Блогқұрылтай: Менің де айтарым бар...ұнағандар жайлы
Әне-міне дегенше, блогқұрылтай да өз мәресіне жетті. Алғаш рет қатысқандықтан, оған қоса Астанада Назарбаев университетінде өткендіктен әсері көп болды. Тағы Наурыз мейрамы қарсаңында! Көбінесе, виртуалды кеңістікте пікір алмасатын, сөйлесетін блогшы достармен осында келіп, танысудың әсері де бөлекше екен. Керекинфода рейтингісі жоғары, танымал, «жұлдызша» блогшылар «сатыбалды, марго, алдекен, мадлен, айкона, айжантабын, эстетика91, АКА, Теріскей» тағы басқаларын, «тірідей» көріп, "әәә осы екен ғой" деп, тесіле қараған сәтімізді ұмытпаймыз. Қыз екен деп жүрген «марго» Маралтай деген сары жігіт болып шыққанын білдім. Бір білмегенім, керекинфода отырып, жұртты «жылатып, құлататын» сатыбалды сол кезде қайда жүрді? Иә, әрбір сұраққа «бетің бар, жүзің бар» демейтін бетпақ жауап, әр жауапқа қитұрқы, қисық, қыңыр, қызық коммент жазатын сатыбалды құрылтай бойы төбесін көрсетпеді. Ол бір жұмбақ блогшы болды менің білуімше. Бір білсе біреулер білер… Не десек те, құрылтайдан көп жаңалық әкелдік, пайдалы ақпараттар алдық. Белсенділікті, қызығушылықты, ұйымдастырушылықты байқадық. Талғат ағай деп жүргеніміз, жап-жас жігіт болып шықты. Мәселен, күнде сөйлесетін Тотының өмірде қандай екенін Семейге барып білуге мүмкіндік жоқ, оған да құрылтайда мүмкіндік туды. Ашық жарқын, аузын ашса, жүрегі көрінетін Тотының тайм-кипер болып бүкіл дәрісхананы үйіріп отырғаны ұнады. Ал, мектеп оқушысы Мөлдір деген қыздың да ынтасы зор екен. Ол да ұнап қалды. Презентациялар көп болды. Тәжірибе алмасу, пікір алысу, ой бөлісу алаңында әркім өз білгенін ортаға салды. Қуаныш деген блогшының жұмысы ұнады. Қысқа, әрі нақты. Идеядан — бизнеске! Ал, Тимур деген баланың интернет журналы ұнады. "ІТ тірлік" — атын ұтымды ұйымдастырыпты. Болашағы бар! Ал, енді қараңыз, бір Шымкентте жүріп, білмейтін, танымайтын Ербол Серікбайды осында келіп таныдық. Ерекше ойы, қабілеті-қарымы, талпынысы ұнады. Шымкентте дәмін татып үлгермеген наурыз көжені Астанада «сіміріп ішу» бұйырыпты. Кейіннен білдік, наурыз көжені «дайындаған» Алдекен екенін. Ұнады. Бөлекше екен. Дәмі тіл үйіреді. Құрылтайда ең бір пікірсайысқа түскен тақырып — келесі құрылтай қайда өтеді? Әркімнің өз ұсынысы, пікірі болды. Қауымдастық құру өз алдына бір әңгіме. Бұл мәселе әлі де талқылауды қажет етеді.Өйткені, құрылтай өткізетін аймақтың барлық жағынан мүмкіндіктерін ескерген жөн. Алматы ма, Шымкент пе, Семей ме, Атырау ма? Оны да уақыт көрсете жатар. Бастысы — ұйымдастырушылықты күшейте түсу.
Айтпақшы, АКА болмады, АКЫ болды онда)))))
Неге екені, мен көже ішуді ұмытып кетіппін