Аршат Оразов, сайт жасаушы: «Қазақша контенттің көп бөлігі энтузиасттардың жасаған сайттарында»

  • KazNET
— «Қазнет» әлі энтузиасттардың қолында ма?
— «Қазнет» сөзі біраз дау-дамайлы сөз. Ол қазақша интернет пе, қазақстандық интернет пе, әлде жалпы kz доменіндегі сайттар ма? Сондықтан мен қазақша интернет үшін жауап беріп көрейін. Қазақша сайттарды қарайтын болсақ, басым көпшілігі мемлекеттік органдардың, мекемелердің және БАҚ өкілдерінің сайттары. Қалғандары энтузиасттардың жеке сайттары. Ең көп кірілетін, талқыланатын осы жеке сайттар. Қазақша контенттің көп бөлігі де энтузиасттардың жасаған сайттарында.
— 2012 жылғы «Қазнет» перспективасын қалай бағалар едіңіз?
— Жыл басында КерекИнфо сайтында жазған мақаламда «2012 жыл – қазақ сайттарының жылы» дедім. WordPress.com блог жүйесі елімізде жабылғанымен, сол жерде «өсіп» шыққан бір блогшылар аудиториясы бар. Бұл үлкен потенциал. Қазір жемістерін жаңа блог платформаларында, дербес ақпараттық сайттарда көріп жүрміз. Тақырыптық сайттар көбейіп келеді. Тәтті бәсекелестік бар. Яғни, биыл қазақ интернетінде бір дүмпу болады деп ойлаймын. Сондай-ақ БАҚ сайттары да көбейіп келеді. Функционал жағына да жақсы көңіл бөлінуде. Мәселен, «Егемен Қазақстан» сайтында газеттің мазмұнын латын және төте жазуда да оқуға болады. Бұл баспа басшысы Сауытбек Абдрахмановтың ұсынысымен жасалған бастама. Осылайша газет оқырмандары географиясы да кеңейді. Мұндай үрдіс болашақта басқа БАҚ сайттарында да жалғасады деп ойлаймын.
— Лебедев тұжырымына сайғандағы «қазақстандық Рунетті» қазақыландыру үдерісі қалай жүріп жатыр? Мәселен, YV секілді платформаларда «Екпін» секілді жобалардың ашылуы, қазақша Уикипедия…
— Лебедевтің тұжырымы бойынша интернетте география болмайды, тіл болады. Ол сондықтан да еліміздегі орыстілді интернетті «Рунеттің Қазақстандық бөлігі» деген болатын. Толық қосыламын. Бізде тіл мәселесі қай салада болмасын көтеріліп жатады ғой, оның дамуына үлес қосып, көзге көрініп жүргендерді үкімет те қолдайды. Мысалы орыстілді болып саналатын «ҚИА» (Қазақстан интернет ассоциациясы), «Ювижн» блог платформасы сияқтылардың қазақ интернетін дамытамыз деген тірліктеріне шынымды айтсам күлкім келеді. Ал, біреулер қазақ интернетінің мәселелерін айтып, өздерінше белсенділік танытып жүр. Бұл жерде шыны керек олар өздеріне таза пиар жасап жатыр. Шын жанашыр мұндай үлкен айқай-шусыз және шын көңілден істейді. Шын көңілден істелінген нәрсе онсыз да білінеді, бағаланады. Айтайын дегенім, негізінде қазақ интернеті дамымай жатыр деген нәрсе жоқ. Қазақ интернеті өз деңгейінде. Өйткені қазақ саны аз, яғни қазақтілді қазақ. Тұтынушы қандай, сұраныс қандай, интернетіміз де сондай. Бірден дамытып кету мүмкін емес. Халық саны, қолданушы саны өскен сайын интернетіміз де өседі.
— Контентмейкерлер мен қазақы креативтің жетпеуінен бастап, Қазнетке нақты мемлекеттік қолдаудың жоқтығына дейінгі аралықта, сен үшін, қатардағы сайт админі ретінде басты проблема неде?
— Жаңа да айтқанымдай, бізге алдымен сан керек. Сан көбейсе, сапа да болады. Соңғы жылдары интернет қолданушы саны көбейіп келеді. Әлбетте, қазақтілді қолданушы саны да өсті сәйкесінше. Жасанды жолмен интернет дамытуға, контент көбейтуге өз басым қарсымын. Креатив және контент шын жүректен шығуы керек. Қазір интернетті кім қадағалайтынын білмеймін. Бірақ, бұрын Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанда интернет қолданушы санын көбейту үшін көп еңбек сіңірді. Бастамалары аяқсыз қалмаса екен деп тілеймін. Мемлекет тарапынан қазақша интернетті қадағалайтын бір орталық құрылса деймін. Өйткені сайт админдерімен үкімет арасын байланыстыратын ешкім жоқ. Қазақша сайттардағы аударма қателерін түзетіп, тексеріп отыратын да ешкім жоқ.
— Әңгімеңе рахмет!
Мақаланың сілтемесі: www.aorda.kz/?p=15728
Бөлісу:

15 пікір

MickThatsMyNick
Аршат Оразов, сайт жасаушы: и суретінде типа сайт жасап жатыр
Aizhantabyn
))) Күшті. Энтузиасттар, алға)))
asaubota
шамалы агрессия, шамалы саясат, шамалы әзіл, шамалы шымшыма аралас сұхбат болып шықты
sigma
Қазақша Википедияның маңдайынан жай ғана сипапсың
Aldeken
Ал, біреулер қазақ интернетінің мәселелерін айтып, өздерінше белсенділік танытып жүр. Бұл жерде шыны керек олар өздеріне таза пиар жасап жатыр. Шын жанашыр мұндай үлкен айқай-шусыз және шын көңілден істейді. Шын көңілден істелінген нәрсе онсыз да білінеді, бағаланады.
KILYZAMAN
Жаңа да айтқанымдай, бізге алдымен сан керек. Сан көбейсе, сапа да болады.
— қайталаудан шаршама бауырым  Ысқырықпен жер жаратындай жағдайға әлі алыстау ;-)
patick
Жарнамалық үзіліс
Энтузиасттар тек Интернетті ғана емес, басқа да салаларды дамытуға етене араласып кеткен тәрізді. Мысалы дим да, мысалы кино саласын алып қарайық. Ерлан Сағынов деген бұрын-соңды көзге түспеген бір жігіт "Армандастар" деген фильм түсіріпті. Қандай фильм екен деген сұрақ еріксіз туындайды. Оны өзім де білмеймін. Бір нәрсе ғана анық: картина 15-наурызда экранға шығады.
qisyq
Мә, осы сайт жынды, ұнайды бар ғой Киностан.
FaraOn1
жақсы сұхбат!
Өйткені сайт админдерімен үкімет арасын байланыстыратын ешкім жоқ.
бұл байланыс не үшін керек?
Simona
Осы ескi суретiңде ине сaбaқтaп отырғaн сияқтысың
asaubota
2005 жылы түскен суретім. осы суретім популяр болып кетті барлық жерде. басқа дұрыс суретім жоқ, фотогеник емеспін