АҚШ құқық мектептеріне магистратураға оқуға түсу

Блог - Karakyz: АҚШ құқық мектептеріне магистратураға оқуға түсу

Сәлем! Жазбағалы көп болды. Жаңалық: қазір Бостон университеті Құқық мектебінде магистрлік оқудамын. Осыдан дәл бір жыл бұрын университеттерге құжаттарымды тапсырып жүрген едім. Сол кезде «осы процесті толығымен бітіргесін керекке пост жазам» деген ой туған. Енді реті келген сияқты.  

Мақсат — АҚШ-қа құқық мамандығы бойынша магистратураға түскісі келетін, бірақ қалай, қайда, не, қашан деген сияқты сұрақтарға толық жауабы жоқ адамдарға жол сілтеу. Неге тек құқық деген сұраққа жауап: құқық мектептеріне құжат тапсыру үшін арнайы жүйе бар (Law School Admission Council, қысқаша — LSAC), сондықтан басқа мамандықтардан өзгешелеу, алайда ол жүйеден тыс құжат қабылдайтын университеттер бар, олардікі басқа мамандықтармен ұқсас болуы мүмкін. Қалай дегенде де, жалпы процесс ортақ, сондықтан, егер өзге мамандыққа қызықсаңыз да, бұл материалдың пайдасы тиюі мүмкін.

Жазбаға себеп — 1) соңғы кезде бірнеше таныс, достарым АҚШ-қа универститетке құжат тапсыру туралы кеңес сұрап жүр, соған қарағанда тақырып сұранысқа ие; 2) егер тіпті қызығушылығы жоқ адамдар болса да, солардың қызығушылығын ояту, қолда бар мүмкіндіктерді (неше түрлі оқу гранттары) пайдалануға шақыру.

Осы жерде кішкене шегініс: «АҚШ-тың құқығын білгенің саған Қазақстанда қалай пайдаға асады, құр уақыт өткізіп жүрген жоқсың ба» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұйырса ол туралы толығырақ бөлек жазбада жазамын. Қазір пісіп жетілуде.

Сонымен, бастайық! Ең алғашқы қадам — университеттерді таңдау. Неге көпше түрде? Оқуға қабылдану шансын көбейту үшін, біреуі болмаса, біреуіне түсермін деген ой ғой. Оның алдында құқықтың (немесе кез-келген өзге мамандықтың) ішінде бөлінетін саласын таңдап алғаныңыз жөн. Менікі — зияткерлік меншік құқығы. Гуглдан теріп жіберсеңіз, осы саладағы университеттердің әртүрлі ұйымдар жасаған рейтингтері атып шығады. Менің пайдаланғаным — usnews.com сайты болды. Сондағы зияткерлік меншік құқығы саласындағы рейтингтің басындағы және ортасындағы университеттердің жетеуін таңдап алдым. Осы жерде айта кететін маңызды нәрсе: рейтингке тым назар аударып қажеті жоқ. Рейтингтің ортасында, аяғында тұрса да университет сапалы білім бере алады. Рейтингтердің субъективтілігі туралы көп мақалалар бар. Дұрысы одан әрі қазбалап, сайттарына кіріп, қандай оқу бағдарламасы қандай пәндер, қандай профессорлар бар деген сияқты жеке зерттеу жасау. Мысалы, менің таңдап алған университеттерімнің ішінде ең қызыққаным Стэнфорд университеті болды. Жалпы топ университеттердің бірі екенін былай қоя тұрсақ, зияткерлік меншік құқығы саласында бұл мектептің беделі ерекше. Зияткерлік меншік оқу бағдарламасының директоры Марк Лемли университтен тыс, осы салада жеке заң фирмасы бар, бірнеше үлкен сот істерін жүргізген белгілі заңгер, одан қалды тұрақты түрде осы салада салмақты мақалалар жазып тұрады. Оның туиттеріне тіркелуден бастап, мақалаларын оқып, Стэнфордқа гугл мэпстан стрит вью арқылы кіріп, армандап отыратынмын.  Стэнфордқа қоса University of California Berkeley, University of Chicago, New York University, University of Pennsylvania, Duke University және қазір оқып жатқан Бостон университетін таңдап алдым.

Келесі қадам — таңдап алған әр университеттің сайтына барып, оқуға қабылдау ережелерімен танысу. Құқық мектептерінің өзара ең басты айырмашылығы осы жерде басталады. Университет құжаттарды тек қана LSAC арқылы қабылдауы мүмкін (мысалы Stanford Law School), не тек қана тікелей қабылдауы мүмкін (Harvard Law School), не тікелей де, LSAC арқылы да қабылдауы мүмкін (University of Chicago Law School). Мен таңдап алған жеті университеттің барлығы LSAC арқылы құжат қабылдады, сондықтан, мен үшін аса қолайлы процесс болды.

Процесс. Ыңғайлысы сол — анкета толтыру, резюме, эссе — барлығы электроны түрде тапсырылады. Дипломның нотариалды куәландырылған аудармасының бір көшірмесі, рекомендациялардың бір-бірден түпнұсқасы поштамен бір жерге жіберіледі, оларды кейін әрбір университетке LSAC өзі жеткізезді. Осылайша, АҚШ-қа DHLмен есептесек, бір адреске жіберу 15-20 мың болса, жеті университетке жеткізу үшін қалтаны қағыңқырауға тура келер еді. LSAC-тің өз ақысы да бар, 75 доллар құжатпен жұмыс жасағаны үшін, 125 доллар шетелдік құжаттарды тексеру қызметі үшін (АҚШ университеттері біздің оқу жүйесімен таныс боолмағасын, LSAC оларға өз ресурстарын пайдаланып, құжаттардың (диплом көшірмесі) дұрыстығын тексеріп береді). Сосын әр университетке құжаттардың толықтығы туралы есеп жазу — 21 доллар. Бәрін қосқанда DHL-дің бағасынан арзан шығады (бір емес, бірнеше университетке тапсырсаңыз). Еске сақтаңыз: әрбір университеттің құжат қабылдау ақысы бөлек ол бар, 60-125 доллар аралығында. Менің жеті университетке құжат тапсыруыма бәрін қосқанда 902 доллар жұмсалыпты. «Ең жақсы инвестиция — білім алуға салынған инвестиция» деген сөзді ескеру керек шығар бұл жерде.

LSAC-тің тағы бір қолайлы тұсы — барлық төлемдер, оның ішінде университеттердің құжат қабылдау ақысы бар, осы жүйе арқылы жасалынады, қазақстандық банк картасымен еш қиындықсыз төледім.

Қажетті құжаттар. Әр университет қосымша құжат сұрауы мүмкін, бірақ жалпы алғанда, мына құжаттар қажет:
1) TOEFL сертификаты — TOEFL-дің сайтында ақысыз қызметі бар, көрсеткен университетке немесе LSAC сияқты ұйымға электронды тест сертификатын жібереді, өте ыңғайлы дүние. TOEFL тапсырмаған болсаңыз, қазір қамдану керек, АҚШ-ты білмедім, бірақ Ұлыбританияға тапсырсаңыз, кей университеттер TOEFL немесе IELTS сертификатын кейін жіберуге рұқсат береді, сондықтан құжатты қазір тапсырып, тестке асықпай дайындала аласыз;
2) Дипломның нотариалды куәландырылған аудармасы және көшірмесі — DHL арқылы (LSAC-тің қосымша талабы болды: көшірмеде университеттің мөрі болуы керек деген, оны өз университетіңіздің транскрипт беретін жерінде ала аласыз);
3) ағылшын тілінде 2 рекомендация — біреуі жұмыс берушіден, біреуі университет оқытушысынан болса жақсы — DHL арқылы (егер беруші ағылшынша білмесе, аудармасын көрсетіп, ағылшыншасына қол қойдырып алуға болады);
4) анкета — өзіңіз жайлы сұрақтарға жауап бересіз, электронды түрде;
5) резюме — резюме толтырып, электронды файлды жүктейсіз;
6) эссе — ең маңызды нәрсе, яғни, оқуға қабылдану үшін басты назар аударатын нәрсе осы (осыны маған кезінде айтатын адам болмады) — электронды файлды жүктейсіз. Эссені біреуге жаздырып алам деп ойламаңыз. Құжат қабылдаушы университеттер әбден тіс қаққан, өзің жазбағаныңды бірден біледі. Оған қоса, өз шын ойыңды, біреуге жақсы әсер қалдыру үшін емес, не нәрсеге шын көңілмен сенесің, неге дәл бұл мамандық, неге дәл бұл университет деген сұраққа жауаптар жазсаңыз, соғұрлым ұтымды шығады. Бастан кешкен оқиғаны, ол оқиғадан не түйдіңіз, соны жазуға болады. Эссенің ағылшынша атауы «personal statement», «жеке ой» деген мағына береді. Сондықтан да жеке, персоналды ойыңызды жазу керек. Менің жіберген қателігім — эссеге өте аз уақыт бөлдім, бір-екі күн ішінде жазып бітірдім, уақыт тығыз болды және аса маңызды емес шығар деп ойладым. Дұрысы — басынан бастап осы эссеге мән беру, интернеттен нұсқалар қарау, қайта-қайта өңдеу керек екен. Жеті университеттің тек екеуіне қабылданғанымның себебі осы шығар деп ойлаймын. Қарап отырсаңыз, біздегідей емтихан тапсыру деген жоқ, жай құжат жіберіп қарап отырасың. Осыны естіген бір әріптесім «шетелге оқуға түсу оңый екен ғой» деп таң қалған. Шын мәнінде конкуренция өте жоғары, әр университет орташа есеппен 3000 құжат алса, оның ең көп дегенде 100-ін, ал Стэнфорд сияқтылары 20-сын қабылдайды. Осы көпшіліктің ішінде жарқ етіп, өзіңе назар аудартудың бірден бір жолы — өте жақсы эссе жазу.

Әр университеттің өз құжат қабылдау мерзімі бар, жалпы алғанда қыркүйектен бастап, ертесі желтоқсанда, ең кеші ақпанда аяқталады. Барлық құжаттарды уақытында тапсырып болғасын, сәуір-мамыр айларына дейін күту ғана қалады. Әртүрлі форумдар болуы мүмкін, мысалы құқық саласында магистратураға тапсырушылардың сайт бар llminfo деген, сонда әркім өзіне қандай жауап келгенін, тағы басқа ақпарат бөлісіп отырады, жақсы сайт. Бір қиыны — әр университет әртүрлі мерзімде шешімін шығарады, және егер оқуға қабылдансаңыз, белгілі бір уақыт ішінде ол университеттің ұсынысын қабылдау не қабылдамау туралы жауабыңызды беру керек. University of Pennsylvania мені оқуға қабылдағанын наурызда айтып, сәуірге дейін жауап беруімді талап етті. Ал ол кезде маған жеті университетімнің үшеуі ғана жауап берген, қалғандары (оның ішінде армандаған Стэнфордым бар  ) әлі белгісіз болды. UPenn-нен сөйтіп бас тартуыма тура келді. Одан кейін Бостон университеті оқуға қабылдап, University of California Berkeley және Duke күту тізіміне енгізді, ол дегеніңіз — егер орын босаса, яғни, бір қабылданған студент оқудан бас тартса, орнына мені алады деген сөз, бірақ менен басқа қанша күтуші адам бары, шансым қандай — ол белгісіз. Stanford, New York University, Chicago University — үшеуіне қабылданбадым. Осылайша қолда бар Бостон университетінің ұсынысын қабылдауыма тура келді. Шынымды айтсам, Бостон университеті таңдаған университеттер тізіміне қалай кіргені есімде жоқ, мен бұл университетке келемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген, орта рейтингтегі университет болғасын. Басында біртүрлі болып, көңілім түсіп дегендей… Бірақ, осында өткізген екі айымның қорытындысы бойынша, Бостонға келгеніме өте ризамын. Тақырыптан ауытқымайын, толығырақ басқа жазбада, бірақ қысқаша айтқанда, зияткерлік меншік құқығы, оның ішінде менің қызыққан салам — ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерциализациялау бойынша Бостон қаласы — ең қолайлы жер. Бұнда әртүрлі саладағы, әсіресе биомедицина саласында зерттеу орталықтары өте көп, жыл сайын пәленбай жаңа технология өмірге келеді, ғылымның ордасы деп айтуға болады. Сондықтан, Бостон университетіне келгеніме дән ризамын.

Сонымен, қолыңызда қалаған университеттің ұсынысы бар, енді ең маңызды қадам — оқуыңызды қаржыландыру. Ең танымал вариант — Болашақ, оған құжат қабылдау, дәл сол көктем кезінде басталады, құжаттарды тапсырып тастап, Қазтест, психологиялық тест, интервьюден өтесіз, шешім шыққаннан кейін келісім-шарт жасайсыз, процесс жақсы жолға қойылған, өте тез жасалынады. Өз басым шешім шыққанға дейінгі қадамдардан өттім, кейін, өз жұмысымнан грант бөлінгеннен кейін Болашақ стипендиясынан бас тарттым. Әрі қарай қаншалықты оңай екенін айта алмаймын, бірақ осында көріп жүрген Болашақ стипендиаттарынан реніш естімеппін. Басқа варианттар — университеттер қаржылай көмек ұсынады, мысалы Бостон университеті маған 15000 доллар көлемінде оқу ақысынан жеңілдік берді, басқалары шәкіртақы, тағы басқа қолдау көрсетуі мүмкін.

Осы жерден тоқтайын. Көпәріп үшін кешіріңіздер, қажет адамдарға қызықты деген үміттемін. Бұл тек қана шолу, сондықтан сұрақтар туып жатса, аянбаңыз.  Іске сәт!
Бөлісу:

20 пікір

satibaldi
Жазба тиянақтылығымен ұнады, бірақ сұрақтар қалып қойып отыр. Мысалы, Фаташов пен ГорылДравты білетіндерге жеңілдік жоқ па екен?
Karakyz
Сұрағыңызға рахмет). Фаташов пен ГорылДравты білетіндерге жеңілдік жоқ, жаңа түрін жасап шығарғандарға болуы мүмкін. Айтпағым, егер IT саласында, мысалы, оқуға түсушінің ерекше жетістіктері болса, яғни, жаңа, пайдалы, еш жерде жоқ бағдарлама жасап шығарған болса, оны міндетті түрде эссесінде атап өткені дұрыс, қабылдануға шансы көбейеді.
AidaKali
сат атай
шығармашылық универге тапсырғыңыз кеп жүр ма сздң?
бірде корей елнің универ. қарап шықтым, студенттер жұмсы ну енд андай* комплекс боп қаласың жұмыстарын көріп
жай нау смайды қойғым кеп тұр, ештеме қатысы жоқ
AKY
Әй, жарайсың! Сыйлайм әрі жақсы көрем осы қызды
Aldeken
Вика, мадис! Ақ жол, әріптесім!
MERmukhanov
 сәт!
Karakyz
о, Мерей! сен де осында ма едің?))
zholantai
жазбаңызға, сосын өзіңізге шексіз алғысымды жеткізуге ұлықсат етіңіз,
AidaKali
 мадес Вика! сен үшін қуаныштымын
LSAC кішкене қиындау сияқты, кен,
шет елдік елде шығармашылық емтихандарда өз запростары бар боп шығады кейде алынбас қамал сияқты, бірақ, тоқтамай алға жүрсе, басында май боса, нетіп тапсыруға болады, көп тіл білетін мамандар сол мүмкіндікті қолданбай жүреді
а сен қашан пост жазады екен деп күтіп жүрген едім, рахмет, өте түснікті, бірден бірнеше жерге тапсыру өте тиімді тәсіл
и ваще былай финанс/псих. дайындық боу керек сияқты доки тапсыруда
Эссе демекші менде соған тірелгенім бар боған өзім жаза алмадым шыны керек(((, универді сырттай оқып, және диплом жазып көрмеген адаммын, эссе емес, тост айта алмайтын адам боған соң қиын болды(((
сосын сен универ степендиясынан бас тарттың ба?
инет арқылы әлемді шаршап шықсаң, сұмдық көп грнаттар, тіпті болмаса орыс тілді студенттер арқылы сұрау/жауапты көп инфо алуға болады. тіпті біздін МОН-мен бірге шел елге қаншама тегін грнаттар бар, әрине өз талаптармен вот сонмен қазнетте де талай оқып бітріп кеген, оқып жатқан жастар бөлсіп отса
и ваще грант ұтып оқып кеген қыздар/балдарға белая зависть бар солай менде
free entrance жаным сүйеді
AKY
Пароліңді ұмытып қап, қайта тіркелгенсің бе
AidaKali
 жоғә, ФБ отқан соң, Викусьтің постын көріп қап, ФБ-дан кіре салдым
Соңғы түзету:
Sashok
Монти?
AidaKali
Sashok
Жазу стиліңнен жазбай таныдым, танымасам да.
Karakyz
ия, негізі мүмкіндік көп, іздеп қарау керек тек. Жоқ, мен бас тартқан жоқпын, оқу ақысы 45000 доллар, одан 15000 алып тастап 30000дай төлейді стипендия арқылы.