Бар байлығы әлемнің...

Кенжетайым таңертең апасының қойнында оянса, мені іздеп, менің қойнымнан тұрса, апасын іздеп кететін әдеті бар. Бағана таңертең апасын іздеп кетті, ол арада атасы да келді. Екеуінің ортасында ойнап, кезек-кезек құшақтап, бала да мәз, олар да мәз. Сол арада, апасының есіне әлдене түсіп кетпесі бар ма…
Осыдан тура екі жыл бұрын, маусымның ортасы болатын.
«Алдырып таста».
«Алдырмаймын».
«Ауру бала туғаныңа біреу рахмет айтады деймісің? Байыңның сыры білініп қалды, ата-енең екі бастан қырбай. Алдырып таста».
«Алдырмаймын. Бес айдан асқан баланы қалай алдырам?»
«Сен өзі даун бала көріп пе едің?»
«Көрген жоқпын»
«Мен көрдім. Даунын да, басқасын да. Сонда, білесің бе, ол балалар шешесіне ғана керек. Мен ауру баласымен ауруханада жылдап жатқан шешелерді көрдім. Солардың біреуін артынан әкесі іздеп келсе, құдай бар-ды. Керек емес ондай балалар ешкімге. қаласың жалғыз, ауру бала қолыңда, ана екеуі етегіңе жармасып. Ешкім саған „батыр екенсің“ деп арқаңнан қағып, „байғұс, қиналып жүр-ау“ деп маңдайыңнан сипап, қолтығыңнан демемейді. Маған сенбе, менің төрімнен көрім жуық. Оның үстіне, жалғыз балам сен емессің, сенен басқа да бағатындарым, жеткізетіндерім бар. жалғыз қаласың, албасты. Өз келешегіңді, ана екі көзге көрінгеніңнің болашағын ойла. Алты айлық болып туып, шетінеп те кетіп жатады ғой, бір бала құрбан. Ары кетсе, іштей желініп, күнәсін арқалап өмір сүрерсің. Күнде даун баламен алысып, күндердің күні „неге өліп қалмадың сен“ деп айтып қалсаң, оның күнәсі мың есе артық болады. Ойлан, балам.»
«Алдырмаймын»
«Онда, өз обалың — өзіңе, менен аулақ жүр».
Алла сақтады, биопсия жасаттық, балам даун емес екен.
Бірақ, мамам, әлі күнге дейін осы әңгімені ұмытпай, еске алып отырады, өкініп еске алады. Тіпті, айтпаса да, Әнуарбекті әр құшақтаған сайын, арқалаған сайын ой түкпірінде осының бәрі тұратынын, Алладан мың мәрте кешірім сұрап, осындай баланың дүниеге келгеніне тәуба айтып жүретінін білем.
Дүниенің ең үлкен қасіреті — ауру бала.
Таразда бір танысымыз бар еді. Өте дәулетті кісілер. Бірақ сол дәулетінің күші жалғыз ұлының қыли көзін емдетуге жетпейді.
Әкемнің үйінің қарсысындағы көршілер… Зәулім сарайдай үй салып келді. Даун немересі бар…
Кей кездері, тарығып кетем. Тіршіліктің тауқыметінен шаршап, «не істеймін?» деп ойланамын. Ондай ойлар әсіресе кешке жұмыстан шаршап, аялдама мен үй арасындағы ұзақ жолда жаяу ілбіп келе жатқанда қамалайды. дәл сондай кезде, түңіліп келе жатқанда, арғы көшедегі мүгедек қызы бар көршілер сол баланы мүгедек арбасына салып серуендетіп, тура менің қасымнан өтеді. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болады, есімді бірден жиямын. «Тәуба, Алла, тәуба. Балаларымның дені сау болғанына тәуба. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Дәулетіңнің керегі жоқ, бақыттың да керегі жоқ, балаларым аман болса, он екі мүшесі бүтін болса болды, Алла». Қазір жатсам да, тұрсам да айтатын мінәжат дұғам осы.
Сәбилеріміз аман болсын!
Бөлісу:

24 пікір

asaubota
мен бұрын әйелдерді, әйел психологиясын көп түсіне бермейтінмін. Астанаға келгелі айналаңда ақыладсатын ешкімің, ағайының жоқ. тек жақының өз жұбайың болған кезде бәрін көресің, түсінесің. бала көтерту оңай, сол баланы аман-сау дүниеге әкелу қиын екенін көресің. әйеліңмен бірге уайымдай бастайсың, денсаулығын күтесің.
Zhan
Ондай ойлар әсіресе кешке жұмыстан шаршап, аялдама мен үй арасындағы ұзақ жолда жаяу ілбіп келе жатқанда қамалайды. дәл сондай кезде, түңіліп келе жатқанда, арғы көшедегі мүгедек қызы бар көршілер сол баланы мүгедек арбасына салып серуендетіп, тура менің қасымнан өтеді. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болады, есімді бірден жиямын.

Бір рет менде тротуарда тіршілік туралы ойланып келе жатқам. Іштей сол баяғы, құдайға жалоба айту, неге бұлай деп бас қатыру, т.б. Ойланып кетсем керек, қарама қарсы беттен аяғын ақсаңдап басатын бір мүгедек орыс әйелін көріп, денем дір ете қалды. «Ойбай, құдай кешіре гөр, осындай он екі мүшем сау бола тұрып, саған шағымданып келе жатқаным қай сасқаным» деп тәубеме түскенім есімнен кетпейді.
nurbergen_makym
Мен де бірде басжазарға қалтамнан бақыр тиын таба алмай, Құдайға кішкене — ну, андай* — еркелеп келе жатсам, алдымнан бір қап-қара Геленваген тоқтай қалды. Ішінен, екі сынып төмен оқыған, кезінде коржыкке ақша сұрап жүретін мектептес түсті. Үсті басы мұнтаздай. Қаққан қазықтай тіп-тік. Шырт-шырт түкірініп, мен жаққа тіпті, қарамай да кетті.
Құдайға кішкене нетіп — ну, андай* бов қалдым, очм.
Gastarbaiter
Өз баласының амандығын ит екеш ирландиялық сеттер де тілейтін көрінед, адамның адамшылығы баламен қатар қарттардың да амандығын тілеуде.
Gastarbaiter
Бір көршілеріміздің кеғкелестеу баласы бар еді, оның артынан екі қыз, бір ұл сау боп келген.
Кезінде барлығы детдомға бер дегенде шешесі бой бермеді. Балиғаттан асқанда әлгі кеңкелес бала қарындастарын зорламақ болып бір, сәби інісін өлтіре жаздап екі ұсталды.
Қазіргі жағдайы белгісіз.
alisha
Папамыздың жолдастарының жалғыз ұлы бар. 23-те жасы. 6 жасында жол апатына ұшырап, арбаға таңылды. Апармаған жері жоқ, нәтижесіз. Ата-анасы 60-тағы кісілер. Балаларынан ештеңе аяп жатқан жоқ енді. Жора-жолдассыз қалар ма еді, әкесінің арқасында әлгі баланың ортасы, жолдастары да бар.

Ойлаймын, ата-анасы көп болса енді бір 20-30 жыл өмір сүрер, одан кейін әлгі жігіттің жағдайы не болар екен деп?! Жолдастарының да ол кезде өз өмірлері болады, бүгінгідей кім оның арбасынан итеріп жүрер дейсің?!

Алла баланың азабын тартқызбасын деп тілеймін мен де жатсам-тұрсам…
kyzyksyndar
Әңгімеңіз мені де бір тәубеге келтірді,әрбір пікірді көріп небір жағдайлар есіме түсті.Күніге айнаға қарап,әр жерімнен әр кемшілік іздеп үйрнегем, мама мені неге былай тудың? шамалы аяғым ұзындау, бұданда түзуірек болғанда деп қақсайм да жүрем.Аллаға шүкіршілік етейік.Шіркін, деннің саулылығына не жетсін
aza
«Е, Алла бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең шетінен өзің ала бер» Қазақтарда осындай сөз бар…
Тақырыптан ауытқу:… Білім күні мен де ұлымды жетектеп мектепке тартып тұрғым келді… Сондай бір сезімдер жұлқылады жүректі оқыс… Қызық екен… Астанаға келгеннен аралас достарымның көбі әке болған соң ба, мен де соларға еліктей бастаппын. Алдекеңнің тұңғышы мектепке барады екен, таң атпай соны білдім де үйге келіп ұйқым келмеді))) Бір қыз айтатын еді «мен әлі жоқ бөпелерімді қатты жақсы көремін» деп… Сол ойға мен де жақындаппын… рас екен)
Aldeken
Бір қыз айтатын еді «мен әлі жоқ бөпелерімді қатты жақсы көремін» деп…
Не ғо, бөпелерің жоқ екеніне сенімдісің бе?
aza
Әзір жоқ, әрине, күтеміз ғой)
asaubota
әке болғаннан кейін өмірге көзқарасың бірден өзгеріп кетеді. өзгертеді бала. бірақ, асықпа әлі  әр нәрсе өз ретімен ғой. 25-тесің ғой, шамалы қаңғы
aza
Лох құсап, ұсталып қалмай, дұрыстап қаңғыңдар. © Гаста Жырау
ken
ата-енең екі бастан қырбай
ол не деген?
Khorlan
Kezinde ishimdegi 4 ailyk kyzymdy «aldyrtpaisyn ba?!» dep genetik-dariger tiisti...arturli korkynyshty angimeler aityp. Kalgan 6 aidyn ishinde kormegen zhaman tus zhok (aiteuir bir mushesi kem itter men adamdar tusime ene berdi), oilamagan zhaman oi zhok siyakty. Birak aldyrtpadym… Kudaiga shukir, ane zhugirip zhur goi buzygym! Tauba!
Shynymen, balannyn deni sau bolyp zhurgennen askan bailyk zhok!!! 
Rozatai
бір кезде мен де сондай қауіпте болған баламын, мына жерде жазып ем бұрын. Мамама «Мені сол кезде шынымен де бойыңнан алып тастағаныңда қазір не істер едің?» деп сұрасам, "Қызым, айта көрме, жүрегім ауырады оны ойлағанда" дейді.
Бұрын қалай екенін білмеймін, қазір туылып жатқан балалардың көбісі аурушаң, нервный ғой. Жан-жағыңа қарап отырып қорқасың, баласыз өтуге (Құдай сақтасын!) тағы болмайды, обшым, қыздардың алып жүрер жауапкершілігі до фига көп.
dark_nazgul
Егер, шынымен балам даун екені анықталса, алдырып тастар едім деп ойлаймын. Өйткені, ауру бала баққанға өзім қиналмасам да, үлкен екеуіне обал болар еді.
VKM
Мен бір апта бұрын көрдім қазақ қызды,үлкен, коляскада, ДЦП, апа итеріп бара жатты колясканы. Шынымен,қорқынышты екен.Ауру адамды бағу деген ең қиын нәрсе. Сақтасын…
Gastarbaiter
Құдай сақтасын, Даун балам болса өле өлгенше өмірге келсе, ол менікі екені анық болса өле өлгенше өмірге икемдеуге тырысар едім.
Дәл Даун болса, өйткені Даундар қоғамға қауіпсіз, олардың жанына бірдеңе батпаса өздерін бақытсыз сезінбейді.
Дәл Даун боп туғандарды «Күн адамдары» деп бекер айтпайды.
Олар өте жарқын жанды болады, тек инфантилизмнен, аңқаулықтан ешқашан құтылмайды.
Алматыда психохрониктердің интернатына барғанда жүрегіңді жылытатын осы даундар болды. Қалғандары көбіне зорлыққа бейім.
dark_nazgul
Балам сау болғаны маған Алланың берген көмегі болды деп ойлаймын Өйткені осы балам дүниеге келген соң екі айдан кейін жалғыз қалдым. Ал енді ауру баланы құшақтап жалғыз қалсам, қалай жеткізер едім?
Gastarbaiter
Беті аулақ, мен тек Даундарда шанс болған соң айттым.
Оны білмейсің ғой бірақ, кретин, дибил, идиот па, қиын, әсіресе біздің қоғамда.
Реабилитациялық орталықтар көбірек болса, үкіметке тапсыру гумандырақ болар еді. Бірақ біз Америка не Европада емеспіз.
Қорқынышты.
dark_nazgul
бетін аулақ. Таразда тұрғанда екі көршіде болды, Даун емес, олигофрен бала…
Қанша дегенмен жарымес… жаман… жүрегің ауырады…
bizbike
менің көкем Семейде әскери қызметін өтеді, тұңғыш қыздарын даун, алып таста деген, бірақ оған жеңгеміз көнбеді. Қыз шынымен де ауру болып туды, есімі Көркем еді, жазғы демалыста баратынбыз ауылға, жасы үлкен болса да бала құсап ойнайтын, киімдерін бүктеп жүретін, 25 жасқа келгенде дүние салды. Қазір көкем мен жеңгем 8 ұл мен қызының, одан туған немерелердің қызығын көріп отыр.
Бірақ қазір тумай жатқан баланың екеуінің біріне сондай даун сияқты деп дәрігерлер айта береді ғой осы, менің бір келініме де солай айтқан, сап-сау бала туды
temir1986
Алдыртып таста, қатын табылады, өй жүре тұр таныс әңгімелер. тек құдай жолыңды оңдасын де