Үрей мен үміт
Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен 19 жасар Гүлсезім Бақытжанованың ата-анасы дәл осы сезімдерді кешіп жүрген күйі бар. Жоғалған қыздың соңғы хабары бойынша ол Атырау қаласында фотомодельдер байқауына қатысайын деп жатқан.
«Қыркүйектің 28 күні менің қызым Гүлсезім Бақытжанова ұялы телефоныма қоңырау шалып, Атырау қаласында екенін және «Моя свадьба» жорналына фотомодельдер байқауына қатысайын деп жатқанын айтты. Содан кейін еш хабар жоқ», — жоғалған қыздың әкесі Ғайнолла Мұрзақовтың ҚР ІІМ министріне жазған хаты осы сөздермен басталады.
Өз хатында Мұрзақов Орал ҚІІБ мен облыстың ІІД барғаннан кейін қызын іздеуге өзі аттанғандығын жазған.
«Қызым кеткен бағытпен Атырауға бардым, барлық таныстарымды, достарым мен туыстарымды көмекке шақырдым. Барлық мүрдеханаларды, емханаларды, сайқалханаларды (публичный дом) аралап шықтым. Тіпті қонақ үйде бөлме жалдап, қызымды табам деген үмітпен үш күн қыз шақырдым. Еш нәтиже шықпады. Содан кейін полицейлер менің қызыма фотосессия жүргізген фотосуретшіні тапқандығын, бірақ тергеу мүддесі үшін онымен кездесуге мұрсат бермеді. Содан бері бір айдан астам уақыт өтті, бірақ менің қызым әлі табылмады. Атырауда неше түрліні естідім, неше түрлі сайқалханаларды (дома терпимости) көрдім, мұндайды тек кинодан ғана көруге болады деп ойлап едім. Бармаған көріпкел мен тәуібім жоқ – бәрі де зая. Мен екі баланың әкесімін, кіші қызым ауырып жатыр, жұбайым өте қиын жағдайда. Біздің күніміз қараң болды», — амалы қалмаған әкенің министрге жазған хаты осы сөздермен аяқталған.
Фотобайқау – тұзақ
Сұлулық байқаулары мен фотобайқауларды Орал мен Атырауда өткізетін біз, — деп түсіндірді «Диал» модель агенттігінің директоры Алмаз Качиев. – «Моя свадьба» жорналы Қазақстанда бар, бірақ ол Алматы қаласында және барлық фотобайқаулар сонда өтеді.
Біз «Моя свадьба» басшылығымен хабарластық.
— Атырауда ешқандай да фотомодельдер байқауын өткізген емеспіз, — деп олар Качиевтің сөзін растады.
— Модельдер байқауы мен фотобайқаулар – құлсатарлардың пайдаланатын негізгі айлаларының бірі, — деді «Қазақстан кризистік орталықтарының кеңесі» МЕҰ жобалар менеджері Елена Парашенко. – Әдетте бұндай хабарландыруларға еш жерде оқымайтын, жұмысы жоқ жас қыздар алданады. Алданғандар бұндай байқаулардың ұйымдастырушыларын олардың мамандығы, білімі қызықтырмайтынына көңіл аудармайды. Оларды тек бір нәрседен үміттендіреді – жоғары айлық.
Елена Петровнаның айтуынша құлдық дерегі бойынша Алматының өзінде биыл тоғыз оқиға анықталып, олардың ішінен жыныстық құлдық дерегі бойынша алты қылмыстық іс қозғалған.
«Бәрі де болуы мүмкін»
Гүлсезім оқыған Орал педагогикалық колледжіндегі оқытушылар Бақытжанова былтыр отбасы жағдайларына байланысты сырттай оқуға ауысып кеткендігін айтты.
— Ол өте жуас, тұйық, сөзге сараң болатын. Біз оны ешқашан у-шу болып жатқан топтың арасынан көрген жоқпыз, — дейді оқытушылар. – Өткен қыста соңғы сессияда ол парталас хиджаб киіп жүрген қызбен жақын араласып жүрді. Бірақ онымен не болғанын болжай да алмаймыз.
— Көлеңкелі бизнесте адам саудасы үшінші орынды алып отыр, — деп хабарлады адам саудасының құрбаны болғандарды оңалтумен айналысатын «Родник» қоғамдық қорының басшысы Нина Балабаева. – Бірақ біздің жағдайда нақты бірдеңе деп кесіп айтуға болмайды, адамдар әр-түрлі себептермен жоғалады. Қыздар ғашық болып, тұрмысқа шығып кету жағдайлары да болады. Мысалы, жақында Атырауда бес жігіт жоғалды, ата-аналары туған қаладан іздеген, ал олар белгісіз экстремистік топқа түсіп, оларды Шешенстанда өлтірген болып шықты.
Атырау қаласында адам саудасына қарсы әрекет жасау бойынша халықаралық ұйымдармен ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс жасап келе жатқан құқыққорғаушы Тоғжан Қизатова былай деді:
— Атырау облысына көп жастар келеді, өйткені мында жалақы жоғары, бұл жерде Шымкент пен Оралдан келіп жатқандар көп, сондықтан бұл жерде құлдық және жыныстық қанау деректері болып жатады. Не болса да жоғалған қыздың туыстары адам іздестіру ұйымдарының барлығына бару керек. Оған қоса полицияға қайта-қайта бару керек. Ешқандай іздің болмау мүмкін емес…
БҚО ІІД біздің облыста осы тектес жоғалу бірең-сараң екенін хабарлады.
Полицияда қазір Атырау облысының ІІД полицейлерімен бірлесіп Гүлсезім Бақытжанованы іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп қорытындылады.
Еске сала кетсек, 19 жасар Гүлсезім Бақытжанова Орал қаласынан биыл қыркүйектің 29 үйден шығып, әлі оралған жоқ.
Гүлсезім Бақытжанованың белгілері:
Бойы 162 см, дене бітімі орташа, шашы қарақоңыр. Ерекше белгілері: оң жақ білегі мен белінде иероглиф түріндегі татуировка бар. Жоғалған қыздың тұрған жерін білсеңіз, келесі телефон нөмірлерін хабарласуыңызды сұраймыз:
+ (7112) 28-34-59, 8-775-79-44-991, 8-775-717-111-9 немесе 102.
18 пікір