"Мен сені сүйем, Филлип Моррис" немесе Стивен Рассел деген кім?
Көпшілік Джим Керри мен Юэн Макгрегор түскен педик қылмыскер туралы «Я люблю тебя, Филлип Моррис» комедиясын көрген шығар. Фильмді Гленн Фикарра мен Джон Рекуа түсірген. Бұл жәй кинокомедия деп ойламаңыз. Сюжет өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілген, кейіпкерлердің прототиптері де қазір өмірде бар.
Аталған картинаға америкалық алаяқ, гей Стивен Джей Расселдің (фильмде оның рөлінде Джим Керри ойнайды) өмірбаяны негіз болған. Ол 1957 жылы 14 қыркүйекте Вирджинияда дүниеге келген. Американың атақты алаяғы, гомосексуал. Стивен көбінесе түрмеден қашқан оқиғаларымен танымал. Оның түрмеден қашу әрекеттері сондай айлакерлікпен жасалғаны сонша, криминалистикада оған «Гудини», «Жуликтердің королі» деген лақап берілді. Стивен Расселдің интеллект коэффициенті (IQ) 163-ке тең (Әлемнің беделді ЖОО-н үздік бітірген студенттердің IQ деңгейі шамамен 130-140 болады).
Өмірбаяны
Стивен Джей Рассел, 1997 ж.
Стивен дүниеге келгеннен кейін, оның ата-анасы ажырасып кетіп, сәбиді асыранды ата-анаға тапсырады. 9 жасында Стивен олардың туған баласы емес екенін білгеннен кейін, ол өзінің шын анасын табуды ойлайды. Сол кезден бастап оның бар өмірлік мақсат-мүддесі де сол болады. Бұл жағдай оның тәртібіне кері әсер етіп, мектепте проблемаларға көп ұшырай бастайды. Біртіндеп ол тентек балаға айналады. 12 жасында ол айыбын еңбекпен өтейтін түзету мекемесіне түседі. Сол жерде оның алғашқы гомосексуалды қатынасы да болады.
1971 жылы ол мекемеден қашып кетеді. Дәл осы күн 13 мамыр, жұмаға сәйкес келген екен. Рассел айдың жұма күнгі 13-ші жұлдызын өзі үшін сәтті күн деп есептейді екен. Кейін де түрмеден талай рет қашқанда дәл осы датаны таңдайды.
Мектеп бітірген соң, ол полицияға орналасады. Офицер болудағы мақсаты да сол — Қылмыстардың Ұлттық ақпараттық орталығының мәліметтер базасы арқылы ата-анасын табу. Сөйтіп ол анасын табады. Сөйтсе, анасы оны бөтен адамдарға асырауға бергеннен кейін, күйеуімен қайта қосылып, тағы үш баланы дүниеге әкеліпті.
1976 жылы Стивен полиция бастығының хатшысына үйленіп, бір қыздың әкесі атанады. Бірақ Рассел өзін гей ретінде сезініп, қосалқы жасырын өмір сүре бастайды. Ақыры ол әйеліне өзінің құпиясын ашып, екеуі ажырасады.
Стивеннің адамдарды сендіре білетін таланты болатын. Ол кез-келген адамның даусын сала алатын, және көрген адамдарының қылықтарын еркін меңгеріп кететін. Дәл осы дарынының арқасында «White Swan Foodservice» деп аталатын ірі азық-түлік желісінің сауда менеджері лауазымын иемденді. Кейін гомосексуалистік құпиясы анықталып, жұмыстан қуалғаннан кейін де, Стивен еш қиындықсыз тағы екі компанияның президентін алдап, жұмысқа тұрған.
«Кісен ашқан, Түрмеден қашқан»
Стивеннің кем дегенде 14 өтірік аты-жөні белгілі. Ол бұл есімдерді түрлі афераларды ұйымдастырған кезде пайдаланған.
1993 жылы Стивен Рассел Хьюстондағы түрмеден қашып шығады. Ол былай болған: күзетшілер темекі шегуге шығып кеткенде, олардың азаматтық киімдерін ұрлап, сол киімді киіп сыртқы шығып кетеді. Кейін сенім грамоталарын қолдан жасап, Солтүстік Америка сақтандыру компаниясына қаржы директоры болып орналасады. 5 ай бойына ол компания шотынан 800 мың доллар жымқырған екен. 1994 жылы алаяқтығы үшін қайтадан Харрис түрмесіне қамалады. Сол жерде ол Филлип Морриспен танысады.
Филлип Моррис, 1997 жыл (Харрис түрмесі)
Филлип Моррис көлікті жалға алып, ақысын уақытында төлемегені үшін қамалған екен. Сондықтан ол көп отырмай, заңдағы кейбір өзгерістерге байланысты, оның қылмысы күшін жойып 1992 жылы босап шығады. Бірақ 1994 жылы қайтадан сол түрмеге түсіп, Стивен Расселмен тағы кездеседі.
1996 жылы Рассел, судьяның даусын телефон арқылы салып, өзіне салынған кепілдік сомасын 900 000 доллардан, 45 000 долларға төмендетеді. Бұл соманы ол бірден төлеп, босап шыға келеді. Бірақ тоғыз ай өткен соң қайтадан қамалады. Бұл жерде Стивен өзінің алғашқы атақты қашуын ұйымдастырады. Түрмеде ол көркемсурет үйірмесіне қатысып жүреді. Әр сабақ сайын бір жасыл фломастерден ұрлап, төсегінің астына жинайды. Қажетті фломастерлер саны жиналған соң, олардың көмегімен үстіндегі түрме униформасын жасылға бояп алады. Бұл жердегі медицина қызметкерлері осындай түстегі формамен жүреді екен. Киімнің ішінен денесін полиэтиленмен орап алады, соның арқасында ізіне түскен иттер оны таба алмаған.
1998 жылы Рассел дәрігерлердің қаржысын басқаратын компаниядан 800 000 доллар ұрлағаны үшін тағы түрмеге түседі. Бұл жолы оған 45 жыл берілді, бұған дейін қашып кеткені үшін тағы 20 жыл қосылды. Онымен бірге Филлип Моррис те сотталды. Өйткені бұған дейін Морристі Рассел адвокат болып киініп алып, заңсыз айла-амалдармен босатып алған еді. Осы жерде Стив Рассел ең батыл қашқынын жасайды:
Қылмыс әлемінің данышпаны еткен қашу
Рассел түрме кітапханасында СПИД-ке қатысты барлық әдебиетті оқып шығады. Содан кейін осы аурудың белгілерін симуляция жасап, көрсете бастады. Сол жылы ол жазу машинканың көмегімен түрме медкартасын түзетеді. Осылайша түрме дәрігерлерін алдап, Хьюстон ауруханасына ауысуға рұқсат алады. Сол жерден дәрігер киімімен қашып шығып, түрмеге телефон соғады да, Стивен Рассел СПИД-тен қайтыс болды деп хабарлайды. Дәл осы кезеңде түрмеде отырған Филлипті босатудың әрекеттерін де жасай жүреді.
1998 жылы Рассел өзін Вирджинияның миллионері деп таныстырып, Далластың ұлттық банкінен 75 000 доллар несие алмақ болған жерінен қолға түседі. Қолға түскен бойда жүрек талмасы ұстаған адамды сомдап, ауруханаға түседі. Бірақ оны бұл жолы ФБР күзеткен еді. Дегенмен ол ФБР агентінің рөлін сомдап, күзетшілерді бұйрықпен таратып жібереді де, қашып шығады. Оның артынан қуғын тағы басталады.
Алаяқтың ақыры
Ақыры ол 1998 жылы 7 сәуірде тұтқындалып, 144 жылға сотталды. Қазір Техаста жазасын өтеп жатыр. Ол камерада 23 сағат отырып, бір сағат серуенге шығады. Бұған қарамастан, өзін әлі сергек және жеңіл сезінеді екен. Ол енді қашуды ойламайтынын айтады. Тек қызы мен әйелін сирек көретініне өкінеді екен. Егер ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығып қалмаса, Расселдің мерзімі 2140 жылы 12 шілдеде аяқталады.
Дегенмен кейбір мамандар оның өз тағдырына көндіккеніне сенбейді. Мысалы, соңғы жылдары Расселді іздестірумен айналысқан полицей Терри Коббс «Расселдің миының бір бөлігі жаңа қашу операциясын ойластыруын жалғастырып жатыр» деп есептейді.
Филлип Моррис ше?
Ол 2006 жылы түрмеден босатылып шықты, жалғыз өзі Арканзаста тұрады. Журналистер әлі күнге дейін оның Расселге махаббаты туралы сұхбат беруін сұрап, маза бермейтін көрінеді.
Сөз соңы.
Міне, осындай айлакерлер өмір сүреді біздің заманда. Жазғандарымды көрнекі түрде көргілерің келсе «Я люблю тебя, Филлип Моррис» фильмін қараңдар. Жазылған айла-әрекеттердің көпшілігі сол картинада бар.
6 пікір