Баланың бірінші "темір тұлпары"

Сенің бала кезіңде велосипедің болмаса, қазір сен тіпті Бентли мініп жүрсең де, бала кезіңде велосипедің болмаған!

Велосипедті армандамайтын бала жоқ шығар. Ал бала арманын орындау кез келген ата-анаға міндет, тіпті, қазіргі заман талабымен, парыз деуге де болады.

Балаға велосипед әпермеуге себеп те, сылтау да көп.

Ана мен бала: Баланың бірінші темір тұлпары
Біріншіден, қаржы тапшылығы. Әрине, арзанын әперуге болады, алайда, ол арзан дегеннің өзі кем дегенде он мың тұрады. Қолданыста болған велосипед әперуге болады, әрине, балаңыз оны мінуге келіссе.

Екіншіден, ол великті қоятын орын жоқ. Не болмаса, төртінші, не бесінші қабаттан түсіріп, қайта көтеріп шығару қиын.

Егер осы екі себеп сізге сылтау бола алмаса, яғни балаға велосипед сатып әперуді бар жағдайыңыз көтеретін болса, онда үшінші себеп шығады, менікіндей. Қорқыныш.

Баланы велосипед мінгізіп көшеге жалғыз жіберуге деген қорқыныш. Әрине, біздің бала кезімізбен салыстырғанда, қазіргі жол қозғалысы қиындап кетті. Әсіресе, көшедегі кептелістен қашып, үйлердің ауласымен ағызатын «шумахерлерді» көргенде балаңды тіпті далаға шығарғың келмей қалады.

Ал егер, «бір Аллаға тапсырдым, есті бала ғой, байқап жүреді» деген шешімге келсеңіз, іске сәт, велосипед таңдауға кірісе берсеңіз болады.

Велосипедті қалай таңдап алу керек? Ең басты өлшем — баланың жасы мен бойы. Үлкендерге арналған велосипед алғанда оны қай жерде айдайтыныңыз маңызды болса, бұл ретте көлік баланың бойына лайық болғаны маңызды.

Балаларға және жасөспірімдерге арналған велосипедтер былай бөлінеді:
  • 1.5-3 жасар балаларға (бойы 98 см дейін) — дөңгелегінің диаметрі 12 дюйм
  • 3-5 жасар балаларға (бойы 115 см дейін) — дөңгелегінің диаметрі16 дюйм
  • 5-9 жасар балаларға (бойы 130 см дейін) — дөңгелегінің диаметрі 20 дюйм
  • Бойы 130 см асатын балаларға және жасөспірімдерге арналған велосипедтер (дөңгелегінің диаметрі 24 дюйм).
  • Баланың бойы 135 сантиметрден асса — дөңгелегінің диаметрі 26 дюйм болатын, 14 дюймдық рамасы бар ересек велосипед ала беруге болады.

Велосипед баланың дәл қазіргі бойы мен дене тұрқына лайық болуы және қажетінше өзгертілу мүмкіндігі болуы тиіс. Баланың екі жылдан кейінгі бойына есептеп велосипед алу — орынсыз, балаға зиян болуы мүмкін.

  1. Велосипедтің биіктігі балаға дәл екендігін тексеру үшін, велосипедті баланың аяғының арасына қойып тік тұрғызамыз. Баланың ауы мен велосипед рамасының арасында 5-10 см бос орын қалуы тиіс. Бұл қажет болғанда бала велосипедтен секіріп кете алуы үшін қажет.
  2. Велосипедтің отырғышы мен рулінің биіктігі өзгертілу мүмкіндігі болуын қадағалаңыз. Велосипед тепкен кезде баланың аяғы толық созылған қалпында ең төменгі нүктедегі педальға еркін жетіп тұруы тиіс. Оған жетпесе, отырғышты сәл төмен түсіріңіз. Және, сәйкесінше, керісінше.
  3. Бала велосипедте еңкейіп отырғанын байқасаңыз, рулін сәл жоғары көретіңіз. Ал велосипед тепкен кезде баланың тізесі рульге тиетін болса, оның қисаю бұрышын өзгертуге болады.
  4. Балаларға арналған велосипедтің рулінде оны өз осінен айналдырмай ұстап тұратын шектеуші болуы тиіс. Ондай шектеуші болмаған жағдайда, шұғыл бұрылыста руль баланың өзіне тиіп кетуі немесе баланың аяғы рама мен рульдің арасында қысылып қалуы мүмкін.
  5. Балаларға арналған велосипедтің шынжыры толық жабық болуы тиіс. Шалбардың балағы шынжырға тиіп кетсе не болатынын білеміз ғой.
  6. Жеті жасқа дейінгі балаларға арналған велосипедтер міндетті түрде аяқ тежегішімен жабдықталған болуы тиіс. Ол педальды артқа қарай айналдырғанда іске қосылады. Кішкентай балаларға арналған велосипедтерде тұтқадан басқарылатын тежегіш болғаны дұрыс емес, өйткені, аяқ астынан тоқтау керек болса, бала қорқып қалып, оны басуға қолының күші жетпей қалуы мүмкін.
  7. Балаларға арналған велосипед ықшам да жеңіл болуы тиіс. Қазіргі кездегі велосипедтердің рамасы көбінесе болаттан немесе алюминийден жасалады, сәйкесінше, екіншісінің салмағы да жеңілірек. Алайда, велосипедтің салмағына оның дөңгелегі, және басқа да қосалқы тетіктері әсер етеді.
  8. Екі дөңгелекті велосипедті айдай алмайтын балаға қосымша кішкентай дөңгелектері барын алу керек, және оларды қажет болмай қалған кезде алып тастау мүмкіндігін тексеру керек. Ол дөңгелектердің жер бетінен биіктігінің де маңызы зор. Кей ата-аналар бала велосипед айдауды тез үйренсін деп, оларды тым биіктетіп қояды. Бұл, керісінше, зиян. Өйткені, ол екі дөңгелектің біреуі бәрібір жерге тиіп тұрады, сондықтан бала тепе-теңдік ұстауды үйрене алмайды және бір жағына қарай қисайып айдауды әдет қылып алады.
  9. Велосипедті кез келген жерден алуға болады: базардан, арнайы спорт дүкендерінен, интернет дүкендерінен. Биыл екі велосипед сатып алған тәжірибемде интернет дүкендерінің бағасы базар бағасынан аса қымбат емес екенін байқадым.
  10. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Міндетті түрде басына дулыға кигізіңіз.
Бөлісу:

24 пікір

GALEKE
Біліп жүретін болдық
Nur
Жақында жиеніме алып бердім, жаңа базардан 16 мыңға. Үйге кіргізгенсін қырылысып жүріп біреуге жуғызады велигін, сосын кухня мен залдың ортасында заулап жүр))). Ұрысқанды тыңдамайды, ұруға қол көтерілмейді.
Ispek92
плұс, осыншама еңбек текке кетпесін
saken
сауатты сараптама!
toha9566
бұрын папамның маған беласипед алып бергені есіме түсіп кетті
Anar70
шіркін-ай десеңші, қазіргі балалар бақытты ғой,өзімізде ондай бақыт болған жоқ, әйтеуір көрші баланың велосипедінің қызығын көрдік)))
Aya
Сенің бала кезіңде велосипедің болмаса, қазір сен тіпті Бентли мініп жүрсең де, бала кезіңде велосипедің болмаған!
кім айтқан? келістіріп айтқан екен
neoaskar
баланың велосипеді шынайы ғой, шын ниетімен жақсы көреді, ешқандай атаққа, шатаққа мақтанып мінбейді, тек өзінің бала көңілін көтеру үшін мінеді, ал вентли мақтаныш қой тек
satibaldi
баланың велосипеді шынайы ғой
Міне Жалғас, Кастанеданы оқып-оқып қандай күйге жеткенін көре ғой өзің!
Соңғы түзету:
zholantai
Биыл екі велосипед сатып алған тәжірибемде интернет дүкендерінің бағасы базар бағасынан аса қымбат емес екенін байқадым
сонда интернет магазиндерде базармен салыстырғанда арзан ба?
dark_nazgul
арзан деуге келмес, бірдей-ақ)))
asaubota
мұндай мақалаларды неге шейірлемейміз халайық?
mercedes
Негізі аптаның үздіктерінің біріне осы пост лайықты еді
asaubota
жұма күні жазылғасын ба көп байқалмай қалған сияқты және Нәзөк жалпы онсыз да үздік болғасын аптаның үздіктеріне таласпайды да
dark_nazgul
негізі осындай жазбаларға бет бұрмақпын. «хаха-хихи» жазатын жастан өттім деп ойлаймын
zholantai
біржола бет бұрып кетпеңізЧі
zholantai
алғашқ великті 5 класстың жазында алып берді.рулі нақ суреттегідей тіке болатын, бойыма шақ келмейд, бүктетіліп жүремін. содан омыртқаңа зиян деп, сатып жіберд. сосын, «Урал» алды, жап-жаңа болатын. қызығушылық қалмаған великке деегн, тек көлік ретінде ғана пайдаланылатын. соның өзінде жай кайф үшін мінетіндер бар еді. түсінбейтінмін, әліге дейін түсінбейм, не азап десейші деп те ойлап қоям. қазір бұ великпен тиын табу таралып кетті ғо. сағатына деп беред. жалға алып, айдап жүред. не азап, әкесс. ауылдың борпылдақ топырақ жолында із қалдырып, не тізеден аспайтын көлшік суды ызғыта жүріп айдамаған соң қызық шығар, иә. жалға алып айдайтындарды түсінбейм, лібә
dark_nazgul
маған ұнайды))) істерім бір жайлы болып, қолым босаса, кешкісін прокатқа алып, баламмен бірге көше аралаймын)))