Әйелдер тұрақсыз

La donna è mobile. Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсындағы Мантуан герцогінің ариясы. «Әйелдер тұрақсыз», — дейді герцог. «Әрдайым ізетті, әдемі бола тұра, олардың ойы мен дауысы құбылып шыға келеді. Күлгені де, жылағаны да өтірік. Оларға сенген еркек бақытсыз». Шамамен осылай аударуға болады.
Бұл пост қыздардың тұрақсыздығы туралы емес. Көңіл-күйдің құбылмалылығы туралы ғана.

Үнемі айналамда қыз көп. Мақтанып отырғаным жоқ.  Солай болып қала береді. Группада да, жұмыста да, достарымның арасында да қыздар жеткілікті. Сенбесеңіздер жампозымнан сұраңыз.  Төмендегілер бақылаудың жемісі. Әзіл-шыны аралас.

Кейде әйел заты қараптан қарап көңілсіз күйге түсетіні бар. Себебін өзге түгіл өзі де түсіне алмайды. Апатия, еңсесін басқан мағынасы жоқ ауырлық. Бұл сезімді «Daydream» деген лақап атпен жазатын корейлік композитордың «I miss you» шығармасы дәл береді.
Байқадыңыз ба, тым нәзік мұң. Оның қайдан шыққаны, қайда кетіп бара жатқаны белгісіз. Арасында көңілді ноталар қылаң беріп қалса да, шырмауынан бірден шығып кету қиын.

Бұл сезім мазасыздыққа ұласуы мүмкін. Clint Mansell «Lux Aeterna».
Қорқынышты бірдеңе болатындай… Оның ешқандай белгісі жоқ. Тек, жүрек құрғыр әлденені сезеді. Мұңнан бастау алған бір-екі түйір жас өксік болып тамаққа тығылады. Жылап та алатындар болады. Көл-көсір жастан жеңілдеп, тыныштық туады.

Тыныштық. Claude Debussy «Clair de lune» («Ай сәулесі»)
Бойда жылылық пайда болады. Құдды, жаңа ғана маңайдағының бәрін тас-талқан қылмақ болған дүлей боран сап тиылып, мамыражай тірлік орнаған сияқты. Тамырдың бойын қуалап жылылық баурап барады. Енді керегі жарық бөлмеде, жылы төсекте өзіне-өзі, мүмкін біреуге еркелеп жата тұру.

Тыныштық, жылылық және тек әйелге ғана еркеліктің құшағынан сытылып кету қиын. Қашудың қажеті де жоқ.
Шопен «№2-ноктюрн»
Мазасыз ойдың өзі қашып барады. Мұны ол сезбей де қалады. Ой да, бой да өзінен-өзі тазарып, езуде білінер-білінбес әдемі күлкі пайда болады. Бұл үміт. Мәңгі көктем орнайды деген үміт. Үміт сенімге, сенім шабытқа жетелейді.

Шабыт. Jon Schmidt «All of me»
Тұратын уақыт келді. Қиындық, жауапкершілік, тосқауыл. Мұның бәрі жарқын өмір сүру үшін берілген мүмкіндіктер. Оларды жеңу кез-келген әйелдің қолынан келеді. Ол өз өмірін өз қолымен жасай алатынына сенімді. Риясыз күлкімен билей жүріп-ақ бәрін қатырады. Бұған сенім мол. Бойдағы шабыт кепіл.

Өмір-вальс. Johann Strauss II «An der schönen blauen Donau» (Көк Дунайдағы вальс)
Жоғарыдағының бәрі өтпелі. Қайталанып тұруы әбден мүмкін. Әйел туралы айтып жатырмыз ғой, дегенмен, оның бәріне шыдау еркектің міндеті. Өйткені әйел заты вальс билеуге әрдайым дайын. Шақыру біздің міндет!

Ах, иә, әйелдердің тұрақсыздығына қайта оралайық. Бұл арияны айтайтын герцог, қыз-келіншектер көзге шөп салуға дайын тұратындығына өкпелі. Бірақ, оның өзі төмен етектіге қырғидай тиетін нәпсіқұмар. Сондықтан мән бермей-ақ қойыңыздар.
Бөлісу:

16 пікір

Marco
Мерекелеріңмен!!!
Tyulpan
рахмет. айналаңызда қыздар көп, өйткені сіз Қазақстандасыз  европа, түркия, қытайда ұлдардың саны басым. ол жақтарға барсаңыз ұлдардың арасында қаласыз ))
torgai
Тұрақсыз емес. Мен әлі үйленген жоқпын. Сондықтан солай сенемін)))
bizbike
ол герцог қазақ емес, сондықтан оның менталитеті мүлдем бөлек, оның тұжырымдамасымен біздің қыздарды бағалау қате сияқты
Aidakonya
жiгiтке катыстысын бiлмеймiн, бiрак баскага келгенде, сары кызгалдактар адемi, бiрак ак лала гулдерге не жетсiн, но ен кереметi кызыл гул гой))не калайтынымды озiм де бiлмеймiн, сондай тураксызбын…
xsanatos
uilenbegenim durys siyakty goi  oinap aitam, sonda kyzdyn konil kyine karap myna muzykalardy kosyp beruge bolady ma?
Tyulpan
қыз-әйелдердің мінезінің құбылмалылығы гормондармен байланысты…  эстроген, эндорфин, тестостерон деп кете береді…
Соңғы түзету:
Marco
Ешкім музыкаларды тыңдамады-ау дим)
Tyulpan
сердце красавиц, склонно к измене, и к перемене как ветер мая… ла ла ла лалала))) жақсы ария негізі ))
Aldeken
не ғо, жалпы Марко, сен айтқан көңіл-күй құбылыстары тек қана өзінен-өзі болатын емес, белгілі бір екеуара әрекеттерге дейін-кейін де болып тұратыны бар секілді…
ruben
Әйтеуір іш пыстырмайтындарына қайран қалам, болжап болмайсын.
nurmad
Меніңше ол табиғи болмыс. Адам баласы сезімтал, өзгермелі, әрқайсысы ерекше жаратылыс иесі. Кейде айналаңды санамен, ал басқа жолы жүрекпен қабылдайсың…