Көз жанары. Ремейк

Блог - bake: Көз жанары. Ремейк
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Он алты жастамын. Ауылдық әкімнің хатшысы -көрші апай, аудандық әскери комисариаттың жіберген шақырту қағазын қолға табыстады. Ондай шақырту қағазын он шақты бала алыпты. Шақырту қағазы мерзімді әскери борыш өтеуге уақыт тақағанын білдіреді. Үкімет бізді болашақ жауынгер ретінде есепке алып, тіркеуге қойып, тұрғылықты жер бойынша тіркеуде тұрғанын білдіретін куәлік беретін. Кейінен осы куәлікті әскери билетке айырбастайтын.
Бір жұмадан кейін. Таңғы сағат алты. Бізге шақырту қағазын берген апай бәрімізді ауыл автобусына отырғызып, бір сағат ішінде аудан орталығы Бозанбай аулына жеткізді. Аудандық коммисариатта әр ауылдан келген балалардың саны жүзден асыпты. Бәрімізді сапқа тұрғызып, тізім бойынша түгелдеп шықты. Бізді өз қарамағына алған жасы отыздан асқан офицер: ұзын бойлы, жіңішке мұртты, бет жүзі қыры тік, өткір көзді.
Біздің сылқ –былқ қылығымызға сын айтып, тәртіпке шақырды. Содан соң күн тәртібімен таныстырды.
Күн тәртібі келесідей екен. Бәріміз медициналық комиссия қарауынан өтеміз, комиссияға енетін әр маман біздің денсаулығымызға қатысты шешім шығарған соң денсаулығымыздың жағдайын ескеріп әскери тіркелуге алынатын боламыз.
Ауылдан өзімізбен бірге ала келген іс –қағаздарымен комиссия мүшелері тез –тез танысып шықты. Одан кейін бәрімізді аудандық ауруханаға жіберді. Түске дейін аурухананың кабинеттерін аралаумен болдық. Әр кабинетте отырған медицина маманы біз ұстап жүрген іс-қағаздарымызбен танысты. Ішіндегі құжаттарды толтырды. Жеке бір кабинетте саусақтан қан алып қанымыздың қандай «қан тобына» жататынын айырып, құжаттарымызға белгі соғып берді.
Бірақ түс ауа кейбірімізге денсаулығымызды саралау үшін қосымша анализ тапсыру қажеттілігі түсіндірілді. Сол үшін ауруханада зерттелу үшін бір түн қону қажет болды. Ауылымыздан келген балалардан жалғыз мені осылайша ауруханада алып қалды.
Ертең ауылдың автобусы аудан орталығына басқа істер бойынша келетіні белгілі болды. Түсте, қайтарында мені ауылға алып кететіндей етіп автобус жүргізушісімен келістік.
Ауруханада түнеп шықтым. Таңертең ерте зертханалардағы кезектерге тұрып сынамаларымды бір сағат көлемінде тапсырып шықтым. Одан кейін ауылға қайтуға рұқсат берді.
Ауруханаға комисариат талабы бойынша қонып қалған оншақты баламыз. Көлік табылып ауылға тарап кеткенше басқа ісіміз болмағандықтан аурухана алдын кездік. Біртіндеп санымыз азайды. Балалар ауылдарына тарап жатты.
Таңғы он болса да күздің салқын ауасы тоңазытып жіберді.
Көрші ауылдан келген баламен тіл табысып алдым. Таңғы суықтан сақтанудың бір жолы алысу –жұлысу. Осылайша жылынып алдық. Бірақ қашанға дейін алысып – жұлысасың, барлық есіл-дертіміз тез ауылға оралу болғандықтан өздерімен алып кететін адамдарды қарауылдап жүрміз.
Бір уақытта қасымдағы бала оң жақ бүйірімнен шынтағымен түртіп:
-Ана кісіге қарашы, -деді.
Басымды оңға бұрдым, көңіл бөлетіндей ешнәрсе байқаған жоқпын. Бар-жоғы көргенім: орындық үстінде жалғыз отырған алпыс -жетпіс жастағы науқас адам. Селдір, аппақ шашты. Үстінде ескірген пижама. Пижама матасының суреті қара –ақ жолақтардан тұрады. Матаның кейбір жері жолақ бойымен жыртылыпты. Төбесін сәл жапқан тақиясы, ескі пижама матасының арғы-бергі жағы.
Тозығы жеткен шал. Оған қарап қызықтайтын қандай қызық бар? Сондықтан қасымдағы балаға «не?» деген, түсінбеген күймен бетіне қарадым. Ол болса:
-Ана шал ауырады. Ә? Кіммен дойбы ойнағалы жүр? Далада кеше біз келгенде дәл осылай жүрген (қолында дойбы ойнауға арналған тақтайы бар), -деді де, өз ойынан ұялды ма, онысы маған белгісіз, үндемей қалды.

Жарты сағаттан соң жолдас болған бала аулына қайтып кетті. Жалғыз қалдым. Іш пысты. Маңайымды көзбен шолып жүгірткеннен басқа ермек қалған жоқ. Әрі-бері, еш мақсатсыз аяғымды басып жүріп келемін.
Өзім де байқамай қалдым бағана көрген тозығы жеткен шалдың қасына қалай келіп қалғанымды. Шал болса үш-төрт кісілік кең орындықта отыр. Алдында (орындық үстінде) дойбы ойынның тастары орналасқан тақта тұр. Өзімен-өзі ойнап отыр дер едім, бірақ ойында жүрілген бірде –бір жүрісті көрмедім. Шал отырған орындық үстіне отырдым. Ойын басталғанға жетпеген екінші ойыншы қосылғанын көріп, шал бәсең шыққан дауысымен:
-Сенің жүрісің, -деп ойын басын бастауға рұқсат етті. Шынымен де дойбының ақ тастары мен жақта еді. Ойын басталып кетті. Бірінші ойында тепе -тең түстік. Екінші рет ойнадық. Ұттым. Үшінші рет ойнай бастадық. Менің жүрісім. Жүрісімді үзбей біріншісін, екіншісін, үшіншісін, төртіншісін жедім де биге шықтым! Бір жүрісте шалдың төрт қара тасын ұтып алдым. Ойын менің жеңісіммен аяқталатыны анық болды. Төртінші, бесінші мәрте ойнап көрдік. Бәрінде де жеңіске жеттім. Өзіме -өзім таң қаламын. Дойбы ойнағанда көбінде жеңіліске ұшырайтынмын, мықты ойыншы болып саналған емеспін. Осы жолы әр ойынды ұта бергендіктен бе қайталап ойнаған маған қызықсыз бола түсті. Алдымда отырған шалдың көңілін қимастан тағы бірнеше рет дойбы ойнадым. Ойындар барысында көп сөйлескен жоқпыз. Әдетте ұлкен, егде жастағылар балалардан ананы –мынаны сұрап мазалаушы еді, шал ешнәрсені сұрастырмады, сұрап білуге тырыспады да.
Ауыл автобусы аурухана алдындағы тұраққа келіпті. Автобус жүргізушісі мені асықтырып «би –бип –би –бип» деп сигналын беруде. Автобусқа қарай жүгіріп кеттім. Автобусқа тез отырып алуға өзімде асықпын. Сол күні аман есен ауылға жеттім.
Үш –төрт күн өтті. Түс кезінде ауыл ортасынан бірінің артынан бірі тізілген машиналар өтіп жатты. Көліктердің ондай жүрісінің мәні бәрімізге белгілі еді. Ауыл сыртындағы зиратқа қайтыс болған адамды жерлеуге бара жатқандар. Үлкендердің сөздерінен білгенім ауруханада менімен дойбы ойнаған шал қайтыс болыпты. Осы ауылдың тумасы. Жастығы ауылда өтіп, сыйлы азамат атаныпты. Кейіннен қызмет қуып басқа жерге барып тұрған. Қартайғанда дертке ұшырапты, қолданған емі қонбапты. Жазылмас дертке туған жері жеңілдігін берер деген оймен оралыпты. Соңғы күндерінің ауыртпалығын туыстарына көтертпеймін деп, ауруханаға сұранып жатып алғанда кездесіппіз.
Шалдың бет келбеті ойымда қалмапты. Тек ақ селдір шашы көз алдыма елестейді. Соңғы дойбы ойынын ұтып, онымен қоштаса бергенде («сау болыңыз» дегенде ) шалдың соңғы сөзі:
— Көздің жанары жансын, сөнбесін –дегені есімде қалыпты.
Жылдар зымырап өте шықты, әке болдым.
Түс мезетінде бір жасар баламды қолыма алып отырғанмын. Өзі мазасыз, тыныш жатқысы келмейді. Өмірге толы көздерімен маған қарап, мені алдап жымиып –жымиып қояды.
Өмірді көріп егде жасқа жеткен адамның сөздері: — Көздің жанары жансын, сөнбесін, — деген сөздері осы уақытқа дейін құлақ түбінде жүрді, бірақ терең мағынасын енді ғана түсіндім.
Баламның маңдайынан иіскеп, ойға баттым:
— Өзім жарық дүниеден кетсем көз жанарым баламның көзінде қалады екен –ау! Бұл дүниеде менің көзім қалады! Менің қуатым!, — дедім де, баламның аман саулығын тілеп, әке атандырған жарыма мың алғысымды жаудырдым.

P.S. 17/11/2013 15-40 өзгерістер енгізілді.
Бөлісу:

3 пікір

Dzhonsaken
Тереңнен толғайды екенсің тамыр!!!
bake
Уақытыңызды бөліп, оқып шыққаңызға алғысымды білдіремін
asaubota
мен де балаларымды өзім көрем, өзімнің жалғасым