Хосписке барып көрдің бе?..

Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, айналамызда не болып жатқанына аса мән бермейміз. AdMe.ru сайтынан оқыған мына бір оқиға Өскеменде көзіммен көрген тағы бір көріністің есіме түсуіне себепші болды. Ол туралы сәл кейінірек жазармын, ал әзірге Нью-Йорк қаласындағы такси жүргізушісінің жазғанына көз жүгіртіп шығыңыз:

Блог - ademi_alem: Хосписке барып көрдің бе?..Мекенжай бойынша келіп, бірнеше минут күтіп тұрдым. Жұмыс уақытым аяқталып қалған, сол себепті ары қарай күтпей, үйіме қайтуды ойладым. Бірақ ол ойымнан айнып қалып, көлігімнен түстім де, үй есігін қақтым. Есіктің арғы жағынан:

— Тұра тұрыңызшы, — деген егде жастағы әйелдің дауысын естідім. Оның әлденені еден үстімен сүйреп келе жатқан дыбысы да естіліп тұрды.

Ұзақ үнсіздіктен кейін есік ашылды. Шамамен 90 жасар, тығыршықтай ғана апа екен. Қасында кішкентай шабаданы бар. Оның үйінде көп жыл бойы ешкім тұрмаған болуы керек: жиһаз атаулының бәрі бұлмен жабылған. Қабырғада ілініп тұратын сағат, сөрелерде жиналып тұрған ыдыс-аяқ та жоқ. Бір бұрышта тұрған жәшік ішінде шыны ыдыс-аяқтар мен фотосуреттер бар.

— Сөмкемді машинаға дейін апарысып жібересіз бе? — деді ол. Шамаданын машина ішіне салып, демеп жіберу үшін апаның қасына қайтып келдім. Ол мені қолымнан ұстап алып, аяңдай басып машинаға жеттік. Ол маған алғысын жаудыра бастап еді, мен:
— Ештеңе етпейді, апа. Мен адамдардың анама қандай қарым-қатынас жасағанын қаласам, жолаушыларыма да сондай қарым-қатынас жасаймын, — дедім.

— Қандай жақсы бала едің! — деді ол мейірімді үнмен. Біз машинаға отырғанда баратын мекенжайын берді. — Қаланың орталық көшесі арқылы бара аласыз ба?
— Қаланың орталығымен жүру — жақын жол емес…

— Мен ұзақ жолмен баруға қарсы емеспін. Асығыс емеспін. Хосписке бара жатырмын ғой… — деді мұңлы үнмен. Айнадан оның жүзіне қарадым.
— Менің отбасымның кетіп қалғанына көп болды, — деді ол бәсен дауыспен әңгімесін жалғастырып. — Дәрігердің айтуынша, менің ғұмырымның көбі кетіп, азы қалды.

— Баратын жерге қай жолмен жеткенімізді қалайсыз?..

Екі сағат бойы біз қала ішімен жүрдік. Ол маған бір кездері жұмыс істеген ғимаратты көрсетті. Жолдасы екеуі жас кездерінде тұрған мөлтекауданнан өттік. Бұрын өзі қатысқан би үйірмесі өтетін жер қазір жиһаз қоймасы болып тұр екен. Ара-тұра мені тоқтатып, үнсіз отырды. Бір кезде:
— Шаршадым, баратын жерімізге жетіп алайық, — деді. Оның берген мекенжайына да жетіп қалдық. Апаны күтіп отырған болуы керек, біз барған кезде екі медбике (санитар) күтіп алып, апаны абайлап машинадан түсіріп алды. Мен шамаданды машинадан шығарып, олардың қасына барып едім, апаны мүгедектерге арналған арбаға отырғызып қойыпты. Апа маған қарап:
— Қанша төлеуім керек? — деп сұрады.
— Ештеңе төлеудің қажеті жоқ.
— Олай демеңіз, бұл сіздің жеп отырған наныңыз ғой.
— Басқа да жолаушылар бар, апа…

Көп ойланбастан еңкейіп, оны құшақтап алдым. Маған мейірлене қарап:
— Кемпірді бір қуантып, бақыт сыйладың ғой. Үлкен рахмет! — деді.

Мен оның қалтыраған қолын қысып ұстап, кері бұрылып кеттім. Артынша жабылған есіктің дыбысын естідім. Бұл тағы бір жабылған өмір кітабының дыбысы еді…

Әртүрлі ой мазалап, бас ауған бағытқа қарай бет алдым. Сол күні ешкіммен сөйлесуге зайқым болмай, оңаша қалдым. Егер бұл апаға ашулы немесе асығыс жүрген такси жүргізуші кез болса не болар еді? Айтпағым, саналы ғұмырымда бұдан артық игі іс жасап көрген емеспін. Біз өмірде ерекше сәттердің көп болғанын қалаймыз, бірақ сол ерекше сәттер дәл осындай біреулер үшін еш елеусіз оқиға ішінде жасырынып тұруы бек мүмкін…

Қазақстанда алғаш хоспис қайда ашылды?

Қазақстанда алғашқы хоспис Өскемен қаласында ашылған. Біздің мемлекетте хоспис туралы нақты заң қабылданбағандықтан, 2009 жылы бұл мекеменің паллиативті көмек көрсету мекемесі санатына кіретіні туралы қаулы қабылданған. «Хоспис» сөзі паллиативті (жан-жақты) көмек деген ұғыммен тығыз байланысты. Ал қарапайым, жалпақ тілмен түсіндірер болсақ, хоспис — дауасы жоқ дертке шалдыққандардың өміріңнің соңғы сәтін өткізіп, ажалдың келуін күтіп жататын жер.
Блог - ademi_alem: Хосписке барып көрдің бе?..Өскемен қаласындағы хоспис директоры Ерболат Байровтың айтуынша (21 — маусым, 2012ж ), шет елдегі хоспистер мен біздің елдегі хоспистердің айырмашылығы көп. Америкада онкологиялық ауруға, СПИД дертіне және неврологиялық ауруға шалдыққандарға арналған хоспис түрлері бар. Екіншіден, дәрі-дәрмекке мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Хосписте жатқан 67 адамның 24-і мемлекет тарапынан қамтамасыз етілсе, ал қалғанына ақылы түрде ( айына 35 мың) қызмет етіледі.Үшіншіден, арнайы мамандар жеткілікті болғанмен, оларды жалақымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмайды.

Семей, Шымкент, Тараз қалаларындағы хоспис сұраныстың болмауы себебінен жабылған. Не үшін сұраныс жоқ? Себебі, қазақтың менталитеті басқа. Семейдегі қазақ түгілі, өзге ұлт өкілдерінің өзі қартайған ата-анасын хосписке өткізуге арланады. Ал Өскеменде өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан, хосписке ешкім жатырқай қарамайды. Хоспис ішін аралаған кезде денесінің сау жері қалмай күйіп қалған баладан бастап, ажал сәтін күтіп жатқан қарияларға да куә болдық. Олардың ішінже қазақ қарияларды да бар. Бұл жерге келу себебін сұраған кезде көбі «Балаларымыз „Біз үйде жоқ кезде жүріп кетсеңдер, немерелерің шошынып қалады“ деп осы жерге әкелді» деп жауап берді. "Ұзақ жолға шыққан едік, келгеннен кейін алып кетеміз" деген сылтаумен ата-аналарын тастап кетіп, жерлеп болғаннан кейін ғана келетін адамдар да бар екен. Сексеннен асқан Бибігүл Төлемісова (аты-жөні өзгертілді):

— Жалғыз қызым көз жұмып, артында екі жиен немерем қалды. Олар мені осы жерге өткізді. Жиен немеремнің бірі жоғары оқу орнында мұғалім болса, күйеу балам білдей бір мекеменің директоры. Кейде қартайған шағымда осындай қорлық көргенше өлгенім артық деп өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Бірақ адам жаны — Алланың аманаты ғой. Ажал сәтін үнсіз күтуден басқа амалым жоқ… — дейді күрсініп.

Білуімше, бүгінгі таңда хоспис Өскеменнен басқа Алматы қаласында да бар. Шамамен 15 миллион халқы бар Мәскеуде 5 хоспис бар екен. Ал 17 миллион тұрғыны бар Қазақстанға хоспис қаншалықты қажет? Сіз не дейсіз?
Бөлісу:

11 пікір

Korkem
Қарттар үйі ме екен деп ойлап едім, естімеппін мұндайды. (((
bizbike
Қымбат Досжанның хоспис керек деп айтып жатқанын естігенмін, анасы кезінде қиналыпты жұбайын бағып.
ademi_alem
Жұбайын деген әкесі ме сонда? Әртүрлі адамдар болады екен, хоспис пен Өскемен маңындағы қарттар үйіне барғанда "Өз еркіммен келдім. Үйде төрт қабырғаға қарап отырғаннан ішім пысады. Қартайғанда ешкімге масыл болғым келмейді. Қарттар үйінде өзім қатарластармен шүйіркелесіп, уақытым жақсы өтеді. Осы жерге келем деп шешім қабылдағанда балам мен келінінім қатты ренжіді, бірақ мен олардың айтқанына құлақ аспай, осы жерге келдім" деген ой айтқандар да болды.
bizbike
иә, әкесін айтады
bake
Хоспис керек. Бәрінің жағдайы жоқ. Бұл жерде баласының жағдайы болып қарамай қойды дегендерді кіргізіп отырған жоқпын. Туған ағама, анама алғыс. Әкемді өзім күттім. Жұмыс орныма ризамын. Екі жыл өтіп ес жинаған соң қайтадан жұмысқа алды.
AnarAlibayeva
Хоспис кей қарияға керек деп ойлайм. Яғни ешкімі қалмаған, жанашыры жоқ, жалғыз қалған қариялар үшін керек. Ең болмаса сүйегін көметін хоспис бар деп. Ал енді балалары ата анасын тастап кетсе, өз істері үшін әркім өзі жауап береді. Тағдыр деген осы. Өскемендегі жағдай кім өз баласын жамандайды.
aza
Өскеменде ғана… Қатаң!
ademi_alem
Алматыда бар, қарағандыда да бар ғой деймін қателеспесем.
Abilakim
Мүмкін керек те шығар… Бірақ, "Әке — шешең жынды болса байлап бақ" деген қазақтың нақыл сөзі бар еді. Сені өмірге әкелген жандарды ауырған, қиналған сәтте әлгіндей орындарға өткізте салу… адамгершілікке жатпайтын секілді.
Lyaila
Өте ауыр тақырып..«ажалмен бетпе-бет кездесетін мекен» дерсің… тек ешкімнің басына салмасын деп тілеймін
bazuka
қазір жалғыз басты адамдар көп ғой, оларға хоспис болғаны дұрыс сияқты.