Мың бір түн....(Бекбаудың нұсқасында) (Жалғасы....#3)

Қалмапты босамаған ханда буын,
Падиша қайдан білсін қыздың қуын.
Жылайсың не себептен жан жан деп,
Сұрайды сонда қойып хан ашуын.

Сонда қыз:
Хан тақсыр, жарлығы қыз басымызда,
Рақым қыл көзден аққан жасымызға,
Бар еді бірге туған жалғыз сіңілім,
Алдыртсақ соны бүгін қасымызға.

 <a name="cut"></a> Хан сонда: біреу хабар берсін, дейді,
Тез барып мұнда алып келсін дейді.
Жүзінде мына жарық дүниенің, 
Бір-бірін дидарласып көрсін, деді.
Жүгіріп бір жасауыл барып келді,
Барды да Дүниезаданы алып келді.
Туысқан Шәһәризадасындай ол әпкесінің,
Дүниезада амандықпен келіп көрді.
Хан жатыр екен  көзін ашып-жұмып,
Ойға алған ісі бітіп, көңілі тынып.
әкпетай бір әңгімеңнен айтып кетші,
Жүрейін мен артыңда үлгі қылып.

Сонда,
-Сен сіңлім, әпкем бар, деп, келдің маған,
Жоқ еді менен басқа жоқ, іні-ағаң.
Хан тақсыр рұхсат беріп сөйле десе,
Берер ем бір хисса сөз айтып саған.

Патша:
Келген соң болдың  мейман үйге, деді,
Түсесің ертең қандай күйге, деді.
Дүниезада қапа болып, налымасын,
Рұхсат, сөзің болса, сөйле, деді.

Көтеріп сонда қызда алады басын,
Артына бұрап тастап өрген шашын.
-Айтайын, ықыласыңмен, сіңлім тыңда,
Бір байдың жынмен болған оқиғасын.
Әлқисса: сонда Шәһәризаданың бірінші түндегі айтқан хиқаясы.
Жалғанда дене жанның қорғаны екен,
Баяндап дүние кімге тұрған екен.
Заманның бұрыңғы өткен бір кезінде,
Дәулетті бір бай адам болған екен.

Мал басқа толық екен жұрттан асқан,
Сарып қып, дүниесін судай шашқан.
Әртүрлі сарай салған бір шаһарға,
Көп қымбат маржан, інжу, асыл тастан.

Әркімге қарыз несие береді екен,
Талай жаннан артық пайда көреді екен.
Айтылған уәдесі біткен шақта,
Өзі барып жиып ап келеді екен.
Қоржын менен сандыққа азық салып,
Дүние іздеп жүреді екен ашып-арып.
Түбіне бір ағаштың барып түсіп,
Қоржыннан тамақ жеді, демін алып.

Нанға қосып құрманың сыртын жеді,
Сүйегін лақтырып тастай берді.
Қолына отты күрзі, өзі жалын,
Бір дию айбатпенен жетіп келді.

Дию кеп, нағра тартты, айқай салып,
-Сені мен өлтірем! деп, қаһарланып.
Тұр еді менің балам қарсы алдыңда,
Өлтірдің сол баланың басын жарып.

Баламыз ақиқатта содан өлді,
Өлтірмей қоя берем мен сені енді.
Қанекей, бір өлімді таңда деді,
Өлімге саған кезек келді деді.

Бай айтты, бұл араға жаңа келдім,
Балаң қайда, өзіңді жаңа көрдім.
Шайтанды да, жынды да көргенім жоқ,
Ырас айт, мен балаңды қайда өлтірдім.

Дию айтты: құрма жедің алдыңа алып,
Сүйегін лақтырдың қатуланып.
Тұр еді менің балам ұарсы алдыңда,
Өлтірдің сол баланың  басын жарып.

Бай:
-Сөз емес, бұл айтқаның адам нанар,
Қайдан менің алдыма болған даяр.
Бір құрманың дәніне өлген балаң,
Тірі боп жүргенмен неге жарар.

Дию:
Көбейтпе, құры қалжың, ойыныңды,
Тастаймын бұрап алып мойыныңды.
Қағанақ бас, ши борбай, қыл кеңірдек,
Көтерсін қайтіп сенің сойылыңды.
Сонда бай қайран болып , қалды тұрып,
Ойлады не ше түрлі, қиял қылып.
Бір жылға мәулет сұрап көрейін деп,
Өтініп сөз айтады, қол қусырып.

Бай: Бар еді, алты аласым, бес бересім,
Бойыма әдет болған бұл бір кесім.
Аласым, мен бересім бітірер ем,
Бір жылға мәулет берсін берекесін.
 
Дию:
Жіберді, барып кел деп, уәдеңмен,
Табыл, деп, бір жылдан соң осы жерде.
Саудагер елге барып, бір айланып,
Біткен соң уәдесі қайтып келді.
Отырды сол ағаштың түбіне кеп,
-Қай кезде дию, малғүн келеді, деп.
Қолына жетелеген киігі бар,
Бір шайхы кезі келді, жасаған көп.
Көңілі мұны көріп тоқырады,
Қасына бұ да келіп отырады.
-Мекенін жын-шайтанның өтеп қылып,
Не қылып отырсын, деп жөн сұрады.
Әл жайын бұлар айтты, бастан-аяқ,
Айырылған ел-жұртынан біз бір саяқ.
Бұл дағы серік болып тұра берді,
Бейшара саудагерді жаман аяп.
Амалын бұл жұмыстың қандай табар,
Бейшара саудагерді жаман аяр.
Қолында жетелеген бұғысы бар,
Шал келді онан кейін бір ақсақал.

Бұлардан шал ахуал бұ да сұрап, 
Сөйледі одан бұдан басын құрап.
-Бір амал бұл диюге табайық, деп,
Барлығы отырады осыны ұнап.
Отырды бұлар сөйтіп басын қосып,
-Келер, деп, Дию қашан? Жолын тосты.
Құ»ындай жердің шаңын бұрқыратып,
Дәу келді елдей көшіп, құстай ұшып.

Ақырып келе жатқан Диюді көріп,
Орынынан бұлар тұрды тәжім юеріп.
Бейшара саудагерді көргеннен соң,
Болыпты өлтірмекші ашу еніп.

.........................................................

Бәрі де отырғанның сасып қалды,
Қасына жиналыпты, жетіп барды.
Әуелгі киігі бар шайқы тұрып,
-Тоқта, деп, дию мәлгүнді, сөзге салды.

Бұл ма екен, жын патшасы, сенің жайың,
Тыңдасаң құлақ салып, мен айтайын.
Қанының үштен бірін кешер ме едің,
Сөзімді жақсы көріп, қылсаң тойым.

Дию: Мақұл-ақ, сөйле маған сөзің болса,
Көңліме, сенің айтқан сөзің қонса.
Жөніңмен қалауыңды мен қылайын,
Мүбада, айтқаныңа көңілім толса.

Шайқы айтты: 
-Қатын, деп, мына киік әуел баста,
Қосылған некеменен маған жаста.
Сенімді, жақсы көрер әйелім бұл,
............................................................

Біз болдық ерлі-зайып отыз жылдай,
Зар болдық бір сүйерлік бала болмай.
Сонша  жыл ерлі-зайып өмір сүрдік,
Айтайын бұл сөзімді ұзын қылмай.

Соншама жыл мұныменен  сөйтіп қалдым,
Жоқ іздеп, әурелікпен бір күң алдым.
Келе сап ол бейшара, бір ұл туды,
Ілтипат назарымды соған салдым.

Он беске, ол баланың жетті жасы,
Дүниеден не көрмейді адам басы.
..............................................................
Бір ұзақ жолға кеттім, сауда қылып,
Қатын-балақамы үшін, сөз ырғасы,

Көп күндер тыста жүріп, үйге келдім,
Тоқалым мен балам жоқ, мұны көрдім.
-Қайда, деп сұрап едім, -өлді деді,
-Болған, деп ақ қазасы, бұған сендім.

Мен кеткен соң бұл қатын күйге еніпті,
Суық қол арамдықпен үйге еніпті.
Сиқыршы жәдігөймен үйір болып,
Машық қып сиқыр ілімін үйреніпті.

Әр нәрсе пейнеттіге кез келіпті,
Жұмысты бұл секілді кім көріпті.
Күңді сиыр, баласын бұзау етіп,
Екеуін сүйтіп бұзып жіберіпті.

Ойлаушы ем, осы жайда нағып жүр, деп,
Бұл жұмыс нағып бұған жағып жүр деп.
Екеуін падишаға тапсырыпты,
Жоғалтпай, жақсы қарап бағып жүр деп.

Жын өтіп еді, құрбан уақыты келді,
Қылайын мен де құрбан, дедім енді.
Бұйырған қатынымның тіліменен,
Падашым бір сиырды алып келді.

Қыла ма мүндай жұмыс, деп мұсылман,
Мұндайды көрген бар ма қылғанды еш жан.
Күң екен сиқырлықпен сиыр болған,
Алдырған қатын бұйырып, өзі тұсынан,
Пышақты өткір қылып қайрап алып,
Балта, шотты даяр қып сайлап алып.
Құрбандық өз қолыммен соймақ болдым,
Сиырдың аяқ-қолын байлап алып.

Өкірді сиыр сонда дауыс етіп,
Белсеніп соймақ болып,  бардым жетіп.
Тітіреп қолым бармай бауыздауға,
Бір түрлі рахым қылдым, есім кетіп.

Қайран боп сонда көзден жасым ақты,
Сиырдың да көз жасы ағып жатты.
Білмедім қайтерімді қайран болып,
Дауысы бейзабаның ұқсап қатты.

Мен қалдым қарап тұрып, қайран болып,
Падашым түрегелді, мені көріп,
Сиырды бас салды да соя берді,
 Пышақпен тамағынан бір-ақ ұрып.

Жануар жарамастай арық екен,
Қайғымен жүдеп жүрген ғаріп екен.
Бір сиыр семізіреку әкел, дедім,
Құрбанға семіз сиыр дәрі ме екен.

Білмеймін, не бар, не жоқ мен сиырдан,
Қатыным, бұзауды ап кел, деп бұйырған.
Келе сап ол жануар жылай берді,
Түскеннен маған көзі бір қиырдан.

Бас жібін бұзау жұлқып кетті үзіп,
Жығылды алдыма кеп  баспен сүзіп.
-Қой, мұны енді сойып болмас дедім,
Кетсек те тіпті малдан күдер үзіп.

-Қой мұны, ап кел бұдан басқа малды, дедім,
Ай мүйіз аша тұяқ, қасқа, дедім.
Мен мұндай малды сірә көргенім жоқ,
Осынша келген міне жасқа, дедім.

Хиқая осы жерге келіп жетті,
Кеткенін білмей қапты ол түн өтіп.
Қыздың да ақша жүзі көрінгендей,
Күн шықты, жердің жүзін раушан етіп.

Таң атып, сөз аяғы болды шала,
Сіңлісі жалыныпты, айт деп, жана.
Хан тақсыр рұқсат беріп, сөйле десе,
Аяғын айтар едім бұдан сара.

Хан айтты, өлтірмеймін енді сені,
Тынғанша осы айтылған, сөздің кейпі.
Ақырын бұл сөзіңнің тамам қылғын,
Өлтірсем, бір Алланың, көп-дүр күні.

Таң атса патша барып таққа мінді,
Кеш ьолса қыз қасына қайтып келді.
Тамамдап ас-ауқатын жегеннен соң,
Қызға айтты, аяқтатшы түндегіңді .
Әлқисса: сонда Шәһәризаданың екі түнде айтқан хиқаясы:
Тақсыр-ау, көп қызық сөз,  мұның өзі, 
Дәуге айтқан киігі бар шалдың сөзі.
Бұзауды көзім қиып соя алмадым,
Тұрған соң жасқа толып екуі көзі.

Ол күні сойылмастан кешке жетті,
Сонымен о деп, бұ деп, ол күн өтті.
Үйіне падашының байлатып ек,
Ертемен, сүйінші деп, біреу кепті.

Сонда шал, таң қалдым , ерте келген мен өзіңе,
Көрінді бүгін сенің не көзіңе?
Айта бер сүйіншіңді аларсың да,
Қөіәләм қуанады не сөзіңе.

Падашы:
-Мен айтсам, үйде ержеткен бар-ды, қызым,
 Үйренген неше түрлі ілім нүжім*.
Жетелеп бұзауды үйге апарғанда,
Үйірді теріс қарап қызым жүзін.

Мен бұл сөзін қызымның, шын, деп білдім,
Бұзаудың жылағанын көзбен көрдім.
Көзіңмен сізде барып көріңіз деп,
Асығып қуанғаннан сізге келдім.

Деген соң падашымен бардым еріп,
Қыз тұрды әдеппенен сәлем беріп.
Жоғары мені төргеи отырғызып,
Жылады бұзау өкіріп, мені көріп.

Қыз айтты:  Нанасыз ба маған өзің,
Жалған ба бұл айтылған саған сөзім.
Жанар ең осы арада адам қылсам, 
Ақиқат қарсы алдыңда көрсін көзің.

Сонда шал:
Жазып берші, баламды шырағым, деп,
Көп қуандым, есітіп құрағым, деп.
Адам ғып бұл баланы жазып берсен,
Шырағым айтқаныңды қыламын, деп.

Қатыннан әбден кештім, жүзі құрысын,
Не қылсаң өзің білесің бұяғын, деп.
Көзінің жасын төгіп, баласының,
Тәрізіне қарап-қарап, жылады көп.

Сол уақытта қыздың көңілі судай тасып,
Дуа оқыды бір кітап жүзін ашып.
Бір кесе суға дем сап, сүп деді де,
Жіберді сол бұзауға суды шашып.

Сілкініп сонда бұзау, адам болды,
Өзімнің бұрынғыдай балам болды.
Көрісіп құшақтасып көп жылады,
Осындай түрлі-түрлі заман болды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше