Бітпейтін әңгіме...

8 сыныпта оқып жүргенде «тұтқа» деген ойын ойнайтынбаз. Есіктің тұтқасын ұстамау керек. Кім 3 рет ұстап қояды — сол жеңіледі. Бірде Жасұлан деген досыммен ойнадық. Жеңілген адам «Мен — осырақпын» деп 3 рет айқайлауы тиіс. Мен жеңілдім. Мектептің ішінде айқайлауға ұялып, далада айқайлауға келістірдім.
Айқайладым. Алдымызда кетіп бара жатқан сыныптас қыздардың бірі бұрыла қалып "Өзің осырақсың" демесі бар ма. Байғұстың ұрлығы ашылып қалды деп өліп күлдік.
Ұрлық дегеннен шығады. Үйімізде алма ағаш болса да біреудікін ұрлап жеген қызық болатын. Бір топ бала жиналып ауылдың шетіндегі бір үйден алма ұрлап жатырмыз. Арамызда таныс емес бір бала да таласып-тармасып жеп жатыр. Мән бермедік. Бір уақытта досым отырған бұтақ сынып кетеді ғой. Сонда жаңағы бөтен бала «бұтағын сындырмаңдар, әкем өлтіреді» деп қарап тұр.
Өлтіру дегенді еске алсам 6 сынып орала кетеді ойға. Аулада өзіммен тетелес тәтеммен (әпке) су шашып ойнап жүрген болатынбыз. Ол 5 литрлік шелекпен, менің қолымда ожау. Мені малмандай су қылды. Содан кейін үйге кіріп алып, есікті ашып-жауып мазақтамасы бар ма. Ожауға су толтырып дайындалып тұрамын. Ашқанда шашамын — жауып үлгіреді. Шашамын — жауып үлгіреді. Дайындалып тұрғанда есік тағы ашылды. Бірден шашып жібердім. Сумен бірге жүрегім де кетті басқа жаққа. Есікті ашқан кіші апам емес, үлкен апам екен. Байғұс 1 апта бойы пысықсып үйді жинап, абырой жинап қыдыруға кетіп бара жатқан. 2 сағат отырып әуреленген шашы мен әдемі көйлегін шылқыттым да жібердім. Сол кездегі су «Матрица» фильміндегідей асықпай ұшқандай көрініп кетті ғой. «Сен ұлды өлтіремін» деп тұра ұмтылды. Ауладан шықпай қашып жүрмін. Әкем жарықтық болыспайтын. Бар болғаны "Қашып не қыласың. Адам өлтіру оңай дейсің бе. Көп болса 1-2 рет ұрар" деп ішімді күйдірсін. Құтылмадым. Бұзаудың ноқтасымен әбден ұрды ғой. Содан бері су шашпаймын.
Су шашу. Ех. Сол таяқ жегенге дейінгі жақсы көретін ермегім еді-ау. Өзімнен 3 жас үлкен нағашым екеуміз сусындардың бөтелкесіне су құйып алып атысып ойнайтынбыз. Мен 6 жаста, ол 9-да. Бастапқыда киіммен, артынша тыр жалаңаш ойнаймыз ғой шіркін. Нағашым "Үстімдегі бәрі шерст" деп ұрандатып жүретін. Мен жарайды. 3-і сыныпта оқитын нағашымды айтсай. Сыныптастары тырқылдап күліп қарап тұратын. Бәлкім қарайтын жері болған шығар.
Қарайтын жерге қатысты да қызық көп. Көшемізде бір қызық әже тұрған. Көршілердің бәрі «Мультфильм» деп атап кеткен. Айтса айтқандай түрі мультик кейіпкерлеріне келетін. Оның үстіне сөйлесе елді қыран-топан етеді. Бір тойға немересін ертіп апарыпты Мультик әже. Той қызып, тілек кезегі келгенде апам сөйлеп бастапты. Сол уақытта сыртта жүрген жігіттердің бірі кішкене баланы әкеліп:
— «Апа, сіздің бала емес пе?» дейді.
-Менікі емес. Менікі үйде
— Сізді әже деп жатыр ғой.
— Көтек не дейді. Кәне бұтын шеш.
Содан апамыз бұтын шешіп қарап «Ойбой! Айналайын золотой т… Менікі екен ғой» деген екен.
Менікі қыртқан әңгіме ғой. Бітпейді еске ала берсең. Өзім күлдім. Басқасын қайдам.
Бөлісу:

11 пікір

007
Менде күлдім   әсіресе бұтын шеш дегені қызық болыпты
Abilakim
Су шашу ойыны бізде де бар еді. Жайлауға алғаш барған жылдары құдық қазып үлгермедік. Бұлақ сәл қашықтау. Кір-қоң жкатын суды ауылдан дәу цистернамен әкеліп қоятын. Ұмытпасам 2 тонналық. Соның кранигін су шашысып жүріп ашық тастап кетіп үлкендерден сөз естігеніміз бар еді.
Жастықпен төбелесу, яғни, қарсыласыңды жастықпен ұру ойыны да қатты дүрілдеген біз жақта. Әжем марқұмның көз майын тауысып тіккен жастықтарын қопарып тастаған кездеріміз де болып еді.
torgai
Жастыққа жете алмадым. Бітпейтін әңгіме ғой. Кете берсе осылай…
temir1986
Садақ атуды керім жақсы көретінмін. 4-5 оқимызау сол кезде. Тартқан жебеміз қарындасымның қабағына қадалып қалып қойып кеттім садақ атуды.
a63a1
су шашып ойнаймын деп көрші баланың ауызына алөумен крөшкені жіберіп алып иегін тескенім есіме түсіп кетті. Қан жоса тісіде сынған.
bazuka
су шашып ойнауды менде жақсы көретін ем
torgai
Сосын не болды?))
bazuka
бәрііі жақсы көреді екен дегенім ғой))))
neoaskar
Рогатка ойнайтын едік, екі жаққа бөлініп алып атысып, тек аяққа тисе өлгенің, сосын бір күні рогаткамның резинкасы байланып, атып қалғанымда сым айналып көзіме тиген, содан қойып кеттім, көзімнің аман қалғанына қуандым.
torgai
Рогатка демекші. Жіптің бір басына үлкееен гайка байлап, екінші жағына сымды ілмек қылып иіп байлайтынбыз. Сосын оны айналдырып-айналдырып бағанның сымына лақтырып, іліп қойған ермек еді. Бір күні досым солай лақтырамын дегенде ілмек сым шалбарына ілініп қалып, гайка айналып келіп аузына ұрды ғой. Алдыңғы екі тісі ортасынан сынды да қалды. 10 оқығанға дейін кетік болып жүрді. Қазір сары тіс салып алды. Бірақ, көрген сайын соны айтып күле береміз.
bake
Сол кездегі су «Матрица» фильміндегідей асықпай ұшқандай көрініп кетті ғой
ондай кездер болған… терезенің шынысын таспен шаққанда, әдейлеп емес, шама жетпей. Шатырдың үстіне қиыршық кішкентай тастарды лақтыратынбыз. Тас шатырға тиген соң төмен қарай сырғып жерге түсетін. Соны қызық көретінбіз.