қоса келетін түрлі мерекелер мен мейрамдардың да әсері баршылық. Не десек те «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей қытымыр қыстан әйтүп-бүйтіп шыққандар көктем мен жаздан бір үміт күтері анық.
Салыстырмалы түрде қарасақ қала көктемі мен дала көктемі мүлде бөлек. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегенге салар болсақ біздің Арқаның нағыз көктемі осы сәуірде келеді. Сай-салаға жайқала шыққан қызғалдақтар мен сарғалдақтар сәуірдің орта белінен аса, мамыр айының басында дала көктеміне ерекше бір сән беретіні рас. Көкке ауызы тиген қозы-лақ бір мезгіл енесін ұмытып, асыр салатын мезгіл де осы. Бірақ, бұның бәрі сәуір айында.
Наурыз айы далалықтарға ең қарбалас шақ. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін» мезгілі. Қора маңына жинаған шөбінің таусылуға таяйтын, әлдеқалай қыс ұзарып кетсе саусағын мұрнына тығып қалу қауіпінің жоғарылайтын кезеңі.
Дегенмен, биылғыдай қар күрт еріген жылдары дала қазақтары қорадағы ірі қараларын, қой-ешкілерін қарайған қырат жаққа бағыттап жібереді. Жілік майы азайып шыққан малдар сай-саладағы іргесі сөгіле қоймаған қарларға үйелеп қалып жататын оқиғалар да кездеседі. Ертеңгілік инедей жылтырап жатқан жылғаның суы, сай-саладан келіп қосылған қар суымен өткел бермес өзенге айналатыны да көктемнің осыбір айына сәйкес келеді екен. Таңертең жайылымға кеткен малдарын кешке өзеннен бері өткізе алмай, ат сауырынан асатын, сең-сең мұздар жүріп жатқан өзеннен бес-алты атты адам сиырларды қақпайлап өткізтудің азабын сөзбен жеткізті мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Екі көлік соғылып қалса, таяққа сүйенген адам тайып құласа қалта телефондарымызды суырып алып, қызық үшін видеоға түсіріп, интернетке салатын біздердің ол жанталасты, қарбаласты видеоға түсіріп тұрғанымыз ауыл адамдарының алдында ұят қылық. Биылғы көктемнің осы қарбаластарының барлығын өзім арқылы тағы бір сезініп шыққаныммен мен сіздерге бұл жазбамдағы қарбаластардың барлығын суретпен немесе видеомен бере алмауымның себебі осы.
Бұл мал шаруашылығымен айналысатын дала қазақтарының көктемгі тірліктерін суреттейтін жазба. Бұдан бөлек ауылдағы ағайындардың көктеммен қоса келетін егін науқанына дайындық секілді басқа да бітпейтін тірліктері бар.
Бөлісу:

7 пікір

zholantai
көктемдегі су тасығанын көрмей өскен қазақпын, өзен де жылға да жоқ еді
patick
Бізде көктемде жағаны бекіту басталады жыл сайын. Ауданнан ауыр техника әкелініп, саз тасылады. Ауыл тұрғындары қаптарға сабан салып, өздеріне бөлінген территориялардың бөгеттерін реттейді.
Gastarbaiter
Бізде көктем болмайды. Бізде тек жаз. Содан кейін, өлімсіреген жаз,. күзге ұқсас бірдеңе бір аптаға созылады да, қысқа ұқсас бірдеңе басталады. Қыс бір аптаға созылады, әрі кетсе екі апта, сосын көктем деп айтып болғаныңша, тоныңды футболкаға айырбастайтын уақыт болады.
bizbike
Біз жақта көктем Бес қонақ, Құралаймен байланысты.
Arys_arlany
Біздің ауылда көктем сарғайған қамысты өртеп, жер жыртумен, содан дихандардың жазды егіндік қамы қарбаласымен басталады
madlen
Видеодағы малышка тәп-тәтті)
Abilakim
Менің қызым ғой