"Блогқұрылтай – 2011" ұйымдастырылу схемасы



ЕСКЕРТУ: Төмендегі жазбаны толық оқу үшін шамамен 5-10 минут уақытыңыз кетуі мүмкін.

Алдағы богшылар құрылтайының жақсы өтуіне үлес қосқысы келетіндер баршылық. Бұны блогқұрылтайға қатысты жазбаларға қалдырылған пікірлерден байқап отырмын. Осы орайда «Блогқұрылтай – 2011» шарасы қалай ұйымдастырылғаны туралы кейбір ойларыммен бөліскім келіп отыр. Жазба сонымен қатар осы тектес жобаларды жүзеге асырғысы келетіндер үшін де пайдалы болады деп ойлаймын.




Мақсатты айқындау

Кез келген көпшілік жиналған жерден түйінді бір нәтиже шығуы үшін мақсат ортақ болуы тиіс. Мақсат ортақ болуы үшін қатысушылардың барлығында «Мен мында не үшін келдім?» деген сұраққа айқын жауабы болып, өзгелердің жауаптарымен үндескені жөн. Алматыдағы алғашқы құрылтайда алдымызға төмендегідей мақсаттарды қойдық:
• интернеттегі белсенді блогшылардың басын қосып, ынтымақтастығын арттыру;
• интернет арқылы қазақ қоғамындағы мәселелердің шешуіне үлес қосу;
• наурызды жаңаша тойлау, әрі шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату;

Өтетін орын

Мақсат айқындалып, ниеттес жандардың легі көрінген соң, өтетін орынды қарастыру керек. Өтетін орынды төмендегідей параметрлер бойынша іздедік:
1. Өтетін орынды ұсынушылар біздің негізгі мақсатымызға кедергі келтірмеуі керек.
2. Тегін болуы керек
3. Интернеті болуы керек
4. Шамамен 200-ге жуық адамның басын қосатын залы, проектор мен компьютерлері болуы керек
KIMEP-тің мұндай шаралар өткізуде тәжірибесі болғандықтан батыстық үлгідегі оқу орнына Блогқұрылтайдың не екенін бірден түсінді. Бірақ рұқсат алудың ресми бөлігі біраз жүйкені жұқартты. Сабыр сақтаса бәрі де (әрбір залға қанша орындық, қанша микрофон, разетка, удлинитель, охрана, техничка, WiFi қосу т.с.с) өз ретімен шешіледі екен.

Негізгі үйлестірушілер

Ең қиыны — адамдардың басын қосып, ортақ іске жұмылдыру. Үйлестірушілер өзара бір-біріне сенім білдіріп, әрі бір сөзге тоқтаса жақсы. Алматыдағы блогшылардың дені бірін-бірі өте жақсы түсінетіндіктен (себебі блогқұрылтай алдында миниқұрылтайлар көп өткізілді. Бұл бір-бірімізді блогосферадан бөлек кәсіби қырларымызды тануға жақсы көмектесті) арамызда аса бір қатты түсінбестіктер болған жоқ. Тортпен шай ішіп, аптасын бір рет кездесіп тұрдық. Әрбір кездесуде негізгі мақсатымыз пысықталып отырды. Барлық жұмысты үйлестіру үшін жоспар құрастырып, әрбірімен және оның еріктілер тобымен жеке-жеке кездесу ұйымдастырдық.

Осы жазбаны оқып отырған, былтырғы үйлестірушілер «Блогқұрылтайды ұйымдастыру барысындағы есте қалған 10 жағдай» деп қиындығы мен қызықтарын қатар сипаттаса жақсы болар еді.
Негізгі үйлестірушелірдің жауапкершіліктері былай жүктелді:

Негізгі үйлестіруші. Барлығының жұмысын қадағалап, көмектесіп отырады. Орын табу, демеуші табу, негізгі бағыттан ауытқымау, жаңа бір идеялар ұсынылса, соны жүзеге асыру жолдарын қарастыру, жобаның күллі рисктерін алдын ала бағдарлау, алдын алу.

Еріктілер:
a) іс шараны ұйымдастыратындар (таймкипер, кофебрейк, регистрация, журналистермен, кешкі іс шаралар)
б) Блогқұрылтай сайтына жауаптылар (сайтқа ақпарат салу, жаңартып отыру, интернетте блогқұрылтай туралы жалған ақпараттарға назар аудару, адамдардың пікірлеріне реакция т.с.с.)
в) координаторлар (қатысушыларды вокзал, әуежайдан күтіп алу, жататын орын іздеу, олармен байланыста болу, шетел қазақтарына виза жасау, әр өңірден бір координатор табу т.с.с.)

Негізгі үйлестіруші әрбір қатысушыға жауапкершілікті бөліп бергені жөн. Сосын бұның бәрі тегін істелетін жұмыс болғандықтан өз ісін тиянақты атқара алатынан сенімді адамды тура табу керек немесе үнемі көмектесіп отыру керек. Бір адамның мүлт кетуі күллі мақсаттың ойдағыдай орындалмауына әсер етеді. Ойламаған жерден өзгерістер болып қалатынын естен шығармай оларға да бейімделудің жолын қарастыру керек.

Программа

Негізі программаның қаралай нұсқасы мақсат айқындалған кезде жасалғаны жөн. Сосын барып ресми нұсқасы жазылады. Себебі ресми нұсқа жобаны реттестіруге, әрі демеушілермен сөйлескенге керек. Өзге қатысушылардың барлығына түсіндіруде көмектеседі. Программаны үш күнге, сағат бойынша (минут бойынша болса, тіпті жақсы) жазып қойған кезде, әрбір волонтердің не істейтіні, қай сағатта қай минутта қай жерде болуы керектігі, қанша машина, литр бензин керек, қанша зат сатып алу керек, қай кафеде жиналамыз, оның менюіндегі бағасы т.с.с жайшылықта көрінбей қалатын жайттарды анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде жобаны атқаруға кететін шығынның сомасын жобалауға болады.

Демеушілер

Судың да сұрауы бар. Әлдебір ұйымның берген ақшасының артындау сұрауы болатыны аян. Сондықтан демеушіні іздегенде өз мақсатыңнан ауытқымайтыныңа сенімді болып, олардың да коммерциялық мүдделеріне қайшы келмейтініне нық сенімді болу керек. Өйтпеген жағдайда, демеушілер алға қойып отырған мақсатыңа түбегейлі өзгерістер енгізіп, күллі жобаны өзгертеді. Біз хабарласқан демеушілермен бұған дейін жақсы қарым-қатынаста болғандықтан олар жобамызға шүбә келтірмеді. Тек арада олармен коммерциялық келісім-шарт жасасу керек болды. Бұл орайда заңгердің және бухгалтердің де кеңесіне жүгінген артықтық етпейді. Себебі әрбір жұмсалған тиын үшін кейін есеп беру керек (Құжаттардың барлығының көшірмесін сақтағанның айыбы жоқ). Демеушілер өз компаниясының өркендеуіне мүдделі. Сондықтан біздің алға қойып отырған мақсатымыз бен олардың мақсаттарының арасынан ұқсастық табылса, демеушіні көндіруге болады. Ол үшін мақсатың, жолдап отырған жобаң түсінікті, әрі сенімді болуы шарт. Бізге көмектескен GSM/Kazakhstan, "Қазақтелеком", HP, Nokia тәрізді коммерциялық ұйымдар және жекелеген адамдар болды. Әрі компаниялар жекелеген тұлғалармен емес, ұйымдармен келісім-шарт жасайтын болғандықтан «Мінбер», «Медианет» тәрізді өздерімізбен байланысы бар үкіметтік емес ұйымдардың реквизиттерін, беделдерін пайдаландық.

Ешқайсымыз да Блогқұрылтайда ұйымдастырғанда айлық алған жоқпыз. Бұл да маңызды. Себебі әлдекім бұл жұмыс үшін ақша алатын болса, онда волонтерлік болмай қалады. Әрі ақша жүрген жерден даудың туындауы оп-оңай. Біз бар болғаны бір-бірімізбен сөйлесу үшін негізгі волонтерларға телефонға еденица алдық. Соның өзі үлкен көмек болды. Себебі әрбір еріктілермен күн сайын бірнеше реттен хабарласып отыру керек. Жеке өз басыма кейін демеушілерге қаржылық есепті өткізу қиын болды. Себебі демеуші есебінен құрылтайға келгендердің құжаттарын жинау, чектерді түгендеу т.с.с. жұмыстардың маңызын қатысушылар жете түсінбеген соң, кешіктіргендер көп болды. Бұл алдағы уақытта демеушілермен арадағы қарым-қатынасқа да өз салқынын тигізуі мүмкін екенін ескерсек деймін.

Қатысушылар

Бірден айтайын, Блогқұрылтайды ұйымдастырғанда арандатушылар да, қорқытып-үркітушілер де, демеу білдіргендер де кездесті. Бұл әсіресе, бастапқы кезде блогқұрылтай өтеді деген ақпарат естіліп, ол туралы нақтылы бір ресми сайт немесе ұйым мәлімдемесе, гу-гу ақпарат желдей есіп кетеді. Бұл PR-ға жақсы болғанымен, ұйымдастырушылар үшін үлкен соққы. Демеушілер, орын ұсынушылар келісімдерінен бас тартуы мүмкін. Ондай жағдайлар кез келген жоба барысында бастан өтеді деп ойлаймын. Сондықтан қатысушылардың барлығы Блогқұрылтай мақсатын түсініп отырса, оған үлес қосуға дайын болып тұрса, қауіптенудің қажеті жоқ. Тек қатысушыларға өздеріне қажеттісін алуға жәрдемдесу керек. Бірақ жалпы мақсаттан алыс кетіп қалмау керек.
Қатысушыларға ақпараттарды дер кезінде ұғынықты беріп отыру керек.

Өткізу

«Болар іс болды, бояуы сіңді» деп соңында қарап отыруға болмайды. Былтырғы Блогқұрылтай президенттің сайлаумен қатар келгендіктен, өзінің сайлау алды тұғырнамасын айтқысы келгендер, радикалды бағыттағы ұлттық мәселені ту етіп көтергісі келгендер, өз идеологиясын насихаттағысы келгендер де кездесті. Әрі мұндай оқыс жайттар дәл болатын күні күтпеген жерден болып қалады. Сондықтан ондайға дайын болып, көпшілік қарсылығын танытуы керек. Себебі бұндай жайттар біздің мақсатымызға қайшы келді. Өткізген кезде позитивке көп көңілген бөлген жөн. Барлығы да ойлағаныңдай болмауы мүмкін, бірақ соған жетеқабыл деңгейде өтсе, соның өзі алдағы жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі.

P.S. Кейбір жайттар түсініксіздеу болса, пікір ретінде сұрарсыңдар. Бұл жазбаны бір есептен қазір Блогқұрылтайды былай өткізейік, былай істейік деп идея айтушылардың көптігін көрген соң жазып отырмын. Себебі қазір ойларымен бөліскен кезде бірден жүзеге асыру жолдарын, әрі өзінің үлесі қандай болатынын қоса жазса жақсы болар еді. Әрі ортақ мақсатқа қаншалықты үндесетінін де ескерсе деймін.
Бөлісу:

39 пікір

madlen
a) іс шараны ұйымдастыратындар (таймкипер, кофебрейк, регистрация, журналистермен, кешкі іс шаралар)

Осында жақшаның ішіне баннерлер, канцтовар, сыйлықтар немесе сувенирная продукцияны қосса, болады екен.
urimtal
шынымен де, Madlen, канц товар, футболка, блокнот, ручка, папка т.с.с. барлығы сол жақшаның ішінде еді. Жалпылама айтқаным ғой. Әйтпесе, одан бөлек те көзге көрінбейтін жұмыстар көп болды. Мысалы, наурыз көже жасау, оны әкелу деген сияқты. Тіпті, кигіз үй де құрмақ ойымызды болды ғой
Abilakim
киіз үй деген жақсы идея екен
konvict
киіз үй демекші, алтыбақан құрса ше?
Abilakim
керек емес,қыздар агентке кіреміз деп отырып құлап қалар
TOTY
Биыл дегенмен блогшыларда тәжірибе бар ғой…
urimtal
Сондада былтырғыдан қалған 10 қызықты жайтпен бөліссең артықтық етпейді деп ойлаймын. Тайм кипер болудың қызығы мен шыжығы дегендей
TOTY
Ой, айтпа…
1. 1 күн ертерек барып, сағат 16.00-де 1 қабаттағы кабинеттегі басқосу.
2. Қалдықыздың сыйлық таратуы
3. Танысу кешінде Бальзаминка екеуіміз бір-біріміз туралы ортаға шығып, ақпар бергеніміз…
4. Таңертең жұқа көйлекпен шығып, КИМЭП-ке жеткенше дірдектеу…
5. Жауапты қыздардың дүйім жұртты тиянақтылықпен тіркеуден өткізуі
6. Кофе-брейкте таратылған «наурыз көже»…
7. Бәрін айт та, бірін айт...«Тайм-кипер болғанда Патиктің қабағы түйіліп, ара-тұра келіп, басын сұғып тексеріп кететін қаталдығы көз алдымнан кетпейді...»)))
8. Математик Талғаттың қызықты презентациясынан алған әсерім. /мектепте математиканы жек көрсем де… /
9. Бірінші күні көйлегіме футболка жараспай, екінші күнінде әдейі шалбар киіп келгенім…
10. Ең бастысы… МЕН үшін… «Сол құрылтайдағы көктемнің нұры да,»сыры да" бөлек" еді…
Zhan
Құрылтай болса келесің бе енді?
TOTY
Қазір алдын ала жоспарлаудан да жүрегім шайылып қалды. Алла Тағала амандығын берсе, міндетті түрде барамын!
Zhan
Менің ғана жүрегім шайлығып қалған ба десем, жоспарламасаң анау суға батып өлген еврейдің күйін кешем ғой деп тырбаңдап әрекет қыласың. Жоспарың орындалмай қалса, "Қап, бекер" деп тағы шығамыз. Сонда не істеу керек, екеней. Мына құрылтайға атсалысам, "үйтем, бүйтем" деп айтпай отырғаным да содан еді.
rauka
Тоты, тәжірибең бар екен ғой онда...Өзіңнен сураймын
TOTY
Құдаааай,@rauka, менен қарағанда жастардан сурасайшшш)))
izbasar
Адамды қызықтырдыңдар ғой.
Zilola
өкініштісі бара алмаймын (
Бірақ барынша ат салысамын. Өткен жылы Грин ұқсап, жалғыз өзім отыратын шығармын керекинфода )
Abilakim
алдын ала ештеңе демеу керек секілді.Сәті түсіп барып қаларсың, вахтаң ауысып кетер мүмкін.ал, барам деп отырып аяқ асты бара алмай қалу қауіптері де бар ғой
monti
менде сол , қорықпа екеуміз онлайынан көреміз я ссабой жан
estetika91
Қалдықыз келе аймайтындығыңыздың сыры неде?..
Abilakim
келе алмайтындығында
Zilola
вахтада боламын
madlen
Гринмен бірге отырасыңдар
konvict
Мен баруды жоспарлап отырмын. Алла сәтін салса. Құрылтайға ат салысқым келеді. Бірақ өкінішке орай Таразда болғандықтан көп көмек көрсете алмайтын секілдімін. Тек құрылтайға жақындағанда бармасам Астанаға…
berkut
қай жерде өткізу мәселесі мәреге жақындаған болар?
manshukn
10 қызықты жайт:
1. тойдың болғанынан боладысы қызық. Жұма күнгі «Керместегі» танысу қызық болды.
2. Құрылтай болмай тұрып, Мейіргүл екеуміз дайындалғанымыз, сол презентациясының «ең үздік презентация» болғаны ваще қызық болды.
3. Тайм-кипер болған қызық, бірақ көргім келген кей презентациялаға кіре алмай арманда кеттім. Сол себепті биыл, бұл қызметтен бас тарттым.
4. Бірінші күні конькиге барған кез де ұнады.
5. Кофе-брейктегі Наурыз көже.
6. Мен көп блогшыларды уордпресста ғана деп ойлаппын, керекинфоны сол кезде білдім.
7. Көп блогшылармен танысып, қызықты презентациялар болды.
8. Көп уақытым тайм-кипер болғандықтан, 201-дегі қызықты өткен презентациялар Өркен, Батыр, Саттарлардың презентациясы.
9. Мен тайм-кипер болғанда, тарихшы-блогер бір ағай презентациясы кезінде, барлығы шығып кеткенде, маған ренжіген қызық болды. Енді мен кінәлі емеспін ғой, әркім қызыққан презентациясына кіріп жүр.
10. Жалпы, «Блог құрылтайдың» өткені өзі бір қызық болды.
satibaldi
Негізі 9 қызық жайт еді, 10-ға жеткізу үшін соңында әншейін бір сөз жаза салдың.
manshukn
қалай біліп қойдыңыз?
satibaldi
Біздің қолдарымыз ұзын… Тура мағынасында да…
Aikona
10 қызықты жайт:
1. Ең бірінші жиынға бармай қалдым, сонда таңқалғаным Асхат ағай болды әр жиында бір жаңа адам келсе соған ерінбей бәрін басынан бастап қайта түсіндіруі
2. Қисық сыйлай салған белсенділік  Папка мен футболканы тура 19 на бітеді дегендегі уайым
3. Футболка жасайтын қызбен күніне бес- ақ рет ұрсысу
4. Танымайтын, алыста деп жүрген блоггерлерді бір жерден көру өте әсерлі екен
5. Көмек көрсетейін деп жүгірген көмекшілердің көптігі қуандырды
6. Волейбол ойыны, мектептің әдемілігі, таңқалыс ҚЗ да да осындай оқу орны бар екен ғой деген ой толғам
7. АКУ, Балзаминка, Патик, Жалғас, Жанка, Салта, Қалдықыз т.б. Пинта барып билеуіміз
8. Наурыз көже, кофе брейк дәмділерін көргенде диетамның қайда қалғанын білмей қалу
9. Үш күн үйге түнгі 1 де келіп таңертең 6 ты да уже жоқ болып кету
10. Әне- міне басталады дегендедегі қорқыныш, адамдар көбейген сайын бір қуаныш орнайды

Позитивпен жүрдік көбіне, қуаныш, көп танысулар, достар, фотоаппарат жарқылдары обшым бәріміз жұлдыз боп кеттік.
talgatjez
Осы жазбамен бөліскеніңізге рахмет!
Құрылтай үйлестірушілерінің үстел кітапшасы екен.
estetika91
Мен егер, былтырғы блогқұрылтайға барсам, қызықты жағдайдың барлығын жазатын едім, бірақ, ол кезде бара алмадым. Биыл барамын деп отырмын инш.
monti
былтырғы спонсорлар тағы биыл болатын боса, менде, жақсы сапамен ветк. логолары бар 
сосын біздің логода вект. бар
FaraOn1
Былтырғы блогқұрылтайдан қалған естеліктерді оқып менің де қатты барғым келіп жүр.
zheniskaz
Былтырғыдан түйген ой мен биылғыға айтар ұсыныс:

1. Күтіп алу кезінде Франциядан келетін қонағымыздың Туркия елінде ұшағынан адасып, келесі ұшақпен келгені.
2. Күтіп алу кезінде көптеген жақын танымайтын қонақтармен блог құрылтай барысында жақын таныстай араласуымыз қызықты сәттердің бірі.
3. Сен білетін тілдерді білмейтін қонақты алдын-ала ескеріп, күтіп алушы қасына біреуді ертіп алғаны дұрыс екен. Ағылшынша нан соғардай нан сұрап алуды ғана білгенімізбен қонақты күтіп алғанда, дәл сол кезде жол ұзап кеткендей қонақ үйге үнсіз бару ыңғайсыздау екен.
4. Негізгі ұйымдастырушылар жүгіріп жүріп, шәйларында ішалмай, тіпті қатысқысы келген тақырыптарына баралмай қапыда қалған жағдайлар айтылды. Олардың орнын бәлкім тақырыптарға байланысты алмастыра тұруды ойластырған жөн сияқты.
5. Программаларға жататын шығар, үш залда үш түрлі тақырып болып, мысалы мен үшін екі маңызды тақырыптың бірін көралмай қалу, қиындық тудырды. Сондайлар өзгелерде де болған шығар. Дегенмен бір залда өтетіндей жағдайлар қарастырылса. Бірнеше зал болса, тақырыптар ұқыпты түрде залдарға дәрежесіне қарай бөлінсе.
6. Көп кісілер дайындығымыз нашар деп, уақыттар дұрыс реттелмей қалды. Сондықтан әркімнің презен-ясы алдын ала сайтта немесе бір күн қалғанда өткізетін уақыты белгілерсе.
7. Жаңадан келгендер бар, бұрыннан жақсы білетіндер бар. Дегенмен бұл құрылтайдың пайдалы тұстары мен көп мән беру керек жақтарын басталар алдын кішкене тоқталып кетсе жаңадан келушілерге түсінікті болса, білетіндерге ынта мен жігер берер ме еді деп ойлаймын.
8. Былтырғы бір қызығы күтпеген жерден Қазақфилмьде кино көрсетілуі болған сияқты.
9. Ыңғайсыздығы, белгісіз болғандықтан футбол мен екінші ойынға кім барады деп екі жақты біраз уақыт алды. Ортада қалып қойғандар да болды. Негізгі мақсат ойын емес құрылтай болғандықтан не болса да барлығы бір жерде топтасып жүретіндей жағдай болса қызықты да болар еді.
10. Оныншыға өзгелер сияқты негізі қызықты да пайдалы өтті деп аяқтайын.
kokbori
Бұл оқиғадан не тірлік, небары үш ай қалды ғой?
Aldeken
Не ғо, Көкбөрі, арамзаланбай, мойындашиш, Атырауда өткізем деп күпініп едің, енді стрелканы Шымға бұрып, қолыңды ысқылап отырғаныңды… Ал, ешкімнен енші алмаған Айтаберліктер өз еншісін бөлісе алмай жүр деген сыбыс келді жақында…
monti
Айтаберліктер өз еншісін бөлісе алмай жүр деген сыбыс келді жақында…
нау не мағына? то есть бомайд қымкентте?
Aldeken
Білмим, Монти ханым, ол жағын өздері айтсын. үн-түнсіз қалды ғой, әйтеуір, біздегі ақпараттың бары осы. Сосын құрылтайды Шымда өткізуді Айтаберліктер ұйымдастыруы міндетті деген қағида жоқ, жай ғана бәріміз Қазақнеттіктер болғасын, әрқайсымыз жауапты шараларды ұйымдастырып көрейік деген бастама еді, соның өзінде әкімшілік жағынан қолдау жағын Асаубота, Алашаман, Бекжандар келістіріп қойған-ды, ендігісі ұйымдастыруды келістіре алмаса, әрине, басқалар да бар екені белгілі. Такышто, Шымда өткізілетін болар, қалай болғанда да… Көкбөрі әлі үнсіз…