Қуаныш Мағзуов «.қаз» домені – Қазнетті тұншықтыратын дүние

  • KazNET
Қуаныш Мағзуов– Қуаныш, өзің блогосфераға қалай келіп жүрсің?

– Блогосфераға 2007 жылы шілде айында, «Мәссаған» сайтының дүркіреп тұрған кезінде келдім. «Мәссаған» – сол кездегі қазақ тілді азғантай сайттың бірі-тұғын. Өзіме керекті ақпараттарды сол жерден алып отырдым. Сайт арқылы бірнеше кісімен онлайн арқылы таныстым. Бір күні «Мәссағанның» админі – баянөлгейлік Бақытнұр Бәйтелдің уордпресстегі блогына тап болдым. Қазақ тілді блогшылардың бар екенін сол кезде біліп, тұрақты оқырманына айналдым.

– Ең алғаш оқыған блогтарың есіңде ме?

– Алғаш оқығандарымның ішінде Асхат Еркімбай, Бақыткүл Салық, Жанарбек Матай, Эльвираның аспаздық блогы, Томирис деген қыздың қазақтың ұлттық ою-өрнектері, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпына байланысты блогы бар. Әр саладағы блогтарды оқып жүріп, кейін өз блогымды ашуға қызығушылығым оянды. Оған түрлі аудармаларды орналастырдым, өз өмірімдегі қызықты жағдайларды жазып отырдым.

– Шетелдік блогшылардың жазғанын оқып тұрасың ба? Олардың біздің блогшылардан қандай ерекшелігі бар?

– Қазақ блогшыларының өзгелерден ерекшелігі – шынайы жазуға талпынатындығы. Шетел блоггерлерінің артықшылығы – аудиториясының ауқымдылығы. Мәселен, әлемде 2,5 миллиардқа жуық ағылшын тілді интернет қолданушы бар. Орыс тілінде қолданатындар 100 миллионнан асады. Ал, Қазақстанда 6,7 миллионға жуық халық ғаламторға кірсе, оның 60 пайызын қазақ тілді аудитория құрайды. Яғни, контент саны бойынша қазақ тілді блогосфераны шетелмен салыстыра алмаймыз.

Тағы бір ерекшелік, біздегі блогтардың көпшілігі ақпарат таратумен ғана шектеледі. Тақырыпты зерттеп, талқылайтын блогшылар аз. Өйткені, бізде блог – жай хобби ғана. Дегенмен, қазақ жастары арасында блог жүргізуге деген құштарлық өте күшті. Блогшылар саны жыл санап емес, ай санап көбеюде. Біздің саннан сапаға өтетін күніміз жақын қалғанына өз басым сенімдімін.
– Болашақта қазақ және орыс тілді блогшылар бір арнаға тоғысуы мүмкін бе?

– Негізі, интернет мемлекетке емес, тілге ғана бөлінеді. Қазір біздің елдегі орыс тілді блогшылар Рунетті дамытып жатыр. Яғни, олар – Рунеттің Қазақстандағы бөлігі. Бұл шындық! Қазақ тіліне деген сұраныс зор болған күннің өзінде де, қазақ тілді қолданушылардың интернетке қол жетімділігі шектеулі.

– Жақында елімізде «.қаз» домені енгізілді?..

– Бұл – Ресей не жасаса, біздегілер соны көшіруінің дәлелі. «.қаз» доменнің қазақ тіліне алып келер пайдасы, ешқандай артықшылығы жоқ. Ол аз десеңіз, шетелде қазақ тілді әліпби қолданылмайтындықтан, домен атын жазу қиындық туғызады. Менің ойымша, бұл – қазақ тілін тұншықтыратын дүние. Қазақ интернеті «.қаз» доменінсіз-ақ дамып жатыр.

– Қуаныш, блог арқылы қаржылай табыс табуға бола ма?

– Ол енді блогтың форматына байланысты. Үш форматқа бөлсек болады. Біріншісі – жеке блог. Екіншісі – кәсіби маманданған блог. Ол бренд болуы немесе белгілі бір компанияның атынан пиар жасау мақсатында жүргізілетін блог болуы мүмкін. Блогтың үшінші түрі ұжымдық блог деп аталады. Яғни, бірнеше адамның бір блогты жүргізуі. Оны ақпараттық блог деп те атай аламыз. Екінші және үшінші форматпен пайда табуға болады.

Екінші форматтағы блогтың иесі – аудиториясы өте ауқымды танымал тұлға. Яғни, блог арқылы оқырмандарына жарнама жасағаны үшін ақша табады. Тіпті, арнайы мақалаларға тапсырыс алуға мүмкіндігі бар.

Пайда табудың тағы бір тәсілі – жарнама материалдар жариялау. Өкінішке қарай, қазақ тілінде мәтіндік жарнама жоққа тән. Орысша жарнама беретіндер қазақ тіліндегі блогтарға мән бермейді. Сол сияқты бір саланы жетік білетін мамандар сол сала туралы ақпараттарды жариялау арқылы пайда табуы мүмкін. Беделді блогшы болсаң, жарнама берушілер өздері хабарласады.

– Өзіңе блог арқылы табыс табудың сәті түсті ме?

– Жоқ, оған тырысып та көрмеппін. Мен блогты белсенді жүргізген кезімде ақша табатындай аудитория да жоқ еді ғой.

– Жаңа ғана біздің елде 6 миллион 715 мың интернет қолданушы бар екенін айттың. Бұл дерек қайдан алынды?

– «ICT-Marketing» зерттеу агенттігінің есептеуі бойынша алынған деректер ғой.

– Аздап көңілге күдік ұялатады екен?..

– Интернет қолданушы дегеніміз – интернеттен ақпарат алған адам. Әрине, олардың ішінде белсенді және қарапайым қолданушылар бар. Алайда, интернетте 5 секунд отырып, қажетті ақпаратын алған адам да интернет қолданушының қатарына жатады.

– Осыдан бірер жыл бұрын қазақ блогосферасында үлкен дүмпу байқалып еді. Қазір неге саябырлап қалды?

– Мұның ең басты себебі – уордпресстің жабылуы. Осыған қатысты билік тарапынан нақты жауап берілмеді. Әбден елдің блогосфераға деген қызығушылығы төмендеген кезде ол қайта ашылды.

Қателеспесем, уордпрессте белсенді 500-ге жуық қазақ тілді блогшы болды. Қазақ тілді сайттардың қолынан келмеген контентті блогтар жасады. Сол себепті, блогқа сұраныс артты. Өйткені шынайы контент жасап отырған қазақ тілді сайттар саусақпен санарлық.
– Уордпресс жабылғанда қазақ блогшылары қайда жазды?

– Уордпрессте жеке блогтардан бөлек, сайттық ақпараттар да көп еді. Сол себепті, қолданушылар уордпресске көп барды, блог деген ұғымның мағынасы ашыла бастады. Осы блогтұғырдың бір жыл бойы жабық тұрғаны қазақ блогшыларын жан-жаққа шашыратып жіберді. Дегенмен, блогшылар қажетті ақпараттарын басқа сайттардан алып жүр. Мәселен, көпшілігі «ҚазЖур», «КерекИнфо», «Айтабер» секілді сайттарға шоғырланған. Әр сайттың қолданушылар аясы әртүрлі. «Айтабер»-де жастар жиналса, «КерекИнфо»-ның қалыптасқан жеке аудиториясы бар. «ҚазЖур»-да жас тілшілер жазып жүр. Блогшылар өздерінің деңгейлеріне, салаларына қатысты жүрген сияқты. Барлығын біріктірер ортақ блогтұғыр жоқ.

– Сен айтып өткен сайттар блогшыларды толық қанағаттандырып отыр ма?

– Сайттың техникалық жағы оны басқарып отырған адамдарға тікелей байланысты. Орталыққа барлығын біріктіретін блогтұғырнама жасау оңай дүние емес. «ҚазЖур» – тілшілердің шоғырланған жері, «КерекИнфо» – қазақ тілді интернет қолданушылардың белсенділері жиналған сайт, «Айтабер»– жасөспірімдердің ортасы. Ал, осы үшеуінің ортақ бір идеологияға бірігуі оңайға соқпайды.

– «Қазконтент» тарапынан блогшыларды біріктіру, ортақ блогтұғыр ашу жоспары бар ма?

– Дәл қазір блогтұғыр жасау туралы жоспар жоқ. Алдағы уақытта көре жатармыз.

– Заң бойынша интернет ресурстар БАҚ-пен теңестірілген. Блогшылардың арасында кәсіби журналистер секілді тақырыпты тереңдеп зерттеп, ішек-қыртысын ақтарып жүрген блогшылар бар ма?

– Блогтарды ақпарат құралдарына теңестіргенмен, оның ешқандай мәртебесі жоқ. Ал екінші сұраққа келер болсақ, кәсіби маман секілді болмаса да, тақырыпты зерттеп жүрген блогшылар баршылық. Асхат Еркімбай, Өркен Кенжебек секілді блогшылар тақырыпты кеңінен аша алады деп ойлаймын.

– Қуаныш, интернетке шектеу қою мүмкін бе?

– Сымыңды қиып кетпесе, интернетке шектеу қою мүмкін емес. Сыртқа шығу арналарын жауып тастар болса қадағалауы мүмкін. Иран, Қытай елдері осындай жағдайда. Бірақ, бұл елдердің өзінде сұранысты қанағаттандыра алатындай ұсыныс бар.

– Қазіргі жастар әлеуметтік желілерді өз деңгейінде қолданып жүр ме?

– Оған жауап беру қиын. «Мынаны жаз, ананы жазба» деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Өйткені, әлеуметтік желілерде жеке аккаунты болғандықтан әркімнің жеке парақшасы бар. Достары өзінікі. Ұнамаса достарды тізімінен өшіріп таста. Қолдану бойынша кеңес беруге болады, талап ете алмайсың. «Мой Мир»-дің қолданушыларын «ВКонтакте»-нің қолданушысымен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, «ВКонтакте» қолданушысы мен «Фейсбук» қолданушысының деңгейі екі бөлек. Сондықтан олардың қолдануы төңірегінде бір жақты көзқарас айту дұрыс болмас.

– Әңгімеңе рахмет! Қазнеттің контенті көбейе берсін!

Әңгімелескен Абай Асанкелдіұлы

via: www.nurastana.kz/?p=6975
Бөлісу:

37 пікір

asaubota
Қуаныш, орыстанған Қазконтентке барғаныңа қуаныштымын. осылай жәйлап қазақша интернетті өз қолымызға аламыз.
huanysh
Казконтент — негізі Қазконтент үшін жасалған дүние еді
huanysh
яғни ҚазНет = қазақ тілді контент
asaubota
біздегілердің істеп жүргенін Рунет деп айтып жүре беру керек барлық жерде.
Abilakim
«.қаз» домені жайлы дұрыс айтқан. Жалпы, дұрыс айтқан.
Nurgisa
Алушы да, беруші де сауатты адамдар екені оқылып тұр. Тартты.
Rozatai
Қуаныштың жауаптарына риза болып отырмын, нақты, қысқа-нұсқа. Биылғы блогқұрылтайдағы презентациясын да өзгеше түсіндіріп, елден ерекшеленген-ді. Жарайсыңдар, жігіттер!
konvict
Мен де ырза болдым. Өте ұнады
kokbori
сұрақтар таныс секілді болды ма, қалай, алашайнасыңдыссс?
Janasil
Жақсы сұхбат!!! Интернет әлемінде өзіңдей қазақ азаматтары көбеймей интернеттегі қазақтың кетіп жатқан есесін қайтара алмаймыз.
Rafaello
6 миллион 715 мың интернет қолданушы?

huanysh
негізі 8 миллион 715 мың ана жерде қате басылып кеткен секілді! Нақты дерек көзі де бар
konvict
Айтпақшы, осыны мен әдейлеп өзгерттім. Себебі, интернеттен іздестіріп көріп едім ITC Marketing 6 миллион деп хабарлаған екен. Кейін сенен анықтап, қайталап сұрау есімнен шығып кетіпті.
Janasil
опана, біреудің сөзін қалай рұхсатсыз өзгерттің?  Құқық, тапталды ғой, ҚҰҚҰЫҚ:
izbasar
Біздегі қазақконтентін жасаушыларыдң саны азда, қазақконтентін талап етушілер көп. Сондықтан қазақтілді интернет пайдаланушыларды қазақ тілді контент қалыптастыру жолын үйреткенде (олар үреніп) ғана қазақ тілді контент дамиды.
Nurshat
Тамаша, интернетке қол жетімділікке назар аударса, әлі дамиды, осы айтылғандар іске асаді.
SaryQazaQ
Жақсы сұхбат болыпты. Блогосфераға жаңадан қосылып жатқан біздерге мәлімет көп екен
Barsa
«.қаз» домені – Қазнетті тұншықтыратын дүние
Интернет технологияларды түсінбейтін адамның сөзі. Мысалы, осы кезге дейін kz — зонасында дамып келген сайттарға қандай кері әсері болуы мүмкін? Ешқандай.

*.қаз домендері kz домендерінің көлеңкесінде дами бастайды. Және жуықтағы 5-10, әрі кеткенде 10-15 жылда Қазақстандағы негізгі домендік зонаға айналады. Себебі, мемлекеттік органдардың сайты қазақстандық интернет кеңістіктің негізін құрайды. *.қаз доменін енгізудегі Үкіметтің жүргізіп отырған саясатынан-ақ, ол домен біз үшін негізгі болатындығы көрініп қалды. ИМХО, ес че!
huanysh
Пікіріңе рақмет! 10 — 15 жылда латынға көшіп жатсақ не болады?
Barsa
Қазақтардың латыншадан көрі қытайшаға немесе арабшаға өтіп кету қаупі зор секілді көрінеді маған. Әрине, орыстардың мемлекеті жер бетінен жойылып кетіп жатса.
huanysh
уақыт көрсетер
StrangeR
«шетелде қазақ тілді әліпби қолданылмайтындықтан, домен атын жазу қиындық туғызады.»

.қаз дегенің тек қазақша дегенді білдіретін шығар..каз болса да шетелдіктер қолданбайтын дүние. ҚытайНет (.中国, .中國) пен Шри-ЛанкаНетіңді (.இலங்கை) домендері тұншықтырыпжатқан жоқ секілді. Қытайың 2002 жылы енгізіп алған деседі.
zhanibek_nurish
«Мой Мир»-дің қолданушыларын «ВКонтакте»-нің қолданушысымен салыстыруға келмейді.
, бұл анық,
Barsa
Кешіріңіз орынсыз сұрақ болса, эстондықтар ұсынған әлеуметтік желі негізінде жасақталған birge.kz жобасындағы ролің бұрынғыдай ма? Сол жоба басында қазақша сияқты көрініп еді, қазір толықтай орысшаланыпты ғой
huanysh
2010-жылдың тамыз айына дейін жұмыс істедім, қазір таңда қатысым жоқ, ол жоба басталғаннан орыс тілінде басталды
sigma
Қуаныш Мағзуов «.қаз» домені – Қазнетті тұншықтыратын дүние
деген алған тақырыбыңыз артық сияқты. Ерінбей оқып шықтым (көбәріп болса да), Тақырып ашылмаған, тақырыпқа қатынасты әңгіме мынау ғана
– Жақында елімізде «.қаз» домені енгізілді?..

– Бұл – Ресей не жасаса, біздегілер соны көшіруінің дәлелі. «.қаз» доменнің қазақ тіліне алып келер пайдасы, ешқандай артықшылығы жоқ. Ол аз десеңіз, шетелде қазақ тілді әліпби қолданылмайтындықтан, домен атын жазу қиындық туғызады. Менің ойымша, бұл – қазақ тілін тұншықтыратын дүние. Қазақ интернеті «.қаз» доменінсіз-ақ дамып жатыр.
asaubota
бұл жерде тақырып маңызды емес қой, журналист тек тақырыпқа интервью берушінің айтқан басты сөздерінің бірін қойған. соған қарап бүкіл әңгіме тек сол туралы деп ойлау қате
sigma
Пәленшемен интервью десе де болатын еді ғой немесе интервьюді таңдалып алынған тақырыпта өрбітуі керек еді. Ана жер мына жерден шұқымай, қарап отырсаң типтік сұрақтар.
Мен кейде ойлаймын журналисттер жазалмағанды былай тастағанда сұрақ қою да білмейді.
Қарап отырсаң (қойылған сұрақтарға) қазақстандықтардың интернетті пайдалануы туралы.
huanysh
пікіріңізге рақмет
konvict
Негізі таңдалынып алынған тақырып «блог» туралы болатын. Ал, ".қаз" домені сұхбат берушінің айтқан басты сөздерінің бірі. Ал, егер сен қандай сұрақ қояр едің? Айта отыр, тәжірибе жинай отырайық.
sammita
тақырып атауы: «Білгім келген бір сұрақ» болуы керек
konvict
Лібәә, тағы кетті
Gastarbaiter
Қазақтілді интернеттің ерекшеліктерін біраз ашатын сұрақтар алыпсың, базар жоқ. Көшті сыртынан бақылап суреттегендер емес, ҚазНеттің ішінде жүрген адамдар екені байқалады.
Бірақ оған таңырқап, шапалақ ұрмаймын. Өйткені кез келген Қазнеттің белсенді мүшелері бір-бірінен сұхбаттасса, әдемі, табиғи шығады. Оған дәлел эстафеталық сұхбаттар. Және ол мақтанатын жәйт емес.

Сын сөздер:
1) Қазнетте жүріп жолайы көріп жүрген ақпараттан бөлек тың ақпараттарды қоспапсың. Былайша айтқанда, айтылған ақпараттарды кез-келген Қазнеттің белсендісі біледі.

2) Мен үшін тың ақпарат Қазнетте «6 миллион 715 мың интернет қолданушы бар екенін CT-Marketing» зерттеу агенттігінің есептеп шығарғаны» болды. Осы жерді ашып жіберу керек еді, қалай есептейд, неге жүгінеді.

3) Сұрақтарды нервно қойған сияқты әсер қалдырасың. Мысалы мынау не сұрақ белгі? "
" Аздап көңілге күдік ұялатады екен?"

4)Профессионал емеспін, дегенмен меніңше комплимент айта отырып, адамды мақтануға итермелеу керек. Сонда көбірек ашылады сұхбат беруші.

5) «Иә», «Жоқ» — деп жауап беретін сұрақтар қоймауға тырыс, тергеуші сияқты боп кетесің. Кейде тіпті сұрақ қоюдың қажеті жоқ. Оның орнына, адамның қыдығына тиюі мүмкін бір фактіні айт, немесе жартылай шындық, жартылай рас-өтірігі белгісіз таласты бір тұжырым айтуға болады.

6) «Көпәріп» емес болғанымен, артық сөйлемдер бар.
Мысалы:
– Осыдан бірер жыл бұрын қазақ блогосферасында үлкен дүмпу байқалып еді. Қазір неге саябырлап қалды?
Біртүрлі сұрақ, неге сүйене айтқаның белгісіз.

Қуаныш, интернетке шектеу қою мүмкін бе?

Мынау не сұрақ? Қандай шектеу? Неге ашып қоймағансың сұрағыңды. Егер абсолюттік шектеусіздік туралы болса, онда бізде шектеу бар. Қазақстан «Интернеттің дұшпандары» саналатын елдердің қара тізіміне кіргені өтірік боп шыққаны ма??

Жеке менің пікірімше, Абай, қазір ОЕҚЖ деңгейіне жеткен сияқтысың, енді тек сол деңгейден шығу қалды.
konvict
1) Сұхбат газет оқырмандарына арналған. Интернетті мейл.ру деп білетіндерге терең сұхбат берсең түсінбейді де ғой. Мысалы, осының өзін біздегі үлкен кісілер әрең түсінді.
2)Екінші сұраққа жауап жазылған деп ойлаймын. Интернетке 5 секунд кірген адам интернет қолданушы деп есептелінеді.
3)Сұрақ белгісінің тұру себебін түсіндіре алмаймын. Пунктуация мамандары жауап бергені дұрыс шығар.
4) Бұл пікірмен келісемін
5) Мына кеңесіңе рахмет
6) Бұның себебін біз білгенімізбен қарапайым оқырман ажырата алмайды. Сондықтан бұл сұрақ артық емес деп ойлаймын.
7) Бұл сұрақтың ыңғайсыз қойылған шығар.

Жалпы, сұхбат өте керемет болды, ең мықта деп айта алмаймын. Кей сұрақтар қойылмай қалып кетті. Мысалы, ".қаз" домені пайдасыз болса неге енгізілді деген секілді сұрақтар қоюға болар еді.

Соңғы сөзіңе келер болсақ осының өзі мен үшін үлкен мәртебе
SaryQazaQ
Гастербайтер, сұхбатты қалай жүргізу керек екенін едеуір біліп қалдым. Рақмет