Сегізсері Кюнаннан. "Бақытсыз Камал"
Менмұндалап тұрған “Петрәнасс Тауэрдің” 85-інші қабатынан “мен мұнда-а-а-а-а!” деп бақырып тұрған Карина Әбсаттардың қылығы, табиғатынан ибалы куалалумпурлықтарға оғаш көрінгенмен, сол ғимаратқа асығып келе жатқан Камал Стейнуейнге әбден түсінікті жәйт болатын. «Бейшара қыз қауышамыз деп қуанып тұр. Әттең...».
Камал Стейнуейн Каринамен алғаш кездескенін есіне түсірді. Арық та имек қыз «Казакистан Металл, стилл, ойл, энд э азэ минерал энд э нейтші ресуорсес Инк» компаниясындағы қаптаған қыздардың арасына келіп қосылғанда, тобыр арасында көрінбей қалған. Оның тұлғасын, сұлулығымен әлдеқашан «RAV4» мінівалған қыздар үнемі тұмшалап тұратын. Тіпті, «сұлулықтың мәнісін күнде көріп жүру үшін, арасында бір құбыжық жүргені дұрыс» деген HR-менеджер О’Делл Қадырға. Бірақ араласа келе, оның бойында бір өзек барын байқай бастады. Оның үстіне Каринаның — әлі де боянып-таранып, сұлулығын паш етпеген көрерге көз керек әдемі қыз екеніне барлық мүшесі, ең алдымен – көзі жетті.
Қарым-қатынастары өте тез, қалыптыдан оғаш дейтіндей жылдам дамыды. Тура санаса – төрт-ақ күнде төсекке атып ұрған екен. Бірақ Каринаны алынған кезекті қамал деуге әлі ерте еді. Оның: «Камал, мен бұл компанияға – сен үшін жұмысқа тұрғам; өзіңді – «Астана Миниң Метталурджи Форум – 2011-де» көргеннен құлай сүйдім» дегені әрі елжіретті, әрі, расы керек – табиғатынан менмендеу Камалдың «меніне» майдай жақты.
Сылдырап аққан судай екі ғашық оқиғасына бұл кезде бұлт та үйіріліп келе жатқан болатын. Корпоративтік егеуқұйрықтар екеудің әмпей-жәмпейін болашақ қайнатасына жеткізіп те үлгеріпТ. Шал сазарып-бозарып сәлем алмауды шығарды. Аралары салқындай бастады. Салқындап-салқындап, ақыры – 25 градус аязға түскен кезде, бетпе-бе әңгіменің кезегі де келді. Қағілез шал нақты да тура шарттар қойып, тіпті қағазға жазып та берді. «1. Анау шүйкебаспен қатынасты дереу доғар. 2. Оны жұмыстан шығар. 3. Алматыдағы өкілдікке қайтып, қызымды алып, сонда тұратын боласың. 4. Үш шартты орындаған күні директорлар кеңесіне кіресің. Немере сыйласаң, менің орнымның пұшпағы да жылтырап көрініп қалар...». «Фирмалық бланкіге жазбағаныңа шүкір алжыған шал, — деген ол сонда тістеніп, — тіпті пункттерге бөліп жазғанын қарасайш!».
Қызығы сол: Карина тіпті аздап күдікті деуге келетіндей түсіністік танытты. «Мені өтірік жұмыстан шығарған бол. Сонымен осырақтың екі пункті тәмам — деген сыңғырлай күліп,- ал 3 пен 4 – бәрібір өз қолыңда».
Егеуқұйрықтарға көз қылып, Каринаны жұмыстан қуып шыққаны мұң екен: шалдың да әжімдері жазылып, сәлемі түзеле бастады. «Енді Алматыға қайтып, анау маймыл қызын алып, ішін үріп қойсам, шал ешқайда кетпес. Ал Карина… Көңіліне алып қалады-ау бәрібір… Аузы мені қимастан рұқсат бергенімен, көңіліне қаяу түседі-ау… Бас қатты-ау әбден… Карина… Карина...».
Ой жетегінде келе жатқанда, «Петрәнасстың» мұнарасы үстіне төніп те қалыпты. Жоғарыға қарап, Карина тұрған терезенің ашық тұрғанын, ал өзінің жоқ екенін байқады. «Есік алдына кетті-ау, мойныма асыла кету үшін. Сұмдық қыз, не керек!».
Карина тұрған офисті білмек болып, ресепшнге жақындап, әлдебір қытайшатыс кісінің де: «Уат? Ши… амсорри – хи нейм из Кэрине? О, май көт!» деп жатқанын естіді. Сосын лифтіге мұнымен жарыса кірді. Шамамен 30 қабатқа дейін үнсіз келген қытайшатысқа бір кезде тіл бітіп, өзінен өзі:
— Құдай берейін десе – терезеден де бере салад деген рас екен, рас болғанда бар ғой – осынша, тура мағынасында рас болып шыққанын айтам-ау! – деп күбірледі қисық ағылшыншасымен.
— Мәссаған, тап сондай мәтел қаззақта да бар! Сонымен, неге бере салады екен құдай?– деді Камал күліп.
— Неге, неге: шпал мен шеге! Кешіріңіз, бала кездегі қылжағымыз еді. Неге болсын: осыдан бірер жыл бұрын біреу Бангкокта 300 мың долларға лақтырып кеткен. Ол ақшамен қош айтысып, кетсе кетті енді деп, тіпті ұмыта бастағам. Енді қызық: бүгін сол поциентім Малайзияның қақ ортасында терезеден айқайлап тұр! Жазбай таныдым! Ох ептібайымайд, қазір үстемесімен қайтарып бермесе – тігем нақ! Кері қарай тігем! Тоңазытқышта салбырап ілініп, солайымен сақталуы тұр…
— Түсінбедім… Кімді… Нені тігесіз??? – деді.
— Нені болсын? Мүшесін кері қарай тігем дейм! Анестезиясыз! Айтпақшы, бос тұрғанша, танысып қояйық: жыныс хирургі Болояң! – деді қытайшатыс визиткасын ұсынып…
...55 қабаттан түсіп қалған Камал Стейнуейн секіруге көп ойланған жоқ. Еш үрейсіз төменге қарап тұрды да, секіре салды. Анадай жерде Ақнұр Бектеміс кетіп бара жатты…
27 пікір