Мен сізді жақсы көремін...

Жұма… Далада шелектеп жаңбыр жауып тұр. Көңіл-күйім күндегідей көңілді емес, сәл де болса жабырқау бар. Себебі, сағындым… Жаныма жігер, күш, сенімділік, бойыма қуат беретін, көңілімді көтеріп, бірге қуанатын, жылайтын да жан жырақтау болып тұрғаны…
«Анашым! Сізді қатты сағыныппын, кеше ғана көрсем де, біраз уақыт көрмегендей күйде болам. Сіз сырқаттанып, ауырғанда жаным жай таппады. Іштей жылап, сыртымнан оны еш білдірмедім. Бар болғаны дұға еттім…

Әрдайым күліп, жуынатын ыстық су мен дәмді тағамды әзірлеп, күтіп отыратынсыз, бірақ бүгін сабақтан келгенімде Сіз емес, әкем қарсы алды. Бәлністе екеніңіз есіме түссе, қатты құлазып кетем, бірақ менде аналық сүтіңізбен дарыған жігер, қиындыққа қаймықпай күресетін қайсарлық бар. Ақ сүтіңізді беріп, жеткіздіңіз, жетеледіңіз, бетімнен қақпай, қалағанымның бәрін әпердіңіз. Мейірім, адалдық, махаббат, қамқорлық, инабаттылық пен ибалыққа тәрбиеледіңіз. Қатты сөйлеп, ұрыспадыңыз да, өз ісіңізбен маған үлгі болдыңыз, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты үйреттіңіз. Басымнан сипаған аялы алақаныңыз жанашырлық пен ізгілікке толы. Ағарған әр тал шашыңыз үшін қарыздармын, АНА! Әкем екеуіңіздің адал еңбектеріңізді, перзенттік борышымды ақтаймын, ана! Сіздің тезірек емделіп, қасымызға келгеніңізді, ауырмай, жанымызда отбасымыздың жүрегі болып жүргеніңізді қалаймын. Биыл 8 – наурыз мерекесін отбасымызда қарсы алмасаңыз да, Сізді қуантып, мереке күні жаныңызда болуға, сыйлығымды тарту етуге асықпын. Сізді қатты жақсы көремін, анашым! Аллаһқа аманат еттім, аман болыңыз».

Бәлністе бір жарым сағаттай отырып, анаммен біраааз әңгімелесіп, сағынышымды бастым. Үйдегідей әзілдесіп, күліспесек те, көңілім жадырап қалды. Аурухана бөлмесі ыстық, анамның жанында үлкен әжелер де бар екен. Өткен жылы бір ісімен анам таң қалдырған: көшенің арғы бетінде көліктің ішінде отырған қайын ағасын көре сала, анам иіліп сәлем салып жатыр. Алғашқыда таң қалдым, ағамыз көшенің арғы бетінде тұрса да, анам жаңа түскен келіндей сәлемін салды. Анамның бұл әрекетін маған көрсеткен тәрбиесі деп ұқтым, әлі күнге дейін үлкендерге сәлемін салады, сол үшін де әулетке сыйлы, құрметті келін. Бәлністе де әжелерге көмектесіп, ыдыс-аяқтарын жуып, енесінің жағдайын жасаған жас келіндей зыр жүгіріп жүр. Бір риза боп қалдым. Бәлністен шығып, үйге келдім де, уақытша анамның орнында болдым. Тамақ әзірлеп, үйдің үлкендерін жұмыстан қарсы алдым. Осы кеште анам жақында ғана өзі жасап көрсеткен жаңа салат мәзірін дайындадым. Мәзір журналдан алынған, атауы – «Воздушный поцелуй» қазақшасын келтіре алмадым, соны сіздерге де ұсынайын, дәмі өте күшті әрі сіңімді. Мерекеге жасасаңыз болады, онда бастайық!
1. Тазалық!
2. «Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим» деп, Аллаһтың атымен бастаймыз міндетті түрде!
3. Салаттың құрамымен таныс болыңыздар:
— 4 дана пісірілген картоп;
— 3 дана пісірілген сәбіз;
— 3 дана пісірілген жұмыртқа;
— 4 дана алма;
— шұжықты сыр (колбасный сыр)
— майонез, грек жаңғағы және әдемі тәрелке.



4. Алдымен сәбізді үккіштен өткізіп, үстіне майонез қосамыз. Сәбізді тәрелке көлеміне шанышқының ұшымен ғана жаю керек, үстінен нығыздап баспаймыз.


5. Енді сәбіздің үстіне картопты үккіштен өткізіп саламыз, оған да майонез қосамыз.


6. Картоптың үстіне жұмыртқаны өткіземіз.


7. Ендігі қабат алма, оны да үккіштен өткіземіз.


8. Үстіне майонез қосамыз. Дәл осылай биік болуы тиіс.


9. Енді соңғы қабат қалды, сырды үккіштен өткізіп, толықтай барлық жерін көмкереміз.


10. Грек жаңғағын алып, үстіне әдемілеп қоямыз, сәндейміз. Міне, салат та дайын болды.





Осымен салат дайындау процесі аяқталды, қарды жарып шыққан бәйшешек сынды көрінеді маған. Грек жаңғағының орнына басқа қосуға болады, астарыңыз дәмді болсын. Мерекені жақсы көңіл-күймен қарсы алыңыздар, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық тілеймін. Шаңырақтарыңыздағы нәзік жанды аруларды: аналарды, әжелерді, әпкелерді, жеңгелерді, сіңлілерді шын жүректен келе жатқан мерекемен құттықтаймын.   Мен анама осылай өзімнің «воздушный поцелуйымды» жолдаймын.
Бөлісу:

23 пікір

dark_nazgul
Анаңа тез жазылып кетуді Алла нәсіп етсін.
Kipshakkyzy
АКА, анашың ертерек сауығып, жанұяң шаттыққа кенелсін!Ал салатың дәмді, қолыңа дерт бермесін!
Korkem
Иә, сен ғажапсың! Қолың дерт көрмесін, Аллаһ саған анаңның жолын нәсіп етсін! Әр бір таңды қуанышпен қарсы ал, мен сені 8 наурыз мерекесімен құттықтай отырып мықты денсаулық пен бақыт тілеймін. Әрдайым биіктерден көріне бер.
Әлі-ақ анаң үйге оралып, бірге істеген тағам түрімен де таныстырап жатарсың деп үміттенем.
AKA
Рахметиии, өзіңе де құтты болғай!
VKM
АКА, супер жазба. Мамаң тез сауықсын!
Zhanylai
Мамаң жазылып кетсін!!! ммммм, салат
TERISKEY
Alla shipa bersin! Kolin dert kormesin!
Daniar-Alan
түріктің сериалын қатты көред кенсыз…
sammita
Түрікше өте жақсы біледі.
aikarakoz
Анаңыз сауығып кетсін!
Салат ептеп «оливье» салатына ұқсайды екен құрамы бойынша, майонездің орнына лимон шырынан қолданып көрсе, қалай болар екен
sammita
лимон шырынын қосса тойымды әрі тәтті болмайды. Әдетте лимон шырынын сұйық май орнына қолданған жақсы, мысалы шикі көкөністерді араластырғанда.
AKA
Уот, уот, дұрыс айтасыз.
Aikona
Мамаңыз тез жазылып кетсін!
sammita
ниетің қабыл болсын. осы салат ұнайды маған да.
Marationok
Анаңыз сегізінші наурызға дейін тәуір болып, сыйлықтарға мәз болсын, деп тілейік.
Gulistan
Аналар ауырмасын!
Gazizkizi
Бәрі артта қалып, дастархан толы көркем салаттар болып жақсылықтың бәрін АНАҢМЕН қарсы алуға жазсын!
Esmeralda
АКА мамаң жазылып кетсін
салат күшті
көрінбей кеттің?)
sammita
дәурен-ай, АКА қайда кімге тамақ пісіріп жүр екен?
Соңғы түзету:
VKM
мяяя, саммита жүр ғой. Сәлеметсіз)))
AKA
Бармын, осындамын, әпке  Рахмет!