Танымал алаяқтар ондығы: №3. Кристофер Роканкурт
2001 жылы Канада полициясы француз алаяқты қолға түсіреді. Ол — көптеген афераларымен белгілі Кристофер Роканкурт еді. Кристофер өзін Билл Клинтонның жақын досы және Рокфеллерлер отбасының мүшесімін деп айтыпты.
Шындығында ол нашар отбасынан шыққан қарапайым адам еді. Анасы — жезөкше, әкесі — маскүнем болған екен. Ата-анасы Кристоферді 5 жасында Парижде балалар үйіне апарып тастайды. Ол ес біле келе балалар үйінен қашып кетіп, алғашқы қылмысын жасайды: өзіне тиесілі емес үйдің құжаттарын қолдан жасап, сол үйді 1,4 миллион долларға сатып жібереді.
Оның бірнеше образы бар: кино продюсер, бокс чемпионы, бай инвестор. Ол Playboy жұлдызы Мария Пиа Райеске үйленді. Кезінде Кристофер танымал актер Микки Руркпен бірге тұрған және Жан Клод Ван Даммды оның фильміне продюсер болуға көндірген.
Алаяқ қашан да әдемі әйелдерді қасына ілестіріп жүрген. Бұл оған түрлі айла-әрекеттер жасаған кезде адамдарды сендіруге сеп болады екен. Ол Мария Пиа Райестен басқа Playboy-дың тағы бір моделі Ронда Райделлмен 6 ай бойы бірге тұрыпты. Ронда оның әйелі бар екенін білмеген. Кристофер өзін француз аристократының отбасынан шыққанын айтып, алдаған.
Роканкурт ондаған ауқатты американдықтарды алдап, 1 миллион доллар шамасында қаржыны қалтаға басқан. Ол өзіне БАҚ арқылы Кристофер Рокфеллер деген атпен жарнама жасайды.
Ол 2001 жылы Канаданың Британ Колумбиясы провинциясында қолға түсті. Белгілі болғандай ол алаяқтық әрекеттерінің арқасында барлығы 40 миллион доллар пайда көрген екен. Бірақ түгелдей дәлелденген жоқ.
12 пікір