«Размен беріңізші» немесе тұтынушыға керек 10 қағида

Шіркін дүкееен! Дүкен болған жақсы ғой. Қонақ келсе ең алдымен сасқалақтап, тапырақтап дүкенге жүгіреміз, ішіміз пысса да сонда барып қомағай көзді тойдыруға тырысамыз. Керекті де сүйікті нәрселерімізді де сол жерден табамыз. Алайда кейде дүкеннен қапаланып не болмаса ашуланып шығатын кездеріміз де болып жатады. Өйткені ол жерде көкбет САТУШЫ бар… Ол өте ашушаң, қашан көрсең түнеріп, өміріне өкпелі болып тұрады…

Керекті нәрсеңізді алуға дүкенге бардыңыз делік. Сатушы бетіңе бақшиып қарап «Не керек? Айта беріңіз!» деді. Сіз де сасқалақтап:
— Сүт беріңізші-десеңіз, сатушы тағы да баж етті:
— Әй қазағым-ау қандайы керек? Саған қай сүт ұнайтындығын бетіңе қарап білем ба?- деп дүрс етті. Шыдай алмаған сіз де өз мінезіңізді көрсете бастадыңыз.
— Апай-ау! Немене сонша айғайлайсыз??? Тіпті тауардың түрін көруге де мұрша бермедіңі ғой… Анау да осыны күтіп тұрғандай шыж-быж етті… Ары қарай не болатынын өзіңіз білесіз. Кейде төбелес те болып жатады...
Міне мұндай жағдай орын алмас үшін тұтынушы төмендегі 10 қағиданы есте ұстауы шарт.

1. Не үшін барам? Не қажет? Дүкенге кірерден бұрын өзіңізге осы 2 сұрақты қойыңыз.
Бұл сауалдарды өзіңізге қойып, оның жауабын толықтай білуіңіз өте маңызды. Себебі, жетер жеріңе жетіп алып не үшін келгеніңді ұмытып қалу сатушының зығырданын қайнатады. Сосын ол айқайламай кім айқайласын??!

2. Сатушының алдына келгеннен кейін ешқашан «шай немесе сок беріңізші» деп айтушы болмаңыз. Олай деген жағдайда ұрыс-керістің болмауына кепілдік жоқ… Былайша айтқанда біткен жерің осы. Неге деген заңды сұрақ туындаса жауабын өзіңіз де шамалап отырған боларсыз. Қазіргі кезде тауардың түрі көп. Орта есеппен алғанда әр дүкенде кемінде 10-15 шайдың түрі бар. Кассаның ар жағындағы адам қаһарына мінбегенін тілесеңіз, керекті тауардың аты мен затын толықтай айтыңыз.

3. Егер еріккенде дүкенге кірген болсаңыз, артық сұрақтармен стаушының мазасын алмаңыз. Сатушының жұмысы бұғалтериядаы көзілдірікті апайларымыздың немесе операция жасайтын хирургтың жұмысынан да ауыр. Сондықтан оларға түсіністікпен қараған жөн.

4. Ақшаңызға ұқыпты болып, алған тауарларыңыздың бағасын ойша есептеп тұрыңыз. Кей жағдайда сатуышылар шатасып қайырымыңызды дұрыс бермей қояды. Мұндай кеде қайтадан қисап жасап, кассадан әрі кетпей ақшаңызды санап алыңыз.

5.Егер тауар ұнамаса, бағасын қымбат көрсеңіз үндемей шығып жүре беріңіз. «Мынау неге қымбат?» дейтін болсаңыз, міндеттеі түрде «Ешкім сізді зорлап әкелген жоқ. Арзан жерден барып ала ғой» деген жауапты міндетті түрде еститін боласыз.

www.rabochee-mesto.com
сурет: www.rabochee-mesto.com-нан

6. Бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өтті, өтіп жүр, өте береді. «Ақша майдалату». Айлық алған кездері, таксиге отырғанда ірі ақша берсек, «ұсағым жоқ, размен бер» дейді. Сасқаныңнан дүңгіршекке жүгіресің. Ол жердегілер «обменный пункт емеспіз» деп тарс еткізеді. Ең ақырында, «ит» болып, сол жерден міндетті түрде бірнәрсе алып, зорға есептесесіз. Мұндай жағдайда сатушыға шама келгенше ашық әрі шынайы түрде жағдайыңызды түсіндіріп, оның миына толықтай жеткізуге тырысыңыз. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші, бәлкім түсініп қол ұшын созар. Шама келгенше төлем қабылдайтын «терминалдар» орналасқан жерге барған дұрыс. Ол жерден майда (ұсақ) ақша табылады.

7. Дәлелдей алмасаңыз, жоламаңыз! Егер сусынды бүгін 100 теңгеге алып ертесіне 110 теңгеге сатып алсаңыз, міндетті түрде дәлелдейтіндей ситуация жасап (ұялы телефонның камерасына, диктофонға жазып алып) дүкен иесіне көрсетіңіз. Сіз ұялмай, қызармай қызметкерлердің дұрыс қызмет етпейтінін 100% дәледей аласыз. Бұл сіздің тиын санайтын адам екеніңізді көрсетпейді, барынша әділетті болы келесі адамның қаражатын қалтасында қалдыруға көмектеседі.

8. Этиканы бұзбаңыз. Кей жағдайда дүкенде «клиент» көп болып жалғыз сатуышының жағаданалып жатады. Бір тұтынушыға қызмет көрсетіп жатса, екіншісі жағаласқан сәтте «АС» болады. Бұл дегеніміз- ашулы сатушы. Бір адам 5-6 адамға бір уақытта қызмет көрсете алмағандықтан жүйкесі ұқарып ашуланып, біреуіне айғайымен тап береді. Бұл сіздің көңіл күйіңізге әср ететін жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, өз кезегіңізді күтіп, барынша мейірімді болыңыз.

9. Бір тауардың атын айтып тұрып, назарыңызды басқа жаққа аудармаңыз. Сатушының назары көбінесе тұтынуының бет-әлпетіне аударылады. Себебі клиент керек нәрсесіне ғана назар аударады деген қаып қалған қағида бар. Бұл қылыңыз бір жағынан сүйкімсіз көрінуі мүмкін.
10.Бұл қағида ұрыс-керіс орын алған сәтке арналған. Қатты ашуға беріліп жатсаңыз, сатушының ар-абыройына, намысына тиетін сөздерді айтып, ғайбаттып азаматтығыңызды күл талқан етпеңіз. Бұл салиқалы да сауатты адамның жасайтын ісі емес.

Денсаулығыңызды күтіп, айналадағыларға өз көңіл- күйіңіз болмаса бөрідей тиісе бермей, саламатты өмір сүріңіз.
Бөлісу:

26 пікір

sammita
міндетті түрде 10-ға жеткізу қажет пе еді))) мынадай ашулы сатушылар көп емес шығар енді.
Zevs
әне табылып жатыр. негізі 10-нан көп. бір ойым бар бірақ іште қалсын.............
asaubota
біздің үй жақта бар бір апай, алушымен дұрыс сөйлесуді білмейді. не алайын деп жатқаныңды ұмытып қаласың.
bake
біздің көп пәтерлі үйдің ауласында 4 дүкен бар. Сатушысы ашушаң дүкенге аз адамдар барады, дүкені жабылуға шақ қалды. Бірде қақталған тауық етін немесе тауық етінен жасалған рулет грамм/баға жағынан қайсысы арзан болады деген оймен сұрастырмақшы болып… түбінде көрші дүкенге барып саудамды жасадым
Zevs
бәсекелестік ең жаман нәрсе. жүйкең жұқарып ашуланбақ түгілі жынданып та кетуің ғажап емес. негізі дүкен ашу оңай болғанымен оны ары қарай жалғастырып кету өте қиын.
omarbirat
Үй жақта маңайдағы дүкендердің бәрінде клиенттер үшін өліп-өшіп тұрады. Соған шүкір деймін.
Жаңа жыл қарсаңында жеміс-көкөніс алып жүрген жерімізге барып, ананы алып, мынаны алып жүріп, 1000 теңгеге алған өлшетіп, дайындап қойған мандаринді сол жерде ұмыт қалдырып кетіппін. Алған затым шынымен көп еді, үйге дейін әрең көтеріп келдім. Үйге келген соң мандарин жоқ болып шықты. Ал нақ, қайтадан жүгір әлгі дүкенге қарай. Барғасын бірден мән-жайды түсіндірдім. Сатушы сөзге келместен сол жерде қайтадан өлшеп берді.
Gastarbaiter
Мынау сюжеттен көрі, сана мен сезім қауымдастығына көбірек келеді екен.
Zevs
Мынау сюжеттен көрі, сана мен сезім қауымдастығына көбірек келеді екен.
болды ма?
omarbirat
Сатушысы дұрыстап сөйлесе алмаса, сауданы басқа жерден-ақ жасаған дұрыс сияқты. Қанша дегенмен, қазір — нарық заманы. Дүкеннің бәрі Сәбеттің кезіндегідей өкіметтікі емес. Клиент қытымыр болмаса, сатушының көкбет болуға құқығы жоқ заман. Ол сатушы бүкіл ауылдағы сауда жасайтын жалғыз нүкте болмаса, әрине

Бас жағындағы дүкеншінің сипаттамасын оқып, Ресейдегі сатушылар еске түсіп кетті. Ол жақта, жалпы, халыққа қызмет көрсететін жерлерде істейтіндер аман-сәлем дегенді біле бермейтінін байқадым.
Zevs
шет жақты білмедім дегенмен біздің еліміздегі сатушылар мен тұтынушылардың көбі этикадан жұрдай көпке топырақ шашып отырғаным жоқ
araika
Мұндай кеде қайтадан қисап жасап
қос сөздер емлесін қайталап шығуды ұсынамын Қисап сөзі есеп-қисаптан шықты ғой, демек оларды ажыратып алып қолдануға келмейді, меніңше. Сондықтан, мұндай "өзгерістерден" аулақ болайықшы!
Zevs
ал мен сізге әдеби кітаптарды бір шолып шығуға кеңес беремін.
sammita
қос сөздер ажыратылмайды деген ереже жоқ. Отын-шөп, есеп-қисап, аға-іні т.б. Қисап деген сөз бар.
Gastarbaiter
Қалаштар базардан шағаларына сәмпит әкепті, біздің үйдегі кепсік те қырқынға мампунь, бүлде әкепті.
sammita
бұл басқа. Ет-пет, нан-пан, шәй-пәй дегендер қос сөздің ішіндегі басқа түрі.

Қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері мынадай топтарға белінеді:
1. Кейбір қос сөздер дара мағыналы сездерден құралып, жинақтық я жалпылық мағынаны білдіреді. Мысалы: аяқ-табақ, ыдыс-аяқ, бала-шаға, қыз-келіншек, кемпір-шал, т.б.
2. Кейбір қос сөздер белгілі бір ұтымды дәл атамай, екіұшты етіп болжау мағынасын береді. Мысалы: бүгін-ертең, кешелі-бүгінді, жеті-сегіз, қырық-отыз, алпыс-жетпіс т.б.
3. Кейбір қос сөздер белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы, сөйлей-сөйлей, жүре-жүре, бара-бара, айтып-айтып т.б.
4. Кейбір қос сөздер екі субектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың тікелей болатынын білдіреді. Мысалы: көзбе-көз, жүзбе-жүз, қарама-қарсы, қолма-қол, т.б.
5. Біралуан қос сөздер, бір жағынан, аталатын затты кемсіну, қомсыну мағынасын білдірсе, екінші жағынан, тағы сол тәрізді бірдеме деген сияқты белгісіздікті қоса қамтиды. Мысалы: сүт-мүт ішіп алайық дегенде, ішетін тамақ нағыз сүттің өзі емес, сол тәрізді бірдеме деген белгісіз нәрсені айтумен қатар, сол затты кемітіп, қомсынып айтқандықты білдіреді. Мысалы: ат-мат, ешкі-мешкі, кісі-місі, т.б.
6. Қос сөздер заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту үшін де қолданылады. Мысалы: қып-қызыл, сап-сары, күп-күрең, үлкен-үлкен т.б.
Gastarbaiter
Мен бұларыңды Дарақы Назғұлмен «Жосық» сөзін талдағанда қайталап оқып алғанмын. Дегенмен керек адам оқып алғаны артық болмайды.
Әзілді әзіл ретінде қабылдау керек шығар
Анандай* (мен жазғандай) ешкім сөйлемейтіні анық ғой. Бірақ тіл білетін адамға түсінікті
sammita
өзім де есіме түсіріп алдым. іс жүзінде білгенімізбен, ережесін ұмытыппын.
Gastarbaiter
Көпше түрде айту ше?
Аршаттарды көрдің бе? Мадлендер кешкі рейспен келеді екен.
sammita
бұл тек ауызекі сөздер шығар.
Gastarbaiter
"Қорландар қайда?" © Жаужүрек Мың Бала
ауызекі тіл болса да өте күшті ауызекі сөздер.
araika
Бірқатар қос сөздердің екінші сыңары жеке қолданылмайтын, мағынасыз сөздер болып келеді.
деген тұжырым бойынша жазған ем, қисап сөзінің жеке-дара мағынаға ие екенін білмей.

Қателесіппін, әдеби кітаптарды оқымау салдарымнан
Zevs
Қадірлі оқырмандар! Жазбада кеткен грамматикалық және логикалық қателер болғандығына кешірім сұраймын. Уақытым тығыз болғандықтан және пернетақтам дұрыс жасамау салдарынан мұндай қателерді жібердім. Уақытым болғанда міндетті түрде сұраймын. Түсіністікпен қарарсыздар деген үміттемін!
Gastarbaiter
Жоқ, бұл өте ауыр қылмыс. Кешіре алмаспыз
Zevs
өз еркің! бастысы кешірім сұрадым. алдыңа келсе атаңның құнын кеш деп өтірік айтқан ба қалай өзі