Жауапкершілік жүктемейтін комедия
«Тәжірибе» атты комедия шығыпты, Гугл туралы екен деген әңгімені естісімен, Интернетте жағалап жүрген пақыр ретінде көрмекке құштарлығым артқан-ды. Әу баста әлдебір драма яки байопик болар деп едім. Комедия екенін білгенде біртүрлі болғаным рас. Әйтсе де сеанстан тоғайып шықтым.
Бірден айта кетейін, «Тәжірибе» «Бас жазу» немесе «Х жобасы» секілді шатыры кеткен комедия емес. Кәдімгі классикалық, күлкілі сәттері жетерлік, соы уақытқа дейін жүздеген фильмде кездесетін клишелері де бар отбасыға немесе бір топ достардың тобына арналған туынды.
Сюжеті сипаттауға қызық-ақ: сағат сатып, нәпәқасын тауып жүрген екі «шал» Билли мен Ник аяқ астынан жұмыссыз қалады. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы», дәл осы кезде аты мәшһүр Google адам іздеп жатқанын, қызметке кірісу үшін топ-топқа бөлініп алып келген елдің жарысатынын, қай жеңген «гроуптың» қалам-дәптерін құшақтап кеңседе жаңа орынға жайғасатынын хабарлайды.
Іздеу жүйелері, датабаза тұрмақ, компьютердің маңайына жолап көрмеген, «Терминатордың» әсерінен олар адамзатты жаулап алуды мақсат тұтады деп санайтын Билли мен Ник бастары қатты істейтін бір топ жасқа қосылып алып, «шайқас» жолына шығады…
«Тәжірибе» режиссері Шон Леви осы жанрдың құлақкесті құлы (жақсы мағынада) екені белгілі. Салмақты, салиқалы, көрерменді айтпақ ойымен, жеткізбек идеясымен ауыр ұйқыға яки нокаутқа жіберетін жобаларға «Музейдегі түн» (келесі жылы үшіншісі шығады, Киностанның байқауына қатысқандар, естеріңізде ме), «Вегаста болған іс», «Күлгін пантера» секілді бір көрмекке ләзім, есте қалмайтын, бірақ күндік көңілді көтеруге шамасы әбден жететін фильмдерін қарсы қойып, баланс сақтап жүрген маман бізді тағы қуантып қойды.
Қуантпағаны емей немене, комедиялық рөлдерді қатырып ойнайтын Оуэн Уилсон (Ник) мен оның ар жақ, бер жағында жүрген Винс Вонды (Билли) осымен үшінші рет жұп қылып, экранға қайта алып келсе.
Актерлік ойын, анау шеберлік, мынау кәсібилік деп шатып-бұтпайын, «Тәжірибе» жанрлық тұрғыдан оны қажет етпейді.
Фильм – прокаттың уақытша қонағы, келімді-кетімді көптің бірі, киноға келген елдің ермегі. Мұндайлар сонысымен де құнды шығар…
Экрандағы қым-қуыт тірлік пен күлкілі сәттердің финалын бәріміз біліп отырамыз әрине, бірақ, біз Ноланның «Бастауында» отырған жоқпыз ғой, «алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым» принципі, тереңірек дем ал да, ми тынықтыр.
«Тәжірибе» көрерменге экскурсиялық тұрғыдан да қызықты болуы мүмкін: интернетшілер Google кеңселерін, ішкі асханасын, поттериандар квиддич ойынын, түнгі клубшылар әдемі түсіріліген көңіл көтеру сахналары мен саундтректері бағалай алады.
Қорытынды: «Тәжірибе» – демалыс күні яки жұмыстан кейін барып, бұл күйбең тірліктің қамытынан бір ауық босап, сергіп қайту үшін көретін фильм.
1 пікір