Ертөре "Че" Қибаров. Төңкеріс
cурет: 2.bp.blogspot.com
***
1-хат
Сүйікті, менің досым, Перден!Жағдайың жақсы ма? Денсаулығың қалай? Өткен жылғы шығартып жатқан оқулықтардың жаңа стильде жазылғанын көріп риза болдым. Мәселен, Математиканы түрлі пазл етіп бергенсің, Тарихты комикстер, ал Ана тіліне еркін рейтингілеу мен таңдау құқын қосыпсың, тағы біраз жұмыстарыңды да жақсы бағаладым.
Қаззақстанның Білім Департаментінің бастығы болған қиын шығар, ұлы істеріңнен алаңдатсам, кешірім өтінемін. 19-жасқа толуыңмен, айтпақшы. Ия, мен де жақында 17-ге толдым. Паспортымды алдым жақында, енді қағаз жүзінде де ұлы фамилия иесі болдым. Жағдай мәз емес, Қырғызстанға шығуға мына жерде визадан қиналып жатырмын. Жә, жыланғалы отырғаным жоқ. Құдай қаласа, жыл соңында Тоқмоқта болады бауырың:) Ия, осы уақытқа дейін бір мұршам келмеді тоқтап, хат жазуға. Төңкерісшінің тағдыры сол шығар.
Сау бол, достым!
Ертөре «Че» Қибаров
Қызылқорған, 2013ж, қазан,
***
2-хат
Сәлем, жолдас «Кастро»!Өзіңмен сабақтан қашып кетіп, пятактың артында өткізетін ұзақ сұхбаттарды сағындым. Ал сен ше? Ол кезде мен 9-да, ал сен небары 11-де болатынсың. Сен бар, мен бар, інің Рауан бар артымыздан
Жазып тұр, амиго!
Ертөре «Че» Қибаров
Қызылқорған, 2013ж. қараша,
****
3-хат
Ассалаумағалейкум, аяулы досым, Перден!Ақыры шекара асып, Тоқмоққа да жеттім. Қазір 143-ші Қырғыз орта мектебінің акт залын жалдап отырмын. Іші ылғалдау демесең, кең.
Есіңде ме сенің үйіңдегі ескі магнитофонды «мынау ескілік» деп ашуланып, бұзып тастағаным, ал сен оны қаладағы антиквар дүкеніне сатып, ақшасына «дивиди» алғың кеп, ал мен ол ақшаға бір қорап сигара алып келгенім? Ақыры пятактың артына барып менімен сигара да шектің, балиғатқа толғанда фамильяңды да бірінші боп ұлы революционерлерге ұқсатып ауыстырдың. Сен Перден Кастро, ал мен Ертөре «Че» Қибаров болдым. Әлгі өзбектер тандыр пісіріп сататын жертөле біздің алғашқы бункеріміз болды. Сол жерде талай түндер мектепте төңкеріс жасауды жоспарлап едік…
Бірақ, біраз уақытқа дейін біздің ерте жетілген «феномен» балалар екенімізді ешкім мойындамады. жай бұзақылық деп ойлады. Сабақты да нашар оқығандықтан шығар. Мен үнемі ереже бұзуға, күресуге құштар едім, ал сен үнемі жоспар құрып, асықпай-саспай дегеніңе жететінсің.
Әттең қасымда жоқсың, саған мына жақта, біраз қызық көрсетер едім. Керемет табиғат дәл қасымызда.
Аман бол, ағатай!
Ертөре «Че» Қибаров
Тоқмоқ, 2013ж. желтоқсан,
***
4-хат
Аманбысың, жан жолдас?Басың қатып жатқан шығар, оның үстіне мен де хат жазып қоймаймын. Жәрайды, жауап бермей-ақ қой, мен жаза беремін.
Кеше біздің «бункерімізді» түсімде жанынан өтіп бара жатқандай көрдім. Оянып кеткенімде, бір жағдай есіме түсіп, жылап та алдым.
Ия, ұмытпасам 2005-жылдың күзі ғой деймін, алғаш революция жайлы ойлар туа бастағаны. Кәдімгі құсық сабақ. Кәдімгі күн.
Заң факультетін үшке әзер бітіріп, таныс арқылы жұмысқа кірген Шәрбану апай бізге орыс әдебиетінен сабақ беріп тұр.
—Сонымен, өткен жолы не тапсырма берілді? — деп Шәрбану апай тізесі шыққан сұрақты қайта қойды. Түріне қарағаннан-ақ оның жоспарына өткен сабақтан бері бір қарамағаны көрініп тұрды.
Сен тұрдың да «Апай, ық-ық, өзіңіз білмейсіз бе не?» -дедің. Хе-хе… Сол кезде-ақ сенің менімен жаның туыс екенін біліп, риза болып едім, амиго!
Өзіңсіз қиын боп жүр, товарищ Кастро!
Ертөре «Че» Қибаров
Тоқмоқ, 2014ж. қаңтар
***
5-хат
Қайырлы таң, Рауан!Ағаңа ай сайын хат жазамын. Денсаулығың қалай?
Есіңде ме, Шәрбану апай саған:
— Білгішсіп отырсың ғой, Қасымов, ал шықшы тақтаға, өткен жолы мен… сендерге… Сұлтанмахмұт Торайғыровтың… — дегенде, сен «Сұлтанмахмұт орысша да бірдеңе жазып па?» — деп абдыраған апайды одан әрі мұқатқаның…
Недозаңгер апайымыз есін жиғандай боп, «Так, перестали поясничать и открыли книги на 87-ой странице. Сергей Есенин, „Белая береза“ наизусть кто выучил? Касымов!» -деп тақылдады.
— «Белоя Бирйоза пад маим акнұм»
— Не «белоя», а «бела-я», не «акнұм», а «окном» — деп әр буыныңа жармаса берді Шәрбану апай. Ақыры:
«Садись, үш қойдым!» — деді. Сен ала көзіңмен оны бір аттың да, үндемей орныңа отырдың.
— Қибаров!- менің фамилиямның сенікінен кейін аталуы бір заңдылық сияқты болатын, ал мен ағаң Перден екеуміз Борецкийдің өрталғамды кино кешіне барамыз деп сабағымызды оқымаған болатынбыз. Жалпы біздің мектепте сабақ оқуды бос уақыт өлтіру деп есептейтінбіз.
— Қибаров! Жауап бер, жаттадың ба, жаттаған жоқсың ба? — деді Шәрбану апай.
— Жаттауға тырыстым, апай! Оншамес жаттадым негізі! Рауан сияқты ежіктегенше, келесі жолы жақсылап айтайын!?
— Фуух, садись два!
— Апа-а-ай, бір секунд, тұра тұрыңыз, апа-ай!!!
— Не?
— Одан да өлең шығарып берейінші?
— Қибаров, это не вечер поэзии, это литература! Екі!!!
— Туу, апай өлең жаттамағалы біраз боп еді, аузым шығып қапты.
— Не айтып тұрсың сен?! Две двойки, Қибаров!
— Неге апай? Осылай екі қоя саласыз ба?
— А что с тобой возиться?!
— Басқа сұрақтар қойып, тапсырма, ынталандыру ше??
— Задание было выучить наизусть! Отыр, әйтпесе, кластан қуып шығам — дегенде…
—… Нет!!! Это ВАМ нужно поставить двойку, Шәрбану Әзденқадыровна! Вам и всей Вашей продажной своре! — деп ақырып жіберіп едім. —Да! Вы неослышались! — деп сонда өзің қостағаның есімде.
Перден де қосыла кетті:
— Оқып келген адамға үш қойдыңыз. Оқып келуге тырысқан адамға екі қойдыңыз. Ондайды кез-келген сауатсыз автомойщик жасай алады! -деп қойып қалды.
— Сендер немене үшеуің келісіп қарсы шығасыңдар ма?
— Тапсырма беру-тапсырма сұрау— бар жұмысыңыз сол ғана! Оның өзін қатыра алмайсыз! Не үшін бала психологиясын оқыдыңыз университетте, ау педагогиканы оқитындарың қайда, бар жұмысыңыз бұйрық беру мен оны орындамағанға екі қойып отыру болса? Оқымаған адамды қызықтыру сіздің жұмысыңыз емес пе? — Перден әрқашан мені қолдап жүретін, бірақ бұл жолы шатасты.
— «Жақсы айттың, бірақ ол педагогика оқымаған, ол заңгер!» — дедім мен, риторикасының рәсуа болғанын меңзеп.
Тап сол арада директор да кіре қалғаны.
— Ағай, мыналар… мыналар… менің сөзім жоқ! -деп жылап жіберген Шәрбану апайды жұбатпастан
— Бұл не сұмдық??? — деді директор. — Аха-а! Іріген мектептің, шіріген бастығы да келді ғой— деп қойып қалсам бола ма? ахха-хха…
Қызық еді сол бір кездер.
Жарайды, сау бол інім,
Перденді көрсең сәлем айт!
Ертөре «Че» Қибаров
Тоқмоқ, 2014ж. Ақпан
***
6-хат
Перден, қайырлы кеш!Бүгін қатарымызға тағы бір бала қосылды. Үшеуімізді мектептен қуып шығарып жатқанда артымыздан бүкіл сынып, ал оның артынан мектептің 80 пайызы шұбырып ере шыққаны есіңде ме еді.
Сол кезде мына білім беру саласында төңкеріс жасауға сенен артық жақтас болмайтынын түсініп едім. Оны өзің де дәлелдедің. Нәтижесінде төңкеріс біздің жеңіспен аяқталды. Енді сен Білім Беру департаментінде үлкен бастық болдың. Менің де есімім әлемге жайылмақ! Қазірден көрші елдердің мектептері тебіреніп айтады менің атымды.
Менің басты шайқасым әлі алда!
Қош!
Ертөре «Че» Қибаров
Тоқмоқ, 2014ж. Наурыз
***
Соңғы хат
Мама! Мама! Ма-ма-а!Құдай үшін! Құдай үшін, мама! Мен қазір қолым дірілдеп, әзер жазып отырмын. Мына удың күші қатты ма деймін. Тек шыныңды жазып жіберші. Ешкім оқып қойматын қылып Морзе әліппесімен жасырып жазып жіберші. Осыдан екі күн бұрын ғана менің өмір сүргім келмеді. Терезеден секіріп кетейін деп едім, медбикелер ұстап қалды. Қалай өмір сүремін? Перден жоқ дейді?
Перден де Рауан да жоқ енді дейді олар! Қайтыс болса бір жөн ғой, ең қорқыныштысы олардың ешқайсысы да болған емес, төңкеріс де болған емес. Әйтеуір дәрігер солай айтып жүр. Сол рас па? Мен оларға мен 17-жасар гений екенімді, Ертөре Че Қибаров екенімді айттым. Ешкім маған сенбейді. Мама, менің жасым нешеде?
Менің мұнда жатқаныма қанша болды, мама???
Мүмкін, дәрігер ауру шығар? Кеше ол маған "Қайдағы 17-жасар гений, екі айдан соң қырық төртке толатын, кеңкелессің!"-деп айқайлады.
Күніне үш реттен галоперидол салдырып жатыр. Доқтыр бұл ағзаға ауыр тиетін дәрі дейді, бірақ менің жағдайымда тек осы дәрі ғана қандай да нәтиже береді деген соң үзбей ішіп жүрмін. Ұйқым келе береді.
Сау бол, сүйдім бетіңнен!
Ертөре «Че» Қибаров
Люксембург, 2040ж. Қыркүйек
PS. Шәрбану апай бар ма ең болмаса? А?
Идеясы қандай жақсы. Біз де, шіркін, мектепте оқыған кезімізде, осындай наразылықта болған едік. Бірақ, іште құса боп өлді ғой барлығы. Қол жинауға дейін жете алмадық.