Қансонар

Аппақ далада қарайған екі ноқат көрінеді. Бірі үлкен, екіншісі кішкентай. Үлкені қаракер ат мініп, қарсақ ішік киіп, қарына сойыл ілген жас жігіт.Кішісі сол жігіттің қара тазысы. Ақ қарды алғаш басқан тазының күшік мінезі әлі басыла қоймаған тәрізді. Біресе жапалақтай жауған қарды қауып, біресе тұмсығын қарға тығып-тығып жіберіп, басын шайқап отыра қалады. Ерте көктемде нағышысының ауылына барған Жексен осы күшікті қояр да қоймай алып кеткен болатын. «Жиеннің наласына қалмайын» деді ме нағашысы да өз балаларының қарсылығына қарамай қасқыр алған қаншықтың бауырнда жатқан жалғыз күшікті жиеніне беріп жіберді. Енді міне, сол күшік аң қағуға да жарап қалған тәрізді. Әккі иттердей із кесіп кетпесе де иесінен әлдебір бұйрық күткендей ара-тұра қарап қояды.Шоқтана өскен ит мұрындардың үстіндегі қарды түсіре-мүсіре бір түлкі қырға қарай қиялай қаша жөнелді. Жексен атын тебінумен қатар, қасындағы тазысын айтақтап үлгерді. Шіркін-ай, аң қағудың қызығы сол аңды қууда және түз тағысы мен адамның күшінің тең болуында емес пе? Әлдеқандай жағдайға болмаса аңшымыз бұндай кездерде мылтығына кезек бере қоймаушы еді.Шашадан жоғары түскен жұмсақ қарды қаракер ауырсынатын емес. Еркіне қоя берсе түлкінің үстіне мініп алыып, сойылмен соға салуға мүмкіндік туары сөзсіз. Дегенмен қара тазыны ауыздандырып алудың да тамаша сәті осы еді. Тазы түлкінің үстіне жетіп барғанымен әккі неме құйрығын бұлаңдатқан сайын алданып ауаны қауып қалып жатты. Енді бірде қу түлкі бұғып жата қалғанда үстінен аса-маса мойны қайрыла құлап түсті. Өзінен дене тұрқы кішкентай аңнан осынша қарсылық көрген қара тазы ызалана алға ұмтылды. Бұл кезде түлкі де сәл ұзай түскен еді. Түлкінің межесі қалың шілік екенін аңғарған Жексен шілікке қарай қиыстай шапты.Түлкі бағытын қайта өзгертті. Түлкіге жетуін жеткенімен жас тазыда оны алып жығатын әдіс әлі жоқ еді. Дегенмен бір ұрымтал сәтте түлкінің желкесінен тістей құлады. Иттің ырылы мен түлкінің қыңсылы қатар естілді.Өлермендікпен жеткен желкені жібере қою тазының ойында жоқ еді.Төрт аяғына тұра сала, басын екі жаққа өршелене сілкіді.Түлкінің терісі созылғаны сонша көзі қылиланып кетті.Жан беру оңай емес. Артқы аяқтарын тіреп соңғы бұлқынғанында тазының аузынан шығып кетті. Жандалбасалап қашпақ болған әрекеті сәтсіз болды. Қара тазы қарыс жер аттатқызбай шалып жықты. алқымынан тістеген бетте қатты-қатты сығып жіберді. Осыны күтіп тұрған аңшы да атынан секіріп түсіп, итіне араша түсті. Түлкінің құйрығынан ұстап "Үйірімен үш тоғыз " деп жерге үш рет құлаштай ұрды. Қара тазы анандай жерде екі бүйірі солқылдап бұның әрекетін бақылап тұр. Алғашқы қарға аунап алған түлкінің жүні қызыл реңк тарқнаымен пұшпағы толық қарая қоймаған екен. Олжасын қанжығасына өңгеріп болған жас жігіт тазысын еркелете бір сипап алып, үзеңгіге аяғын сала берді…
Бөлісу:

18 пікір

patick
Біздің Атос тірі кезінде кейде үйге қоян алып келетін. Асып жеваламыз, сүйегін сорпасына салып, оған қосымша нан қосып, Атостың өзіне береміз. Ол мәз, біз де мәз :)
Abilakim
)))) Нұра ауданынан бір ит алып келді ағаларым. Сол итіміз қара жерде қоян алатын.Негізі иттің аңға икемдігін түлкімен емес қоянмен есептейді екен. Сол жарықтық Құтжол қара күзде алыс егістіктерде мал жайып жүргенде маңайдың түлкілерін қоймаушы еді. Қыста аулауға түлкі таппай қалатынбыз. Оған үйдегі қара қаншық қосылды. Ол да аңды мықты алатын. Құтжол өңкиген денесіне қарамай түлкінің ініне қоса кіріп кетуші еді. Ақыры інге кептеліп өлді жарықтық… Таба алмай қалдық. Түлкінің соңынан кеткенін алыстан байқағанбыз. Қайда жоғалып кеткенін таппай қалдық…
Nurgisa
Абеке, осындайды көбейтсей. Қансын құмар.
Abilakim
Бұндайлар қызық емес тәрізді де. Эксперименталды проза дей ме, психологиялық тұрғыда жазу сәнге кетіп қалды ғой қазір
Nurgisa
Неге қызық емес?! Осындайға шөліркеп қаппыз. Таңдаулыларыма қостым.
Abilakim
менде сөйтпесем)))
Jacqabaies_Chirac
әлігі жесір қатын көңілдесімен әмпей-жәмпей болып жатқанда, түсініксіз дыбыстардан оянып кетіп, қатынды қорғайын деп май құйрыққа сояу тісін салып сорлап қалатын тазы ма бұл?
дереккөт қайда нақ
Abilakim
Дереккөт Қарасу қыстауында
Jacqabaies_Chirac
әлгі өзіміз білетін Мағауиннің «Тазының өлімінен» тігіп кеткен жоқ па деп отырм нақ, сюжеттері ұқсас екен
Abilakim
Тазылардың аң алу тәсілдері ұқсай береді
KILYZAMAN
Шіркін ай, шіркііін…
Nurgisa
Душ қабылдап жатқан адамдай кәйіп қылдыңыз ғой, Қилеке ;)
KILYZAMAN
Тойтық деп аталған тазым(ұлды болған кезімде жекжатым силап еді) есіме түсіп кетті… Күшіктейінен асырап, бірақ рет өнерін көрдім(Қайтадан қалаға көшу себепті) :-(
KILYZAMAN
Неге тазының аты тойтық :Ұлым апыл-тапыл аяқ баса берген кезінде, алақанын жанып тұрған пештің есігіне қатты күйдіріп алып(біздің орашолақтығымыздан) қолы гипсте ұзақ жүрді… Күшікпен ойнауын қоймаушы еді, өзі аяғын тойтыйтып басады. Күшік болса — оның қолтығында, кейде нанын(тамағын) бөліп жеп дегендей, ерке өсті…
patick
не ұстады?
KILYZAMAN
Екі түлкі, алғашқы қансонарынан ақ екі олжаныда басқа тазылардан бұрын алды :-)
patick
бір күнде екі түлкі? мықты-мықты.
KILYZAMAN
Орайы солапй келді өзі… Басқалардың қанжығасына байлатуға еш мұрса берместен жігіттер өзімде қалдырды(Себеп, менің де бірінші қансонарым еді ;-) ) Олжа жуу біразға кетті :-) Көшер кезімізде тойтыққа құда түсушілер көп болды…