Баста да талай қызық бар...

«Адамның басы — Алланың добы» десек, дүниеде ең ерекше жаратылған доп — осы болса керек-ті. Білгенге Алла бар сезім мүшелерін, адам денесін басқару «пультін», ағзаға қажетті «жанар-жағармайды» қабылдайтын қақпаны да осы бастың үлесіне беріп қойған. Бірі кемістік етсе, бүкіл дене ақсайды. Десе де, бастың қадіріне барып жүрміз бе? Көз, құлақ, мұрын, тіл, тіс — қай-қайсысының да қызметін молынан пайдаланғанымызбен, күтіміне келгенде, кержалқаулаумыз. Қадірін қойып, оның құпияларын да біле бермейміз-ау осы. Ендеше, бүгінгі әңгімені өзіміз өмір бойы өңгеріп жүретін басымыздың біз біле бермейтін қырлары жайында жалғайық...

СІЗДЕ ҚАНША ҚҰЛАҚ БАР?

Әлқисса, әңгімені құлақтан бас­талық. Бізді үйде де, мектепте де «қос құлағың бар» деп үйрет­кен, әлбетте көзге көрініп тұрған ақи­қат бұл. Самай тұсыңнан сал­быраған екі қалқан көрінсе, «қос құлағым бар» демей, не дерсіз? Ал егер тереңірек үңілсеңіз, әрбір құлағыңыздың өзі — үш құлақтан тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі. Бізге тек сыртқысы — сал­быраған қалқан ғана көрінеді. Ал ортаңғы мен ішкі құлақтың ба­рын дабыл жарғағыңыз ауырып, не құлағыңыз бітелгенде ғана се­зінесіз. Жә, ішкіні қойып, көз­ге көрініп тұратын құлақ қалқанын сөз етелік. Бажайлап қараған адамға бұл қалқан — ананың құр­сағында төмен қарап жатқан баланың бейнесіне ұқсайды. Сырғалығы — баланың басы да, жарғағы қол-аяғын бауырына алып жатқан бала секiлдi. Енді, мына қызықты қараңыз, адам денесінің ең негізгі сезімтал мү­шелері дәл осы баста орналаса­тыны сықылды, құлақтың да медициналық белсенді нүк­те­лерінің бәрі — баланың басына ұқсатқан сырғалықта орналасқан. Адам ағзасындағы ең ұсақ сүйек­тер де — осы құлақта. Ғалымдар­дың зерттеуінше, оң құлақтың сол құлақтан гөрі есту қабілеті жоғары келеді екен. Сондай-ақ ғалымдар адамдардың әңгімені оң құлағымен, музыканы сол құ­лағымен тыңдайтынын дәлел­деген. Бұған құлақтар қабыл­дай­тын дыбыстардың мидың әртүрлі бөлігінде талданатыны себеп. Мәселен, оң құлақтан жеткен ды­быстар мидың сол жақ жарты шарына келіп талданатын болса, керісінше, сол құлақтың қабыл­даған дыбыстары мидың оң жақ жар­ты шарына жол тартады екен.
КӨЗІҢІЗ МҰЗДАҒАН КЕЗ БОЛДЫ МА?

Қақаған қыста денеге тон, аяқ­қа байпақ, басқа — малақай, қолға — қолғап киіп, бетке — шарф орағанда да, әдетте қорған­сыз болып көрінетін көзімізге ешқандай киім кимейтініміздің сырын ойланып көрдіңіз бе? «Қай­тейін, көзімді жапсам, жо­лымды көрмей қалам ғой» дерсіз, ал негізінде адамның жанары — мүлде мұздамайды. Кірпігіңізге қырау ілінер, қабағыңызға мұз қатар — ал көзге бәрібір. Ол суық­ты сезбейді, оның бойында температураны сезетін рецептор атымен жоқ. Біздің аязды қыста да жанарымызды жабумен жа­сырмайтынымыздың сыры — осында жатыр. Десе де, суықты сезбеуіне қарамастан, көз — адам­­ның ең сезімтал мүшесі болып табылады. Адамның бүкіл денесіндегі сезім рецептор­лары­ның 70 пайызы — осы көздің қа­рашығында орналасқан. Айта кету керек, көзде температураны сезетін рецепторлардың бол­ма­уы, оның, яғни көздің тем­пе­ратурасы өзгермейді деген сөз емес. Ең қызығы көз темпера­тура­сының өзгеруіне — адамның өті­рік айтуы әсер етеді екен. Яғ­ни адам жалған сөйлеген кезде, жа­нарының ыстығы жоға­ры­лайды. Осыны аңғарған ғалымдар да «Өтірік детекторын» жасарда бұл құбылысты басты назарға ал­ған. Көзден бөлінетін сұйық­тықтың — жас екенін бәріміз бі­леміз, дүниеге бала жылап кел­генде, «жыламаса екен» деп аяй­тынымыз тағы бар. Ал расында, баланың 1,5 айға дейінгі жасы — «ерекше жас» аталады екен. Бұл жас сәбидің көзінің айналасын жұмсартып, оны түрлі инфекция­дан қорғайды. Демек, бала жылау арқылы да өмірмен күресіп жа­тыр деген сөз. Ал біз оны аяймыз…

МҰРЫННЫҢ ЕҢБЕГІН ЕЛЕЙ ЖҮРІҢІЗ

Адамның мұрны 10 мыңнан ас­там алуан түрлі иісті ажыратады. Ал оның қандай иіс екенін айыру — мидың үлесіндегі шаруа. Қы­зығы, әдетте тамақ жеп, «дәмді екен» деп жатқанымызда, бар қошеметті сол дәмді айырған тіл­ге беріп жататынымыз әділдік емес екен. Өйткені тілдің дәм сезу бүртіктері тек төрт түрлі нәр­сені — тәттіні, тұзды, қышқылды және ащыны ғана айыра алады. Ал бізді тамақтың «кәйібіне» тү­сіріп, оның сан алуан түрлі дәмін се­зіндіретін — сол баяғы мұрын екен. Өйткені мұрын тек сыртқы қос тесік арқылы ғана иіс сезіп қа­на қоймайды, сонымен бірге іш жақтан да — ауыз қуысының артқы жағынан келген иісті сезіп, сол арқылы тамақтың нағыз дә­мін сезінуімізге ықпал етеді. Әдет­те, тұмауратып қап, тамақ­тың дәмін сезінбейтінімізде «ті­лім дәм сезбей қалды» деуіміз де жалған боп шықты. Бұл жағдайда тіл емес, мұрын иіс сезбей қалады да, тамақтың дәмін түсіне алмай қалады екенбіз…

10 КҮН САЙЫН — ЖАҢА «ТІЛ»


Дәм сезуде мұрынның ең­бе­гіне «базыналық» жасайтын тіл­дің де өзіндік біз біле бермейтін қырлары көп. Мәселен, қазақ халқы «әрі тәтті, әрі ащы» деп ба­ға берген тілді өмір бойы өз­гертпей өңгеріп өтемін десеңіз, қа­телесесіз, тіл жасушалары әр­бір 10 күн сайын жаңарып оты­ра­ды. Дәлірек айтқанда, тілде бо­латын 5 мыңдай дәм сезу бүр­тіктері жаңарады. 10-ақ күндік ғұмыры бар бұл бүртіктердің өліп, жаңасы пайда болып жат­қа­нын алайда біз сезе қоймаймыз. Тағы бір қызығы, тіл — адамның ең иілгіш, икемді мүшесі болып та­былады. Бір қарағанға, жалғыз ғана бұлшықет көрінгенімен, ол 16 бұлшықеттен құралады екен.
АДАМ ТАҒДЫРЫ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН БА?


Қазақ халқы дәл осы сөзді жиі айтады. Әлбетте, маңдайға үңі­ліп, тағдырының не боларын оқи алмайсыз, десе де оқылатын дүниелер бар екен. Мәселен, жа­зық, кең маңдайлы адам — ақыл­ды, ойлы келеді. Дәл осындай маң­дайды шаштың етегі дөңге­лене жиектеп тұрар болса, сол маңдай иесі турашыл, табан­ды­лы­ғымен ерекшеленеді екен. Маң­дайдың тарлығы — ақыл-ой­дың да кемдігінің көрінісі, бірақ бұл адамдар сауысқандай сақ келетін көрінеді. Аңдамай, артық қадам баспайды, өз шаруасына пысық келеді. Жалпақ маңдайлы адамның есте сақтау қабілеті жо­ғары болса, сонымен бірге се­зімтал, қызба да келеді екен. Дәл осы секілді адамның бетіне қарап та, мінезінің хабарын алуға бо­лады. Айталық, дөңгелек жүз­ді жан — мейірбан, ақжарқын, қа­ра­пайым келеді де, сопақ бетті, биік жақты адамдар — жан-жағын жапырып, билеп-төстеп тастауға дайын тұрады екен. Бетіңіздің пішіні үшбұрыштанып келсе, қуана беріңіз, бұл — сіздің ақыл-ойыңыз­дың жоғарылығының бел­гісі, ал төртбұрыштанып кел­се, бірбеткей, табандысыз…
ШАШТЫҢ ТҮСУІ ОНЫҢ ТҮСІНЕ ДЕ ТӘУЕЛДІ

Адам басындағы құпиясы ең көп ашылған нәрсе — шаш болса ке­рек. Десе де, оның ғылымға бей­мәлім сырлары әлі де көп. Орта есеппен алғанда, адамның басында 100 мыңнан 120 мыңға дейін шаш болады екен. Әрбір шаш аптасына 3-3,5 милиметрге ұзарады. Шаш адам 20-30 жасқа келгенде де ағара бастайды. Ал ағарған шаш жіңішкере түсетіні белгілі. Дұрыс күтілмесе немесе шаш­тың иесі созылмалы ауруға ұшыраса да, шаш түседі. Алко­гольден, темекіден созылмалы улану да шашқа өте зиян. Шаш­тың түсуі оның құрамындағы боя­ғыш зат — меланин пигмен­тінің мөлшеріне де тәуелді. Ең қызығы, қараторы адамдардың ша­шында бұл пигмент көп те, сары шаштыларда — аздау келеді екен. Ал аққұба, сары шаш­ты­ларда — пигмент тіпті де аз. Егер­де шашта темірлі пигмент көп бол­са, онда ол жирен түсті бола­ды.
Бөлісу:

3 пікір

izbasar
Пайдалы ақпарат үшін рахмет!
asaubota
мұндай ұзын жазбаларға сурет қоссаң әдемі болады және адамды да жалықтырмайды.

өзің дайындадың ба әлде басқа авторы бар ма? болса сілтемесін көрсетіп қой.
Robin
Дереккөз — muftiyat.kz сайтынан алынды.