Асқар Базарбай: Бодибилдинг жарнамаға зәру емес

Гастаны блогшыларға таныстырудың қажеті жоқ шығар. «Нұр Астана» газетінің кезекті санында оны оқырмандарымызға таныстырудың сәті түсті. Сұхбат төменде.

– Блогосфераға қалай келдің?
— Студенттік кезімде мұғалімдердің кеңесімен ағылшын тілінде күнделік жүргізетінмін. Кейде қазақша, кейде орысша жазып кетіп жүрдім. Сонау 2005-ші жылдары орыс блогосферасында күнделік жүргізе бастадым, онда өзімнің қалалық тіршілігімді, оқыған білгеніме көзқарастарымды жазып, жеке өмірімдегі өзгерістерімді баяндайтынмын. Бейтаныс адамдарға сыр ақтару оңай ғой. Оның үстіне орыс блогосферасы сол кездегі қазақ сайттарына қарағанда еркіндеу болатын. Қызықсыз, құнсыз сандырақ жазсаң, тезектен алып, қиға салып, тақияңды теріс кигізіп жіберетін (тап қазіргі Керекинфо сияқты). Ақыл сұрасаң барымен бөлісетін. Ал қазіргі қазақ блогосферасына әлдеқайда кешірек келдім. Бір кездері атышулы бейресми solai.de – сайты болатын. Оның мықты тұсы мейілінше либералды форумы болатын. Талай блогерлерге сынақ ортасы мен шынығу майданына арналған форум менің де содан кейінгі баяндау стиліме үлкен ықпалын тигізді.

– Блогшылар арасында тән сымбатымен айналысатының арқылы да танылдың. Бұл әуесқой спорт түрімен қанша жастан бастап айналысып келесің?
— Бәсе, блогосферасы несі деп қоям, алыстан бастаған екенсің ғой. Онда мен де алыстан бастайын. 16 жасар бозбала кезімде мен де атыс-шабыс фильмдерінен, жасы үлкендерден көргенімді істеп, бұлшық етті актерлер мен спортшыларға қызығатынмын. Алайда сол кездердегі шынығу бір жыл ішінде еш нәтиже әкелмеді. Керісінше, дайындықсыз ауырлау салмақ көтеремін деп, белім кілт етіп, жарақат алдым. Жастайымнан жекпе-жек түрлеріне әуес болдым. Әрине, олар төтенше жағдайда бойыма сенімділік ұялататын, дегенмен еркін күрес те, кунгфу да, карате де тарамыс-тарамыс тұрқыма елеулі өзгеріс әкелмеді. Тек жасым 25-ке таяғанда, компьютер алдында бүкшиіп ұзақ отыру нәтижесінде омыртқамды остеохондроз, пәленартоз-түгенқыртоз деген науқастар жиі мазалай бастады. Дәрігермен ақылдасып, жұмыс орнымыздың тұсындағы жаттығу залына кіріп тұрдым. Онда ешбір жүйесіз, әр снарядты бір түртіп, тер шыққанын қанағат қылдым. «Мектепте өспеген дене, студент кезде шықпаған бұлшық-ет енді қайдан шыға қойсын» деп ойлайтынмын.
Бірде, мен баратын жаттығу залына кен орнының бастығы Дарси да келді. 45 жасар әуесқой атлет Дарсидің тұрқы нағыз бабындағы 25 жасар гимнастқа ұқсайтын. Жұмыста оның буылтық-буылтық шымыр денесінің бедеріне қызыға қараушылар көп еді. Қасымдағы Майк есімді әріптесіме «Шіркін, Дарсидікіндей денем болса!» дедім мен де.
«Біреудікіндей денем болса» деп ойлау жеміссіз, бос қиял» —деді Майк. «Дарсидей қалауыма берік болсам, мұндай сымбат иесі болу тіпті маған да қиын болмас еді. » деп түйді семіздікпен күресіп жүрген әріптесім. Кейіннен Дарсидің өзінен «Қашаннан шынығып жүрсің?» деп сұрағанымда, ол маған 40 жасында жағажайда түскен суретін көрсетті. Суретте пішінсіз қарны бес биенің сабасындай егде тартқан кісі тұрды. «Жаттыға бастағаныма бес жыл болды» деді Дарси. Тым терең фәлсафалық білімді қажет етпейтін Майктың «қалауыңа берік болу» туралы сөздері мен үшін үлкен мәнге ие болды.

— Кәсіпқойлыққа ауысуға мүмкіндігің болды ма?
— Әлбетте бір маусым арнайы жарысқа дайындалып, өзімді сахнада сынап көргім келеді. Бірақ ол оңай емес, білмейтін адамға мен үстіме май жағып қазір де шыға берсем болады. Ал әділқазылар үшін менің бұлшық ет массам тым аз, тері асты майым көп қарапайым ғана дене шынықтырушымын. Бүгінде сахнадағы бодибилдерге қойылатын талаптар тым жоғары, олар бәске тек денсаулығын ғана емес, өз өмірін де тігуге мәжбүр. Оның үстіне Қазақстанда бодибилдингпен отбасыңды асырау мүмкін емес. Отбасымды жұмысқа қатысты апталап көрмеймін. Қысқасы дәл қазір ондай ерлікке дайын емес екенмін. Сылтау көп. Ал себебі, менің бодибилдингті ешқашан болашақ кәсібім ретінде қарастырмағаным деп ойлаймын. Менің сүйікті кәсібім ағылшын тілі. Сонымен қатар ұстаздық қылғанды ұнатамын. Аудармалар жасағанды. Әңгімелер жазғанды. Бодибилдинг мен үшін тек белсенді демалыстың сүйікті түрі. Жаттығу залында денем порша-порша болып күшенгеніммен, ойым басқа шаруалардан біраз тынығып қалады. Біреу мысалы бильярд ойынынан жалықпайды ғой, достарының арасындағы ең мықтысы болғанымен, чемпионатқа қатысып, сол арқылы ақша табуды ойламайды. Сол сияқты мен үшін бодибилдинг сүйікті әуестік ғана.

– Аптасына қанша рет, қанша сағат жаттығып тұрасың?
— Әр кезде әртүрлі, артымнан ешкім қуып, нәтиже, рекорд сұрамаған соң көңіл күйіме байланысты, кейде аптасына бес рет, кейде екі рет. Ал кейде мойын жар бермей апталап залға кірмеймін.
– Дене сымбатымен айналысуда басты назарға туа бітті сымбат шыға ма, әлде тынымсыз жаттығу алына ма?
— Туа бітті сымбат тек үлкен кәсіби жарыстарға дайындықта шешуші рөл атқарады. Туа бітті талантыңыңның бар жоғын да тұрақты жаттықпасаң білмей кетуің мүмкін. Өйткені әуесқой бодибилдингте тынымсыздық емес, тұрақтылық пен сауаттылық маңызды.

– Дене сымбатымен айналысуды бастағанда қалай едің, қазір қандайсың?
— Меңзегенің дене бітімі болса алғашқы суретте менің университет бітірген кезім. Ал одан кейінгісі жуырда залда түскенім. Ал былай тұлға ретінде сұрасаң, әрине гантель ұстаған бойда желкемнен үшінші көзім ашылып, Будданы алақанын таныдым демеймін, бірақ әлдеқайда ересектеумін, сенімдірекпін, табандылаумын, адамның құрылысынан, денеде жүретін процесстерден, қоректену, жаттығу әдістері туралы көбірек хабардармын.
– Денеңді шығару үшін дәрі қолданып көрдің бе?
— Ең көп қойылатын сұрақ. Әрине, көрдім. Дайынсың ба, қазір тізімін айтам. Витрум, Аскорбинка, ерлерге арналған Дуовит, Кальций 3Д Никомед, Полижен, Мультивит, Мультитабс, Мультимакс, Креатин, В-6, В-12, Ундевит, Ревит. Ал бірден нәтиже беретін тестостерон негізіндегі гормондық қоспаларды әлі қолданып көрмеппін. Өйткені әлі өзімнің туа бітті генетикалық өсу қорын сарқыдым деп ойламаймын. Көптеген адамдар, өзінің табиғи күш қорын жүзеге асырмай жатып, бастаған бойда дәріге жүгінеді. Бұл жалқаулық пен асығыстық белгісі. Әрине әркімнің өз шаруасы, тіпті «тік ішегіме насоспен жел айдайм» десе де өздері білсін. Тек Ахмет Байтұрсыновтың «Өгізі мен Бақасын» ұмытпаған дұрыс. Дереу жарысқа қатысып, үш айда сахнаға шығу жақын жоспарыңда жоқ болса, табиғаттың берген қорымен де алысқа шабуға болады.

– Әуесқой спортпен айналысқанда қандай кедергілерге тап болдың? Оларды жеңе алдың ба? Әлі де бағынбаған белестер бар ма?
— Жақын туыстардың қайтыс болуы, кездейсоқ ауруға шалдығу, жарақат алу сияқты төтенше жағдайлар бірнеше айға, тіпті бір-екі жылға дейін зал көрмей кетуге себеп болған кезі де бар. Ара тұра артық салмақ мәселесімен бетпе-бет келген күнім де болды.
Бірақ көптеген мәселелердің шешімін физикалық белсенділіктен, оның ішінде әуесқой атлетизмнен тауып отырдым.
Адам анатомиясы, биомеханикасы, дұрыс тамақтану және дене шынықтыру туралы ұдайы ізденісім ынтамды қайта оятып, басқа әуесқой атлеттердің табыстары жігерімді қайрап отырды. Бүгін де жинаған тәжірибем мен оқыған-білгенім маған өзімнің әлсіз және шымыр тұстарымды ескеріп, жасым мен жағдайыма сәйкес бағдарлама құруға мүмкіндік береді.

– Кумирің кім?
— Әкем. Ол жасында бокспен шұғылданған, ағам екеумізді бала кезімден сол спорт түріне баулитын. Бірақ ағам еркін күресті таңдады, ал мен кітап оқуды таңдадым. Көптеген күш пен акробатика трюктарын көрсететін бізге. Қырықтан асқан күнінде турниктің құлағында ойнап, қолымен жүріп, тоқсан келі зілтемірді жай әншейін тербейтін. Соның барлығын мен қайталауға тырысатынмын. Әкем сегізқырлы бір сырлы болған кісі. Ол жас кезде, атам әлден 70 жасар қарт еді. Екі рет мединституттың экзаменінен құлап, үшіншісінде түсті. Оған дейін монтер де болды, электрик те грузчик те болды. Аймағының атышулы төбелесші де болды (18,9 адам куәлік етуге әлі де сескеніп отыр))… Сөйтіп жүріп пышақталып, операциядан кейін, хирург болуды шешті. Отбасында бірінші болып жоғары білім алып, интеллигентті отбасын құрғысы келді. Құрды да. Оташы болып, талай адамның жанын аман алып қалып, өзінікіне қолы тимеді. Бәлкім елге қаһарман емес шығар, бірақ сол кісінің өмірінен, айтқан сөздері мен жасаған істері өмірбақи маған өнеге.

– Бұл спорт түрі біздің елде қаншалықты дамыған?
— Біздің кәсіби спорттағылардан жақсы танитыным тек Дәурен. Ұмытпасам, өткен жолы Ресей кубогын ұтып алды. Азиаға жолдама алды. Жалпы спорт әуесқойлары арасында әрине бұл спортпен шұғылданатындар көп емес. Бірақ бұл қазақтардың сымбатына немқұрайдылығынан емес, ақпаратсыздықтан. Жеке өз ойым, бодибилдинг үгіт-насихатты қажет етпейді. Өйткені өз денесінің сымбатын ойламайтындар кем-де-кем. Бодибилдинг туралы өтірік-өсек аяң әңгіме көп, содан қорқады көбісі. Сондықа тек алып-қашпа әңгімесіз, дұрыс ақпараттандыруды ғана қажет етеді.
– Қазіргі дене өлшемдерің қандай?
Енді кәсіпқойлар секілді апта сайын метрмен өлшеніп жүрмеймін. Бірақ соңғы рет өлшенгенімде, бойым 173,5 см, салмағым 85 кг, иық аумағы 127см, қолым 40см, белім 88см, саным 59 см, балтырым 38см болды. Бұл Ресейде тіпті әуесқой бодибилдер үшін де өте кішкентай көрсеткіштер.

– Денесің сымбатты көрінгені әрине, жарасымды. Алайда, бұның денсаулыққа пайдасы қаншалықты?
— Әуесқой түрі егер жаттығу барысын сауатты түрде ұйымдастырса әрине денсаулыққа пайдалы. Тыныш әрі жайлы ұйқы, сүйек қаңқасы нығыздалып, қатаюы, оған қоса қанайналым жақсарады, иммунитет күшейгендіктен маусымдық ауру-сырқауға шалдыққыштық азаяды, тәбет жақсарады.
– Дене сымбатымен аналысатын адамдар туралы аз естіп жатамыз ғой. Онымен айналыстаны адамдар аз ба сонда? Жастардың арасында бұл спортқа қызығушылық қаншалықты?
— Қызығушылық көп. Бірақ, 8 мәрте Мистер Олимпия Ронни Колман айтқандай, көбісі бодибилдерлердей болғысы келеді, тек ол үшін ешкім «әлгі жерін» қинағысы жоқ. Ал қазақ тілінде тиісті ақпараттың аздығы бұл шаруаны одан әрі қиындата түседі. Әйтпесе, ауылдарда небір туа бітті дарындарды көзім көреді, аттардың сыншысы сияқты, оларды дене бітіміне қарап, әттең бағытын білсе, біраз жерге барар еді деймін де қоямын. Соларға арнап кітап жаза бастағанмын, қазір өмірімдегі кейбір өзгерістерге байланысты, тұралап тұр.

– Баяғыда «жұдырығы тоқпақтай, жауырын қалпақтай» деп айтушы еді ғой. Жақында бір қыз «жауырыны қалпақтай» жігіттердің азайып кеткенін, көбінің әлжуаз екенін айтып еді. Бұл пікірмен келісесің бе?
— Қақпақтай дегің келген болар. Жоқ. Келіспеймін. Еш темір көтермей ақ, анадан алып туған жігіттер жетеді. Оны жуырда өткен «Қазақстан барысы» қазақша күрес кешінде байқаған боларсың. Мен жолдастарымның да көбісі менен салмағы да, аумағы да кіші емес. Әлжуаздық денеде емес, сана мен рухта. Рухы әлсіз, көлеңкесінен қорқатын жігіт жауырыны бес қақпақтай болса да майда көрінеді.
– Денені сымбатына ие болу үшін залда қандай әдістерді орындауды ұсынар едің?
— Әр адамның жасына, жынысына, шымырлық деңгейіне, туа бітті конституциясы сияқты факторларға байланысты ғой бәрі де. Бір ауыз сөзге сыятын әмбебап әдіс болса, әлемде бәрі шымыр денелі болар еді.
– Артық салмақтан арыла алмай жүргендерге не айтасың?
— Көп адамдар артық салмақтан арыла алмай жүрмін деп айтады. Бірақ ол жалған. Олардың тырысып әлдене істеп жатқаны өте сирек. Тырысса да, тез беті қайтады. Айтар кеңесім, жылдап жинаған артық салмақты бір күнде қайтаруға тырыспаңдар дер едім. Алдымен әлсіз толық болғанша, щирақ толық болуды көздеңдер.

– Дене сымбатымен айналысып жүргенде қандай тамақ ішкен дұрыс?
— Мұнда да адамның мақсатына, дене типіне қарай әртүрлі. Қысқаша айтсам, тамақты көбірек және жиірек жеуі керек. 3 –рет толыққанды ыстық тағам және тағам арасында 2 рет жеңіл желпі қатық, айран, алма сияты азықпен жүрек жалғап жүрсе жетеді. Таңертең тойып тамақ ішу керек, тамақтың көптеу бөлігін түске дейін жеп, аздау бөлігін кешкіге қалдырған жөн. Көбіне ет тағамдары ( әсіресе тауық пен балық) және сүт тағамдарын, жұмыртқа, дәнді дақыл өнімдері, қара нан мен асбұршақ түрлері, картоп, көкөністер.
– Нағыз жігіт қандай болу керек?
— Әкемнің өтірік айтпа, ұрлық жасама, біреуге қиянат қылма. Қалғанын өзің білесің дейтін. Бұл бірақ кімге болса да айтылған сөз шығар. Бірақ бұдан басқа самурайлық намыс кодексім жоқ екен. Ситуацияны көбінесе қоршаған ортаға қиянатсыз, минимум зиян жолымен шешуге тырысамын. Нағыз жігіт жақындарын өзінің «нағыз жігіттігінің» құрбаны етпеуге тырысу керек.

– Дене сымбаты/ бодибилдингпен айналысамын дегендерге қандай кеңес берер едің?
— Төрт-бес айда денемді шығарып алам да, мыңқиып жүрем деп ойламаңдар. Дене жаттығуларын тоқтаған мезетте, ағзаңыз артық жұмыс істеймей бос жатқан бұлшық етті «енді қажетсіз» деп танып біртіндеп «қысқарта» бастайды. Буылтық-буылтық болам деп шешсеңіз, зілтемірді я өмірлік дос қылыңыз, я тастайтын болсаңыз бірден емес, біртіндеп, жаттығудың қарқынын азайтып барып тастасаңыз болады.
Сосын сары-уайыммен, барысқа шыққан аңшыдай залға үрей арқалап келмеңіздер. Ондағы адамдар құбыжықтар емес, жаттығу аяқталған соң, кез-келген сұрақтарыңызды бітімі жетік біреуге қойыңыздар, білетін болса жауап береді.
– Жаңадан бастаушылар көбіне қандай қателіктер жасайды?
— Жаттығу кезінде қауіпсіздік ережелеріне, орындау техникасына көңіл бөлмейді, күш салмайдығ тым жиі жаттығады, дұрыс ұйқтамайды және залда тым ұзақ уақыт жүреді. Керісінше, жаттығуға бар ынтаңмен кірісіп, зал есігін күнарадан жиі ашпау керек, және залда 1,5-2 сағаттан артық жүрмеген дұрыс.

– Жаттығумен айналысып жүргенде қатты алданған кезің болды ма?
—Есімде жоқ.
– Блогыңа фитнес туралы әрдайым жазып тұрасың ғой. Оқырмандарға тағы қандай кеңес айтасың?
— Оқырман оқитынымен оқырман ғой. Оқы, оқы және оқы деймін. Деніңіздің саулығы үшін күніне бір-бір жарым сағат жаяу серуендеп, таңғы разминкаңызды үзбегеніңіз бен уақтылы тамақ, ұйқы режимін сақтағаныңыз жетіп артылады. Ал сымбатыңызға тек көлем жағынан ғана емес, сапа жағынан да елеулі өзгеріс енгіземін десеңіз, бодибилдинг ең нәтижелі әдіс.

Газетке шыққан нұсқасы мында
Бөлісу:

18 пікір

konvict
Газетке қысқартып, қатесін дұрыстап береміз ғой. Мына жаққа оригинал нұсқасын салуды жөн көрдім. Бәлкім, осы арқылы менің сұрақ қою стилім мен Гастаның бейнесі анық аңғарылатын шығар
Adiletshu
Өткендегі программа бойынша жаттығу жасап жүрмін. Бастапқыда бір жаттығу түрін аяқтағаннан кейін-ақ шаршап қалатынмын. Қазір шаршамаймын. Мүмкін тағы жаттығу түрлерін қосу керек шығар?
Gastarbaiter
Салмақ қосу керек, сонда шаршайсың) Подход арасындағы демалысты қысқарту керек.Сонда көтіңнен бу шығады)))
Tyulpan
қыздарға да айналысуға болат, жеңіл түрімен )) кеуде бұлшықеттерін қатайтуға болады. 5 нүктені шығаруға және қатайтуға болады.
Aidakonya
Талантливый человек талантлив во всем!
MickThatsMyNick
Жаттығу залында денем порша-порша болып күшенгеніммен, ойым басқа шаруалардан біраз тынығып қалады.
Менде керісінше, спортзалдан ойым тынығып қалады, стресстен құтылуға таптырмас құрал. Качалкаға аптасына 1-2 рет барам және кем дегенде 45 минут шынығам, осылай барып жүргеніме төрт ай болды, әлі білмейтін, білсек те дұрыс жасамайтын жаттығулар жетеді.
ПыСы: Осы спорттың түріне қызығушылық танытқандарға қызықты мақала, рахмет!
serjan
Блогшыға емес спортшыға қойылған сұрақ сияқты бұл сұхбат.
bazuka
сұрақтың қойылуы, қате-мателерін білмим, бірақ өте керек сұхбат.
duman
менің тренажорға барып жүргеніме 2 айдан асты өзгеріс болар емес қандай кеңес бересіңдер братандар
Adiletshu
Жаттығу бағдарламаң қандай?
duman
шыны керек жақсы инструктор болмаған соң өз бетімше жаттығам былайша айтқанда бағдарламам жоқ, білетіндерің болса қалай жаттығу керек екндігін айтып жіберсеңдер… рахмет
Adiletshu
Үш базовыйды бөліп таста үш күнге аптасына.
Жим Лежа 4 — подход 8-10 реттен
Становая Тяга 5-подход 6-8 реттен
Приседание — 4- подход -8-12 реттен

Жимлежаға жим гантелей, разводка, брусьяны қос екі-үш подход — 10-реттен

Тягаға — Турник 3 подход 10-12 реттен, Тяга на бицепс — 2 подход -10-12 реттен,

Приседаниеге выпад поочередно с гантелями, 10-12 реттен, плюс разгибание ног — 4 подход — 10-12 реттен, икры 2 подход 20-реттен.

Болды.
АРасында бір-ек күн демалып тұр. Тамақты өзіңді күштеп көбірек же. Көбірек ұйқта.
Adiletshu
Айтпақшы бұл массаға арналған
duman
жақсы рахмет енді осылай жаттығам
duman
бірақ аз емеспа
Adiletshu
– Жаңадан бастаушылар көбіне қандай қателіктер жасайды?
— Жаттығу кезінде қауіпсіздік ережелеріне, орындау техникасына көңіл бөлмейді, күш салмайдығ тым жиі жаттығады, дұрыс ұйқтамайды және залда тым ұзақ уақыт жүреді. Керісінше, жаттығуға бар ынтаңмен кірісіп, зал есігін күнарадан жиі ашпау керек, және залда 1,5-2 сағаттан артық жүрмеген дұрыс.
Gastarbaiter
Сенде андройд сотка, или планшет бар ма? Jeffit — деген софтты пайдаланып көріп пе едің? Лібә, жақсы болды, ручка қағаз арқалап жүргеннен.
maryash87
неге ұзақ ???? мынаны оқып біткенше ұйқтап қалам, бирак Гастаны таныдым