КерекИнфо қойнауынан: 2006 жылғы үздіктер

Поштамдағы ескі хаттарды ақтарып отырып, Нұрғисаның мына есебін тауып алдым.
Админнің бөлмесі: КерекИнфо қойнауынан: 2006 жылғы үздіктер
Кірпік қағып, сүт пісірім ішінде 2006 жылдың лезде зулап өте шыққанын біреу байқады, біреу байқамады. Құрама Штаттар түрлі сылтаумен Иракты бомбылап жатты, Құдыста Хамасы бар, ФАТХы бар, Израильдің ұрдажықтары бар – қырықпышақтасып жатты… Ресей төрткүл дүниені табиғи газының қоры арқылы, өзгелердің сол қорға тәуелділігі арқылы дүр сілкіндіруге әуестеніп жүр… Иран Буш әкімшілігінің әпербақандылығы мен әлімжеттігіне мойынсұнбайтынын дәлелдеп бағып жүрсе, Дарфурдағылар Кондолизаның құйтырқы есебінің құрбаны болмайтындарын мәлімдеумен болды. Бұған Солтүстік Кореяның көрсеқызарлық синдромы мен әлем тарихында деспот аталып үлгерген бірнеше тиранның бақилыққа аттанғанын қосыңыз… Осындай құбыжық галлактикада өзінің рухани сұлбасы мен өр рухының кәусар болмысын сақтауға мейлінше мол қайрат сарп еткен Керекинфо планетасы түзулік атаулыға бойын түзей берді, түзей берді.

Ия, 2006 жыл керекинфо жылнамасына сүңгіп үлгергенімен, былтырғы жақсы жайлардың жай-жапсары ұмытылмақ емес. Әсілі, керекинфо сайты жахантордағы бір ұяшық қана болып қоймай, мақсат-мұраты әлдеқайда әріде жатқан біріктіруші дәнекер деп танымақ керек-ті. Қазақтың сартопырағына аунап-қунап өскен қарадомалақтар замананың тылсымымен үндесе тегеурінді, екпінді пікірлерімен алмасып жатса қай тұсы айып?

Тәсірлі мәселелер төңірегінде толғану жылы болды екі мың алтыншы жыл. Қатарымыз да күн санап артып, шаңырағымыз беріктене, түтініміз түзурек ұша бастағанына сіз бен біз куә. Қоян-қолтықтаса отырып әр нәрсенің анық-қанығына жетуде талас-тартыстар өрбіп жатыр, өрби де бермек. Керекинфоның түпкілікті миссиясы да сол. Естілмеген сөзді жетім қалдырмай, үшбу сәлемдерді құшағына сыйдырып, сүйіншілеп, күніге білгісаярдан арғы жағынан мен мұндалап күлімсірей беретіні…

2006 жылы тарланбоздарды жанай да түсті, ысылта да түсті. Кім жоқ десеңізші олардың қатарында… Өзіедік ашылмаған қыры көп Қайраты пен Тентекбаласынан бастап, қапелімде қойып салатын Аюдың баласы бар, келісті сөзді қиыннан қиыстырған Еркемі бар, ойының бітімі мұқалмаған Томирисі мен Бахасы, керекинфоның төл атқамінерлері Ньюйоркері мен Шырыны, тәсірлі де мәйекті идеаларға бой түзеген Мараты мен Сигмасы, Робинзонша елсіз жерде көл-көсір боп жүрген Айтары мен гүл шоғын өлердей ұнатушы Керек адамы, қала берді түнімен көз шырымын да алмайтын Қырмызысы, сайттың ардагер тәтесі атанып үлгерген қылыш сөзді Көңілашары, тыңнан қосылған жас пері Торланасы, мафиягер Мәриямы, эссе өнерінің маэстросы Бекжан профессор ағайы, періште Меркельдің дұғай-дұғай ассаламауғаләйкүмін бұлжытпай жеткізуші Симона мен Салтанат, сөзі алтын да қола, өзі Лола – түйіндегенде, жоғы жоқ.

Рас, түпнұсқасын Аршат пен Бекжан түзген сайт бүгін ел игілігіне айнылп үлгергенін тарих дәлелдеп отыр. Сайттың өміршеңдігі, виртуалдық барболмыс пен шынайы күйкі тірліктің қабыса жанасуы пайдалуншылардың құзыретіндегі міндет екенін ескерер болсақ, ол кісілерсіз аттап алға басу, ілгерілеу жоқ екенін тағы мойындауымыз шарт. Осының бәрін ескере келе, сайт әкімшілігі жылара сайтқа ерен еңбек сіңірушелерді ынталандырып отыруды дәстүрге айналдырған.

Екі мың алтыншы жылы сайттың тамыры тереңдей түсуіне зор ықпал қосушылардың арасында бұдан бұрын жасырын дауыс беру арқылы үздіктерді анықтауға кіріскеніміз әмбе керекинфошыға аян. Енді сол мүшәйрәнің да томағасын сыпырып, қорытындысын жалпақ жұртқа жайып салар кез келіп жетті.

Алдымен ұзын етектілерді түгендеп өтелік.

Өткен жылы өзінің қарқынымен, әсіре белсенділігімен, тартымды посттарымен дүйім керекинфолық форумдастардың бірі әрі бірегейіне айналып үлгерген Симона қыздар арасында үшінші орынды қанжығаға байлады.

Ізденімпаздығымен, ұтымды әрі айшықты позициясымен, салымының мықтылығымен керекинфоға жаңа леп әкелген Лола ханым екінші орынды місе тұтты.

Санақ қорытындысы бойынша айтулы бірінші орын және Екі мың алтыншы жылғы ең үздік қыз керекинфошы номинациясы қашанда ашық-жарқындығымен, үйлесімді ойымен, мысық атаулыға бір табан жақындығымен ерекшеленетін Көңілді ашар Жаннаға бұйырыпты.

Жеңімпаздардың бұл легін ең ыстық ықыласпен құттықтап қояйық!

Енді қыз-қырқынды тәмәмдап, жігіттерді түгендеуді бастасақ мына нәтижелерге тірелеміз:

Екі мың алтының жігіттер категориясы бойынша үшіншісі жатса-тұрса есіл-дерті керекинфо болған, кесек сөздің кәдуілгі ұстасы Сигманың үлесіне тиіп отыр.

Екінші орын – айтары бар, жайпары бар, мұқтаждарға көмек қолын созуға әмәнда даяр, лирик әрі романтик Айтарға лайық!

Ал енді жігіттер арасында екі мың алтының ең үздік керекинфошы лауазымы Атырау кентінің құлагері, екі ғана сөз емес-ау, талай сөздің басын біріктіріп, жұмыр басты пендеге көкейтесті ой салушы, маржан сөздің зергері Маратқа бұйырыпты.

Жеңімпаздардың бұл легін тағы бір мәрте ду қол шапалақтатып құттықтап қоялық.

Жеңімпаздарға ең жақын арада құрмет сертификаттары табыс етілмек.

Бұған қоса, бәйгені ұйымдастырушылар алқасы қосалқы номанциялар бойынша жеңімпаздарды анықтайныны қатеріңізге салады.

Екі мың алтыншы – жақсы жыл!!!
Бөлісу:

5 пікір

Simona
 Керемет замандар едi ) Қайран өмiр
zholantai
Көңілді ашар Жанна деген кім? қазір қайда?
AnarAlibayeva
Жапонияда Жанна Каршыганова деген кушти кыз!
zholantai
сол қыз ба? ейсте бар ғо, уордпресстегі блогынан мәнерлеп сырғанау туралы жазбасын оқыдым, керемет еді.
bazuka
Сол кездегі никтер әдемі еді.