Блогкемптің пайдасы

Заман-ай десеші). Пенде біткен пайда жоқ жерге аттап баспайтын болды. Санаулы күннен соң, Blogcamp өтпекші. Уа, қандай пайдасы бар дейді, білмейтіндер. Отыра қалып, түсіндіре бастайсың. Танысасыз, табысасыз, тәжірибе жинайсыз. Ой түйесіз. Ойланасыз. Таныстырасыз. Жобаңызды басқалармен салыстырасыз. Жоқ дегенде, Сатыбалдыны түсініп оқи бастайсыз, дейсің арасында. Сөз тәмам. Ақша табам ба, ақша дейді кейбірі. Бара қалса, аспаннан ақша жуатындай. Ақша іздеген бармай-ақ қойса болады. Басқа пайдасы… Блогкемптің пайдасы әркімге әртүрлі. Мен үшін, мен үшін… Тәжірибе, блогшылармен танысу өз алдына. Өзіме қымбатты Блогкемптен таптым. Сол бір алтын адам айтады.

-Блогкемп болмаса біздің таныспауымыз да мүмкін еді, деп. Үнсіз қостаймын.
-Блог болмаса біздің таныспауымыз мүмкін еді. Тағы да қостау.

Интернет болмаса, блог болмас еді. Блог болмаса, блогкемп болмас еді. Интернет болмаса таныстығымыз артпас еді. Сондықтан, рахмет саған интернет, рахмет саған блог, рахмет саған Блогкемп.

Біз бір-бірімізді бірінші Блогкемпте көріппіз. Ары-бері шауып жүріп оны көргенім есте жоқ. Ол мені біледі. Жақтырмапты басында. Коммунистер билік басына жаңа келгенде атқа қонған шолақ белсенді сияқты елестесем керек. Блогкемп біткен соң, The Guns & Roses-те тамада болуға тура келіп, ән айтатын адам таппай қысылғанда, бірге айтамыз деп, сүйрегендей болып, ән салдырыппын. Құрбысы кінәлі. Бірақ, бірге айтпай қойсам керек. Ол да есте жоқ. Блогкемп біткен соң, блогына кіріп, қылжақтаған пікір қалдырып кетіппін. Оның блогы екенін де білмеймін. Соның бәрі жиналған соң, «өш алуды» ойламай ма? Тағы да сол ә/ж арқылы әңгімелесіппіз. Жазғандарына жынданып күйінгенім есте. Бірақ, ол екенін білгем жоқ. Агентке аяқ асты қосылып, күліп, шығып кеткенге, жәй бір ессіз қыздың бірі де, деп қойғам. Сонымен бәрі тамам болғандай екен. Бірақ… тағы да блог. Wordpress-тегі блогыма Жолдауды талдау, салғанмын. Оған сабаққа керек болыпты. Амалсыз, агентке жүгініпті. Бірақ, бұл жолы әңгімеміз келте қайырылған жоқ. Күн, ай, жыл… Күндердің күні қолымды ұсындым. Жүрек жарықтықтың әмірін орындаудан басқа шара жоқ. Ұсынған қол бос қайтпады. Сосын, қысылған алақандарымыз жазылған жоқ. Өмірдің шуақты бір сәті. Кейде ойлаймын сол Блогкемп, блогтағы сол жазбалар болмаса, дәл қазіргі бақытты шақтар болмас еді-ау, деп. Солай, Блогкемп, блог маған ең қымбат адамды сыйлады. Сол үшін блогқа, Блогкемпке қарыздармын. Ол қарыздың өтеуі, өтеуі… Мүмкін келесі Блогкемп менің үйімде өтуі керек шығар.)

23-24 наурызда Шымкентте үшінші Блогқұрылтай өтпек. Барған жөн. Көрген жөн. Мүмкін сіз іздеген бақыт сонда шығар. Құрылтай құтты болсын, блогшы қауым! Табысты болсын! Өкініштісі бара алмайтын болып тұрмын. 2083-ке дейін әлі талай Блогкемп бар ғой, деп жұбатамын өзімді.
Бөлісу:

18 пікір

patick
Барыңдар сендер де, мүмкін сендер де сондай бір жанды жолықтырарсыңдар
asaubota
керемет! сурет те қос
Aya
Бақыт тілеймін Әсерлі.
Tyulpan
босқа жүрмей, осылай нәтиже шығарып қайтыңыздар, ағайын!
aikarakoz
Романтик өзі)))) Керемет жазыпсың, Ереке
Aikona
керемет, сағыныш қой ол күндер!
TOTY
Иә, Ерекеңнің жазбасынан кейін,өткен екі блогқұрылтайдағы көп қаракөздердің қайсын елестетсем болады деп…
serjan
Мына жазбаны оқығаннан кейін, бойдақ болсам аттануға тура келер еді.
Marco
тамаша!
Соңғы түзету:
Gastarbaiter
Ақша істеуге барған адам бармай-ақ қойсын деген жерімен келіспеймін. Ақша істейтін адам Қытайдың штангистінің қолтығынан да пайда істеп кетеді. Ал адам жиналатын жерде тіпті де. Екінші жағынан ақша істеуге баратын адам, ондай топас сұрақтар қоймайды.
Take-kz
Блогкемп кешірмеңіз өте табысты болған екен.
Соңғы түзету:
Daniar-Alan
Мүмкін келесі Блогкемп менің үйімде өтуі керек шығар
тәәк…