Жалғас Ертаймен болған сұхбат


Мына фигураны «Керектіктерге» таныстырудың қажеті жоқ шығар. Биылғы блогқұрылтайда өз басыма Жалғастың презентациясы қатты ұнағанын айта кетейін. Әрине, «Керектіктер» үшін Жалғастың кейбір айтқандары «тізесі шыққан» тақырып болуы мүмкін. Бірақ, жұрттың барлығы бірдей емес, біреу біледі, біреу білмейді дегендей. Айтпақшы, құрылтайда Нұрғисаның да жасаған презентациясы ұнады.

Жалғас ЕРТАЙ, блоггер, «WikiBilim» қоғамдық қорының қызметкері, «Центр тяжести» сайтының редакторы:

«Қоғам қандай болса, оның интернеті де дәл сондай болады»

«Интернет журналистен универсал болуды талап етіп отыр»

«Қазақтілді интернеттің бар екендігін дәлелдейтін уақыт келді»

Жалғас, биыл сен Астанада өткен блогшылардың құрылтайтында «Like ұрпағы. Әлеуметтік медианың бет алысы» атты тақырыпта презентация жасадың. Тақырыбыңды оқырманға толығырақ түсіндіре кетсең. Себебі, қазір Интернет пен ақпарат берудің жаңа тәсілі күн санап дамып жатыр. Бүгінгі Интернетшіл ұрпақтың қайда, қалай бағыт алғанын, медиадүмпудің қарқынды даму барысы қалай болмақ деген сауалға не деп жауап берген болар едің?

– Мен қазіргі жаңа технологияның пайда болуының коммуникацияға әсері, ақпаратты таратудағы медианың жаңа құралдарын тиімді пайдалану керектігін осы саланың мамандарына жеткізгім келді. Мақсатым біреу ғана – қазақ тілінде ақпаратты таратып, оны жасап жүрген журналистерге Интернеттің құралдарын пайдалануға, оны түсіндіруге тырысу. Сондай-ақ, осы саладағы тәжірибеммен бөлісу ойда болды. Біріншісі, коммуникацияның теориясының қыр-сыры, дамуының қай сатыға келіп тұрақтағаны, оның осы уақытқа дейін артқа тастаған деңгейлерін бағамдау. Тұрақтаған тұсын бағамдап қана қоймай, бұдан былайғы жылжитын тұстарын өзіміз үшін анықтап алу. Екіншісі, түбегейлі коммуникацияның философиясына, оның өзгеру метаморфозасына келіп тақалады. Яки, авторға, автор болуға қатысты көзқарастың өзгергендігі туралы. Осы ұғымның қазіргі кезде өзінің бар киелілігін жоғалтып, мәртебесінен айырыла бастағанын жеткізу болды. Қарапайым сөзбен айтқанда, қазір автор болу мәртебе де, сән де емес – тек қажеттілік қана. Яғни, автор болу әр адамның маңдайында жар салып тұратын «айдар» (ярлык) қана болып қалды. Оның себебі біреу ғана, кез келген адам потенциалды автор болып кетті. Айталық, әрбір Интернет тұтынушысы өзі тұтынатын, мысалы мэйл.ру сайтының микроблог қызметі арқылы ақпарат жарияласа, шамамен өзінің бес жүз досына ақпарат таратып отырады. Демек, ол да автор. Мысалы, Google компаниясы 2007 жылы әлемнің барлық кітап атауын сандық форматқа ауыстыру жобасын бастаған. Сол жобаның барысында зерттеудің қорытындысы бойынша, адамзат тарихында 130 млн-ға жуық кітап атауы шыққан екен және оларды жасаған, шамамен 30 млн-ға тақау автор болған көрінеді.

Ал, қазір бәрі де автор. Себебі, коммуникацияның, ақпаратты таратудың құралдары өзгеріске ұшырады. Жоғарыдағы презентация арқылы айтқым келгені де осы коммуникацияның құралдарын, олардың тәсілдерін өзгерткен қазіргі Интернет технологиялар, олардың көзге ұрып тұрған көкжиектегі болашақта қандай болуы мүмкін екендігі турасында жауап іздеп көру. Осы тәсілдерді түрік құлағымен қағып алып, толқынның жылжу динамикасын дұрыс бағамдап, мүмкіндіктер ұсынып отырған facebook.com, twitter.com сияқты және басқа да сайттар, технологиялық мүмкіндіктер бар. Мақсат – қазіргі қазақтілді ақпарат жасаушылар мен оларды таратушылардың назарын осы жаққа қарай бұрғызу.

– Сосын бір сөзіңде қазақ тілін Интернетте де дамытуға болады дедің.

– Интернетте тілді жасанды жолмен дамыту мүмкін емес. Себебі, Интернет біздің бетпердеміз. Қоғам қандай болса, оның Интернеті де дәл сондай болады. Егер Интернетте 500-ге жуық қана қазақ тілінде жұмыс істейтін сайт бар деп есептесек, онда қоғамдағы қазақ тіліне қажеттілік те сол деңгейде. Яки, қазақ тілінде сөйлейтіндер рейтинг пен статистиканың қамтылу аймағынан тыс жерде, не қоғамдық процесте ешқандай салмағы жоқ әлеуметтік төменгі пласт қана болып отыр. Интернеттегі қазақ тілінің қазіргі дамымай, не баяу дамып отырғанының бірнеше себебі бар.

Бірінші, қазақ тілінде контент (мазмұн) жасаушылар, оларды таратушылар Интернеттің құралдарын тиімді пайдаланбауында, пайдалана алмауында. Сондай-ақ, көп бұндай концерндердің бағынышты күйде өмір сүруінде. Мысалы, қазіргі күйдегі қазақ тіліндегі газеттер ешқашан өлмейді, олардың көпшілігі, тіпті барлығы мемлекеттік тапсырыс пен тендер арқылы өмір сүреді. Онда жасанды түрде құйылып жатқан қан газеттерді жандандыру бөлімінде әлі күнге ұстап келеді. Ал жасанды, донорлық жолмен өмір сүретін бұқаралық ақпарат құралы бәсекеге төтеп бере алмайды, бәсекелік ортаға тап болғанда, күлпара болып құлдырайды. Демек, ондағы істейтін журналистерге өзін дамыту, әркелкі құралдардың мүмкіндіктерін зерттеу, артығырақ іздену, қазақ тіліндегі жасалған дүниенің сапалы болуына қызығушылығы аз, тіпті жоқ. Көбіне, мемлекеттің ақшасы игерілгенге дейін ғана жұмыс істеуге тырысады. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі жасалынған ақпараттардың екі-үш тақырыптың аясынан шықпай қалуы да осыдан.

Ал, Интернетте бәсекеге қабілеттің болмауы мүмкін емес. Миллиондаған қаржы құйса да қазақ тілінде жасалған сапасыз, не жоғарыдағыдай мазмұндағы сайтты ешкім оқымайды, ол оқырманға қызық емес. Менің ойымша, қазақ тілін және қазақтілді контентті (мазмұн) Интернеттің құралдарын пайдаланып қана бәсекеге қабілетті етуге болады. Бұл, бір жағынан, тым қымбат та емес, әрі жұмыстың нәтижесін көзге ұрып тұрған статистикалық деректермен негіздеп отыру мүмкіндігі бар.

Демек, БАҚ-тар қазақ тілін дамыта алмай отырғаны ма?

– Дамуды әрқалай түсінуге болады. Мәселенің бәрі олардың қай бағытқа қарай жылжып бара жатқандығында. Қазақ тілінде контент жоқ емес, олар көп. Күн сайын, апта сайын, ай сайын шығуда. Олардың тек алдын ала өздері үшін анықтап алған салалары бойынша емес, сан салалы, әртарапты бағытта дамып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазіргі қазақтілді газеттердің тұтынушысы кім? Ондағы жасалған мазмұн оқырмандардың сатып алу ниетін ендігіде қайта оята алады ма? Әлде кезекті жоғарыда айтылған санаулы тақырыптар аясында тар «толғаулардың» сериясы болып қала бермек пе? Әңгіменің бәрі осыған келіп тіреледі. Мемлекеттен тапсырысты орындау үшін қаржы алып, оны жыл бойы сұрықсыз бейнеде игеру үшін контентті, яки мазмұнды тудыруға тырысу – бекершілік. Екінші жағынан, бұның себебін Үкіметтің де өз қаржысының сапалы өнім тудыру үшін жұмсамауға құлықты болмауынан да көруге болады.

Бұл жүйені өзгерту үшін не істеу керек?

– Газеттер интернетке келуі, өздеріне ну орман болып көрінген жаңа мультимедиалық құралдарды игеруге кірісуі керек деп есептеймін. Бұл тұрғыда, тек қана газеттер емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарын атап өтуге болады. Сайт қана жасап, кейін бір апталық материалдарды қайта жариялап отыру – ештеңе бермейді. Әлемдік тәжірибе осыны көрсетіп отыр.

Қазіргі кезде Интернет журналистен универсал болуды, ақпарат таратудың бір ғана форматын емес, барлық форматын игеріп, тарата алу қабілетін қажет етеді. Ол: мәтін, фото, видео, аудио. Неге газеттің журналистеріне сұхбатының аудио бөлігін интернетке салып, подкаст жасамасқа? Оқиға орнынан видео түсіріп, тірі куәгер етпеске, фотолар түсіріп, фотогалерея ұйымдастырмасқа? Осының бәрін сайтта жасауға болады. Қағазға жұмсап отырған ақшаның бір бөлігін Интернет сайтқа жұмсап көруі керек. Тәжірибе үшін.

Үкіметтің қаржыландыруымен жасалынып жатқан бірнеше ірі-ірі жобалар бар. Олардың қатарында bnews ақпарат агенттігін, kaztube видео-хостинг сервисін, ilike әлеуметтік жүйесін атап өтуге болады. Дегенмен, көпшілік бұл сайттардың барынан жоқ екендігін ғана біледі. Интернеттегі қазақ тіліндегі контент қалай, қай бағытта дамып жатыр, ондағы негізгі тенденцияларды ешкім біле бермейді. Белгілісі, ол мемлекеттің қолдауымен, не бастамасымен емес, энтузиастардың қауымдастықтары тарапынан ғана дамытылуда, солардың ұйытқы болуымен құрылған ресурстар ғана өмір сүріп жатыр. Бірақ, ол қауымдастықтардың еңбектерінің жемісі материалдық деңгейге жеткен жоқ. Ал бәсеке – энтузиазмның материалдық деңгейге ауыса бастаған тұсында ғана дамиды. Қазақ тіліндегі жоба монетизация (сайттың коммерциялық табысы) жолына шықса ғана, оның бағыты дұрыс деп анықтауға болады әрі бәсекеге төтеп беретін табиғи даму жолына түседі. Ал қазір қазақтілді контенттің дамуын күтпей, өздері жасауға кіріскен топтар ғана бар, олардың саны күн санап артып келеді. Тіпті, «Твиттерге» (микроблогтік сервис) кірсеңіз де қазақ тілінде жазатындарды табасыз. Себебі, ыңғайлы құрал және оны тұтынғаны үшін ешкім оларға ақша да төлеп жатқан жоқ. Қолданушылар онда оның ыңғайлы құрал екенін біліп, өз еркімен баруда. Ондағы аудиторияның қалыптасып үлгергенін де атап айтқан дұрыс. Ендеше, не үшін қазақ журналистеріне сол жаққа бармасқа?
– Журналистер БАҚ-та істеп отырған жұмысын қойып, сол құралға көшуі керек пе?

– Жоқ, БАҚ-тың негізгі мақсаты – ақпаратты түпкі тұтынушыға жеткізу ғой. Демек, ақпаратты жеткізудің заманға сай құралдарын пайдалануы керек. Қазіргі заманның ақпаратты жылдам жеткізудегі ең ыңғайлы құралы – Интернет, сондағы ресурстар. Тіпті, соңғы екі-үш жылда әлеуметтік медиа (социальные медиа, social media) түсінігі де қалыптасып үлгерді. Әлеуметтік медиа деген – ол әлеуметтік желілерге медиа өкілдерінің келіп, онда өз контентін (мазмұн) тарата бастауы. Яки, БАҚ-тың әлеуметтік желілерге келуі. Басылым, теледидар, радио Интернетте өз парақшаларын, ресми беттерін ашып, күнделікті ақпарат ағынын сол арқылы таратып отырады, әлеуметтік желінің аудиториясын өздері жасаған мазмұнның айналасына шоғырландырады. Сәйкесінше бұл тұста контентті (мазмұнды) жасау процесі де үлкен өзгерістерге ұшырайды. Созылған мәтіннің құры өзін беріп, қолданушының көз майының обалына қалу – ыңғайсыз әрі пайдасыз. Оның орнына, не оған қоса, мультимедиалық материалдарды пайдалану керек яғни оқиға куәгерінен аудиосұхбат, оқиға орнынан видеоролик, оқиға жөнінде фотогалерея мәтінмен қосылып жасалса, оқырманның айтар алғысы көп-ақ болар еді.

Интернеттің адамы жылдам ойлайды, Интернеттегі оқырманына сіздің алғашқы сөйлеміңіз ұнамай қалса, сіздің сайтыңыздан бетін аулақ ала қашуға тырысады. Ақпараттың өтімді, оқылымды болуы үшін де әлемдік тәжірибе көрсеткендей әркелкі форматтарды пайдаланып, осындай әрекеттерге барады. Үш түрлі форматты бір-бірімен араластырып, оқырманның көз алдында картинаның толық нұсқасын ұсынуға тырысады. Қазіргі кезде әлемдік ірі медиа концерндердің көбісі Интернетке жіті назар аудара бастады. Газеттен, теледидардан, радиодан бөлек, олардың сайттарына ерекше назар қойған. Сөйтіп, олар газетте бірнеше фото және мәтін ғана ұсынып, ал сайтында сұхбаттың аудио, не видео нұсқасын, тіпті фотогалереясын да ұсынуға мүмкіндігі бар. Айтпағым, қазіргі қазақ газеттерінің сайттары басқа форматқа, өз газеттеріндегі материалдарды қайта басудан өзге форматқа қарай ауысуы керек. Газетті жасап отырған команданы универсал етіп, барлық ақпарат тарату форматына бейімдеп, газеттің сайтына да жұмыс істеуге үйрету, шақыру керек деп ойлаймын. Сонда ғана қазақ тілді сапалы контент сөзсіз дамиды.

Одан кейін әр адам автор болу керек дейсің. Меніңше, қазақ қоғамы ондай пікірге әлі дайын емес. Бұл пікірден үркуі де мүмкін. Бірақ осыған жақындап келе жатқан сияқтымыз. Әр адам автор болып кетсе оның әрқайсысын оқып қамту мүмкін емес қой.

– Үркісе үркісін. Жаңа нәрсе әр кезде де үркумен қарсы алынады. Факт сол – әр адам потенциалды автор. Бірақ, әркім өз саласында ғана автор болсын. Міндетті түрде, журналистке ұқсап ойлайтын автор болуы қажет емес. Интернетте бірінші көзге ілінетін нәрсе – субъективтілік. Ондағы эмоция мен бағалау барлық ақпарат құралдарына қарағанда басымырақ. Адамның құбылыстан, оқиғадан, факттен, статистикадан алған әсері маңызға ие. Мысалы, ешқандай қолданушы өз блогында, парақшасында, бетінде ешқашан оң жақтың да, сол жақтың да көзқарасын объективті көрсетпейді, тырыспайды да. Ол кез келген құбылысқа өзінің жеке қатынасын, көзқарасын, пікірін ғана білдіреді.

Иә, автор ұғымы бұрынырақта киелі болған. Тіпті жақын өткен шақтағы кеңес үкіметі кезінде жазушылар, яки авторлар жоғары бағаланған. Ал қазір кез келген адам – автор. Бірақ, ол адамның қай деңгейдегі автор екендігі екінші сұрақ, жеке талдауды қажет ететін нәрсе. Автор болу деген не? Сенің жеткізгің келген ақпарат пен айтқың келген ойыңды жариялауға мүмкіндігің мен оған қажетті құралдарың бар, оны таратуға қабілетің жетсе авторсың. Ал, қазір осындай мүмкіндікті интернет беріп отыр. Сол себепті де бәрі авторға айналып кетті.

Соңғы уақытта, телеарнада әркелкі шоу бағдарламаларда қазылардың бағалауымен қоса, тыңдармандардың да бағалауы ескеріле бастады: дауыс беру, хабарлама жіберу, тыңдармандардың санына қарай анықтау сияқты. Демек, қазір авторитеттің бағалауынан, көпшіліктің бағалауы алдыңғы планға шыға бастады. Өз кезегінде, бұған әсер етіп, осы форматтың тууына үлесін қосқан – Интернет. Профессионалды бағалайтын қазылар мен эмоционалды бағалайтын аудиторияның пікірі бір қатарда тұр десе болады.

– Сеніңше қайсысы дұрыс, қазылардың бағалауы дұрыс па, көпшіліктікі дұрыс па?

– Бұл сұрақтың мақсаты, қайсысы сапалырақ дегіңіз келіп тұр ғой. Ондағы сапа – бөлек нәрсе. Қазылар дұрыс жұмыс жасамай отыр деген сөз емес. Керісінше, көптің даусы барған сайын жарқын естіле бастады дегені. Демек, көптің даусын ескеретін, олармен санасатын уақытқа келдік. Оған Интернеттің әсер етіп отырғанын да атап өткен дұрыс. Яғни кәсіби мамандар қарапайым қолданушылардың, көрермендердің, тыңдармандардың ойын ескеруі тиіс. Автор өзінің бір сәтке автор екендігін ұмытып, қолданушылардың арасында өзінің авторлықтың нағыз эталонын көрсетуі керек. Қанша дегенмен, сапалы контентті жасайтындар бәрібір кәсіби мамандар болып қалады. Яки, журналистерді алсақ, олар Интернетке келіп, нағыз автордың сапалы дүние жасауы қандай болатындығын қолданушыларға көрсете алады. Бәсекеге қабілетті ортада өзінің туындысының ең оқылымды, көрілімді екенін дәлелдеуі қажет.

Қазір Интернеттегі авторлық құқықтың да дауға айналғаны бар. Ол түсінік те ақпаратты тарату құралдарының өзгеруіне байланысты күмәнді болып қалды. Авторлық құқық түсінігі Интернетте біраз өзгеріске ұшырады. Интернеттегі автор өз туындысының толыққанды иесі емес, оны кез келген қолданушы өз парақшасында қайта жариялай алады. Демек, біздің заңдағы авторлық құқық бұл құбылыстың өзін әлі толық игеріп, меңгеріп, бекітіп үлгерген жоқ. Сreative Commons лицензиясы осы олқылықтың орнын толықтыра алады деп есептеймін. Ол лицензияны қабылдасаңыз, өз туындыңызды өзге қолданушылардың қолдануына, еркін таратуына мүмкіндік бересіз. Бірақ, сіздің авторлығыңыз сақталады. Оны өзге сайттар сізге ескертпестен қайта басуына болғанымен, сіздің авторы екендігіңіз және туындының түпнұсқасына сілтеме міндетті түрде болады. Ал қазіргі дәстүрлі түсініктегі авторлық құқық бойынша сіздің туындыңызды пайдалануы үшін сізден рұқсат сұрауы керек, не сізге қаламақы төлеуі тиіс. Бірақ, бұл норма Интернетте жүрмейді. Себебі, бір қолданушы Астанада, екіншісі Алматыда, тіпті алшақ ауылда да отыруы мүмкін. Сондықтан ыңғайлы құралдарға сай іргетастың болғанын да ескеру керек сияқты.

Сосын презентацияңда «Автор «айдар» ғана болып қалды» дедің. Олай деуіңе не түрткі болды?

– Автор өлді, оның киелігі мен бұрынғы уақыттардағы қабылдануы қайта тірілместей өлді. Автордың өлгендігі туралы тұжырымды алғаш ұсынған мен емес, американдық Роллан Барт есімді философ. Ол өзінің «Автордың өлімі» атты мақаласында осы теорияны мәдени концепт ретінде ұсынады. Ал, осы теорияның көрнекі дәлелі ретінде қазіргі кездегі қоғамдық қатынасты өзгертіп отырған интернетті келтіруге болады. Интернет тумай жатып пайда болған бұл теория, шын мәнінде, өміршең екендігін дәлелдеп берді. Мысалы, 19-шы ғасырдың ортасында өмір сүрген немістің Ницшесі адамдардың санасындағы құдайдың өлгендігі, оны түсінудің басқа жолын іздестіру керектігі туралы жар салған еді. Содан жүз шақты жыл өте сала Барт авторды өлтірді (күлді). Бұл менің ойлап тапқан меншігімдегі дүние емес. Ол интеллектуалды ортада жарты ғасырдан бері талқыланып келе жатқан нәрсе.

Кейбір сайттардағы комментарийлерге қарап, жастардың жаттанды әрі ресми ақпараттан қажығанын, жалыққанын байқап жүрмін. Оған не себеп?

– Қазіргі ойлау жүйесі көбіне жылдамдық пен қысқалықты ұнатады. Жастардың санасында бұл әсіресе анық байқалады. Бұдан шығатын қорытынды – қазіргі жастар, яки біз, өзінің кез келген құбылысқа қатысты ұстанымын like (ұнайды) батырмасын басып, шешуге болады деп есептейді. Содан кейін, оларға мың рет қайталанған мыжыма әңгімелер мен жоғары пафосты толғаулар ұнамайды. Адамзаттың тарихында ол шешімі жоқ мәселелерге қатысты пікірталас ешқашан бітпегенін және бір шешімге ешкім келмегенін көруімізге болады. Қазақстандағы қазақ тілді БАҚ-тардың талқылайтын үш-төрт тақырыбы тіл, дін, діл, ұлттық мүдде және біз қайда бара жатырмыз дегенге саяды. Бұл мәселелердің төтесінен қойылып, анықталып алынғаны маңызды болғанымен, қайта-қайта айтыла берсе, жауыр болатынын көбі ұмытатын сияқты. Мен қайда бара жатқанымды білемін, әркім өзінің қайда бара жатқанын біледі деп ойлаймын. Көбіне «біздің» қайда бара жатқанымыз қызық емес, «біз» деген сөздің лексиконда барынша азырақ қолданылғаны дұрыс деп есептеймін. Әсіресе, БАҚ өкілдеріне. Әркім өз атынан ғана сөйлесе, консенсус сол кезде болады.

Экран арқылы интернетке шұқшиып отырған жастар «біз» деп айтпайды. Олар ұжымдық сананың құлы емес, қайта керісінше. Мен өзімді мінберге шығып, халқымның атынан сөйлеуге құқым жоқ деп есептеймін. Ол жаққа шықсам да тек өз атымнан ғана сөйлей аламын. Қазіргі жастардың бәрі де сол мінездің иесі деген ойдамын. Дауыс берген кезіңізде, топ-топ болып кіріп, дауыс бермесеңіз керек-ті. Ал, қазақ тіліндегі БАҚ көбіне жалпылауды, көптің атынан сөйлеуді, өзіне ұқсас адамдардың тобын біріктіріп, кеуде қағуға ғана шақыратын сияқты. Қазіргі ұрпақ біреудің өзінің атынан сөйлегенді түсінбейді. Сондықтан да көп қазақтілді сайттарда осындай қоғамның келеңсіздіктеріне сарказммен, қара юмормен, тіпті жанши, нұқи қарайды. Көбі одан жалыққан, сол арқылы өзінің наразылығын білдіріп қалуға тырысады.

Қазіргі жастарда өзі білмейтін нәрсе туралы мақтану жоқ. Сөзінің басын өзінің ата-бабасының қандай болғандығын айтып бастамайды. Себебі, тек өз тәжірибеңнен өткен нәрсемен ғана мақтануға болады. Қазіргі жастар компьютердің алдында отырып, теледидарды пультпен қосып, өзіне қажетті ақпаратқа қанығып, жұмысын істеуге ғана құлықты. Одан артық нәрсені ойланғысы келмейді. Мүмкін, менің ойым қате де шығар. Дегенмен, қазіргі қазақтілді БАҚ-тағы айтылып жатқан көп нәрсенің өзі артық, қажеті жоқ, көп қайталанған. Жиырма жылдан бері өзгерте алмады, мына түрімен тағы сонша өзгерте қоятынына күмәнім бар.
– Не істеу керек деп ойлайсың сонда?

– Не істеу керектігін білсем, өзіме де онша түсінікті емес риторикалық сұрақтардың тізбегін жасамаған болар едім. Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, компетенциям жоқ. Шешім қабылдайтын лауазым иесі болсам – басқа әңгіме. Ал қазір мен бірдеңе айтқаннан ештеңе өзгере қоймайды ғой.

– Биылғы өткен блогқұрылтай туралы айта кетсең? Өсу бар ма?

– Былтырғы құрылтайды еліміздің, шетелдік блоггерлермен таныстық. Биылғысында тағы да блоггерлермен таныстық. Менің ойымша, осындай құрылтайлардың саны көбеюі керек. Жылына бір рет емес, бірнеше рет, бірнеше қалада кішігірім құрылтайлар өткізілуі тиіс сияқты. Сосын, жыл сайынғы кездесулердің форматын да кішкене өзгерту керек. Мысалы, биыл біз тек блогтардың жай-күйін ғана талқыладық. Қазіргі қазақ тілі қанатын кеңге жайып, блоггерлермен ғана емес, әркелкі сайттардың ұжымдарымен кездесіп, ол жобалардың дамуы мен болашақта монетизациялануы мүмкіндіктерін қарастыра бастайтын уақыт жетті. Әркелкі қазақ тіліндегі жобаларға потенциалды инвесторлардың қызығушылығын оятып, нарықтың қалыптасуына түрткі болатын алаңның ашылғаны жөн. Жыл сайынғы өткізілетін BarCampCA қазақ тілді интернетке көңілді айтарлықтай бөлмейтін. Бұдан кейінгі құрылтайлар басқа форматқа көшіп, деңгейін көтеруіміз керек деп ойлаймын. Қазақтілді Интернеттің бар екендігін, тіпті көп екендігін дәлелдейтін уақыт келді. Соның ішінде, бизнес құрылымдарына, инвесторларға қазақтілді жобаның болашағы бар екендігін, өмір сүріп қана қоймай, өзін ақтай алатындығына көбінің көзін жеткізу керек.

Биылғы көзге іліккен презентациялардың бірі ретінде Ербол Серікбайдың «Сұрақ-Жауап» сайтының статистикалық мәліметтері туралысын атауға болады. Бұл сайттың тұсауы былтырғы құрылтайда кесілген болатын. Ербол сайттың бір жылдық нәтижесімен бөлісті. Таң қаларлығы, онда кейде күніне 12 мың адамға дейін кіреді екен. Бұл дерек қазақтілді сайттардың барлық мүмкіндігі болмаса да, үлкен жетістігі деп ойлаймын. Сондай-ақ, Ербол бұл аудиторияны қалай жинағандығы жөнінде техникалық тетіктерді де атап айтты. Қызығарлығы, болашақта топ жасақтап, тіпті сайтты монетизациялауға кіріспекші екендігі. Сондықтан, биылғы блоггерлердің құрылтайының нақты практикалық жетістігі ретінде осы сайтты атауға болады деп есептеймін.

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ


мына жерден де оқуға болады
Бөлісу:

53 пікір

asaubota
біздің БАҚтың интернетке селқос қарауының бір себебі — газет өтпей қалады. заманның қазір интернеттеніп бара жатқанын мойындағысы келмейді. күндердің күнінде шетелдегідей бізде де қағаз газет орнына электронды газет келеді. соған дайындалу керек қазірден.
Zhan
Неге, шетелде белді басылымдар мен фэшнді жарнамалайтын журналдар бұрыннан шығып келе жатыр ғой.
Rozatai
Бізде газет-журнал таралымын жоғалтудан да сақтанады. Мәселен, 75 мың таралыммен таралатын «Жұлдыздар отбасының» сайты жоқ.
Zhan
Баста менде солай ойлайтынмын. 2007 жылы жұмыста отыр едім, бір ағай қасыма келіп, «Болашақта журналистер жұмыссыз қалуы мүмкін, орнына сайттар, электронды дүниелер көптеп келіп жатыр, сол кезде не істейсің?» деді маған әдейі қағыта қарап. Мен «АҚШ-та, ең дамып кеткен деген батыс елдерінің өзінде мықты, беделді басылымдардың газеті-журналы бар» дедім.
Сол айтқандай, кейіннен «Егемен Қазақстан», «Айқын», «НҰр Астана», «Астана ақшамы», «Алаш айнасы» т.б. газеттердің сайттары шықты. Таралымына кері әсерін тигізе ме деп ойлап едім, жоқ, ол газеттердің қағаз нұсқасы нарықтан жоғала қойған жоқ. Тепе-теңдік бар, сақталған сияқты. Енді әркім өз сұранысына қарай оқиды ғой. Мысалы ертелі-кеш Интернетте отыратындарға газет-журналдың веб-сайты тиімді, ал жолда жүретіндер, поезд, ұшақ, былай зейнеткерлерге қағаз нұсқасы тиімді. Мен мысалы «Айқын», «Нұр астана» т.б. газеттерді Артемға барған кезде киоскіден міндетті түрде сатып аламын. Басқа да алып жатқан жұрттарды байқаймын. Меніңше, Интернет, газет деп бөлінудің қажеті жоқ, сұраныс екі жаққа да бар әзірге.
Rozatai
Ал, мен электронды нұсқада оқуға мүмкіндік берілген газет-журналдардың барлығын да интернеттен қараймын, ақшаға сатып алмаймын. Анау «Лиза», «Отдохни» және т.б осы тәріздес жеңіл-желпі журналдарды жолда жүргенде алмасам, былайғы кезде сатып алуға ақшамды қимаймын. Себебі, ондағы толып жатқан тамақ рецептілері, әдемі бол, сымбатты бол, жігіттердің көзіне түс деген кеңестердің бәрі — инеттен алынған көшірме. Қалада, кеңседе істейтін көптеген қазақтардың басылымдарды сайттан қарай салатынын көзім шалып жүр
dark_nazgul
Ол рас. Өткенде тренинг болды бізде, өңірлерден газет журналистері келді. Газеттеріңнің сайтын ашыңдар, материал жариялаңдар, аудитория көбейеді десем, «мен алдымен газетті сатуым керек, оқырманның бәрі интернетке кетіп қалса, газет өтпей қалады» дейді. Мен айтам, «мысалы, менің ата анам өлсе интернеттен газеттің сайтын оқымайды, сатып алып оқиды. Сол сияқты оқырмандар қалады. Ал мен, өз басым, өлсем газет журнал сатып алмаймын, тек интернеттен оқимын. Мені қазір сіздер өз оқырмандарыңыздың қатарынан көре алмайсыздар, мен сияқтылар да көп» дедім. Ойланып қалды.
Rozatai
Мими Госс: ”Мен жақында Бостондағы шағын бір газеттің қожайынымен сөйлестім. Одан неге осы күнге дейін газетінің веб-сайты жоқ екенін сұрадым. Сонда ол: “Мен газетімнің таралымын жоғалтқым келмейді. Веб-сайт жасаған соң, оның қағаз нұсқасын аз ғана адамдар оқуы әбден мүмкін” деп жауап берді. Яғни, бұл да – саясат”.
konvict
“Біздегі журналистер объективті жазады. Ешқандай артық-ауыс пікір қоспайды.
Мынауың енді әсіре сілтеушілік. Яғни, олар үшін америкалық көзқарас обьективтілік болғаны ғой?
Rozatai
Кәңвикт, кез келген американдық журналист не ғалым біздің елге келіп, дәріс оқығанда, біздің күнде оқып, естіп, біліп жүрген нәрсемізді креативті түрде, өтірік күліп, эмоциямен сөйлеп жеткізу арқылы аузымызды бір сәт аңқитып кете саламын деп ойлайтыны жасырын емес қой?! Ол не айтты, мен соны жазғам. 2 жыл бұрын
konvict
Иии, мен саған қояр кінәм жоғи. Кукиң. Анау пікіріне жыным ұстап кетті ше
Rozatai
«Сыр шашпай сөйлеу машығы» деген дәрісіме қатыс, Кукиң!
konvict
Айтсаңыз болды ғой Розбакбай спагетти
Rozatai
тоқта осымен,Шелси- Бәвәриә
19852407
интернет жақсы, бірақ көз қоймайд
Gastarbaiter
Телевидение алғаш шыққанда, газет-журналдарға да, радиоға да, кинотеатрларға хуяк келді делінген еді.
konvict
Жақсы сұхбат екен. Бір деммен оқып шықтым көп әріптігіне қарамай.
satibaldi
– Бұл жүйені өзгерту үшін не істеу керек?
Қауіпті, өте қауіпті сұрақ. Болат ағай жоқ сендерге
e_zhalgas
айтып-айтып тастаппын ғой, ә?!
ErNur
Мынаны оқығанда жоқпын, өйткені көпәріп Бірақ, Жалғас тұлға!
kokbori
Жақсы айтылған, интернеттің бәсекеге қабілеттілікті арттыратынын, журналистердің ізденуге шорқақ екенін де батыра айтпасаң да, біразға жеткізіпсің. Бірақ «біз» туралы айтқаның шикілеу секілді көрінді
satibaldi
Маған тап со жері ұнап отыр керісінше. Несі шикі, тәпсірле нақ.
kokbori
Шикілеу дедім, өтірік демедім, осы жерді ашыңқырап айту керек еді. Себебі журналист обьективті пікір жазушы емес пе? Ал дәл бұлай айту соған нұсқан келтіретін секілді
satibaldi
Журьеға нұқсан келетін не қалып еді өзі?
kokbori
Журье емес, журналист
satibaldi
Ашып жазшы нұқсан туралы.
Argyn
 қалайсың бауырым)))))
kokbori
Мен қайда бара жатқанымды білемін, әркім өзінің қайда бара жатқанын біледі деп ойлаймын.
Көбіне «біздің» қайда бара жатқанымыз қызық емес, «біз» деген сөздің лексиконда барынша азырақ қолданылғаны дұрыс деп есептеймін. Әсіресе, БАҚ өкілдеріне. Әркім өз атынан ғана сөйлесе, консенсус сол кезде болады.
. Әркім өз атынан деген сөз тек редактор бағанасында ғана айтылу керек, себебі ол жерде басылымның ғана көзқарасынан айтылады. Ал жалпы сараптама тек дәлелдер мен сілтемелер арқылы обьективті көзқарас бойынша айтылады. Сенімді деректермен айтылса «біз» деуге толық негіз бар
Argyn
Жалғасқа 1 тонна цемент алып беріп соны мен сатам деп айтқыздыру керек…
e_zhalgas
бұл тұс жастардың өмірді қабылдауы туралы еді, журналистер туралы емес
kokbori
әәә, онда менікғі қателік, басқаша түсініппін
aikarakoz
Жалғас, ақталма! Жалғаааас, ақталма дим
Janasil
Қазіргі ойлау жүйесі көбіне жылдамдық пен қысқалықты ұнатады. Жастардың санасында бұл әсіресе анық байқалады.

деп тұрып 7 экран (100%-дыҚ өлшеммен) әріптерді құрап тастапсыңдар.
e_zhalgas
сұрақ қойды, жауап бердім.текст жазған жоқпын
Argyn
 Жалғас сен цемент сатсай одан да
Adiletshu
Уа ізгі мұсылмандар, журналистер мен блогшылардың арасында маздап жанып келе жатқан отқа бензин шаша отырайық
aikarakoz
Біздің үйде самаурынға деген сексеуіл бар еді, әкелдім
Abilakim
бесаспап жігіт, бұл жігіттің теледидардан «наушниктер» жайлы айтқан ойларын естіп тәнті болғанмын.
aikarakoz
бекер олай айттыңыз! ваще өзінше бокететін болды
Abilakim
«Бірақ ол өзінше
Бәрінің көзінше» деген өлең болушы еді ғой)))
izbasar
Тамаша, алғанды білмей береде білу керек.
asaubota
Жалғастың мына суретіне қарап оны өте салмақты және өлең шығаратын жігіт деп ойлап қалуға болады екен.
aikarakoz
Ол негізі өлең жазады, оқығам өлеңдерін
asaubota
былай өмірде де салмақты шығар?  мүмкін мен сияқты тек өз ортасында ғана сөзшең шығар?
aikarakoz
Өзімсінген ортада еркелейтін сияқты. Сырт көзге, яғни мен алғаш танысқанда тым сөйлемейтін жігіт деп ойлағам.
Zhan
Жалғастың өз блогындағы жазбаларын алдында құрылтайға келмей жатып оқып таныс болғанмын. Әдеби рецензияларды «менмін» деген сыншылардан жақсы жазады. Парасаты биік, толғамы ойлы екенін жазбасынан аңғарғанмын. Көзінше мақтағаным емес, расында солай. Бұл баланың ішінде әлі талай айтылмаған, жазылмаған құнды дүниелер жатыр.  Соны беру керек оқырмандарға. Осыдан кейін жұлдыз боп кете ме, жоқ автограф бере ме, өз еркі.
asaubota
олай жұлдыз болып кету үшін адамда ақыл болмауы керек. ал Жалғаста ақыл бар
zholantai
керекте де жарияланған екен ғой, qogam.kz-ке шыққанда оқыған едім. «Біз»-ге қатысты айтқандарын толық құптаймын, әркім өзі үшін жауап беру керек. есімде, өткен жылы бір оқытушы басшысын жамандап, жоғарыға домалақ арыз жазыпты. арыз иесі дегенге "… оқытушылары, жастары" деп дөңкитіп жазып қойыпты. Содан кейін көптің атынан өз ойын тықпалап сөйлейтіндердің айтқандарына деген күдік қоюлана түсті
Rafaello
Жалғас көрінбей кетті. Ораза ұстап жатқан шығар?
zholantai
Ораза ұстап жатқан шығар?
қой, қай-қайдағыны сұрама))