67 жасар такси жүргізуші апа

Асығыс болған кезде үйге шақыртатын немесе көше бойында тұрып тоқтататын такси жүргізушілері әдетте ер адамдар болып келеді. ШҚО, Аягөз қаласының тұрғыны, 67 жасар Оразхан Манабаева апамыздың такси жүргізушісі болып жүргеніне отыз жылға жуық уақыт өтіпті.


Блог - ademi_alem: 67 жасар такси жүргізуші апа — 1984 жылы Аягөздегі автомектепті «В» категориясы бойынша бітірдім. Күндіз жұмыс істеп, түнгі ауысымда оқыдым. Жүргізу куәлігін алғаннан бері көлік жүргізіп келем. Ол кезде қазіргідей көліктің түр-түрі болған жоқ. «Жигули», «Запорожец», «Москвич», «Волга» және тағы да басқа шектеулі ғана түрі болды. Шаруашылық меңгерушісі маған «Запорожец» көлігін берді. Елдер жаяу келгенше, мен машинамен екі бөшке сыра сатып, жоспарды жақсы орындап жүрдім. Өкімет құлаған жылдан бері таксист болдым, — дейді Оразхан апа өткен-кеткен күндерін есіне алып.

— Машина жүргізу куәлігін аларда емтиханнан қалай өттіңіз?
— Қасымдағы орыс әйел екеуміз артқа қарай шегініп жүргізуден сүріндік. Үмітіміз үзіліп келе жатыр едік, оқытушымыз «Қыздар, жүріңдер!» деді. Біз «Неменеге барамыз? Біз «құладық» деп едік, «Айналдырған екі қыз, өткізе салайық» деді. Содан бері машина рөлінен түспей келе жатқаныма отыз жылдай уақыт болып қалды.

— Алғаш жүргізген көлігіңіз қандай болды?
— Алғаш «Запорожец» көлігін жүргіздім. Оның жылдамдығын жетпістен асырып жіберсең, қызып кетеді екен. Ол көліктің де бабын тауып, алты жыл жүргіздім.

— Осы уақытқа дейін бас-аяғы неше көлік ауыстырдыңыз?
-«Запорожецтен» кейін жасыл «копейкамен» (ВАЗ 2101) жүрдім. Сосын ақ «шоха» (ВАЗ 2106), қоңыр шоха (ВАЗ 2106), қара «Ауди» болды. Қара «Аудиден» кейін «Фольксваген Пассат» алдым. Одан кейінгі алған «Ауди 80 Б4» көлігін бес жыл жүргіздім. Қазіргі уақытта соңғы алған «Тойота Камри» көлігімен жүрмін.

— Аты аталған сегіз көліктің ішінде қайсысы жүргізуге қолайлы болды?
— Бәрі де көңілімнен шықты, бірақ «Тойота Камри» ерекше ұнады.

— Не себепті басқа емес, көлік жүргізу жолын таңдадыңыз?
— Үкімет құлағаннан кейін зейнетақы бермеді. Көбіміз қайыршы кейпіне түстік. Жалғыз сиырымыз сүт берген күні нан бар, сүт бермеген күні нансыз қалдық. Сол кезде қызым «Үйдегі «Запорожецпен» жүріп көрсеңізші» деп айтты. Ең басында ыңғайсыздансам да, арада шамамен он күн өткеннен кейін такси жүргізушісі болуға етім үйрене бастады. Қызым «Машина жүргізуді таста!» десе де тастай алмайтын жағдайға жеттім.

— Отбасыңыз туралы аз-кем айта кетсеңіз...
— Үкімет құлағанға дейін жолдасым екеуміз де саудамен айналыстық. Үш ұл, бір қызымыз бар. Төрт баладан бас-аяғы 15 немере, 2 шөбере сүйіп отырмыз. Осы үшін де Аллаға мың да бір шүкір! Ұлдарымның бірі әскери салада болса, бірі мал бағады. Кенже ұлымның өз шаруақожалығы бар. Жолдасым Үкімет құлағаннан кейін көлік жүргізбегенмен, әлі күнге дейін атарбамен жүріп адамдардың дүкеннен алған техникалық заттары мен құрылыс материалдарын үйлеріне апарып береді. Керекті затты таксимен немесе газельмен апарған қымбатырақ болғандықтан, Аягөз тұрғындары сол атарба қызметіне жүгінеді.

— МАИ қызметкерлерімен қарым-қатынасыңыз қалай?
Қазігі МАИ қызметкерлері менің баламның баласындай, яғни менің немерелерімдей балалар ғой. Олар мені сыйлайды. Бірақ сыйлайды екен деп ереже бұза бермеймін. Тәртіпке бағынып, ереже сақтап жүруге тырысам. 8 — наурызда олар мені құттықтап, гүл сыйлады. Бұл жағдай мені қуантып, бір марқайтып тастады.

— Осы уақытқа дейін неше рет айыппұл төлеп көрдіңіз?
— Шынымды айтсам, ондай жағдай болған жоқ.

— Өзіңізден басқа такси жүргізушілерімен қарым-қатынасыңыз қалай?
Осы жерде отыз таксист тұрамыз. Олар мені өз балаларымдай сыйлайды. Сонау отыз жылдан бері бірге такси жүргізіп келе жатқан адамдардан қазір төрт-бесеуміз ғана қалдық.

— Көлігіңіз бұзылып қалған жағдайда өзіңіз жөндей аласыз ба, әлде басқаның көмегіне жүгінесіз бе?
-Отыз жыл ішінде өз бетіммен бір-ақ рет дөңгелек ауыстырдым. Ол кезде әйелдерді зират басына алып бара жатыр едім, дөңгелек жарылып қалды. Арамызда еркек кіндікті болмағасын, амалсыздан дөңгелекті өзім ауыстырдым. Ал басқа уақыттарда домкратты алып, жерге қойып үлгермейінше, әрлі-берлі өткен жолаушылар тоқтап, машина дөңгелегін ауыстырып береді.

Көлігіңіз алғаш рет бұзылған кезде қандай әрекет жасадыңыз?
— Мен көлігімді қалай болса, солай, тасыр-тұсыр жүргізбеймін. Әлдебір жері дұрыс болмай тұрғанын аңғарсам, бірден жөндетемін. Отыз жыл ішінде далада қалып қою немесе басқа машинамен соқтығысып қалу деген болған емес. Көлікке қатысты кім, қандай сұрақ қойса да мүдірмей жауап бере алам.

— Дегенмен осы уақытқа дейін есіңізде қалған ерекше оқиға бар шығар?
— Аягөздің оңтүстігіндегі қалашыққа өту үшін темір жол үстінен өту керекпіз. Қайсыбір жылы сол темір жол рельстерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, көздеген жерімізге жету үшін құм үстімен жүріп өтуімізге тура келді. Қарасам, бір емес жеті жеңіл көлік пен бір автобус құмға батып қалыпты. Мен ол жерден өтуге жүрексініп отыр едім, қасымда отырған ұлдар «Апай, батып қалсаңыз машинаны итерісіп жібереміз» деді. Тәуекел етіп, жүріп кетіп едім, құмға батпай-ақ, аман-есен арғы бетке өтіп кеттік. Қайтарда тағы да сол жерге келдім. Бір Аллаға сыйынып, әлгі жерден тағы да аман-есен, құмға батпай өтіп кеттім.

— Аузыңызға Алланы көп алады екенсіз. Дін жолына бет бұрған адамдар қатарынансыз ба?
— Құдайға құлшылық етіп, бес уақыт намазымды қаза қылмай оқып келе жатқаныма талай жылдың жүзі болды. Басқалар үшін демалыс күндері сенбі, жексенбі болса, мен үшін демалыс күні — жұма. Жұма күні мешітке барып, Алланың берген күш-қуаты, ниғметтері үшін шүкірлік айтып, құлшылық етемін.

— Алыс жолға шығып көрдіңіз бе?
— Семей, Талдықорған, Тараз, Шымкентке қалаларына жүргізуші болып барып қайтқан кездерім болды.

— Жол бойында кездесетін бағыттас көліктермен жарысып көрдіңіз бе?
Жарысып көрген емеспін. Ең жылдам жүргенде спидометр көрсеткішін 120-дан асырмаймын. Алыс жолға шыққанда міндетті түрде қауіпсіздік белбеуін тағамын.

— Жетпістің жетегіне жетіп қалыпсыз. Әлі де такси жүргізушісі бола бермексіз бе, әлде басқа жоспарларыңыз бар ма?
— Құдай қуат берсе, такси жүргізе берем. Мұның бәрі ақшаға мұқтаждықтан жасалып жатқан әрекет емес. Аллаға шүкір, бала-шағам өмірден өз орындарын тапты. Өзім жаратылысымнан әрекет адамымын. Бір орнымда отыра алмаймын.

— Көңіліңіз таза, жүзіңіз жарқын жан екенсіз. айтар тілегіңіз бар ма?
— Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жер бетіндегі жолдан адассақ та, өмір жолынан адаспайық!

Ерінбей еңбек ете білген апамызға ұзақ ғұмыр тілейміз!
Бөлісу:

22 пікір

sigma
Өте томпақтау шындыққа жанаспайды, апай таксист емес болар. Мен Мекен деген апайды білемін өмір бойы газ-53 жүргізген кісі, кейін колхоз тарағанда таксиші болды. Енді ол апай мотор жинай береді. Сәбеттің шөпірлерінің бәрі механик, ал бір рет дөңгелек ауыстыру деген күлкілі.
ademi_alem
Апа машинаның қыр-сырын түсінбеймін деген жоқ, бұзылған жағдайда жолда кетіп бара жатқан көлік жүргізушілері тоқтап, көмектесіп кетеді дейді. Яғни, өз бетімен жөндеуге қажеттілік тумаған.
sigma
Отыз жылда бір рет дөңгелек ауыстыру деген…
ademi_alem
Иә, сену қиын, бірақ солай екен. Жолы болғыш апа болды ғой. )))
sigma
Әңгіме сенуде емес, мақаланы мықты қысқартып тастағансыз, не дұрыс сұхбат алмағансыз.
Қазіргі жасы 67 болса сонау 84жылдары 38дегі сақа келіншек неге автошколаға барды? Ол кезде жақсы болсын жаман болсын үкімет жұмыс беретін, жұмыссыз адам болмайтын.
Оған дейін не кәсіп қылды? Мамандығы не? Алғашқы машина жүргізген кездегі бастан кешкен қызықтары, алғашқы машинасы бұзылған кез. Дөңгелек ауыстырғаннан басқа. Немесе сол алғашқы домкрат ұстап, дөңгелек ауыстыруы. Содан кейінгі сезім. Апай еркек орындағы азамат болған, ері ерте кеткен болса керек. Алғашқы таксишілігі, қиындықтар. Алғашқы машинасын соғуы, қатты болмаса да, сырып алған болар.
Баларының көзқарасы, 3 ер баласы бар, ертелі кеш еңбекке араласты. Оларды осы такси болып жүріп оқыта алды ма? деген сияқтылармен толықтырсаңыз күшті болар еді
ademi_alem
мақаланы мықты қысқартып тастағансыз
Иә, тым қысқартып тастаған сияқтымын. Өшіріп, толық нұсқасын қайта жариялайын. Осындай көп сұрақ туындайды деп ойламаған екенмін… Жолдасы бар. Жолдасының өзі бір жазбаға арқау бола алады. )))))
sigma
90жж күнкөріс көзі болмағасын дегенге ері қайтыс болған болар деп ойлап отырмын ғой
ademi_alem
Жолдасы Құралбек Манабаев қала ішінде адамдардың дүкеннен сатып алған әр түрлі техника немесе құрылыс материалдарын үйіне апарып салады. Бірақ машинамен емес, ат арбамен. Аягөзде солай ат арбамен қызмет көрсететін он шақты адам бар екен. Оның такси, газельден айырмашылығы, қызмет көрсету бағасы арзан.
sigma
67 жасар Оразхан Манабаева апамыздың такси жүргізушісі болып жүргеніне отыз жылға жуық уақыт өтіпті.

— 1984 жылы Аягөздегі автомектепті «В» категориясы бойынша бітірдім. Жүргізу куәлігін алғаннан бері көлік жүргізіп келем. Ол кезде қазіргідей көліктің түр-түрі болған жоқ. «Жигули», «Запорожец», «Москвич», «Волга» және тағы да басқа шектеулі ғана түрі болды, — дейді Оразхан апа өткен-кеткен күндерін есіне алып.

— Не себепті басқа емес, көлік жүргізу жолын таңдадыңыз?
— Үкімет құлағаннан кейін зейнетақы бермеді. Көбіміз қайыршы кейпіне түстік. Жалғыз сиырымыз сүт берген күні нан бар, сүт бермеген күні нансыз қалдық. Сол кезде қызым «Үйдегі «Запорожецпен» жүріп көрсеңізші» деп айтты. Ең басында ыңғайсыздансам да, арада шамамен он күн өткеннен кейін такси жүргізушісі болуға етім үйрене бастады. Қызым «Машина жүргізуді таста!» десе де тастай алмайтын жағдайға жеттім.

Ал енді қарап көрші қай сөзіне сенеміз? 84те автомектепті не үшін оқыды екен? Үкімет құлағанша (84-91жж) не машина айдады екен, қайда жұмыс істеді екен? Егер кәсібі шөпірлік болса неге В категория? Ол кезде жұмыстың бәрі үлкен машиналарда еді. Үкімет құлағанша запор, копейка, шоха мінсе (неше түрлі түсті шоханы есептемегенде) не жоқшылық көріп жүргені? Цүналмай отырм.
ademi_alem
Бұл жазбаны мейлінше қысқартып жазып едім, сол себепті кейбір тұстары түсініксіз болып отырған болу керек. Үкімет құлағанша сыра сатқан. Міне, толығырақ:
Шаруашылық меңгерушісі маған «Запорожец» көлігін берді. Елдер жаяу келгенше, мен машинамен екі бөшке сыра сатып, жоспарды жақсы орындап жүрдім. Өкімет құлаған жылдан бері таксист болдым.
sigma
Әйел затының автокөлікке құмарлығы неден басталды екен (сәбет кезінде, машина жүргізу ер азаматтың жұмысы еді) осыны да ашып, жазсаңыз. толықтырып дегендей
ademi_alem
Толықтырдым. Автокөлікке құмарлығы болған жоқ, жұмыс орны (сыра сатып жүрген) жұмысшыларға көлік жүргізуді үйренуді міндеттеген көрінеді.
Adiletshu
Нұр кз-дан оқығанмын
ademi_alem
Нур кз сайты yk-news.kzсайтынан алған. yk-news.kz Өскеменде шығарылатын «Мой город» газетінің сайты. Бұл мақаланы «Мой город» газетінің тілшілері «Менің өлкем» газетінен аударған. ))
Kipshakkyzy
Сұхбаттағы әңгімені оқып отырып сурет еш байланыстыра алмай қойдым. ))) Құдай қуат берсін апамызға!
meirzhan
Осы кісі туралы бұрын сан рет естігем. Бірақ аты-жөнін білмеппін. Сұхбатқа рахмет.
barys
Шанхайдан Бәтерекке дейін қанша?