Чарли Чаплин: «Мен періште болған емеспін, бірақ қашан да адам болып қалуға тырыстым...»

Ата – ананың баласына деген риясыз әрі шүбәсіз махаббатынан артық махаббат жоқ. Чарли Чаплин – 12 баланың әкесі. Ол 1965 жылы 76 жасында Париждегі жиырма бір жасар қызы Джеральдинаға хат жазған. Терең мағынаға толы хатты оқыған әрбір қыз ой түйіп, сабақ алуына болады.

Блог - ademi_alem: Чарли Чаплин: «Мен періште болған емеспін, бірақ қашан да адам болып қалуға тырыстым...»«Қызым менің!
Қазір түн ортасы. Үй ішіндегілердің бәрі қалың ұйқыда. Аға – әпкелерің, тіпті анаң да ұйықтап қалды. Сен менен сондай алыстасың! Бірақ сенің бейнең менің жұмыс үстелім мен жүрегімнің бір түкпірінде сақтаулы. Сенің бейнеңді көз алдыма елестете алмай қалған сәтте соқыр болып қалайын. Қазір сен Парижде, атақты Елисей алқабы театрындағы сахнада билеп жүрсің. Мен ол жерді жақсы білем, сондықтан осындай мүлгіген түнгі тыныштықта сенің әрлі-берлі жүрген аяғыңның дыбысын естіп, аспандағы жарық жұлдыздай жарқыраған көздеріңді көре алам.

Мен сенің мерекелік спектакльде татар ханының тұтқынына түскен парсы сұлуының рөлін сомдап жатқаныңды елестетем. Әдемі бол, билей түс! Жұлдыз болып, жарқыра! Алайда, халықтың қошеметі мен алғысына мастанба! Егер саған сыйланған гүлдердің қош иісіне «басың айналса», менің хатымды оқы. Жүрегіңнің үніне құлақ ас. Мен сенің әкеңмін, Джеральдина! Мен – Чарли Чаплинмін. Кішкентай кезіңде кереует жанында отырып, саған ұйқыдағы ару туралы ертегі айтқанымды білесің бе?

Джеральдина, мен түсімде сенің арманыңды, болашағың мен бүгініңді көретінмін. Сахнада билеп жүрген қызды – аспанда қалықтап тұрған ақ періштені көрем. Құлағыма адамдардың: «Билеп жүрген анау қызды көрдіңдер ме? Ол атақты киноактердің қызы ғой. Естеріңде ме, оны Чарли деп атайтын» деген дауыстары естіледі. Иә, мен – Чарлимін! Мен атақты актермін! Ендігі кезек сенікі. Биле! Мен жыртық шалбармен билегенмін, ал сен жібек көйлекті ханшайым кейпінде билейсің! Би мен көрерменнің қуана қол соғуы сені көкке ұшыруы мүмкін. Ұш! Қалықта! Алайда, жерге түсуді де ұмытпа… Сен жер бетінде өмір сүріп жатқан әртүрлі адамдардың өмірін көру керексің. Суық пен аштықтан дірілдеген көше бишілерінің өміріне бір сәт болсын назар аударып қара. Себебі, мен де солар сияқты болғанмын, Джеральдина.

Менің айтқан ертегілерімді тыңдап жатып ұйықтап кететін сенің сүйкімді жүзіңе қарап отыратынмын. Жұдырықтай жүрегіңнің дүрсілін тыңдап отырып өз-өзімнен: «Чарли, мына «күшік» өскенде мені танитын бола ма?» деп сұрайтынмын. Алыста қалған сол түндерде саған көп ертегі айттым, бірақ өз ертегімді ешқашан айтқан емеспін. Шын мәнінде өзім туралы ертегі де қызық еді. Ол ертегі өзегіне нәр іздеген өнер адамының Лондон көшелерінде ән айтып, би билеп, қайыр сұрап күн көргені туралы болатын. Міне, менің ертегім осы! Мен аштықтың, баспанаң болмаудың не екенін жақсы білем. Мен өте тәкаппар болдым. Әрлі-берлі өткен адамдардың тастап кеткен тиындары менің сол тәкаппарлығымның күл-талқанын шығаратын. Соған қарамастан мен әлі тірімін, сондықтан бұдан былай ол туралы айтпай-ақ қояйық.

Одан да сен туралы сөйлесейікші. Джеральдина деген сенің атыңнан кейін Чаплин деген менің атым айтылады. Осы фамилияммен қырық жылдан астам уақыт жер бетіндегі адамдарға күлкі сыйладым. Бірақ сол адамдардың күлкілерімен салыстырғанда, мен көбірек жылаппын.

Джеральдина, сен өмір сүріп жатқан әлемде би мен музыка ғана бар деп ойлама! Түн ортасында үлкен залдан шыққанда өнеріңе бас иетін қалтасы қалың адамдарды ұмытып кетуің мүмкін, алайда өзіңді үйіңе апарып салатын көлік жүргізушісінен оның әйелі туралы сұрауды ұмытушы болма. Егер оның әйелінің аяғы ауыр болса, егер жарық дүние есігін енді ғана ашатын сәбилерінің жаялықтарын алатын ақшасы жоқ болса, оған қол ұшын созып, ақша бер. Ара-тұра метроға, автобусқа отыр. Жаяу жүріп, қаланы арала. Айналаңдағы адамдарға қара! Жетімдер мен жесірлерге көз қырыңды сал. Және күніне тым болмағанда бір рет «Мен де дәл солар сияқты адаммын» деген сөзді қайталап айт. Шынымен де, сен солардың бірі ғанасың, қызым! Өнер адамға қанат бітірмес бұрын, аспандап кетпесін деп аяғын сындырады. Егер күндердің бір күнінде өзіңді елден ерекпін деп ойласаң, сахнаны тастап кет. Таксиге отыр да Париж маңындағы алаңға бар. Мен ол жерді жақсы білем. Ол жерден сен дәл өзің сияқты, тіпті өзіңнен де әдемі, өзіңнен де ерекше, өзіңнен де тәкаппар бишілерді көресің. Сен өнер көрсетіп жүрген театрдағы айналаңды жарықтандыратын құрылғы ол жерде жоқ. Ол жерді аспандағы Ай ғана жарықтандырады…

Оларға анықтап қарап ал! Мүмкін олар сенен де жақсырақ билейтін шығар?! Мойындай біл, қызым! Қашан да сенен де артық билеп, сенен де артық ойнайтын адам табылатынын ұмытпа! Тағы бір нәрсені есіңнен шығарма: біздің отбасымызда ешқашан Сена (өзен атауы)бойында қайыр сұрап отырған бейбақтарға күле қарайтын дөрекі адам болған емес. Мен өлем, бірақ сен өмір сүретін боласың. Мен сенің таршылық көргеніңді қаламаймын. Сол себепті саған осы хатпен бірге қалағаныңша жұмсауың үшін чек кітапшамды жіберемін. Алайда, екі франкті жұмсағанда үшінші франк сенікі емес екендігін есіңнен шығарма. Ол ақшаға мұқтаж бейтаныс адамдікі болуға тиісті. Ал көмекке мұқтаж адамды сен оңай тауып аласың. Сенімен ақша туралы әңгіме өрбіткенімнің себебі, ақшаның күші қандай екенін мен жақсы білем.

Менің көп уақытым циркте өтті. Сол кезде арқан бойымен жүретіндер үшін қатты уайымдайтынмын. Саған арқан бойымен жүретіндерге қарағанда қара жерді басып жүрген адамдар жиі сүрініп, жиі құлайтынын айтқым келеді. Күндердің бір күнінде сенің көзіңді әлдекімнің сыйлаған мәрмәр тасы жаулап алуы мүмкін. Осы сәтте сол мәрмәр тас сен үшін қауіпті арқанға айналады және ол арқаннан құлап қалатының сөзсіз. Күндердің бір күнінде сырт бейнесі көркем әлдебір адамға ғашық болып қаласың. Дәл сол сәтте сен тәжірибесіз арқан үстімен жүрушіге айналасың, ал тәжірибесіз адамдар арқаннан жиі құлайды. Жүрегіңді алтын мен бағалы әшекей бұйымдарға сатпа. Әлемдегі ең бағалы, ең асыл мәрмәр тас – Күн. Бақытымызға орай, ол сәулесін жер бетіндегілердің бәріне шашады. Әлдекімді жақсы көріп қалатын кезің де келеді. Егер жақсы көрсең, ол адамды шын жүрегіңмен жақсы көр. Мен сенің анаңа саған осы туралы жаз деп айттым. Оның махаббат туралы түсінігі менің түсінігімнен кеңірек және оған бұл тақырыпта сенімен сөйлескен жеңілірек.

Сенің жұмысың ауыр, түсінем… Билеген сәтте сенің тәнің жібек матаның кішкене бөлігімен ғана жабулы болады. Өнер үшін сахнаға жалаңаш шығуға болады, алайда үйге киінген қалпыңда және жаның таза күйде қайтуың керек. Мен қартайдым, сол үшін менің айтқан сөздерім сен үшін күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ айтпауға тағы болмайды: меніңше, сенің жалаңаш тәніңе сенің жалаңаш жаныңды жақсы көретін адам ие болуы керек. Қазір бұл ойыммен келіспейтін де шығарсың. Ата-ана мен бала үнемі «жекпе-жекте» жүретінін білемін. Менімен, менің ойларыммен «соғыс», қызым! Мен жеке көзқарасы жоқ, көнгіш балаларды ұнатпаймын.

Алдымда жатқан параққа көздерімнен жас тамшылары ағып түспейінше, бүгінгі жаңа жыл түні – ғажайыптар түні екеніне сенгім келеді. Шынымен ғажайып болып, саған не айтқым келгендігін түсінгеніңді қалаймын. Чарли енді қартайды, Джеральдина. Ерте ме кеш пе, мені жер қойнына тапсыратын кезде сахнаға киетін ақ көйлектің орнына жерлеу рәсіміне арналған қара көйлек киіп келуіңе тура келеді. Қазір сенің көңіл-күйіңді түсіргім келмейді. Уақыт өте келе сен айнаға қараған сайын айнадағы өз бейнеңнен менің бейнемді көре бастайсың. Себебі, сенің тұла-бойыңда менің қаным ағып жатыр. Мен жер жастансам да, сенің әкеңді ұмытып кеткеніңді қаламаймын. Мен періште болған емеспін, бірақ қашан да адам болып қалуға тырыстым. Сен де сөйт…

Бетіңнен сүйдім, Джеральдина. Әкең – Чарли.
Желтоқсан. 1965 жыл
Бөлісу:

33 пікір

burkitshi
Сенің жұмысың ауыр, түсінем… Билеген сәтте сенің тәнің жібек матаның кішкене бөлігімен ғана жабулы болады. Өнер үшін сахнаға жалаңаш шығуға болады, алайда үйге киінген қалпыңда және жаның таза күйде қайтуың керек. Мен қартайдым, сол үшін менің айтқан сөздерім сен үшін күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ айтпауға тағы болмайды: меніңше, сенің жалаңаш тәніңе сенің жалаңаш жаныңды жақсы көретін адам ие болуы керек.
Ең керек жері осы екен
Korkem
Массагетте жарияланып қойылған екен)))
ademi_alem
мяяя және көріп отырмын. Сілтемесін көрсеткеніңіз үшін рахмет! Мұны мен жақында оқып, көңілімнен шыққан соң аударған едім. Сөйтсем аударылып қойыпты ғой. Мен оқыған нұсқада
«Чарли Чаплин, отец 12 детей, в 1965 году, будучи умудренным стариком 76 лет, написал письмо своей двадцатиоднолетней дочери Джеральдине, ищущей себя в танце на парижской сцене»
деп басталатын еді.Массагетте
Чарли Чаплин 1965 жылы өзінің 76 жасында бимен әуестеніп жүрген 12 жасар қызы Джеральдинаға хат жазады
деп аударылыпты.
Korkem
аса мән бере қоймаппын
ademi_alem
Мен салыстырып оқып отырмын. Қызық екен. )))
zholantai
мда, мәссаған аударма))))
Aya
осы сіз ештеңені қалт жібермейтін тым қырағысыз))
patick
ademi_alem
Сілтемеңіз үшін үлкен рахмет! Жұмысымды ысырып қойып, көруге кірісейін.
konvict
Ұнады. Керемет аударма. Бір деммен оқып шықтым.

Ойымыз бір жерден шықты десем, мақтанған болмаймын ба?)))
ademi_alem
Рахмет! Менің де көңілімнен шығып, аударған едім, сөйтсем бұрын аударылып қойыпты. Ештеңе етпес деп өзімді жұбатып қояйын. ))))))
Korkem
Мұндағы пікірлерді оқығаннан кейін, сілтеме қойғаным үшін ұялып қалдым ғой. Керектіктердің аударманы оқымағанын білмеппін, ал сіз дұрыс істедіңіз)) Бағалаймын!
Sashok
Негізі осындай өз күшімен, өнерімен жетістікке жеткен адамдар өте қарапайым болып келеді ғой, ненің не екенін біледі. Билл Гейтс, мисалы. Осындай қандай дәрежеге жетсе де бір грамм понты жоқ адамдарды уважаю. Бірақ қазекем атқа мінсе, туғанын танымай қалад.
ademi_alem
Иә, танымал емес кезде қалай қарапайым болды, танымал болғаннан кейін де сол қарапайымдылығын сақтап қала алатын адамдарды құрметтеймін.
bazuka
көп ойларымен, жалпы барлық ойларымен келісемін. Зарина аударма үшін рахмет!
Xansha
Өте жақсы аударма! П.С.: Әкелердің бәрі осындай болсын!
mercedes
сені сүйем ғой ademi_alem
ademi_alem
Жылы лебізіңізге рахмет )))
satibaldi
Шын мәнінде Сізді сүйетін мен еді, ананыкі жай, көңіл ғой. Ендеше рахметіңізді анадан қайтып алып, маған беруіңізді сұраймын.
ademi_alem
))))))))) Сізге де рахмет онда ))))))))
satibaldi
Анадан қайтып алып айтыңызшы, біртүрлі әйтпесе. Қызғаншақпын(((
burkitshi
satibaldiда да сезім бар екен ғой *(
Соңғы түзету:
satibaldi
ademi_alem -ге — олдық екенімді ертеректе де бірнеше рет атап өткен болатынмын.
Aya
: ебіл-дебілі шығып жылап отырған: смайлик. Өлеғалу ғана қалды
satibaldi
Джеральдина Чаплинді әкесіне байланыссыз мықты актриса ретінде сыйлаймын. Әсіресе кәрі жезөкше, аурушаң шеше, өлмелі алқаш қатындарды күшті сомдайды.
Соңғы түзету:
ademi_alem
Джеральдина Чаплинді әкесіне байланыссыз мықты актриса ретінде сыйлаймын.
Көрермендерін бойындағы өнерімен мойындата білсе, әкесінің үміті ақталған екен…
Aya
Қандай тамаша әке.
Мүмкін олар сенен де жақсырақ билейтін шығар?! Мойындай біл, қызым! Қашан да сенен де артық билеп, сенен де артық ойнайтын адам табылатынын ұмытпа!
осжері ерекше өтті.
dark_nazgul
Чаплиннің өзі керемет биші ғой.