Спорттық қызығушылықпен...: Жұмабек Тұрсын

Мен үшін Керектегі бүгінгі күннің басты жаңалығы Жұмабек Тұрсын болды (Сержанның сол посты "Біз білмейтін қазақтар" қауымдастығына сұранып-ақ тұр екен). Төбелес десе, елең ете қалып, қалың ортасына түйілген жұдырықпен қойып кіріп кетпесем де, сыртынан қызықтап тамашалаудан қашпайтын басым, спорттық қызығушылықпен Интернеттен мәліметтер ақтарып отырып біраз… біраз деймін-ау бірталай дерек тауып алыппын

Әлқисса…

Жұмабектің лақап аты «Тағы көкжал» екен. Аралас жекпе-жекшілер туралы мәліметтердің базасы саналатын (мен үшін, әрине ) Sherdog.com сайтындағы рейтингіне бақсақ, ресми рекорды 14-0-0 деп тұр. Яғни, 14 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Бұл енді аталмыш сайттың тек өзі білетін немесе мойындайтын мәліметтері ғой, анау посттағыдан неге аз деп жүрмеңдер.
Ол рекордты әрі қарай жіліктер болсақ, жеңістердің тең жартысы төрешілердің шешімдеріне тиесілі екен. Оның ішінде 5-еуі бір ауызды шешім, яғни айқын басымдық. Тек екі жекпе-жекте төрешілердің азшылығы Жұмекеңнің жеңісіне күмән келтіріпті, бірақ көпшілік олай ойламапты  Қалған жеті кездесуінің төртеуінде қарсыластарын жер тоқпақтатып, үшеуінде "ұйықтатыпты" (біреуін "Қамшы" сайты мен Сержанның арқасында өздерің де көрдіңдер).
Жетістіктері туралы сөз қозғар болсақ, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мықтыларды анықтайтын Legend Fighting Championship жарысының 7-маусымында (Legend FC 7) Яо Хоңгаң (Yao Honggang) деген спортшыны төрешілердің шешімімен ұтып, өте жеңіл салмақ (bantamweight) дәрежесі бойынша чемпион белдігін байлапты бұл жігіт. Тағы бір айта кетерлігі, бұл Яо Хоңгаңмен екінші рет кездесуі болған екен. 2009 жылы Ultimate Wrestle чемпионатында оны қандасымыз техникалық нокаутпен жеңген екен (дәрігерлер тоқтатып алған ғой). Кейіннен Яо Legend FC тұжырымдамасы бойынша чемпиондыққа дейін жеткен.

Яң Хоңгаң — осындай қарсылас

Жұмабекпен кездесуі ол үшін маңызсыз болмағаны сөзсіз. Бір шетінен беліндегі белдікті сақтап қалу керек, екінші жағынан — бұрын кеткен ескі кегі бар. Содан ол Лас-Вегасқа барып, Wand Fighting Team тобымен жаттығып қайтыпты.

Біраз суреттер сөйлесін:

Яо Хоңгаң Жұмабектен кек қайтармаққа тыраштану үстінде…







Жұмекең де қарап жатсын ба?
Бір айдай созылатын Қытайлардың жаңа жыл мейрамы кезінде Жұмабек бауырымыз да спорт залында тер төгіп, ушу-саньдадан шеберлігін шыңдап, бразилиялық джиу-джитсуға (BJJ, БЖЖ) машықтанып жатты:





Опшым, бұл кездесудің нәтижесін жоғарыда жазып кеттім. Чемпион атанғаннан кейін, RUFF (Ranik Ultimate Fighting Federation) чемпионатына ауысып кетіпті. Қазір сол чемпионат аясында өнер көрсетеді.


Жетістіктері де мақтануға тұрарлық. Жеңістер саны жөнінен RUFF ішінде рекорд қойып тастапты — қатарынан 5 жеңіс. Енді келесі жылы болатын супержекпе-жекке (Super Fight 2013) жолдама да ұтып алған. Супержекпе-жекте әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз болып шыққандарға 1 000 000 юань сыйақы беріледі екен!

Әріптерді сөйлеттік, суреттерді сөйлеттік, әрі қарай видеолар сөйлесін, енді… хронологиялық тәртіппен

Ultimate Martial Arts Combat чемпионатында Уаң Женмен кездесуі:


Оңтүстік Африкалық Иршаад Саидпен кездесуі:

Жұмабектің өз айтуы бойынша, оған кездескен ең қиын қарсылас — жоғарыда суреттеріне шығарып, соншама әспеттеп жазған Яо емес, осы Иршаад Саид болған екен. Кейін Жұмабек бұл спортшымен RUFF чемпионатында тағы да кездеседі. Екінші видеосы — төменіректе.

Таиландтық Роберт Лекке қарсы:


RUFF чемпионатындағы Ли Болинмен:

Әдемі нокаут! Осы жеңісі «Ducati кеш нокауты» аталыпты. Ducati жарыстың демеуші болса керек.

Таиландтық Мишель Боом:


Ресейлік Рустам Талдиев:


Келесі трофей, тойыс… келесі — Жао Янфей


«Ескі жау атыспаққа жақсы» деген. Иршаадпен екінші кездесуі:


Мынау — бәріміз Жұмабектің өнеріне алғаш тәнті болған видео. Зяң Лоңюнмен жекпе-жегі:


Кейбір видеоларын таба алмадым. Табылып жатса, осы пост жаңартыла жатар…

Айтпақшы… Посттың бас жағында «біраз емес-ау, бірталай» деп жазып кетіп едім ғой? Енді әңгімемді сол «бірталайға» қарай бұрайын (Білмеймін, кімге қалай, әйтеуір мен үшін бірталай, енді )

Жұмабек Тұрсын қандасымыз жаттығып жүрген Шиан спорт университетінде онымен бірге Айдын Жұмай және Қастер Тіржан деген тағы екі қазақ бауырымыз бар екен.
Қазақ екендерін қайдан біліп қойдың дейсіңдер ғой?
Жұмабек туралы мәлімет іздеп жүріп, RuffChina.com сайтына тап болып, жекпе-жекшілерді шолып қарап отырғанмын. Көзім аты-жөндері қазаққа ұқсайтын спортшыларға түсе кетпесі бар ма? Бір шетінен өзі де сондайлар кезігіп қала ма деген ой болған (Ханати Силамудан кейін қытайша транскрипциямен жазылған қазақша аттарға қатты мән беретін болып кетіппін)… Осылар қазақ-ау дегендер туралы әрі қазбалап көрдім. Түйсігім алдамапты. Видеоларын көріп отырғанда, сегізбұрышқа кірер алдында жігіттеріміз беттерін сипап, дұға қылып кіріп жатыр! Айдын төбелесіп жатқанда әңгіме тіпті басқа — рингтің сыртындағы қазақша айқайлаған дауыстар анық естіледі

Дегенмен, көрсеткіштері Жұмабектікіндей емес, әрине. Мәселен, Айдын Жұмайдың рекорды 6-2 екен. RUFF-та 3 жекпе-жегінде жеңіске жетіп, екеуінде ұтылып қалған. Видеолары төменде:

Айдын Жұмай vs. Лю Женхоң


Айдын Жұмай vs. А Киао


Қастер Тіржанда — 3 жеңіс, 3 жеңіліс. RUFF чемпионатында 1 рет жеңіп, екі рет жеңіліп қалыпты. Видеолары:
Қастер Тіржан vs. Уаң Хоңчен


Қастер Тіржан vs. Артхит Ханчана


Опшым, Қытайдағы қандастарымыз ел ішіндегі аралас жекпе-жек чемпионаттарында осылай өнер көрсетіп, осындай жетістіктерге жетіп жатыр екен. Әрдайым жеңістерін көруді жазсын!

Бұлардан басқа…
Тағы бір Ta Yier деген жігіт бар. Дұрыс аты Тайыр сияқты. Көрсеткіштері жаман емес: 6 жеңіс — 2 жеңіліс — 1 итжығыс. Мына төбелесін көріп, дән риза болдым:

Бірақ бұл братанның (35 жаста) қазақ екенінің растауын таппадым. Қазақ болуы әбден мүмкін деп отырмын. Ұйғыр да шығар, бәлкім. Шыңжаңнан шыққан. Бұл да Жұмабектің клубтасы.

***
UFC сияқты болмаса да, аты әлемге танымал Bellator промоутерлігі Жұмабекке қызығушылық танытып, ұсыныс та жасаған екен. «Маған Bellator-дан ұсыныс түскен болатын, бірақ келісімнің кейбір шарттарына байланысты бапкерім оны қабылдамай тастауды ұйғарды. Маған тікелей хабарласпағандықтан, қандай ұсыныс болғанына және келіссөз қалай жүргеніне 100% сенімді емеспін» депті бір сұхбатында. Шынымен Bellator оған не ұсынды екен? Бәлкім қазір оны сондай үлкен дәрежелі жарыстардан көрер ме едік қазір?

***
Бір шетінен…
Биылдан бастап UFC қытайлар үшін құмар ойындары ортанына арналған Макаода (Қытайдың өзінде казиноларға тыйым салынған ) да жарыстар өткізуді қолға алып жатыр екен. Өздерінің шоуларыныңі ауқымын Азия құрлығына дейін кеңейту ғой жоспарлары. Бұл жарыстар өздеріне қарасты аумақта өтетіндіктен, Қытекең өз спортшыларын қатыстырмай қарап тұрмасы анық. Өйткені онда жапондар да, кәрістер де жүр. Қытайлар оларға қарағанда әлсіз болғанымен, өз салмағында №1 болып тұрған аралас жекпе-жек спортшысы Жұмабек Тұрсын ондай емес. Рекордтары үміт сыйларлық. Оны тіпті mmafighting.com сайтындағы бір комментші де айтып отыр.

***
Елге шақырып алу жайлы

— Біздің елде ММА Қытайдағы сияқты қалың елдің деңгейінде дамып жатқан жоқ. Тіпті ұйымдастырылып жатқан кейбір жарыстар әзірге тек шоудан ары аса алмай жатыр. Тек ақша мен демеуші тапқан бір клуб шығады да, өзінің спортшыларына ана жақтан, мына жақтан төбелесшілер жинап әкеліп, соларға қарсы қояды. (Өзімнің байқағаным сондай, енді)
— Қытайдың ішіндегі төбелестердің де дәрежесі жоғары болмағанымен, UFC-дің Макаоға келуіне байланысты, кәдімгідей перспектива ашылып жатқан сияқты.
— Аралас жекпе-жек — таза коммерциялық спорт түрі. Олимпиадаға кірмейді.
— Шақырып алып, жағдайын жасалмай қала ма деген қорқыныш. Жағдай жасағыш болса, Қанатқа жасалуы керек еді.

Опшым, менің субъективті ойым — бәйгеден жүлде алып жүрген тұлпарды арбаға жеккендей болып жүрмейік. Коммерциялық спорт түрі болғасын, қайда жүрсе де, кімнің атынан шықса да, бір қазақтың жетістігіне қуанып жүре берейік те. Қазақ екенін бір күні өзі де көрсетер.

***
Спорттық қызығушылықпен деп отырып, дақоя нәрсе жазып тастаппын. Көбәріп, көп һәм ұзақ видеолар үшін кешірім сұраймын. Осылай болып қалды енді — жинаған ақпаратым басыма сыймай тасып жатыр, қайтейін. Постты жазып отырғанда бірдеңелерді ұмытып та кеткен шығармын. Оларды пікірлерге қоса жатармын

***
Супержекпе-жек (Super Fight 2013) 2013 жылғы ақпан айының басында болады-мыс.

***
ЖАҢА ВИДЕОЛАР:

1) Legend FC 7 матчында Жұмабек Тұрсынның сол кезде чемпион болып тұрған Яо Хоңгаңмен (екінші рет) кездесуі. Осы жекпе-жекте Жұмабек оның чемпиондық белдігін тартып алып еді:


2) Ал мынау — ең жаңа жекпе-жегі (соңғы деп жазайын деген едім, соңғы болғанынан Құдай сақтасын)
Жоғарыда супержекпе-жекке жолдама алды деп жазып едім ғой? Сол. Гильотина әдісіне түсіп тұрып, өте сирек қолданылатын тұншықтыру әдісімен жеңіп кетті. Рефери жекпе-жектің соңында атап өтіп жатыр. «Бразилиялық джиу-джитсудан шеберлігім біршама жақсарып қалды» деген екен Жұмабектің өзі. Байқалады — мұндай әдісті екінің бірі жасағанын көрмейсің.


Дерек көздері:
www.sherdog.com
www.ruffchina.com
www.legendfc.com
www.mmafighting.com
www.mmamania.com
yaomingmania.com
Бөлісу:

33 пікір

omarbirat
Жұмабек спортты оу баста футболдан бастаған екен. Кейін төбелесетін спорт түрлеріне қабілеті мен қызығушылығы байқалып, сонымен айналысып кетіпті. Ушу-саньда мен еркін күреспен айналысып, жарыстарға қатысқан. ММА жарыстарына қатысқалы бері бразилиялық джиу-джитсуды қолға алған.
omarbirat
Айдын Жұмай:


Қастер Тіржан:


Тайыр:
serjan
Осындай посттар ғой бір деммен оқылатын.
ken
TeerJiang дегені Тіржан ба?
omarbirat
Видеода қытайлар «Тыржаң» деп жатыр. Шамасы солай шығар деп отырған жайымыз бар
ken
соны Сержаннан нақтылап жатқаным ғой.
қытайлардың Е-ні Ы қылып айтатыны бар
serjan
Тіржан немесе Тайыржан болуы мүмкін.
serjan
Жоқ, жоқ Тайыржан емес екен, қытайша жазылуы Тіржанға келеді.
omarbirat
Секе, мүмкіндігің болып жатса, видеоларда қытай комментаторлардың аузындағы мәліметтерді де бөлісе отырсаң? Өмірбаяндары туралы қызықты бірдеңелер бар шығар, бәлкім. Біз ғой, тілін түсінбейміз. Ара-арасында «Жүймабекы», «Айдын», «Тайыр», «хасакы» деген сөздерді естіп қалсақ, мәз болып отырғанымыз
serjan
Жұмабек пен Оңтүстік Африкалықтың видеосын көрдім, комментатор тек сайыстың өту барысын ғана әңгімелеп отырды, жеке басы туралы айтпады ештеңе.
serjan
Қастерді Ши ан дене тәрбие институтынан келген деп таныстырды.
asaubota
білә, маньяксың құрдас!

сағыныппыз осындай тұшымды посттарды. құрмет!
omarbirat
Маған қызығы — Тайыр кім болды екен?
patick
Омар бырат пост жазудың жануары екен
БАҚ-тар тігіп кетпесе болғаны, а так спорт сайттарына сұранып тұрған дайын шолу!
asaubota
Ари Слан деген де біреу жүр ғой. Арслан?
omarbirat
Иә, бірақ ол Ішкі Моңғолиядан екен. Монғолдарда да «Арслан» деген сөз бар екенін өткен жолы осыннан байқадық
Aldeken
Лібә, Омеке, құрдас, шынымен маньяк екенсің, ырзамын! Мына посттағы ақпараттарды сиғызу үшін, бастың ішіндегі біраз керексіз ақпараттарды лақтыруға тура келді. )))))))))))))
Aldeken
Не ғо, Арчи, копипаст жасап, авторын көрсетіп, халыққа тарату керек секілді ақпаратты, бірқой, ертең БАҚ-тар сұрамай-ақ тігіп кетеді. А так, ең болмаса, өзіміз таратқанымыз жақсы ғо. Омар құрдас қарсы болмайтын шығар.
AL-ASTER
Өте жақсы пост. Авторға рахмет.

Жақын құрдас досымыз бар еді, үнемі залына барып жаттығу жасап жүретінбіз. 93 жылғы, Алаш прайдтың ең жас қатысушысы ретінде Бурабайға халықаралық восьмиугольниктен чемпионатқа қатысқан. 8 дүркін Қазақстан чемпиондыңын жасап үлгірген, ересектер арасында шығады.

Соңғы жаттығуда, өзімізбен жасты Тараздың баласы келген, бұрын ештеңемен айналыспаған, ауылда жүргенмін дейді. Триуголькті үйренген соң, спаррингте талай чемпиондарды қақсатып жіберді. Сондай мықты жігіттер көп қой арамызда.
omarbirat
Авторға рахмет.
Пайдалы мәлімет болғанына қуаныштымын
omarbirat
Тақырыптың атын өзгертіп қойдым. «Спорттық қызығушылықпен» деген атауды алдағы посттарда да қолдансам деймін. Түсіністікпен қарап, ренжи қоймассыңдар
Daniar-Alan
мықты талдау. Рысбек Омеке. ФБ-дағы қызығушылығыңа қарап-ақ осындай пост күткем…
Негізі біз білмейтін қазақ көп. Оқта-текте осылай шығып қалады. Іздей жүріңдер қазақтар. Өз арыстарымызды өзіміз түгендейік.
omarbirat
Өз арыстарымызды өзіміз түгендейік.
omarbirat
Жоғарыдағы Яо Хоңгаңның Лас-Вегасқа барып жаттығуы тікелей UFC-дің арқасында екен. UFC ұйымы аудиториясын кеңейту үшін Макаода да жарыстар өткізіп тұруға бел буыпты. Оған жергілікті төбелесшілерді қатыстырайын десе, деңгейлері Америкада өтетін жарысқа қатысушыларға жетпейді екен. Қытайда ушу-саньдаға қызығушылық бірінші орында тұрғандықтан, жекпе-жекшілердің басым көпшілігі сонымен айналысады. Сол себепті де қытайлықтар (арасында қазақ, моңғолдар да бар болғандықтан солай атап отырмын. Әйтпесе ол ұлттың өкілдері "қытайлар" ғой ) тұрып төбелесуден жақсы болғанымен, жерде алысу жағынан онша емес көрінеді. Сол үшін Қытайдағы UFC жарыстарына қатысуға әлеуеті бар деген спортшыларды (негізі, China Top Team тобының мүшелері) апарған көрінеді. Бірақ жаттығулары текке кеткенге ұқсайды ғой. Яо Хоңгаң келе салысымен Жұмабекке ұтылып қалса, UFC чемпионатына қатысып жүрген жалғыз Қытай азаматы Жаң Тицюан (Zhang Tiequan. Ішкі Моңғолиядан. Ұлты — моңғол) кеше өткен UFC on Fuel TV 6 (Rich Franklin vs. Cung Le (Шымкенттік Еркін Жалғасовтың «Ближний бой» фильмінде басты рольді сомдаған актер)) матчында Джон Тактан жеңіліп қалыпты. Опшым, осындай мәліметтер… Тақырыпқа жиі бас сұғып тұрыңдар
omarbirat
* UFC (Ultimate Fighting Championship) — аралас жекпе-жек жарыстарын өткізетін дүние жүзіндегі ең беделді ұйым. Тоқсаныншы жылдары Грейси, Шемроктар төбелескен ережесіз жекпе-жек чемпионатының (ол кезде шынымен сондай еді, қазір түрлі шектеулер мен тыйымдардың арқасында «аралас жекпе-жекке» айналды ғой) тікелей құқық жалғастырушысы. Бұл ұйымның чемпионатында өнер көрсетуді армандамайтын аралас жекпе-жек спортшылары жоқ десе де болады.
omarbirat
RUFF — Қытай үкіметі, дәлірек айтқанда, Ушу әкімшілік орталығы ресми рұқсат берген бірінші әрі жалғыз промоутерлік екен.
omarbirat
Нақтылап қояйын: ҚХР аумағында жекпе-жектер өткізу үшін рұқсат алған. Макаода басқа Legend FC, Art of War (2009 жылғы дейін. Ұйымның өзі бар, бірақ келесі чемпионаты қашан болары белгісіз) промоутерліктері де жекпе-жектер өткізе береді екен.
Abilakim
бір деммен оқыдым, керемет талдау! Шетелден келген танымал қазақтардың елімізге келіп жарығанын көргенім жоқ әзірге, жүре берсін сол жақта.
omarbirat
Legend FC 7 финалын түнде жүктеп едім, таң атқанша өшіріп үлгеріпті. YouTube-тен авторлық құқық туралы сабақ алып шықтым
Көріп үлгере алмағандардан түсіністікпен қарауын сұраймын
joldas
men kitay kazakhgi bolam, bundagi jumabek, kaster, aydin, tayerjan bari kitaydagi kazkahtar boladi… kaster jumabekting jerles inisi boladi… bul torteuide kazakh ari aldinggi saptagilari kitay boyinsha…
omarbirat
Уа, жама'ат! 2013 жылдың ақпан айында Жұмабек ежелгі қарсыласы Иршаад Саидпен тағы да шығады екен. Супержекпе-жек шынымен де тақым қыстыратын жекпе-жек болғалы тұр. Саид оңай қарсылас емес