"Халық сөзі" газетінің дөңгелек үстелі

Қазақ интернеті қайтсе дамиды немесе қазақша әлеуметтік желі мен пошта ашуға не кедергі?


Арыға бармай-ақ қоялық, соңғы он шақты жылдың ішінде қазақ интернетін дамытуға қатысты азды-көпті дүниелер жасалды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сонау 2000 жылдары ғаламтор бетінде тұңғыш рет қазақ тілінде түрен салған «www.massagan.com» сайтынан бері талай дүние оқырманның сұранысын өтеп отырғаны даусыз. Рас болса, біреулер үшін «там-тұм» болса да қазақ контенті виртуалды ұлттық базасы қалыптасып үлгермеген қарашай, балқар, татар, башқұрт секілді аз ұлттарға да «азық» бола бастаған секілді. Яғни, тілі жақын болғандықтан туыстас халықтар қазақ тіліндегі ақпараттарды алып пайдаланып жататын көрінеді. Білген адамға осының өзі үлкен жетістік. Бірақ…
Мұны жетістікке балап, қуануға ерте дейтіндер де баршылық. Себебі, әр ұлттың ақпараттық базасы қалыптаспай, күн санап күшейіп келе жатқан жаһандық үрдіске төтеп беру мүмкін емес деседі. Бәлкім рас та шығар. Кешегі патшалы Ресейдің отарлық саясаты қазақты төл жазуы мен сызуынан айырудан басталды емес пе?.. Осыған байланысты «Халық сөзінің» кезекті дөңгелек үстелі «Қазақ интернеті және оның жай-күйі» тақырыбында өрбіген болатын.
«Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Кәкібалановтың айтуынша, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктің барлығы да әуесқой мамандар мен белсенді жастардың қызығушылығының нәтижесі.
«Бүгінде мемлекет тарапынан болмаса да, жекелеген адамдар тарапынан көп жұмыстар қолға алынып жатыр. Ең алғаш ашылған қазақ порталдары «www.massagan.com» «kerekinfo.kz» секілді жобалар ешқандай қаржылық қолдаусыз-ақ, қазақ контентін дамытып жатыр. Кейін бұл қатарға «aitaber.kz» секілді азулы жоба – танымдық блогтұғыры келіп қосылды. Жалпы қазақ контентін дамымай қалды деп айта алмаймыз. Бірақ өте аз деңгейде қалыптасып отыр. Ғаламдық үрдіске қарсы тұратын деңгейге жету үшін әлі де біраз жұмыстар жасалуы керек. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан дүниелер жоқтың қасы. Тіптен жоқ деуге болады. Бүгінгі таңда әр елдің контенті мен ақпараты ұлттық идеология құралына айналып отырған заман. Кімнің ақпараты көп, сол озатын шақ», – дейді Серікқазы Кәкібаланов.
Ал белгілі блоггер, программист Аршат Оразов қазақ контентінің қарыштап дами алмауын азшылықтың салдарынан деп есептейді. «Халқымыздың саны аз. Он миллионға жуық қана қазақ бар. Бірақ оның көбінің қолы ғаламторға жете бермейді. Көбі ауылды жерде тұрады. Осыны есепке ала отырып, шамалап айтсақ, елімізде қазақ тіліндегі ақпарат тұтынушыларының саны 2-3 миллион ғана. Ары кетсе 4 млн. Біздегі қалыптасып отырған қазақ контенті осы деңгейдің айналасында ғана. Әрине, саннан сапа қалыптаса жатар. Бірақ «қашан қалыптасады» деп қарап отыруға тағы болмайды. Екінші кедергі – әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтардың үш түрлі алфавит пайдалануында болып отыр. Біз кириллицаны, қытай қазақтары төте жазу қолданса, еуропадағы қандастарымыз латын қарпін пайдаланады. Осының өзі үлкен кедергі. Ортақ әліпби қалыптаспай, біртұтас қазақ контенті қалыптаспайды. Жалпы қай елде болмасын, ғаламторды ұстап отырған қазық – әлеуметтік желілер деп есептеледі. Ортақ әлеуметтік желі қалыптаспай, қазақ контентін арттыру мүмкін емес», – дейді А.Оразов.
Өз кезегінде, қазақ тілінің әлеуметтік желілерде дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Астана радиосының шеф-редакторы, белгілі блоггер Амангелді Құрметұлы қазақ контентіне бөлінген қаржының өз мақсатына пайдаланылмай жатқанына қынжылады. «Бізде қаржы бар. Бөлініп жатады. Алайда ешқандай пайдасы жоқ, майда-шүйде тірлікке кетіп жатыр. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі «Түркі академиясына» байланысты арнайы маман жалдап ұстаздарға түрік тілін үйретіп жатыр екен. Мұғалімдерге сағатына 10 мың теңге төлеп түрік тілін үйретудің қандай қажеті бар? Дәл қазіргі таңда қазақ қоғамы үшін түрік тілінің қажеттілігін көріп отырғаным жоқ. Айналып келгенде бәрі қаржы жымқырудың тәсілі секілді. Жақында Атырауда болдым. Ішкі саясат басқармасында «қазақ орамалды қалай тақты?» деген мәселені насихаттау үшін бір жарым миллион теңге бөлініпті. Айтқан уәждері: «бізде түрлі ағымдар көп». Сол үшін қазаққа орамал тартуды қайтадан үйрету керек пе?», – дейді Амангелді мырза.
Сонымен қатар ол пайдасы жоқ іске қаржы шашқанша, ғаламтордағы еркіндіктен үрейленетін жоғары элитаның «әлсіз психологиясымен» күресу қажеттілігін көтерді. «Мәселен, «ұлт араздығын қоздыратын материалдар жарияланып кетуі мүмкін деген желеумен қазақ блогшыларының басын қосып отырған «wordpress.com» платформасын жауып тастады. Экстремизмнің көкесі тұрған russianskz.info деген сайт бар. Қазақстанда тұратын славяндардың позициясын ұстанатын шовинистік сайт. Екі күннің бірінде бүйректен сирақ шығарып жатады. Сөйте тұра сол сайтқа прокуратура бір рет қана ескерту беріпті. Мұны қалай түсінуге болады?», – дейді Амангелді.
Ал «massagan.com» Ұлттық веб-порталы демеушілерінің «Жігер» одағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жайнагүл Сейтқазы сайттарға қаржылық қолдау жоқтығын айтады. «massagan.com» сайтының сервері Кореяда болатын. Бір емес, үшеу еді. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын Байланыс және ақпарат агенттігінің басшылары «сервер қазақстанда болуы тиіс» деген соң Қазақстанға әкеліп, «Қазақтелекомға» орналастырған болатынбыз. Оның өзінде біреуін ғана орнатуға шамамыз жетті. Қалған екеуі қосылған жоқ. Қаржы жоқ. Бүгінгі таңда сервер үшін айына 50 мың теңге төлеп отырмыз. Келесі жылдан бастап баға тағы қымбаттайын деп жатыр. Айына 60-70 мың теңге табу қиын болайын деп отыр. Сайтымыз еріктілердің күшімен жұмыс істеп отыр. Қазақ контентіне «Сорос» қоры Шетелдік қайырымдылық қорлары көмек қолын созып қаржы бөліп жатқанда, өз елімізде неге қолдау көрсетпейді?», – дейді Жайнагүл ханым.
Сонымен қатар, отырыста «түркі дүниесіне ортақ әлеуметтік желі немесе электронды қазақ поштасын ашуға не кедергі?» деген сауалдарға жауап ізделді. Мамандардың пікірінше, көбіне білікті мамандар тапшылығы қол байлау болып жатады. «Бізде мамандар тапшы. Жекелеген әуесқой дизайнерлер мен ізденімпаз жастар ұсынған жобалар бар да, ұйымдасқан арнайы бағдарлама негізінде қалыптасқан үлкен жоба болмай отыр. Жүйелі түрде жұмыс істейтін команда жоқ. Жөні түзу студия да жоқ. Қазақша интернетті қазақша ойлайтын адамдар ғана жасай алады. Бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе деп ойлаймын. Оған еліміздің техникалық әрі қаржылық мүмкіндіктері жетеді», – дейді еліміздегі қазақ контентінің дамуына үлес қосып келе жатқан «Қазконтент» мекемесінің маманы Қуаныш Мағзұмов.
Дөңгелек үстелде қазақ поштасын ашудың тиімсіздігін алға тартқандар да болды. Мәселен, Аршат Оразов жаңа дүние жасаудан гөрі әлемдік деңгейдегі әлеуметтік желілер мен пошта жүйелерін аудау тиімдірек болатынын айтады. «Велосипедті қайтадан жинап шығу қажет емес. Қазақ поштасы дейміз, әлемдік пошта қызметінің ішіндегі ең үздік үлгісі «google» жүйесіндегі «gmail» поштасы. Бізге «google»-ды қазақшаласақ жетіп жатыр. Барлық мемлекеттер жаңа пошта ашып жатқан жоқ. Тек өз тілдеріне аударып жатыр. Бізге де осыны аударатын команда керек. Екіншіден, жаңа электронды пошта қызметін ашу үшін өте үлкен қаражат қажет. Үшіншіден, оның қауіпсіздігіне ешкім кепілдік біре алмайды. Пошта дегеніңіз өзіңіздің барлық құпия жазбаларыңызды сеніп тапсыратын орын екенін де ескеру қажет», – деген уәж келтірді.
Қ.Мағзұмовтың пікірі де осыған үндес болып шықты: «Түркі дүниесіне ортақ әлеуметтік желі немесе қазақ поштасын ашу айтарлық қиындық туғызбайды. Тек қаржы болса болғаны. Басқа ешқандай кедергі көріп отырғаным жоқ. Бірақ бұл «Қазақтелекомның» еншісіндегі мәселе. Қаржылай мүмкіндігі де, техникалық мүмкіндігі де жетерлік. Кезінде барлық қазақ блоггерлерінің басын қосқан «wordpress.com» жүйесі бір-ақ күнде жабылып, орнын сипап қалдық. Сондай жайттар болмауы тиіс. Күллі жұрт болып ұсыныс жасап көруге болады. Сұраныс туындап жатса ашылып қалуы тиіс. Өз кезегінде «Қазконтент» ұсыныс түсірушілерге қолдау білдіруге дайын. Бірақ бүгінге дейін нақты ұсыныстар түскен емес».
Жиында қазақ тілді сайттарға хостинг беретін орталық болса деген ұсыныстар да айтылды. Қуаныш Мағзұмов «бұл алдағы бірнеше жылда шешімін табатын жобаның бірі» деп сендірді.
Латын әліпбиі – әлеуметтік тұтастық кепілі
Серікқазы Кәкібаланов:
– Латынға көшу – кириллицаға біржолата тұсау салу деген сөз емес. Бұл жерде идеологиялық мәселе жатыр. Латын қарпіне деген оң көзқарас та қалыптасып үлгерген жоқ. Керек болса, ниет те жоқ секілді. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Ресейге деген тәуелділіктің көрінісі ме, әлде басқа себебі бар ма, айту қиын. Қалай болғанда да кириллицаны қолданушы мемлекеттердің саны өте аз. Негізі әлем халықтарының басым бөлігі латын қарпін пайдаланады. Ал біз көштен қалып келе жатырмыз.
Аршат Оразов:
– Латын әрпі арқылы дүние жүзіндегі қазақтардың басын біріктіре аламыз. Ғаламторлық жағынан тиімді. Контент көлемі де артады.
Қуаныш Мағзұмов:
– Латын қарпіне көшу жас мамандар үшін тиімді болғанымен, жалпы халық үшін тиімсіз. Кеңестік кезеңде көзі үйреніп қалған кириллица тұрғанда алдыңғы буынды латынға көшіре алмаймыз. Қабылдай алмайды. Кері әсері болуы да мүмкін. Латынды түсінбей халық орыс тілді басылымдарға қайта бет бұруы мүмкін. Жалпы бұл бір жылда шешілетін түйін емес. Өзбек халқы латын қарпіне көшуді сонау 1993 жылы бастап, 1998 жылы ғана толықтай көшті. Бізге де осындай тәжірибелерді ескеруге болады.





Бөлісу:

24 пікір

asaubota
кейде өйстіп серьезный бола қалатыным бар

рахмет, Бүркіт есеп үшін. газетке қашан шығады?
berkut
газеттің бүгінгі нөміріне шықты
Armanjan
оқырманы көп газеттердің бірі. Тұрақты оқырманымын десем болады. Іске сәт деймін!
asaubota
бізге әкелуді қойдыңдар ғой. әлде бітіп қалып жүр ме екен мен алғанша?
konvict
Латынға көшу үшін екі әліпбиді қатар пайдалану керек. Бес-он жыл көлемінде толықтай көше аламыз деп ойлаймын.
asaubota
бірден көшіп кетуге болмайды әрине. біраз уақыт керек.
Janasil
Ішкі саясат басқармасында «қазақ орамалды қалай тақты?» деген мәселені насихаттау үшін бір жарым миллион теңге бөлініпті.
Дауа жоҚ!!! Ырзамын наҚ! Кім істесе де!
TOTY
Иә, дөңгелек үстел Бәкеңнің есебіне қарасаң, жаман өтпеген сияқты
sammita
осы газеттің сайты ұнайды. қызығып оқисың.
asaubota
маған қағаз нұсқасы ұнайды, дизайны жақсы. сол туралы жазған сөзімді өткенде газетке шығарып қойыпты Керекинфо блог жүйесінен деп қасына сурет мен атымды жазып
sammita
сен жасағансың ба?
Газеттің әр нөмірін ала бермеймін, сондықтан эл. нұсқасын оқу маған ыңғайлы. Кей сайттар болады: ішінен ақпарат алуың керек, бірақ түк тартымсыз.
asaubota
жоқ, мен жасаған жоқпын.
Abilakim
жақсы газет, маңдайалды деуге келеді
Nurshat
Латынға көшсек болатын еді тездетіп… Осыны айтып ауыз ауыртқандар қаншама, қашан екені белгісіз…
izbasar
Талқыланған мәселелер дөкей ағаларардың керең құлақтарына тисе жақсы болар еді…
ushkin
Қазақша интернетті қазақша ойлайтын адамдар ғана жасай алады. Жақсы айтылған
nurbergen_makym
Меніңше бұл граф Рене де Шатильонның «Картопты отырғызу картоп отырғыза білетін адамның қолынан ғана келеді» деген сөзінен ұрланған ойтопшы сияқТ.
ushkin
 Ұрланды демес ем… )) Оның қасында тағдырлар да қайталанады емес пе? )) Бастысы — өзінше қайталады
Marationok
Адаптация жасап жеткізді дейсің ғой? "Қазақша ойлайтын" деген қиындау екен…
ushkin
қазақша ойлайтындар аз дейсіз ғой…
Marationok
Ойлайтындар бар, көп, бірақ ой жеткізушілігі шамалы нелеу да…
Gastarbaiter
ойтопшы
Белсенді сөздігіме бір сөз қосылды
Blogshy
Осындай орамал тағу жөніндегі қыртымбай мәселеге осыншама қаржы бөлгенше, Қазнетті дамытуға сөзден көрі іспен үлес қосып, қыруар еңбектеніп, IT-tirlik сынды әдемі онлайн-журнал шығарып бастаған Тимур сияқты талантты жастарға бөлінсе, ол өз командасын құрса қаншама іс бітер еді?