"Айтуға оңайдан" кейінгі ой: қазақты біріктіріп тұрған нәрсе - Ән!

«Айтуға оңай» бағдарламасының Домбыра Party туралы түсірілімін қарап шықтым. Тақырыпты жақсы аша алған сияқты. Тек ДП-ның мақсаты туралы толық ашылмады ау деймін. Қысқаша өз ойымды айта кетейін.

Былтыр тамыз айында Астанада Сол жағалаудың орталығындағы Керуен Сауда Орталығын таңдадық. Таңдау себебіміз Керуен — адам көп жүретін, жиналатын жер және Сол жағалау әлі орысша мекен. Домбыра арқылы тек домбыра емес қазақылықты, қазақ тілін, қазақты жарнамалағымыз келді. Домбыра арқылы қазақтың тірі екенін, оянатынын көрсеткіміз келді. Негізгі мақсат сол ғана. Ал қазір ДП сол мақсатты орындаудан бөлек жастардың кездесу орнына да айналды. Астана сияқты үлкен қалада адамдар жұмысбасты. Бір біріне уақыт табу қиын. Осы ДП кезінде бірталай адаммен кездесіп, сәлемдесіп қаламыз, жаңа адамдармен танысамыз. Бұдан бөлек жаңа таланттардың ашылуына да жақсы жол. Сол жағалауда жүретін шетелдіктер де қызығып қарайды. Өз жұмыстарындағыдай емес қазақтілді қазақтар бар екенін, олардың да өз өнер-мәдениеттері бар екенін көреді.

Қазақты қазір біріктіріп тұрған — ән, домбыра үні. Әншейінде саясатта, спортта, тұрмыста жерге, руға, жүзге бөлінетін қазақ әнге келген кезде бірігіп кететінін көріп жүрмін. Мынау Батыс мақамы, мынау Арқа әні, мынау Жетісу жыры деп отырып, сол әндерді сүйсініп тыңдаймыз, қосылып айтамыз. Маған осы ұнайды.

Бағдарламаның соңында Бейсен аға менің айтқым келіп отырған бір нәрсені айтты. Ауылдық жерлерге де жетсе екен деді. Иә, қалада белсенді жастарды жинау оңай. Бір қаладан бір қала іліп алып кетіп, тез тарап кетті. Ендігі кезек ауылдық жерлерде. Ауыл жастары да осылай жиналып жүретін болса онда қазақ даласы қазіргі ХХІ-ғасырда да ән салып тұрар еді.

P.S бағдарламадағы апайларға да ренжуге болмайды. Олар басқа кезеңнің адамдары, олардың құндылық түсініктері, өмірге көзқарастары бөлек. Мүмкін өздері бәленбай жыл мәдениет саласында жұмыс істеп, мұндай ерікті әрекеттер істей алмағандарына іштей қынжылатын шығар?

Бағдарламаны мына жерден қарай аласыздар: http://kaztrk.kz/kaz/telekanal/program_archive/36930.html#go
Бөлісу:

6 пікір

Marco
Сарарқаның желдіре төгілетін, Батыстың түйдектеле атылып, жебедей қадалатын, Алтайдың өзіндей биік тәкәппар, бірақ, жаныңа жаз сыйлайтын, Жетісудың аққан өзендей баппен сырғитын, Сыр бойының сілейте соғып, іле-шала басыңнан сипайтын ән-жыры — міне, Домбыра Party!
abzalsariyev
«Айтуға оңай» әрине. Бағдарламаның атауының өзі, тіпті қоғамда актуалды кез-келген тақырыпты әдемілеп илеп, оны ортаға салып, пікір таластырудың басы мен ортасы Һәм аяғында айтылатын әңгіме де осы — «айтуға оңай». Айтуға оңай боп бара жатқан тақырыптар туралы студиға дайынделып кеп, келістіріп ойыңды айту да оңай. Ал, маңызы күннің шуағындай қат, алтынның грамынан әлдеқайда құнды, оң тәрбиелік мәнін айтып жеткізу мүмкін емес осындай дүниелерді анау аудиторияда (тақырып бойынша тартылған мамандарының аздығы!) талқылау да өзінің шынайы бағасын ала алмасы хақ! Домбыра PARTY менің үшін — жанымның рухани рақат тауып, арқам қозып, жайбарақаааат кеп, қазақы иіспен тыныстайтын жерім.
UlykbekAliakbaruly
Ұнатпағандар ұнатпай-ақ қойсын, мақсатымыз домбыраның асқақ үнін асқақтата түсу. ДП осы ретте үлкен қызмет атқара алады деп ойлаймын.
ken
P.S бағдарламадағы апайларға да ренжуге болмайды.

Ол апайлар болмаса, бағдарлама тұзсыз тамақ сияқты болып қалар еді. «Домбыра пати өткізіп жатырмыз», «Көрдім. Жақсы екен», «Осылай өткізе берейік», «Жарайсыңдар» деген секілді пікірлермен шектеліп қалар еді. Меніңше, ол апайларға әдейі сондай көзқарасты жақтау міндеті жүктелген. ))))
Arys_arlany
Дегенмен Мұрат Әуезов ағамыз біраз тығырыққа тіреп тастады. Ия, ол бағдарламада қанша бағытта қызу пікірталастар өрбіді. Бағдарлама соңында консервативті көзқарастағы пікірді либерализм жеңіп шықты деп айтуымызға болады. «Айтуға оңай» dark_nazgul -дің айтуына оңай түспеді. Домбыра пати жастарымыздың азаматтық белсенділігін арттырып жатыр деген пікірге толық қосыламын!
Соңғы түзету:
dark_nazgul
иә, айтуға оңай түспеді)))