Инвестиция

ИНВЕСТИЦИЯ
… Махаббат пен адамгершілікті мадақтайтын, жеңіл әзілге құрылған сырлы картина секілді зу ете түсіпті.
Маңғыстаусыз бір жыл…
Маңғыстау!
Бөлек әңгіменің, басыбайлы бір толғаудың иесісің ғой, атакүлдік… Сенде туып, сенде өсіп ап, сырт кетіп сағынбай жүрсем мені балам деме… Сарыарқаның самиян самалы Батыс жақтан соға қалса Сенің иісіңді әкелердей елегізіп қалушы ем…
Астаналы бір жыл…
Астана!
Маңғыстауға Тәңір жеке маған нәсіп ете салғандай елжірегенімде, Сені күллі қаракөз жақсы көрді. Қазақияның қақ ортасына қағылған қазықтай елге ұйытқы болған берекеңнен айналдым, Бас шаһар!
… Қазақияның ұшы қиырына апталап сапар шектірер сахарасының тұс тұсынан ағылған дүрмекпен Мен де жеттім… Менен бұрын жүргені де көп екен, менен кейін де қаншама Үміт келді…
Содан бері… Ауыз толтырып айтардай аттай он жыл өткен жоқ. Білінбей, беймарал сырғып бес жыл да өткен жоқ, бар болғаны бір-ақ жыл. Он екі ай, әлденеше апта, қаншама күндер…
Дейтұрғанмен, етек жеңді қымтап, жақсылыққа ұмтылам дегенге бір жыл да аз мерзім емес…
Сүрінуден бекем болуды;
қателіктен қырағылықты;
опасыздықтан достықты қадірлеуді үйретті Астана…
Маңғыстау деген енемнің бауырында ойнақтаған алаңсыз құлыншақ күндерім екен де, Астана ереуіл атқа айналып, иыққа жүк, сауырға қамшы батқан, ауыздықпен су ішкен «қызығы» мол күндерім екен…
Бірақ бір сәтке де есімнен шығарған жоқпын: бұл қиындықтың басы ғана екенін және жан қиналмай келген жақсылықтың ғұмырлық болмасын!

БАСПАНА
Бас шаһардың бас ауруы – баспана. Астананың ауасымен тыныстап жүргендер біледі-ақ мұны. Қазақтың бас қаласының сұлулығына шәгім жоқ, ал жылылығын мақтасам күлкіге қаларым хақ. Алғаш келгенде байқағам, Астана – cалқын қала. Қысының алты айға созылаpы бөлек әңгіме. Астананың жалпы аурасы суық, зәрлі. Сірескен ресмилік бар кескінінде. Сіңісіп кеткенше сіңіріңе ілініп әрең жүресің жүйкең ширығып. Осыншама сұлу қаладағы әдемі әйнек үйлерде кімдер тұратынын білетін астаналық аз. Тіпті, астаналықтардың өзі азғантай ғана. Жаңа таныстықтың екінші, үшінші сауалы «қайдан боласың» түрінде келеді. Жан жақтан келген қазақтың басыбайлы баспаналысы сирек.
Бір жылдың ішінде мен де бірнеше пәтерге көштім. Елде жүргендегі «маған пәтер мен көлікті үкімет береді» деген ақжолтай ойды қара басты… «Басы бүтін үй алуға Бай Шал бірдеңе етіп көмектесер, болмаса өз шамама қарай құлаш сермеп көрем деген» шыншыл ой ғана қазір…
Басы бар, панасы жоқ жігітпін…
Бірақ бір сәтке де есімнен шығарған жоқпын: менің ең аяулы Панам – Елім екенін!

ҚЫЗМЕТ
Астанаға ұшам деп Ақтау әуежайында тұрғанда көп ойланғам… Алда не тұрғанынан гөрі, артта не қалғаны көбірек мазалаған… Артымда Ел қалмақ… Ал мақсатым айқын еді… Бір жерден жарып шығу, бір биіктен көріну!
Бірақ оған қалай жеткізем, бағытым не болмақ деген ой болмапты. Дәл қазір қорқынышты, әрі күлкілі. Алдағы бір жылдың осылай қызық пен шыжыққа толы боларын сезсем Астанаға кету туралы тәуекелге барар ма ем, бармас па ем…
Өзіме тым сенімді болыппын… Ең алғашқы ұсынысқа келіспедім. Іргелі бір жоғары оқу орнының қоғамдық пәндер факультетін басқарудан бас тарттым. Бәрі шешіліп қойған кезде, соңғы кезең оқу орнының ректорымен кездесуге барып тұрып, кірмей кеттім… Шенеунік болуға әлі-ақ үлгерем, азғана уақыт жүгіріп жұмыс жасайын деп ойладым.
Республикалық телеарнаның «ас үйіне» кіргенде өзімді жоғалтып алдым. Тәртіп пен талап мүлде бөлек. Соңғы екі жылда журналистикадан да қол үзіп қалғам, соның азабын тарттым-ақ… Төрт ай өткенде басшылық маған өз талаптарына сай келмейтінім жөнінде ескертті. Сезген ем осылай боларын, еңсемді түсірмей кеттім Астанадағы алғашқы қызметімнен. Бұл алғашқы қиындық еді…
Абырой болғанда, келесі жұмыс оңай табылды. Сол саладан. Бетім қайтып-ақ қалыпты… Қызметке шақырған жігітке бірінші жұмыстан қандай «масқара» жағдайда кеткенімді айттым. Азамат екен, арқамнан қақты, сенім артты.
Жаңа жұмыс орным да алғашқы кезде самарқау қабылдады. Десек те, ішімде өткен төрт айға сұрапыл ыза бар еді. Екі апта, тағы екі күнге созылған сынақ мерзімінен соң мен қайта республикалық арнаның штаттағы қызметкері болып шыға келдім. Артыма тығылып алған сенім мен «менім» қайта бас көтерді.
Алла берген нәсіп еді бұл. Ал, Пенделер себепкер ғана!
Бірақ бір сәтке де есімнен шығарған жоқпын: жақсы адамдарымен ғана мүмкін жақсы дүниені!

ЖЕКЕ ӨМІР
Бір жылдан бері Астанада тұрамын. Бірақ, осы мерзім ішінде «Бәйтеректің» ұшар басына көтеріліп Астанаға «шекесінен қарап көрмедім». Ақордаға қызмет бабымен ғана бірнеше рет бас сұқтым… Қалаға келген туристер алдына тұрып суретке түсетін тағы қандай нысандар бар еді… Қаланың тұрғыны үшін бұл жәй әдемі ғимараттар ғана. Бір жыл бойы желігіп қыдырған да емеспін. Астанаға не үшін келгенімді жақсы білемін, оңды-солды бос жүрістен гөрі мақсатыма қарай нақты қадам жасағанды жөн көрдім.
Жоқ! Жұмыстан үйге, үйден жұмысқа ғана баруға себеп болған бір ерекше Жаратылыс болды. Оны айтпай кете алмаймын. Жоға, жұмыстасым емес.
Дүниеде соның бары, онымен пікірлесудің өзі шексіз қуат сыйлады.
ОЛ —
тұман кіреукелесе жанарыма жарық болды.
бұлт торласа аспаныма Күн болды.
қараңғылықта қалсам бағыт берер сәулем болды.
Ол болса ешкім де, ештеңе де қажет емес-тін. Мендегі бардың бәрін бір
Өзі-ақ алмастыра алатын.
Көп ретте сол жанға алғыс айтам…
Бірақ бір сәтке де есімнен шығарған жоқпын: Тағдырымның осындай жылы жанмен байланысқанда ғана шуақты боларын!
… Жаңа достар, жақсы қызметтестер де менің астаналық алғашқы жылыма жарқын сәттер, жағымды бояулар қосты. Астананың салқын аурасын, сірескен ресмилігінің сеңін бұзуға қуат берген де осы мұраттас қыз-жігіттер.
… Жұмыр Жерден тағы бір жыл ауды…
Астананың сұрапыл қысын көрдім. Бас кенттегі қытымыр қыстың қаһарына төзу үшін сол ең суық кезінде келгем. Кәдімгі темірқанаттанған балапанын ұшуға баулу үшін күздің алапат дауылын күтетін қырандар секілді.
Астананың көгілжім көктемін көрдім. Кешке қурап тұрған теректің таңертең жапырақ жамылғанына куә болдым.
Астананың жайнаған жазын көрдім. Елорданы екіге бөлген ерке Есілді жағалап қыдырған жұрттың жүзіндегі жылылыққа қарап қыста осы кескіндерде сірескен суық күлкі тұрғанына күмәнданып та қалдым.
Астананың алтын күзін көрдім. Қысқа ғана, бірақ естен тандырардай сұлу Күз. Сары алтынға суарып алғандай көркем мезгілдің біз жақтағы жылауық мезілге еш ұқсамайтынын амалсыз мойынадым.
Астана сыйласудан достық, құлтасыз, риясыз достық пейілдің бауырластыққа бастарына сендірді. Ал, Бауырластық Рухтастырады, идеяға топтастырады!
Бір жылда Астанаға кірігіп кете алдым, аса бір биіктен болмаса да жуан ортадан өзіме орын белгіледім.
Бірақ бір сәтке де есімнен шығарған жоқпын: Өзімнің Маңғыстаудың инвестициясы екенімді!

АА
22.01.2013
00:52
Астана шәрі
Бөлісу:

20 пікір

asaubota
енді Астанада өзіңе жар тауып, нағыз астаналық баланың әкесі атан!
VKM
Демалмай оқып шықтым, жүректен шыққан сөз болғандықтан, керемет әсерлі шығыпты.Қиыншылықтан, жеткен жетістіктерің көбірек.Сәтті жыл болған сияқты.
Сүрінуден бекем болуды;
қателіктен қырағылықты;
опасыздықтан достықты қадірлеуді үйретті Астана…

007
базар жоқ грамотна жазылыпты
Beisek
сенi оқыған қызық екен, ойыңды тиянақты жеткiзесiң
aza
Тырысамыз, рахмет!
madikon
керемет… осы Маңғыстау тақырыбына келгенде сіздің ойыңыз менің ойыма тым сәйкес келеді.
Қаланың тұрғыны үшін бұл жәй әдемі ғимараттар ғана. Бір жыл бойы желігіп қыдырған да емеспін. Астанаға не үшін келгенімді жақсы білемін, оңды-солды бос жүрістен гөрі мақсатыма қарай нақты қадам жасағанды жөн көрдім.
мына абзац керемет, менде сөйттім.
aza
Маңғыстау деген сап-сары мәңгі сағыныш,
Жүректе ұйып, шүпілдеп толып тұратын…
Tyulpan
Аза, мықтысыз. сол үшін мақсатыңызға да жетесіз. «40-тың бірі қыдыр» дегендей, алдыңыздан тілеулес адамдар жолығып, алға баса беріңіз!

мен болсам жылы жерді тастап сол салқын Астанаға кетуге әлі де қорқақтап жүрмін...))
aza
Тырысамын! Бір жыл ғана өтті ғой…
Aya
Өзіңіз айтпақшы, жазбаңыз "әдемі" екен. Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз, туыңыз биік бола берсін
aza
Рақымет, менің пікірлерім орныға бастады…
Erkekyz
Әсерлі жазба! Түсіндіре алмаймын, прям көз алдыма елестеп кетті бәрі.
aza
Жаныыыммм))) Әрине, елестеу керек болған осылай)
aza
«Инвестицияның» жетістігі бұрынғы шығармалардан асып кетті: Фариза апамыз шығаратын «Тұмар» республикалық журналы сұрады. «Керекинфодан көрдік, басуға рұқсатыңыз керек еді» деді бір қарлығаш қиылып… Еее, мақұл дедім)
Өз туған өлкемдегі облыстық газет «Маңғыстаудан» бір жігіт хабарласып сұрады: «Аға, жаңа әкім кеп жатыр елге, осы жазбаңызды жариялайық… Сіздің елде, арамызда, алдымызда жүргеніңізді қалаймыз, осыны көріп елге шақырар, берсеңізші басайық» дейді… Елжіреп кеттім, біздің елдің жігіттері дархан ғой, пәліі! Жанарға мөлтілдеп жас кеп қалад кен… «Давай, давай ала беріңдер, әкімді тастай берш, ел білсін, өзі тудырған баланың сезімін, сағынышын» дедім. Елге түбі қайтармыз-ау… Алайда, шақырумен барғаннан гөрі жұмсаумен барсаң қандай, ә?!)))
Tyulpan
осы жазбаңызға қарасам, Уилл Смит ойнайтын «погоня за счастьем» деген кино есіме түсіп кетет ))
aza
Эһ… Ол бір жүректі тепкілейтін картина ғой… Мына шатпақты онымен қатар қойып артық секілді енді. Бірақ, ниетіңді құрметтеймін, Тюлпан, рахмет!
aza
Келесі аптада Ақтауға кетемін, бұйырса… 26 — тамызда ұшқам Ақтау әуежайынан, қатты сағындым…
danakyz
осы мерзім ішінде «Бәйтеректің» ұшар басына көтеріліп Астанаға «шекесінен қарап көрмедім».
менде екі жыл өткенде ғана алғаш рет көтеріліп көріппін… күшті жазылған!
ereke_enu1
Иә, бәріміз бір-бір жақтың инвестициясымыз ғой… Жаңа жетістіктерге жетіп, биіктерден көріне беріңіз!
aza
Инвестициялар жасасын Астана — инвестициялар ағынының бір бөлігін өзінде қалдыруға жұмыстанып жатыр…