Жаңа бейнебаянның тұсаукесеріне келіңіздер
27 қаңтар күні Түркия Республикасының елшілігінің ғимаратында (Тәшенов көшесі 3) кешкі сағат 17:00- де белгілі дәстүрлі әнші, сазгер Зағипа Иманғазиеваның «Gel gör beni» (Кел көр мені) атты бейнеклипінің тұсаукесер рәсімі өтеді.
Салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұлов, Нұртай Сабильянов, Оразкүл Асанғазы, ақындар Серік Тұрғынбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы және басқада қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ бауырлас Түркия елінен де Ескі шеһир қаласының әкімі, Түркі дүниесі одағының президенті Орал Бүйүксары бастаған мәртебелі қонақтар келмек.
Аталмыш шара елордамыз Астанадағы «Түрік мәдени орталығының» қолдауымен өткелі отыр.
Зағипа Иманғазиева ¬– Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің түлегі. Халық әндері кафедрасының ішіндегі жыраулық дәстүр мамандығын үздік бітірген. Нұртуған ақын мектебінің өкілі, фольклор зерттеушісі, дәріс беруші әрі дәстүрлі әнші-сазгер.
«Елім менің» патриоттық әндер байқауының «Аманат» номинацияның бас жүлдегері, «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің лауреаты.
Бірнеше халықаралық үлкен байқаулардың лауреаты,
Түркияның мәдениет министрінің арнайы шақыртуымен Анадолы елінің бірнеше қаласында және Ескішеһир қаласында бірнеше мәрте жеке концертін өткізіп Қазақ-түрік мәдени байланысының нығаюына ат салысушы әрі түркі халықтары арасында қазақ өнері мен мәдениетін дәріптеп жүрген өнер иесі.
«Gel gör beni» (Кел көр мені) ¬– термесі атақты түрік шайыры Жүніс Әміренің (Юнус Емре) туындысы. Жүніс Әміре шамамен (1238-1320) жылдары аралығында өмір сүрген түрік ақыны. Қазақ даласында туып, Осман империясының алғашқы астанасы болған Ескішеһир қаласында дүние салған. Анадолыдағы Қожа Ахмет Иасауи жолын қуған сопылық мектептің негізін қалаушы.
2 пікір