«Тәңіршілдігі» несі?

Діннен алыстау адаммын. Арақашықтығымызды шартты түрде, осы күні стандарт боп кеткен жиырмасантиметрлік қытайы сызғыштың шкаласына орналастырсам, дін – нөлге, мен шамамен 13-14 сантиметрге жайғасар едім. Неліктен сызғыштың ең соңғы межесіндемін деп айта алмаймын? Себебі, атын қоймаған, бірақ сенетін құдайым бар, айталық – Әділет. Батаға бет сипайтынымды, Құрбан айтпен құттықтайтынымды һәм сүндеттелгенімді басшылыққа алсам – өзімді ислам үшін, ислам мен үшін жоғалған деп есептемеймін.

Енді осы пақырыңыз әнеугүні барып «Шал» фильмін көреді ғой. «Көшпенді», «Жаралы сезім», «Жетімдер» сияқты шытпақтардан кейін жансақтау бөлімінде жатқан науқастың көңілін сұрап қалайын деп. Қойш, шыны керек: «Мен де көргенмін!» деп айту үшін (ұялған күлегеш).

Не көрдім. Жап-жақсы холлиууд-стайл операторлық жұмысты көрдім. Бір қопаңдап алдым. Қазақи бірақ қаңылтыр айқайы жоқ тәуір әзілді көрдім. Және бір жасап қалдым. Қынжылған да жерім болды. Мысалы, қазақ киносы Қожадан кейін баланы сомдайтын бала таба алмай-ақ қойды-ау дедім. Ауызекіден алыстау сөйлеу мәнері де назарға ілікті. Қалай соңғы титрлар шықты, мен де көрермени үкімімді шығардым: “Жақсы!”.

Сүйтсем, мен бұл киноны қазіргі сән – дін призмасынан қарауды тіпті ұмытып кетіппін ғой! Айбыыыый, нағыз қызық туиттер мен фейсбукта болып жатыр екен келсем! Мазардағы рухтан кешірім сұраған шалдың шын мәнінде – Тұрсыновтың жасырын насихатшы агенті қаперіме де кіріп шықпапты! Тұрсыновтың қасында, доктор Геббельс пен Сусловтың үгіт-насихат аппараты — шыбынның боғы ғұрлы жоқ екен. Тұрсынов деген кісі өзі «тәңіршіл» екен де, балбал тастарға табынып, отты айналып жүгіріп, жауырын қараудан қолы қалт еткен кезде кино түсіреді екен. Ал мен, масқара – қарап қойдым, шешем қайдасың! (шамамен, “Звоноктағы” қарғыс атқан кассетаны көріп қойған бозбаланың үрейлі сезімі).

Сонда деймін-ау, “Кавказская пленницадағы” Никулиннің өлеңіндегі “Упаси Аллах!” деген сөз, қалай ғана сол «қанқұйлы» кезеңде экранға шығып кетті екен, «тәуелсіз» кездегі түріміз мынау болса? Меніңше, киноға барып кино көре алмау – дегенмен пақырлық сияқты. Бертолуччидің «Кішкентай буддасын» көріп болып, мәжусиліктің насихаты деп ойлауға миым жетпес еді. Тіпті басынан–аяғына дейін көгала секстен тұратын Паоло Пазолинидің туындыларынан кейін де ешкімге тиіспеппін. «Рас қой, бар ғой, бар ғой» деп масаттанғаным болмаса, кино біте сала жеңіл қыздарға құстай ұшу қаперіме де кірген емес. Тоқетері, әлдекімдердің Тұрсыновта кеткен мен білмейтін кектері бар сияқты.

Ендеше, «сыншылар» өз «сындарын» біреу оқиды деп жазғаны рас болса, бүгінгі публицистикада – өз иығында басы жоқ ерме боп сипатталатын мен сияқты, шалбары әлі тобығынан асатын, сақал-мұрты тек күтінбегеннен өсіп кететін қазақстандықтар үшін де бір версиясын жазса екен. Тұрсынов тәңіршілдікті уағыздап жүргені рас болса – дәлел әкел. Жалпы, тәңіршіл болса да – оның өмір сүруге құқы жоқ па екен? Жөйіт-крешіндерге де көніп отырған жоқсыңдар ма оның қасында? Құқы жоқ болса, қай бапқа сәйкес? Бап болса, неге өлтіріп тастамай жүрсіңдер?

Немесе былай да болуы мүмкін: «сыншыларда» Тұрсыновтың тұлғасы жөнінде тек өздері білетін инсайдерлік бір мәлімет бар. Ашып айта алмайды, сосын жанамалап-тістелеп жүр. Бірақ, турасын айтпай шабалана беретін «өз жеке ойымдар» мен «мақалалар» — соның авторларының кісілік табиғатынан ұсқынсыз хабар беретін сияқты. Кинодан кино көрсек екен. Бұл жалғанның қызығы сонша көп емес қой онсыз да?

P.S. Арабтар шығарған бір деректі фильм көрген едім. Қызылбастар мейрам сайын имам Әлиді ұлықтайтын импровизацияланған көрініс қояды екен. Тура көшеде. Станиславскийден хабары жоқ қаратабандар жедел ұйымдастыра салады. Имам Әлидің монологына шал-шауқан боз-боз жылап, бір жасап қалады. Мені сол фильмнің авторлық мәтіні өлтірді: “…Міне, барлығымыз Алланы өзімізше танимыз. Дәстүріміз түрлі болғанымен, барша мұсылманның жүрегі бір...”. Сүнниттің шияға жылы сөз айтқанын естігенде таң қалдым, шын айтам! Ал біздер…
Бөлісу:

42 пікір

omarbirat
Кинодан кино көрсек екен
+10000000000000000!
asaubota
Ереке, қазір кино түсірсең қазіргі белсенді киносыншылардың діни көзқарасын ескеріп түсірмесең болмайды. Тұрсыновтың кінәсі трилогияның біріншісінде Алтайда өмір сүрген бір халықтың сол кездегі діни көзқарасын ЖМБдағыдай өзгертпей сол күйінде беруі деп ойлаймын.
omarbirat
Исламға сәйкестендіріп түсірсе де, ішінен сопылық, ашарилік, матуридилік элементтерді тауып алып сынайды бұлар. Оларға фильмді тек өздерінің режиссерлары түсіруі керек
asaubota
жоқ, сценарист өздері болулары керек. актерлардың ойыны, диалогтар, оператор жұмысы маңызды емес. толық өзгертілген ЖМБ үшін әлі ренжулімін.
konvict
Меніңше бәрінде біржақты пікір болу басқалардың көзін байлайды. Әлгі журналист мырза соны ескерсе керек.
omarbirat
Меніңше, енді Тұрсынов қанша жерден олардың ойынша дұрыс фильм түсірсе де сынауларын тоқтатпайтын сияқты. Баяғыда у ішкізіп жіберген сұхбаты үшін
omarbirat
Уо-уо, сценаристікті де ұмытып кетіппін. Бірақ өздерінің меншікті режиссерлары бар, «тәңіршіл» Ермекті қайтсін
dark_nazgul
«Шалды» көргім келіп кетті.
Tyulpan
сізге «шалды» көрсету керек. өзіме де көру кк еді ))))

афтоп: сізді көргеніме қуаныштымын. жоғалып кеттіңіз ғой. сіздің каменттерді сағынып қалдым )))
konvict
Мен фильмге қызықпап едім. Енді көргім келіп отыр. Әртүрлі пікірлер жарнамасын жасап-ақ жатыр. Жалпы, өз басым қазір қазақтар қатырып фильм түсіреді дегенге сенбеймін.
Фильмнің көп болғаны жақсы. Әр адам өзіне керегін алады. Саннан сапа шығатыны айтпаса да біледі бәрі.
DoktorD
konvict, бұлда фильмді жарнамалаудың бір түрі болар менде көргім келмеген енді көргім келді неге сынға алып жатыр деп мүмкін бұл PR болар
ruben
 инсайдер демекші, Жаңа-арқалық бір тәуір жігіт бастаған кампашкіге ұнамай қапты. Ерекең болмайтын жігіттердің қолын алыпты-мыс.
Осылар — «тәңіршілер» және Мұсаның шетелде оқылып келген немересі әлгі кампашкіге жақпайтындардың топ-листында екен.
Adiletshu
Түсіндіріп дұрыстап жазшы. Мұса деген кім?
Abilakim
Дос, Жаңаарқа деп жазшы
jigit
маған Алладан гөрі Тәңір жақындау
Dake
Аллаһтан басқа Тәңір жок емес пе?
zholantai
бармай жүрмін, қазақстандық фильмдерден есімде қалған екінші постер-«Шалдікі»,
aza
Барғандар, көргендер жазуы керек қой пікірді. Көрген қазақтың бірімін, мен айтар едім: СААТылған билеттің 1500 теңгелік құнына да татымайтын шал… Жәй, жарнамасы көп… Біреу жақтайды, біреу даттайды. Таза қалалықтарға арналған кино дер едім. Балконда өскен, асфальтта жүгірген, (далаға), алысқа қараған көзі көп қабатты үйлердің сұрқай қабырғасына тіреліп қалатын көгенкөздерге арналған балдыр-батпақ. Ауылда өскен қазақпын. Сол қазақы көзбен қарасам, аттаған сайын қателікке ұрынып, басы қаңғырып қалған бейшара диуана… Шал дейді тағы… Соны дардай етіп… Құстым!
ПыСы: «Неге қынжылуға, неге өкпелеуге тиіспіз?! „Қазақфильм“ өңкей жақсы фильм түсіруге міндетті емес, олай уәде берген жоқ… Шамасына, шарғасына қарап жұмыс жасайды, бойы жеткенше тырмысады… Биігі сол...» ©
Armanjan
Міне нағыз шындық осы. Аза шындықты шырқытарып айтыпсың.
jigit
дұрыс плөстадым
a63a1
Жазбадан кейін барғым келіп отырып, мына пікірден кейін баруға ниет жоғалып кетті. Мың құбылған дүние-ай!
qisyq
Рахмет, Ереке. +100500
nurbergen_makym
Әйбат!
Ереке, осыны ықшамдап мына жерге жазжіверсеңіз ғой деген, өтініш бар
ushkin
хехее ) жақсы жазылған
alashaman
Ереке, жақсы жаздың. Керекинфолық стиль!
Rafaello
Ертең барамын бұйырса. Астанада қай кинотеатрда қазақшасы болып жатыр?
aza
Баруға тұрмайды деген пікірімді қайталаймын… 1500 теңгеге де тұрмайды… Алайда, сен барып, көріп келіп пікіріңді айтқаныңды да жақсы көріп отырмын)))
omarbirat
Күндізгі сеанстарында 700-800 теңге деген баға жоқ па?
AKY
хан-шатырда 600. мен сарыарқадан студ. билетпен көріп келдім
Adiletshu
Студенттеріңіз байқап қалса ұят болады
AKY
Өзім де студентпін ғой.
asaubota
Ерлан Оспанмен бірге барғым келеді
edige
Өткенде қолдан диск алғам, ішінде «Жаужүрек мыңбала» бар деген соң. Сапасы төмен болған соң көргім келмеді…
Дискіде Шапағатфильмдер көп, маңызды фильмдердің сапасы төмен, ал Шапағатфильмдер рухани жағынан төмен…
sakenspb
Діннен алыстау адаммын.
осылай айтатын адам, қайта жақынырақ болады дінге.
Gastarbaiter
Иногда банан значит банан
sakenspb
иногда очень часто какие-то гандоны выдают себя за ученых Ислама
Gastarbaiter
Кинодағы қатындардың етегінің ұзындығына үңіліп, діни-шамани астарлар тіміскілеуден әрі аса алмайтындарды арнайы медициналық орындарға тегін жолдама беру керек.
Оқып шықтым. Пафоссыз, адекватты ойлар.
Қырық қабат астар іздегіштер Ермек Тұрсыновтың басы дауға қалуы кімге тиімді деген сұраққа жауап іздегені абзал. Мүмкін солай жоспарланған да шығар.
Қалай болғанда да қақтығысқан төңкеріс тудыратындай дау еместігі анық.
Әдеттегідей, интернетте, экранда, асханадағы «боқжағыстан» басталып, сонымен аяқталады.
pessemist
Білгіштер дін жайлы қыртуды қойыңдарш. зб уже, тв-газет, өсектің бәрі дін, террор боп кетті ғой
Daniar-Alan
лібәәә… үшбасты айдаһар келді… бір басын кессең орнына екі басы өсіп шығад… қашан өлесің на?
ken
Жалпы, тәңіршіл болса да – оның өмір сүруге құқы жоқ па екен? Жөйіт-крешіндерге де көніп отырған жоқсыңдар ма оның қасында? Құқы жоқ болса, қай бапқа сәйкес? Бап болса, неге өлтіріп тастамай жүрсіңдер?
1. Өмір сүруге, әлгөтте, құқы бар. Просто олар да дәл осы жазбадағы сен секілді өз сыни пікірлерін білдірген да.
2. Жөйт-крешіндер қазақ емес. Арасында қазақтары болса да, олары қазақ киносы арқылы онысын көрсетіп жатқан жоқ қой.
3. Енді сол бап жоқ болғандықтан өлтіріп тастамай жүрген жоқ па?

— десек ше, а?
Соңғы түзету: