Блогкемп па, құрылтай ма?

Кіріспе дегенге кіріспей жүрмеңдер
Блогкемп өтті. КЕРЕМЕТ!!! Басқалай айтуға құқым да, құлқым да жоқ. Біріншісін көрмегесін, осынау жиынның менің көңілімнен шыққаны рас. Тәтті дәмнен ауыз тигендей, таңдайдан кетер емес деп тамсанып қояйын. Хош, сонымен не керек, ойдағы жайттарға келейік. Жалпы, осы құрылтай бізге не берді? Нендей артықшылықтар жасадық? Қателігіміз қай жерде? Міне, осы сұрақтар төңірегінде ой бөлісе отырайық. Өйткені блогкемп болған сәт тарихтың қойнауына қарай алыстаған сайын, салқынқандылықпен таразылаған жөн болар.

Ұйымдастыру мәселелері
Әлқисса, көзқарастары әртүрлі, әр қилы мінезді, өзінің мені қалыптасқан албырт жастардың басын қосып ризашылықпен аттандыру оңай шаруа емес. Алдымен препатиді халал мейрамханада жасағанды жөн көрген үйлестірушілер көрегенділік жасаған. Өйткені көп жандар түсінбейтін осы жиында «Ой, еріккен жастар, бір мейманханаға топтасып, ішуде екен» деген жел сөздің алдын орады. Республикалық телеарналардың назарын аударған жиынды таза бастауы сәтті әрекет. Сонан соң бас қаладағы қаптаған ЖОО да емес, тап қазір ел назарын аударып тұрған НУ-да өткізгені блогкемп имиджіне ықпал етері сөзсіз. Келесі құрылтайға демеушілердің алдына именбей тосар қадам. Осы құптарлық әрекеттер үлкен еңбекті қажет етіп, іске асса да, кішкене мәселелер естен шығып қалған секілді. Өзгелер айтып жатқан жайттарды айтпай, басқаларын тиек етейік. Мысалы, презентация уақытының тиімді пайдаланбауы. Өйткені берілген уақыттың көбін автордың өзі алуына байланысты, талқылауға уақыт жетпеді. Ал, ол жасалған презентацияның өзектілігі, қажеттілігі қандай деген сауалдың аяқасты болуына әсерін тигізді. Содан соң, бейресмиліктің шектен тыс болу секілді. Дипломдар табыс етуде табыс етушінің қолының ұшымен бере салуы, арнайы фотограф белгіленбеуі, т.б. Тағы айта кететін мәселе, блогкемпке арналған сайттың жөнді жұмыс жасамауы. Басталғанға дейін қарқынды әрекет еткен сайт блогкемп тұсында үні өшті десе де болғандай. Ол сайт тікелей трансляция жасағанда, немесе сауалнамалар жүргізілгенде блогкемптің әрін аша түсер ме еді. Себебі, құрылтай блогшыларға, интернетшілерге арналып отыр ғой.

Ұйымдастырушылар ма, үйлестірушілер ме?
Ия, осы ұғымдардың басын ашып алу керек секілді. Өйткені Астаналықтар басынан бастап, «Біз үйлестірушіміз, ұйымдастырушылар-блоггерлердің өздері» деп айтып келді. Алайда іс жүзінде басқаша болды. Өйткені келген блогшылар өздерін қонаққа лайық ұстады. Ешкім былай істейік, бүйтсек қайтеді дегендей пікір білдірген емес. Мүмкін оған Астаналықтар да себеп болған шығар. Өйткені, олар құрылтайдың егелеріндей шауып жүрді. Оның үстіне құрылтай соңында жақсы презентация жасағандарға диплом табыс еткенде, үйлестірушілер өздері шешті. Себебі, келгендер таң қалып, кейбірі реніштерін де білдіргендерін естіп отырмыз. Ал оның орнына сайт арқылы сауалнама жүргізіп, "Қандай презентация ұнады?" десе, өзге жақтан келгендер өздерін ұйымдастырушы ретінде сезінер ме еді. Ал жаңағыдай жағдайда қонақтардың өзін қонақ сезінбеске амалы жоқтай көрінеді. Демек, "Қарақыз аудиторияларды жалғыз өзі жинаса, оған көмектеспеді" деп ренжудің қажеті жоқ секілді. Сондықтан Altygradus тың жүз градусқа қайнап бұрқылдауына еш негіз жоқ (әзіл).

Блогкемп пе, құрылтай ма?
Жалпы, осы мәселені де майшаммен қараған жөн сықылды. Өйткені бұл екі атау бір ұғымды білдірмесе керек. Блогкемпті мен блогшылардың бас қосуы, тәжірибе алмасуы деп түсінемін. Ал, құрылтай дегеніміз белгілі бір мүдделес тұлғалардың басқосуы. Құрылтай барысында келелі мәселелер шешіліп, соңында қарар қабылданады. Ал біздің құрылтайдың нәтижесін көрсететін белгілі бір қаулы қарар болған емес. Дегенмен біздің жиын блогкемптен де үлкен көлемде, тек блогшылар емес, интернетшілердің жиыны. Бұл жағынан құрылтайға ұқсас. Сондықтан ойлануды керек ететін мәселе шаш етектен.
Мен блогкемп соңында блогшылар қауымдастығын құруды ұсынған болатынмын. Бұл өте өзекті мәселе екені даусыз. Мұны Атыраудан шықпас бұрын ойға алып жүрген болатынмын. Осыны қайта қайта айтсам да, қолдау табу тиіс деген сертпен шыққам. Алайда блогшылар қажеттігін айтқанмен, мәселе қылып шешпеді. Меніңше, мұны құрмасақ келешекке қиын болатын түрі бар. Ал, қарар қабылдап, осыны шешер болсақ, нағыз құрылтай болар еді.

Қорытынды
Осылайша Блогкемпті өткіздік. Мен үшін өмірімдегі ең айтулы шара болды десем қателеспеспін. Қаншама дос таптым, қаншама адамдардың жақсылығын көрдім. Оны алда айта жатармын. Әзірше блогкемптің артықшылығы мен кемшілігін айтқым келді. Тек кемшілігін көріпсің десеңдер, келешекте блогкемпті өткізуге үмітті болғасын, тізіп жатқаным ғой. Блогкемпті қай қалада, кімдер өткізсе де, жақсы өтуі әрқайсымыз үшін мерей екені естен шықпағаны ләзім.
Бөлісу:

21 пікір

satibaldi
Меніңше, "құрылтай" сөзіне шүйлігуің дұрыс.
Құрылтайда міндетті түрде басты мәселе болады да, міндетті түрде ортақ шешім шығарылады. Айталық, 1937 жылғы Чикагодағы Бандалар Құрылтайы. Осы жерің жанды жерден тиді.
Бірақ сені нашар кісі деген болжамымнан бәрібір қайтпаймын.
kokbori
Мейлі, сөзімді құптасаң бопты да
Gazizkizi
Әрқашан осындайсың! ҚАП!!!!
asaubota
айтқандарыңның жаны бар. бәрі керемет дей бермей осындай сындардың да айтылғаны дұрыс. келесі жылға сабақ болады.

ал, енді шамам келгенше сыныңа жауап беріп көрейін.

Блогкемп сайтын құрылтай кезінде жаңартып отыратын ешкім болмады, жаңартамыз деп уәде де берген жоқпыз  тек алдын ала ескерттік баяндамалар видеоға түсіріліп сайтта жарияланады деп.

блогшылар байқауы өткен жоқ. өйткені оны қаржыландыратын демеуші болған жоқ. тек бізге берілген Қазақтелеком және Отау тВ сыйлықтары болды. соларды өзара кеңесіп, тәуір деген жобаларға бердік хостинг қылып және қазір жүріп тұрған жаңа жобаларға көмек ретінде мегалайн сыйладық. ал енді биылғы жылдың жарқын сайты Айқаракөз екеніне көпшілік келіседі деп ойлаймын. бұл жерде танымал ешкім сыйлық алған жоқ, сыйлықтарды әлі аттары белгілі емес жас блогшыларға бердік. егер байқау болатын болса алдын ала айтар едік.

Блогкемп және құрылтай сөздері туралы дұрыс айттың. бұл блогкемп те құрылтай да емес еді. яғни бір мәселе көтеріп, оны шешетіндей форматта емес еді. сенің ұсынысың күшінде, оны осы жылы шешеміз ақылдасып.
kokbori
Мен бізге айтпай біреуді марапатты дегенім емес еді. Сендер не десеңдер де құп қой. Бірақ үйлестіруші бола тұрып, мәселені шешті дегізбей, сол үйлестірушілер қауымдастықтың басшылары болсаңдар, сосын барып баға бере берсеңдер деееп, өз ойымды қуаттаған түрім ғой.
Ал сайтты келесіде пайдаланса, көрім болар еді. Өйткені блогкемпке баға Керектіктердің өз ішінде, Айтабердің өз ішінде талқыланғанша өзгелер блогкемп сайтының өзін ақтарып керегін тапса, блогкемптің ықпалы жоғарылай ма деген ой ғой
kokbori
Бәрің осы сөзімді дұрыс көріпсіңдер, ендеше солай болсын
Erbol
kokbori келесі жылы демеуші тауып, арнайы конкурс өткізіп, сыйлықтарды жүлдегерлерге құшақтап тұрып табыс етуге қалай қарайсың.
kokbori
Жігітім, құшақтамай ақ жай қолын қысып, жұртқа көз қылудың өзі үлкен менеджмент, үлкен пиар екенін білерсің деген үміттемін
Erbol
Мен блогкемп соңында блогшылар қауымдастығын құруды ұсынған болатынмын. Бұл өте өзекті мәселе екені даусыз. Мұны Атыраудан шықпас бұрын ойға алып жүрген болатынмын. Осыны қайта қайта айтсам да, қолдау табу тиіс деген сертпен шыққам. Алайда блогшылар қажеттігін айтқанмен, мәселе қылып шешпеді.
Сәл тос. Сол жерде ауызбен шеше салатын әңгіме емес болды. Бұл мәселе туралы жақсы хабар естіп қалуың мүмкін жақын күндері.
kokbori
Бұл да бір Астанада бірлі жарымдардың шешімі бола қояды. Ал кеңесіп пішкен тон келте болмас. Шыны керек мен интернетте бүгін бар ертең жоқ адаммын. Тек қазақ тілі интернет кеңістігінде басым болса деймін. Және ат арытып барғасын бір нәрсенің басын қайыру керек емес пе?
AKY
«Ербол тұрып, Көкбөрі сөйлегеннен без» деген әжем қазақ.
kokbori
әжем еврей десең шындыққа біртабан жақындай түсер едің
Erbol
Бірлі-жарымның шешімі болмайды.Уайымдама.Кеңесеміз.Тек дауласып, жауласпай ақылмен шешіп, келесі құрылтайды қатесіз өткізген жөн. 2-ақ жыл болды бас қоса бастағанымызға, қателік болады. Менеджменттің де заманы келер.Әлі Азамат Сатыбалды мен Аша Матай әдемі дауыспен Саясаттың сайты 20 мың долларлық бас жүлде алғанын Республика сарайының төрінен хабарлайтын заман да болар.Сабыр керек, сабыр. Ашылу, жабылу арнайы сценарийсіз, асығыс болды.Ондай қателік көп. Бірақ ондай майда, шүйдені түгел қазбалай берсек, ертең дауласып, құрылтай құрсын деп безіп кетерміз.Жиналғанымыздың өзіне тәуба.
kokbori
Әлі Азамат Сатыбалды мен Аша Матай әдемі дауыспен Саясаттың сайты 20 мың долларлық бас жүлде алғанын Республика сарайының төрінен хабарлайтын заман да келер.

Ашылу, жабылу арнайы сценарийсіз, асығыс болды.Ондай қателік көп. Бірақ ондай майда, шүйдені түгел қазбалай берсек, ертең дауласып, құрылтай құрсын деп безіп кетерміз.
Қателіктерді бетке шұқу үшін емес, келесі жиында ескерілсе деген ниет қой. Ертең ұмытып, қап сүйтпеген екенбіз деп сан соқпас үшін
bitanazamat
БЛОГЕР ма?, әлде БЛОГГЕР ма?
kokbori
Оның не маңызы бар, блоггер
meirzhan
Блогкер
a63a1
Блоккер
meirzhan
Блогерден брокерге бір коммент
a63a1
л деді л деді л ға тілі келмеді