Хэтроулық арумен сұхбат

Сұхбат алу кезегі өзімде болғандықтан керекке биыл тіркелген қолданушылардың арасынан қызығушылық тудыратын тұлғаны іздедім. Посттарын оқып blogshy атымен тіркелген қолданушының көлік айдайтынын байқадым, мен үшін көлік айдайтын азаматшалар батыр секілді, өйткені өзім рөлду ұстаудан өлердей қорқамын. Сұхбат барысында blogshy оған қоса тау-кен инженері екенін білдім, бұл да әйел жасайтын жұмыс емес сияқты. Сонымен нәзік жанды аруымызбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамын. Кейіпкерге сұрақтарыңыз болса, қоя отырыңыздар.

Қала: Атырау, Атырау облысы
Сала: Тау-кен инженері, мұнай газ ұңғыларын зерттеу, инженер-геофизик.

— Керек инфоға қалай келдің?
— Кездейсоқ. Осыдан біраз бұрын осындағы блогшылар вордпесс сайтында блог жүргізетін, сол кезде мен де аздап блог жазғанмын. Бірақ қай кезде де жазғанымнан оқығаным көп болады. Сол вордпресс кілттенгеннен кейін бір жылдай блогосферадан қол үздім, содан кейін сайттарды шарлап отырып осы КИ сайтына кезіктім, мұндағы белсенділікке қызығып тіркелдім, бірақ белсенді түрде блог жүргізбеймін, тағы да жазғаннан көрі оқығанды ұнатамын.

— Өміріңізде неше рет пара бердіңіз/алдыңыз? Жалпы қоғамды меңдеген бұл құбылыс жойылуы мүмкін бе?



— Институтта оқып жүргенде өздері сұраған мұғалімдерге ақша жинап беретінбіз, бәріне бірдей емес, бірақ ондай жағдайлар болды. Сосын меданықтама жинаған кезде кезек күтпеу үшін сатып алдым бір-екі рет. Меніңше бұл құбылыс жойылуы мүмкін емес. Түбегейлі жойылуы үшін білмеймін, әлі бір 5-6 ғасыр керек сияқты. Себебі параның көкесі сен екеуміз берген 1-2 мың теңге емес, параның көкесі жоғары жақта тендер ұту үшін беріліп жүрген 30 проценттен кем болмайтын «откаттар», қызметтік лауазымдарды сатып алу және т.б. екені аян.

— КерекИнфода не ұнайды, не ұнамайды?

— Ұнайтыны сол баяғы, көзі ашық көкірегі ояу, қазақтың сөзінің астарын ұғатын адамдардың барлығы және пікірталасқа қабілетті адамдар. Ұнамайтыны пікір жазғанда объективті емес субъективтілікке көбірек салынып кетушілік байқалады. Лояльдылық жетіспей ме деп қалам көбінде. Бұл жерде қарап отырсаң бәрі бір-бірін танитын бір ортаның адамдары сияқты әсер қалдырады, және пікірталас аяғы күнделікті өзара әңгімеге айналып кететіні жиі кездеседі екен.

— Ата-анаңыздың айтқан үнемі есіңізде ұстайтын өсиеті

— Әкем марқұм өте көп оқитын, және өзі оқыған материалдарды маған беріп соңынан пікірімді сұрап отыратын. Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін жұрт болмаса…» деген өлеңін үнемі айтып отыратын. Ал анам студент кезімде үйге демалысқа келіп, қайта кетерде Абайдың “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап” деген өлеңін айтып шығарып салатын. Анам ақыл айтудың шебері, айта берсем толып жатыр, ақылшы болып отыра берсін ылайымда.

— Бір постыңызда бірінші мінген көлігіңіз жайлы жазыпсыз, қазір қандай көлік мініп жүрсіз? Атыраудағы жүргізушілер өз жолымен бағдаршамның жасыл түсіне кетіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге тоқтамақ түгілі "өле алмай жүрсің бе?" деп боқтап кетеді, сондай ортада нәзік жанды ретінде аман қалуыңыздың құпиясы?

— Көлігім әлі де сол, ауыстырған жоқпын, ауыстырсам енді біржолата «нардан құлағым» келіп жүр. Атыраудың машина жүргізу стилі енді экстремальды, аузыңнан будақ-будақ маржан емес, балағат төгіліп отырғанын аңдамай қаласың рульде отырып, бірақ соған қарамастан көлік құлағында жүрген әйелдер көп. Екі рет авариялық жағдайға тап болдым, сондықтан аман қалдым деп нақты айта алмаймын. Нәзік жанды дейсіз бе… білмеймін, енді менің де жүргізу стилім барынша агрессивті, әсіресе трассада шама келгенше алдыма машина түсіргім келмейді.

— 2012 жыл сен үшін қалай өтті, өз өміріңдегі басты оқиғасы не?

— Мен үшін сәтті өтті деп айта аламын, себебі ойда жүрген шағын бизнес-жобамды жүзеге асырдым, көлікке отырдым, кімнің кім екенін айыра білдім, жан-жағымда тек сұрыпталған сенімді достарым қалды, және кәсіби тұрғыдан өзімді біраз шыңдап, компаниядан алғыс хат алғанымды да жетістік деп есептеймін. Және тағы бір өмірімдегі басты, өте басты оқиғаның бастауы да осы 2012 жылы басталды. Жалпы жылға деген ренішім жоқ.

— Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз? Сүйген жар, ана болмай-ақ бақытты болуға болады дегенге сенесіз бе, сенсеңіз қандай жолы бар?
— Әйел бақыты деген сүйікті жар, аяулы ана болу – деп қоғам, тарих, данышпандар әлдеқашан сызып беріпті ғой. Сол схемадан шығып кетсең бақытсыздар қатарынан табыласың, солай ма? Қоғам сүйген жар болмай ақ, өз-өзіне көңілі толып, өз табысын өзі тауып, общым болып-толып жүрген әйелді ері болмаса «бақытсыз» деп қорытындылайды. Сол себептен жаңағы әйел де амал жоқ, мен бақытсыз екенмін деп ойлауға мәжбүр. Себебі онымен сөйлескендердің бәрі де оған мүсіркей қарайды, күйеуі бар әйелдер оны ала көзбен атады (күйеуімді айналдырып алады деген қорқынышпен) әсіресе той-жиындарда. Ал балалы болмай десек, бірінші өзім ана болып, баланың дәмін татайын сосын жауап берейін, себебі өз басымнан кешпеген нәрсені айтқаным орынсыз. Бақытты болудың жолы – ол оқып-тоқу, маман болу, ел көру, жер көру, өзін өзі дамыту, ішкі гармонияға қол жеткізу. Осындай адамдар магнит сияқты өзгелерді өзіне тартады, оларға көптеп ғашық болады және бақытты болу олар үшін оңайырақ. Әркім өз қалаған жүрек қалауына қол жеткізсе – бақыт деген сол. Айналып келгенде бәрін әйелдің өзі шешеді, бақытты болу-болмау тек өзіміздің қолымызда.

— Қазақы менталитет пен үрдісін күшейткен эмансипация секілді екі түйенің арасында қазақ әйелінің шыбын жаны қалды ма?

— Эмансипация деген сөздің мағынасын Википедиядан қарап алдым. Әйел шіркіннің шыбын жаны қай жерден аман қалмаған, әрине қалды. Қазақ әйелдері өте белсенді деген атаққа ие болыпты деп жақында оқығам, қарап отырсаңыз айналдырған 16 миллиондай халықтың еңбекке жарамды бөлігінің жартысынан көбі әйелдер, егер солардың бәрі үйлеріне отырып алса онда еліміздің дамуы оңай болмас еді. Бірақ ол жайында ойланғысы келмегендер (таксистер мен құрылысшы азаматтар индустрияны дамытып, ғылымға үлес қосып жүрміз деп ойлайтын сияқты) «қазақы дәстүр, әйел бастаған көш оңбас, кезінде шешеміз түтінін түтетіп үйде отырушы еді» деген сынды т.б.ұғымдарды әлі де ту етіп жүр. Жақында белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың берген бір сұхбатында «Өнер алды – қызыл тіл емес, өнер алды – ғылым, технология» дегенін оқып едім, өте дұрыс айтылған сөз. Адамдар қызыл тілдерін безей бермей ғылым, технологиямен айналысып, елді дамытса, біреудің жеке өмірін талқылауға уақыты болмас еді.

— 2012 жылы КерекИнфода қатты ұнаған тақырып?

— Мен шынында КерекИнфоның аса қатты белсенді қолданушысы емеспін, оған интернетте ұзақ отыруға уақытым да жете бермейді, сондықтан барлық бірдей тақырыптарды оқымаған сияқтымын (алдағы уақытта оқуға тырысамын). Ал оқығандарымның ішінен ерекше жарып шығып есте қалғаны жоқ, бірақ Қисықтың «Отель Трансильвания» мультигіне жазған рецензиясы өте ұнады. Біраз күліп алдым, мүмкін мультик жақсы көретіндіктен шығар.
Бөлісу:

92 пікір

asaubota
мен еркек деп ойлап жүріппін
bizbike
мен де солай ойладым әуелде, тіпті профилінде әдейі жынысын өзгертіп қойған ба деп жүрдім
Blogshy
Бір пікірімде мен геймін, маған жігіттер ұнайды деп әзілдеп едім, шын көріп қалғансыздар ғой
VKM
Осындай форматта жазылған тақырыптар «Керекке » жетіспей тұрады.Іскерлік стиль,қысқа, нұсқа.Интервьердің сұрақтары, интервью берушінің жауаптары да қатты ұнады! Жарайсыңдар,қыздар
Barsa
Атыраудағы жүргізушілер өз жолымен бағдаршамның жасыл түсіне кетіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге тоқтамақ түгілі "өле алмай жүрсің бе?" деп боқтап кетеді
Аутор артық кеткен жоқсың ба?
bizbike
өзім бірнеше рет куә/құрбан болдым. Жұмысқа бара жатқанда әдейілеп баялатып өтетінмін көліктердің алдынан, жүргізушілердің шыдамы жетпейтін, несі бар бағдаршамның жасыл түсі, жаяу жүргіншілердің жолы
bizbike
менің кейіпкерге сұрағым бар: неліктен тау-кен инженері мамандығын таңдадың?
Blogshy
Бәріңе сәлем! Пікірлеріңізге рахмет, не үшін еркек деп ойладыңдар екен? Машинаны сипаттағаным үшін болар  Біздің Атырау мұнайлы өлке ғой, сосын көбі геолог мамандығын таңдайды. Ал мен геофизиканы таңдаппын, білесіздер елімізде заңгер, экономист, бухгалтерден аяқ алып жүре алмайсыз, ал инженерлер аз, сондықтан сұраныс көп, жалақысы да жоғары болар деген оймен ғой. Инженер дегенде ойларыңызға темір-терсек түспесін, біз де арнайы программалармен жұмыс жасап компьютерде отырамыз, моделирование, корреляция анау-мынау жасап.
phdyereke
Мен Атырауда жумыс бабымен коп болгам. Бір-біріне жол беру, өткізіп жіберу деген ұғым жоқ. Бір ретте бір жанымдағы атыраулық жігіттің айтқаны бар, өткізіп жіберген машинаға сенбе деп.
asaubota
Қоғам сүйген жар болмай ақ, өз-өзіне көңілі толып, өз табысын өзі тауып, общым болып-толып жүрген әйелді ері болмаса «бақытсыз» деп қорытындылайды.

солай емес па енді?
Blogshy
Көп қорқытады, терең батырады ғой. Солай шығар ақыры…
VKM
Админ өз амплуасында))
Nurgisa
Ол әркез өз плуасында болуымен тұрақты, сонысымен қадірі асқақ
007
Автоледилерді жақсы көрем, бойлары 1,75тен асатын қыздарға қоңырқай түсті Лексус-330 жамааан жарасат менің ойымша........
Blogshy
Ал төрткөзді мерс ше? сондай мерске басым кетіп жүр қатты, бірақ сериясын білмеймін, түрінен танимын
bizbike
менің жұбайымның да басы кетіп жүр сол мерске, «басың қалсын» деп қоям
007
Мынадай мерспе айтып отырғаныңыз?
007
мынадай мерспе айтып отырғаныңыз?
007
Негізі қыздарға мынау қатып кетер еді деп ойлаймын
Blogshy
ия осылар. негізі мына астындағысы жаңа ғой, бірақ дизайн жөнінен жоғарыдағылар ұнайды. Тек артқы привод сосын қымбат құрғырлар
007
ал менің вазовскиларға басым кетет мәселен мыналарға
Tyulpan
оз ти, блогшы, сіз ханым екенсіз ғооооой. мен сізді ұл кен деееееп, қарыз сұрап, жыныңызға тиіп жүрсем )))))))) енді қарыз сұрамаймын   жазған кезде ұл сияқты жазғандай болдыңыз соңгин. кешіріңіз қатты кеткен жерлерім болса, мақұл?  

ал, енді сұрақ: неге фото қоймадыңыз анда дәстүр бойынша? алматыда ҚазҰТУ-да ма оқыдыңыз? соңғы сұрақ: піл талдың артына тығылып қалса не болат?  
Tyulpan
ох ти деп басталат )) түзейтін несі қайда кеткен?
Blogshy
 Қатырдыңдар әбден, сөзіме қарап бұлай айтасыңдар, ісімді білмегендеріңе шүкір  Фото қояын, ескілеу, осы бір-екі жыл көлемінде суретке түспеппін, қызығушылығым кетіп қалған ба… Атырауда оқыдым. Ал піл талдың артына тығылып қалса… оның жауабын жалғыз Тюльпан біледі  
Blogshy
мына фотоны қалай кішірейтуге болады?
bizbike
кішірейтіп жариялаған болдым. Microsoft Office бағдарламасымен ашасыз, «сурет» деген жерінен «суретті кішірейтуді» таңдайсыз, оң жағында шыққандарынан «Web беттер үшін» кішірейтуді таңдайсыз
Blogshy
Енді редакциялауға келмей ме бірдеңе, әрі бері шұқылап қойдым. Бұлайша жалпиып жарияланатынын білмеппін
Nurgisa
«Жыл жаңалығы» номинациясы бойынша ұйғарымды мерзімінен бұрын жасап қойған жоқпыз ба осы?
Nurgisa
Земфираға келеді екен түрсипатыңыз.
Blogshy
көбісі солай дейтін, әсіресе гитара тартып отырған кезімде  қазір Зекеңнің де менің де түріміз өзгеріп кетті ғой
bizbike
аман бол, гитара да тартасың ба? сені Құдай жігіт қылып жаратпаған екен, әйтпесе қыздар қырылып жататын еді аяғыңның астында
Tyulpan
Гитарада қашан ойнап берес?  мында видеоға салсаңыз болат ))
Blogshy
Гитараны кәсіби шертпеймін, нота танымаймын. Қол боста ермек етем, 8 сыныптан бастап әуестенгем, өмір бойына кететін хоббиым болатын шығар гитара. Ерінбесем салып қалармын, бірақ еріншекпін, оны түсіріп, өңдеп отыруға қайдаааа…
Erke
мен Акбота Керімбекова деп ойлап қалдым!
VKM
blogshy, суперскаясың ғой
Blogshy
Сонымен, енді піл талдың артын тығылса не болады?
Tyulpan
сонымен өз сұрағымды өзіме бердіңіз ба? қызық мес қой олай
Blogshy
Онда бар ғой, талдың екі жағынан екі құлағы көрініп тұрады жалбырап.
Tyulpan
иәәәәәәәә. тығылса, көрініп қалат )))))) құлақтары не өзі.  бір группаласым универде осындай сұрақтар қоя беретін еді ))))

сіз — мадес
bizbike
туып-өскен жеріңіз, қазір Атырауда тұрасыз ба?
Blogshy
Қазір Қызылордада жұмыс бабымен, жалпы Атырау, сосын сол бір ауылында мамам қасында жүре берем анда-мында
qisyq
Жаны десе, менің де рецензиямды ұнататын адам бар екен-ау деп шүкір-шай беріп келіп отырмын осы отырғанда «Данияр» кафесінде 30 адамға 110 000 теңге шығарып. Құрысын, қазір продукты да қымбат қой, оптовкаға барсам аяқ асты мұз, ойқы-шойқы, жүргенше шаршап, сансырап бітесің, ал ана Магнумға барсам қымбат деймін, өткенде бөлемнің баласы осы Алматыда студент, Казгуда оқиды, ой Казгу деген керемет қой шіркін, баяғыда өзім мехматта оқығанда танцыға барып, әйеліммен сонда танысып едім, ана ішкі жақта алаң болатын билейтін, арасында футбол ойнап сол жерге күндіз, айтпақшы Реалдың соңғы ойынын көрдіңдер ме, иттер, не болып жүр өздеріне, бұл испандық футбол бір сүйкімсіз ғой екі-ақ командаға жанкүйер болып, ә, айтқандай, жаңағы шүкір-шайда испандық зәйтүннің майына піскен өзім жасаған тамақ тарттым, риза былай бәрі… Сооол…
Blogshy
Сіздің рецезияларыңыз ұнайды шынымен, көбісін оқып шықтым
Aldeken
өлкетанушыңнан кейін, бұған не болд деп ойым сан-саққа жүгіріп отыр ед, бар екенсің ғой, әлі, тірі екенсің ғо, күйеу білә, тойыс, күйеу лібә, тіпу, күйеу бала дегенім ғо…
qisyq
Қайнағасәмбердк… Тіріміз, бармыз, рахмет, сіз де зайвалкенсіз.
bizbike
бойдақ жігіттер сұрақтың астына алмай қалайша шыдап отыр екен ә?
ruben
Мен танитын бойдақ жігіттер суретті көрсе де, бикештің жазбаларын оқи келе, бір қыз бала жазуы мүмкін екеніне сенбей отыр, суыған шайларына үрлеп
UMYTYLGAN
астына алсада, үстіне шығарсада «енді бәрі де кеш» деп отқасын құлшына қойғысы келмей отқан болар мүмкін?
bizbike
осы «Батыстың қыздары тегін, үйі, көлігі бар» деп қызыққандарға көзқарасың қандай? Қызылордада жұмыс бабымен жүр екенсің, сол жаққа келін болып қал деген ұсыныстар түссе сенің әрекетің қандай болмақ?
Blogshy
«енді бәрі де кеш» дейтін бе еді киноларда… таңдауым жасалды, енді ұсыныс түссе де кеш. Ал альфонстарға көзқарасымыз бәріміздің бірдей болар, әзір асқа тік қасық болатындарды кім жақсы көрсін.
Barsa
Әп бәрекелді. Мазмұнды шыққан сұхбат екен. Осы секілді қарындастарды тыңдау, көру, оқу үшін келеміз ғой КИге.

Диаровтың шәкірті деуіме бола ма Атырауда оқыған болсаң?
Blogshy
Дәл, о кісі диплом қорғағанда зәремді ұшырған, құдай сақтағанда метанның формуласын сұрады әйтеуір. Ең бір қадірлі, көзі тірісінде қадірін білмей жүрген академигіміз
a63a1
Жалпы қыз жақсы, ал бұ кісінің төмен етектілерден екенін мына жазбасын жазған күні білгем
007
Сізге өтініш… СТУДЕНТТІК ЖЫЛДАРЫҢЫЗДАН БІР ЕРЕКШЕ ЕСТЕ ҚАЛҒАН ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒАНЫ АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ
Blogshy
Бір оқиғаны айтайын. Жыл сайын жатақханадан бөлме алатынбыз, содан группалас қыздар бірігіп тұратынбыз. Бөлмеде менің шайды ыстықтай және көп ішетінімді келеке қылатын, «есікті жап, шайым суып кетеді» деп мазақтайтын. Содан оқу басталғанда әркім үйінен зат әкеледі, мен кір жуатын үлкен пластмасса леген әкелгем. Орын жоқ, әрі менікі болғасын қыздар оны менің кереуетімнің астына қоятын. 3 курс басталғанда қасымызға бір перваш қызды қосты, аты Эльмира еді. Келген күні Эльмира «неге кереуеттің астына леген қоясыңдар» десе, қыздар «бұл жерде пәленше деген жатады, шайды көп ішеді, түнде қуығы ұстамай астына жіберіп қояды, сосын астына леген қоямыз, бірақ өзіне білмеген бол, әйтпесе ренжиді» депті. Мен сабақтан келгесін қыздар онымен таныстырды, байқаймын, Эльмира маған қарап көзі шығып барады. Оның үстіне мен келе салып «қыздар шай ішейік» деп шай қоя бастамаймын ба. Ол бұған көпке деін сеніп жүріпті, соңынан айтып бір мәз болғанбыз.
Пы.сы. Аяғыма киіп алған шұлығымды іздеймін деп сабаққа кешігіп қалғаным бар бір күні.
Nurgisa
Эльмира бастапқыда сізді мүсіркей, аяй қарап жүрген шығар?
Blogshy
ия, шынымен сеніпті
Nurgisa
Біраз уақытқа дейін легеніңізге кір жууға жүрексініп жүрген шығар сосын?
Blogshy
 әбден мүмкін… Қазір жақсы достармыз, кейде осындайларымызды еске алысып күлеміз.
Nurgisa
Ойлап қараңызшы, сіз гитарамен лириканы жауындай нөсерлетіп жатырсыз бөлмеде, айнала толған тыңдаушы, ал Эльмира боздап қоя береді. «Байғұс-ай, құдай бір жағынан берсе, бір жағын кем қылады екен-ау» деп аяй жылайды. Қабырғаны қайыстыра ма? Меніңше қайыстырады
Blogshy
  ал мен болсам өлеңге жылап отыр деп мәзбін… қабырғам қазір де болса қайысып кетті…
007
Біраз уақытқа дейін легеніңізге кір жууға жүрексініп жүрген шығар сосын?
жаман айттыңыз
007
 рахмет!!! армансыз бір күлдім-ау, негізі бір қауымдастық ашу қажет осындайларды жазатын…
Armanjan
Естеріңде болсын, "Қыздың жасын сұрамайды, қыздың жылын сұрайды" деп Әбіләкім әскерге кетерде бізге ақылын айтып кетіп еді бір кездері.
bizbike
автоледи, бизнеследи, оның үстіне гитара тартасың, спортледи болсаң да таң қалмаймын. спортпен айналысасың ба?
Blogshy
Ойбай, бизнеследи деме, әлі ертелеу. Автом да алып бара жатқан крутой емес, тек өз еңбегіммен алынғасын бағалы. Гитара деген екінің бірі шертетін нәрсе ғой. Спортқа жақын едім жас кезімде ))) қазір болмайды айналысуға.
Blogshy
Осы Тюльпанның сұрағы маза бермей отыр, жауабын білесің бе? Піл туралы?
bizbike
жалпы піл тығылу дегенді біле ме екен? тығылса енді ағаштың артына тығылмайтын шығар ә?
bizbike
гитараны екінің бірі шерте бермейді, мен ынталанғанмын 9 сыныпта ма, саусақтарымның қысқалығына қарамай домбыра тартамын ғой, гитараны да үйренемін деп, қайдағы, саусақтарымның күші жетпейді, анық дыбыс шығара алмай ақыры қойдым сосын. Неге қазір спортпен айналысуға болмайды?
Blogshy
мен де басында оркестрге қатысып, тәп-тәуір домбыра тартып бастағанмын, сосын гитарамен ауырып қалдым. Былтыр ғана жап-жаңасын сатып алғам, биыл тағы бір жерден көріп айналшықтап жүрмін. Денсаулығыма байланысты. Бір жылдан кейін Алла қаласа дұрыстап, жүйелі түрде айналысуға жоспарлап жүрмін, себебі денсаулық керек екенін түсіндім.
meirzhan
Өте қызықты сұрақтар, соған сәйкес жауаптар.
ken
жаңа сотка алдың ба?
Blogshy
Алғам жоқ  сенсор ұстай алмаймын
temir1986
Мәләдес барлығыңа бес.
vebred
Жүрегің нәзік, алайда ер мінезді, батыл қыз көрінесің, суретің де, жазғандарыңда соған ұқсайды. Алдыңнан жарылқасын!!! Қатты ұнадың)) Адам ретінде!!!
Blogshy
Жылы лебізіңізге рахмет
Aigolek
Баягыда солай деге алгаш келгенде мени де еркек деушед бари
Aigolek
маган да унап отырсын
Blogshy
 рахмет, жаңа жылдарыңызбен барлығыңызды да, құтты жыл болғай!
VKM
Айгөлек,1-ші рет саған біреу ұнады
meirzhan
Айгөлектің өмірін зерттеп жүрсің ғой тегі ))
Zhanka
Батыстың қыздары мадес қо баяғыдан. Батыстікілерді бірден таним.
Hetrou
Атыраудың қай жеріненсің именно? Мақат жақ емес па?